Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Құнанбай билігінің аға сұлтандық кезеңі

3800
Құнанбай билігінің аға сұлтандық кезеңі - e-history.kz

Құнанбай Өскенбайұлы – қазақ тарихындағы белгілі тұлға. Қазақ халқының бас ақыны, ойшыл-философы Абайдың әкесі болғандықтан ғана емес, өзі өмір сүрген кезеңдегі қазақ даласындағы іс-әрекетімен, мінезімен, ақыл-парасатымен ерекшеленген елеулі адамдардың бірі ретінде де тарихта қалатын адам. Жасында жауырыны жерге тимеген палуан, кішігірім тартыс-таластарда найзагер, қамшыгер, дау-шарларды шешу кезінде қара қылды қақ жарған әділ би, ел басқаруда ілкімді істерімен ерекшеленген сегіз қырлы бір сырлы тұлға.

Құнанбай Өскенбайұлы – 1804 жылы Шыңғыстаудың Ескітам деген жерінде дүниеге келген. Ол жасынан қажырлы, қайратты, ақыл-парасатты болып, ел билеушілерінің назарына ілініп, 1834 жылы әкесінің орнына Кішік тобықты болысының старшыны болып сайланады. Бұдан соң Қарқаралы сырт округінің аға сұлтаны болып сайланып, елі үшін жемісті қызмет етті. Құнанбайдың ел ағасы, билеуші ретіндегі ұстанымы жөнінде М. Әуезов былай деп баға берген: «Құнанбай өз тұсындағы ел билеушілердің көбінен қатал, салмақты болған, ақыл-ой да, қажыр-қайрат та, өмірді білу батылдығы да және халыққа батқан қатты кесек іс-қимылдары да оның атын көпке мәлім еткен».

Құнанбайдың тарихи, әдеби тұлғасы жөнінде соңғы екі ғасыр жүзінде біршама айтылған. Солардың ішінде Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы мен өзге де әдеби, ғылыми еңбектерінің орны ерекше. Құнанбайдың ел билеу заманы – қазақ халқының Патшалық Ресейдің бодандығына барынша түсіп, өз билігінен айырылған кезең болатын. «Ел басқару ісінде Құнанбай өзіне қарсы келген үзеңгілестерін топтап жер аударту, өлім жазасына кесу, тіпті кей руларды атақонысынан көшіріп, жерін тартып алу секілді ел дәстүріне жат, оғаш зорлық, қиянаттар жасады, елді ислам дінімен қаймықтырып, Шыңғыста мектеп ашты. Қарқаралыда мешіт салдырды. 1879 жылы Меккеге барды, «Тақия» атты қонақ үй сатып алып қалдырды. Әкімшілік істерінде Патшалы Россияның ұлықтарына арқа сүйеді», - деп атап көрсетеді абайтанушы ғалым, жазушы Бейбіт Сапаралы өзінің «Құнанбай» атты еңбегінде.

«Қарадан шығып хан болды» дейтін Құнанбай сұлтанның шынайы бейнесі, іс-әрекеті туралы нақты жазып кеткен адам – поляк халқынан шыққан күрескер тұлға, зерттеуші – Адольф Янушкевич. Ресей империясына қарсы ұлт-азаттық көтеріліске қатысқаны үшін тұтқындалып, өмір бойы бас бостандығынан айрылып, Сібірге жер аударылған А.Янушкевич патша үкіметі кеңсесінде статистикалық қызмет атқара жүріп қазақ даласының едәуір бөлігін аралап, көрген-білгендері туралы жазбалар қалдырады. Соның ішінде Құнанбай Өскенбайұлы туралы да біршама сипаттаулар, баяндаулар бар. А.Янушкевич таңдана сипаттаған қазақтардың бірі – Құнанбай. А.Янушкевичтің «Саяхаттар мен жазбалар» атты кітабында Құнанбайға мынадай сипаттама береді: «Құнанбай бидің жасы Барақ сұлтаннан біраз үлкен. Бұл да дала өңіріне атымен кең жайылған адам. Қарапайым қазақтың баласы. Табиғат оған кесек ақыл, ғажайып ес және жүйрік тіл берген. Іскер, өз аталастарының игілігі туралы қам жейді, Дала заңдары мен Құран қағидаларының білгірі, қазақтарға қатысты россиялық уставтарды бес саусағындай біледі, қара қылды қақ жарған би және өнегелі мұсылман. Қарапайым Құнанбай әулиенің даңқына бөленген. Одан ақыл сұрауға жас та, кәрі де, кедей де, бай да шалғай-шалғай ауылдардан келіп жатады». Бұл – әлдебір мақтау үшін жазылған дүние емес. Аз уақыт болса да бірге жүріп, қызмет барысындағы іс-әрекетін көріп, нақты бағалап жазған адамның қаламынан туған шынайы болмыс. А.Янушкевич пен Құнанбай кездесіп сырлас, сапарлас болған кезде олар 42-43 жаста болған. Яғни А.Янушкевич Құнанбайдан бір жас үлкен болған.

