Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Тоқтамыс ханның жарлығы

10986
Тоқтамыс ханның жарлығы - e-history.kz

Бір апта бұрын моңғолиялық беделді басылым ikon.mn партолына Алтын Орда ханы Тоқтамыстың 1392 жылы Литовтың ұлы князы һәм Польша королы Владислав ІІ Ягайлоға (1434 ж.ө) жолдаған жарлық-хаттың көшірме нұсқасы Ұланбатырдағы мемлекеттік Орталық архивіне жеткізілегені жайлы ақпарат (https://ikon.mn/opinion/2usz) жарияланды.

Құнды жәдігер бұған дейін Патшалық Ресей оқымыстылары тарапынан зерттеліп, зерделенгені байқалады. Атап айтқанда, жарлық-хат алғаш рет Қазан университетінің профессоры А.М.Ковалевский (1800-1878) және тарихшы Н.К.Казем-Беку (1802-1870) тарапынан алғаш зерттеліп, 1850 жылы «Алтын Орда ханы Тоқтамыстан Польша королы Ягайлоға 1392 жылы жолданған құжат» екені дәлелденсе,  келесі кезекте тарихи құжатты  1950 жылы танымал шығыстанушы, тұран һәм иран тарихының білгірі И.Н.Березин зерттеп, зерделеп «Ханның жарлығы» («Ханские ярлыкь») деп пәтуа берген екен. 

Одан кейін бұл жарлық-хатты бурят оқымыстысы моңғолтанушы Доржи Банзаров аударып-төңкеріп көріп, 1950 жылы көне ұйғыр жазуымен моңғол тіліне тәпсірлеп, «Ханның жарлығы» деген атпен Қазан қаласында баспа бетіне шығарыпты.

Жарлық-хаттың иесі Тоқтамыс жайлы айтар болсақ, бұл адам Алтын Орда ұлысының атақ­ты хандарының бірі. Қазақтың үлкен жазушысы Ілияс Есенберлин: «Үз-Темірдің екінші баласы Сар­жадан Қоншақ, Қоншақтан Тұғылық қожа, Тұғылық қо­жадан Тай қожа туады. Осы Тай қожаның бәйбішесі қо­ңырат Қотан Күншек сұлудан болашақ Алтын Орда ханы Тоқтамыс туған» деп жазады («Алтын Орда» роман-трилогиясы. Алматы, 2021. – 397 б). 

Кейбір деректерде Тоқтамыс хан 1342 жылы туып, 1406 жылы Түмен даласында Едігемен шайқаста қаза тапқан делінеді. «Әкесі Орыс ханның қо­лынан қазақ тапқан соң, 1376 жылы Мәу­реннахр билеушісі Әмір Темірге қашып барып, 1378-1379 жылдары осы кісінің көмегімен Сығанақты жаулап алады да, Ақ Ордаға билік жүргізді», деген де дерек бар. 

Жарлық-хаттың түпнұсқасы бұған дейін Польша мемлекеттік Орталық архивінің Көне қолжазбалар қоры бөлімінде сақталып келген екен. Жуықта осы орталық басшысы Павел Петшык Моңғолия еліне жасаған саяси-іскерлік сапары кезінде жарлық-хаттың шынайы көшірме нұсқасын Ұланбатырдағы мемлекеттік Орталық архивке табыс етіпті. 

Моңғолия архив істері комитетінің төрағасы  С.Энкебатырдың айтуына қарағанда, бұл шара Моңғол – Польша үкіметаралық архив құжаттарын алмастыру келісімшарты негізінде іске асқан. Моңғолия арихивінде бұған дейінгі ең көне құжат 1600-ші жылдың үлесінде болса, жаңадан қосылған мына жәдігердің арқасында мекеме қорындағы көне құжат тізбегі 200 жылға алға жылжыды, депті.

Ал қазақ тарихына қатысты құнды құжат жарлық-хатқа келер болсақ, жәдігер екі парақтан тұрады. Біріншісі парақ хаттың көлемі – 39.6 х 19.8 см болса, екінші хат –  41.8 х 19.8 см. Жарлық – хат ескі ұйғыр жазуымен түркі-қыпшақ тілінде 25 жолға (бірінші парақ 13, екінші 12 жол) шақтап жазылған. Алғашқы беті – 13 жол, келесі беті – 12 жол шамасында. Бірінші парақтың 3,4,5-ші жолдарының үстінде 6 х 6 сантиметр шаршы пішіндес мөр басылған. Мөрдің табанында араб ғарпімен: «Аса қамқор мейірімді Алланың атымен. Алладан басқа тәңір жоқ, Мұхамед оның елшісі. Оған Алланың мейірімі мен қамқоры болсын» дейтін салауат дұғасы араб ғарпімен бүктетіле жазылыпты. Ал мөрдің дәл ортасындағы жазу: «Әділетті Сұлтан Тоқтамыс» делінген. 

Сондай-ақ, жарлық – хатта жәдігерді жеткізуші елшілердің аты-жөні айтылып, оларға жүктелген міндет пнн атқаруы тиіс шаралары  жайлы мәлімет берілген. Атап айтқанда, сол кезеңде болып жатқан саяси оқиғалар жайлы баяндалып, ұлысқа бағынышты княздықтардың міндетті салық төлемі, сонымен қатар еларалық сауда-саттық ісін ұйымдастыру ісі сөз болған көрінеді. 

Бұл хатты өз кезегінде шығыстанушы – түрколог В.В.Радлов түркі-қыпшақ тіліндегі мәтіннен орысшаға аударса, осы нұсқа негізінде Д.Банзаров моңғолша тәпсірлепті. Осы  нұсқаны ақын-аудармашы Сұраған Рахметұлы қазақ тіліне былай деп тәржімеледі (Бұл жәдігер қазақ тіліне тұңғыш рет аударылып отыруы да мүмкін): «Тоқтамыш пақыр менің мәртебелі Иагелло уаңға (князь) айтқан датым еді. Котлубуга (Құтылық Бұқа) Асан (Асан Бұқа) екеуін ұлы құдыретті лауазымға лайықтағаны хақындағы үшбу хабарды жеткізуге біз бітімгер елші жіберген едік. Мәртебелі сіз де бізге өз елшіңізді келтірдіңіз. Идикгия (Едіге) дегенді Темірге (менің ықтиярымды ескермей) жөнелтерден бұрын һәм үш жыл бойында жіберген адамдары Углан (Оғлан) және олардың ең маңыздысы Бекбулат (Бекболат) және Хожа Мәди (Қожа Мәді), Бегі (Бек) тағы да Бекгичь (Беккіші), Турдучак Берди Давуд (Тұрдышах Берді Дәуіт)-терді құдайы қақты. Сондықтан біз Асан (Асан Бұқа), Тулу Ожа (Төле Һожа) қатарлы елшілерді Хожа Мәди (Қожа Мәді)-лердің өткерген әрекеттерін саралап келуге аттандырдық. Соңынан біздің құзыретіміздегі мінәжатханалардан төрдегі қазынаға аударатын жосынның жолдарынан хабар күтеміз. Қолданыстағы бағзы ұстанымдар бойынша бұдан кейін біздің саудагерлер мен сіздің сатушылар бір-біріне жүздесе алады. Әйгілі Ұлы патшалықтың мақұл болуының кепілі ретінде алтын мөрбелгімен үшбу үкілі дұғайһат бұйырылды. Ұлы Орда Елі Дунайдағы (Дон) кезеңнің тауық жылының (1392) 8-ші жұлдызы»

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?