Құнанбайдың аға сұлтан болып Қарқаралы округінің билігін ұстаған кезеңі туралы тоқталып өткен дұрыс болмақ. Себебі бұл – қазақ даласындағы ғасырлар бойы мызғымастан әрекет етіп келген билік жүйесінің бұзылуымен көрініс тапқан үдеріс болатын. Қазақ даласында сонау Шыңғыс хан заманынан бергі кезеңде елдің билігі осы қағанның ұрпақтарында болып келді. «Төбесіз жер, төресіз ел болмайды» деген қағида бойынша, қазақ руларын Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошыдан тараған ұрпақтар билеп келді. Алайда Қазақ хандығы жойылып, Патшалық Ресейдің бодандығына түскеннен кейін бұл үрдіс тоқтауы тиіс болды. Себебі орыс билігіне қазақтардың біртұтас немесе аса ірі ру-тайпалық құраммен бірігіп отыруы қажет емес болатын. Сол себепті де Абылай хан өлген соң, оның билік құрған ел-жұртын іштей ыдыратуға кірісті. Орта жүздің өзінің құрамында Уәли хан, Бөкей хандар билік құрды. Олардан өзге, үлкен руларды билейтін, бұл хандарға бағынбайтын сұлтандар болды. Бұл – қазақтардың орталықтандырылған біртұтас мемлекет болуға талпыныс жасамауы үшін жасалған жымысқы саясат болатын. Белгілі тарихшы Құрбанғали Халид өзінің «Тауарих хамса» (Алматы: (Қазақстан(, 1992 ж) атты кітабында былай деп атап көрсетеді:  “...Бөкей мен Уәлихандар өлген соң, Орта жүз арасында хандық біржола тоқтады. Хандық тоқтағанымен төрелерді айлалап ұстау үшін «аға сұлтан» мансабы жарияланып, ол үш жылға сайланатын болды. Әр дуанда бір кісі аға сұлтан болып, оған төрелер де үйренді. Бөкейден кейін Уәлидің Шыңғыс деген баласы әке орнына төрт-бес жылдай өзінше хан болғанымен, ешкандай орыс әкімдерін көрген жок. Аға сұлтандарды сайлау төрелермен ел жақсылары арасында үш жылда бір өтіп, ел сайлап, губернатор бекітіп, тагайындалатын. Тек бұл мансапқа төре де, қара да сайлана беретін, халық тілесе болды. Оған мысал: Қарқаралыға Құнанбай мырза Өскенбайұлы, Ақмолада Ибраһим қыпшақ, Баянауылда қаржас Мұса Шормановтар бірнеше рет сайланғандар. Тіпті Мұса мен Ибраһим 20 жылға дейін аға сұлтан болды...». Патша билігі қазақтар арасындағы Шыңғыс ұрпақтарына ғана тиесілі болып келген хандық билікті жойғаннан кейін олардың ел арасындағы зор беделі мен ықпалын ескере отырып, арнайы «аға сұлтан» лауазымын енгізгенін көреміз. Дегенмен аға сұлтандық лауазым бойынша басқарылатын округтің өзі қазіргі аумақтық бірлікпен салыстырғанда кішігірім облыс немесе бірнеше аудан көлеміне тең болған. Кейіннен мұны ескерген патша өкіметі 1868 жылғы ереже бойынша қазақтар басқаратын билік буынын болыстық деңгейіне дейін түсіріп тастаған болатын. Құнанбай қатарлы қарадан шыққан аға сұлтандардың тарих сахнасына шыққан тұсы осы 1822-1868 жылдар арасы болды. 

Құнанбай аға сұлтан лауазымымен билік құрған Қарқаралы сыртқы округі хандық билікті жойғаннан кейін, бұрынғы Бөкей хандығы жұртында 1824 жылы құрылған болатын. Қарқаралы дуанының (дуан – парсыша «округ» мағынасындағы сөз. Қазақтар округті «дуан» деп атаған) басшысы ретінде Тұрсын сұлтан сайланып, ол жиырма жылдай билік құрады. Елдің арыз-шағымы негізінде орнынан түсіріледі. 1844 жылы Бөкей ханның ұрпағы Құсбек төре Қарқаралы сырт округінің аға сұлтандығына отырады. Құсбек төре елге тынышсыз болып берекесін кетірген себепті орнынан алынады. Бұдан соң Қарқаралы дуанының билігіне Құнанбай Өскенбайұлы сайланады. 

«Құсбек алынған соң, оның орнына аға сұлтан болып Тобықты Құнанбай мырза Өскенбайұлы 1849, яки 1850 жылы аға сұлтандыққа сайланды. Мұнан бұрын аға сұлтандар болар-кетер болып өткен болса, бұл сайланысымен, сол жылы-ақ мешіт салдырып, құрбандық шалып, ресми ашты. Оның тәуір-ақ әділеттігі мен жомарттығы да бар еді, алайда кешікпей жақындарымен бір дау-шарға килігіп қақтығыс болып, 1855-жылы орнынан түсті», - деп атап көрсетеді академик Әлікей Марғұлан Құнанбайдың билік құрған жылдары туралы. Бұған қарағанда Құнанбайдың Қарқаралы дуанындағы аға сұлтандық билігі алты жылға жуық уақытты құраған. Осы алты жылдың ішінде аға сұлтан Құнанбай өзінің ел үшін атқарған елеулі істерімен көзге түседі. Алайда жоғарыда Әлікей Марғұлан жазбасында атап көрсетілгеніндей, ел ішіндегі дау-жаңжал оның ұзақ жылдар бойы қызмет етуіне мүмкіндік бермейді. Оның да өзіндік себептері бар болатын.

Құнанбай би Өскенбайұлының ел есінде қалған елеулі істерінің бірі – Қарқаралы қаласында мешіт салуға деген талпынысты жүзеге асырып, құрылысын бастап, сәтті аяқтатуы болып саналады. Құнанбай өз заманының ауанын бағамдай отырып, қазақ халқын қалай да болмасын білімді болдыруға, заң жосықтарын орындауға үйретуге күш салды. Осы тұрғыдан келгенде ол елде тәртіп болса ғана үлкен жетістіктерге қол жеткізуге болады деген мақсатты ұстанады. Ол қандай жолмен болмасын, ел бүлдіргіштерге ымырасыз күрес жүргізу қажет дегенді анық жақтайтын адам болды деп білеміз. Құнанбай қазақ ішінде етек алған ұрлық-қарлық, өзге де бұзықтық әрекеттерге бей-жай қарамай, оларды аяусыз жазалап отырған. Баласы Абай «Арғы атасы қажы еді» атты өлеңінде әкесінің ел ішіндегі тентектермен ымырасыз күрескені жайында былай деп жырлаған болатын. 

Әділ, мырза, ер болып,

Әлемге жайған өрнекті.

Тәубесін еске түсіріп,

Тентекті тыйып, жерлепті.

«Абай жолы» романында арқау болатын көптеген оқиғаларда Құнанбайды тым қатал, озбыр етіп суреттейтіні белгілі. Мұны коммунистік дәуірдің туындыларындағы би-болыстар, бай-манаптар, молдалар мен қожаларды жағымсыз сипатта көрсететін шаблонның әсері деп қорытындылауға болады. Құнанбайдың немересі Шәкәрім Құдайбердіұлы да атасын әділет жолын ұстаған адам ретінде сипаттайды:

«Әділ», - деп ел мақтаған Құнанбайды,

Көзінше жан әдепсіз іс қылмайды.

Ұрлық, зорлық, залымдық – бәрін тыйып,

«Арам!» - деп атқызбайды насыбайды.

Құнанбай билікке келген кезеңде қазақ арасында ислам діні кеңінен қанат жайып, ықпалы арта бастаған болатын. Мұны отаршыл билік те барынша қолдағанын көреміз. «ІІ Екатерина патшайым дін уағыздау, жалпы идеологияны өз қолдарына алып, мешіт пен мектепке өздеріне сенімді адамдарды ғана жіберіп, оларды бақылауға, уысында ұстауға күш салды. Бұл молдалар тарихта «указный молдалар» деген атаумен қалды.» 

Указной молдаларға қатысты патша билігінен белгіленген бір мақсат – Орта Азиядағы қазақ және басқа да ислам дінді халықтарға Түркия мен оған тараптас жұрттардың діни ықпалы күшеюінің алдын алу болатын.

Патша үкіметінің ислам дінін қазақ арасына жаңа серпінмен жайылуына, атап айтқанда мешіттер мен медреселердің көптеп салынып, ел арасында мұсылман дінінің салт-жоралғыларын тиянақты атқаруға деген мүдделілігін Ресей империясы Сыртқы істер министрлігінің Азия департаменті директоры атына жіберілген мына бір қатынас құжаттан көреміз: «Бізде даладағы үстемдігіміздің бастапқы кезеңіндегі саяси мүддеміз қырғыздардың (қазақтардың) және Орта Азиядағы өзге де ислам халықтардың діни істеріне қол сұғылмайтындығы жөнінде сенім қалыптастыруды талап етті. Мұндай жағдай өз жағымызға хандар мен сұлтандарды және даладағы ықпалды адамдарды тартуға байланысты туындады. Соған орай үкімет орындары алғашқыда исламға төзімділік танытып ғана қойған жоқ, оған қамқорлық та көрсетті».

Міне осыған орай Орынбордағы мүфтилік арқылы қазақ даласындағы ислам дінінің ахуалы қатаң бақылана бастады. Қазақтар арасында ислам дінін жаңаша сипатта орнықтыру үшін мешіттер салу ісі жанданды.

Аға сұлтан Құнанбай да осы үрдіспен Қарқаралыда мешіт құрылысын жүргізуді өзге пікірлес ел ағаларымен бірге ұйымдастырады. 

Қарқаралыдағы мешіттің құрылысы 1850 жылы басталып, 1851 жылы аяқталған екен. Айта кетерлігі, бұл мешітті салу туралы сұранысхат 1847 жылы, Қарқаралы дуанын Құспек Тәукеұлы билеп тұрған шақта тиісті билік орындарына жолданған екен. Бұл хатқа аға сұлтан Құспек Тәукеұлы қол қойып, мөр басып, он алты болыс қол қойған екен. «Мешіт құрылысын салу жөнінде біздер, төменде қол қоюшылар, мөр басушылар, таңбасын салушылар 5-қыркүйектегі приказға берген тілегіміз бойынша Қарқаралы селениесінде мешіт салып, оған ерікті түрде қаражат жинап береміз. Осы іске қамқоршы ретінде, жоғары басшылар алдында, мешіт салу ісі толық шешілгенше иелік басшылықты қырғыздар атынан кеңесші Қаржаубай Итқаринге және Сарғыз Доғаловқа тапсырамыз. Бұлар приказдан қатталған баулы кітаптарды алып, ерікті түрде халықтан түскен кіріс қаражатты жазып, оны қашан құрылыс жұмысына толық рұқсат берілгенге дейін өздерінде сақтауға міндетті. Осылардың қатаң жауапкершілігінде болады. Ақшаның жоғалып кетпеуі, кітапшаға кірістің дұрыс жазылып отыруы, қандай да болсын тәртіпсіздік болмауына осылар бақылау-басшылық жасайды. Қашан жоғары ұлықтардың толық рұқсаты болғанша жауапкершілікті осыларға жүктейміз. Сендіру үшін осы актіні ұсынамыз», - делінген актінің мәтін мазмұнына қарағанда мешіт салуға қажетті қаражатты округ халқы өзін көтергенін аңдаймыз. Бұған қарап Патшалық Ресейдің жергілікті үкіметі Қарқаралы қаласында мешіт салуға ешқандай кедергі келтіру ниеті болмаған деп болжаймыз. Бұл араға тек мешіт ғимаратынан өзге медресе, шәкірттер тұратын жатақ бөлме, молдалар үйі қоса салынады.

Дегенмен әдеттегі ресейлік кеңсе бюрократиясы үрдісімен мешіт құрылысы 1849 жылға дейін жүре қоймаған. Мешіт құрылысының тың серпін алып аяқталуы – Құспек төренің орнына сайланған аға сұлтан Құнанбайдың 1849 жылы Қарқаралы округіндегі лауазымдық қызметін бастауымен тікелей байланысты. 1850 жылдың 7 қаңтарында Құнанбай мырза Сібір қырғыздары линиясының шекара бастығы Клейстке мынадай мәтінде хат жазады: «Мешіт құрылысы дін ықпалын нығайтып, Құдайға құлшылық етіп, намаз оқып, халықтың адамгершілік-имандылық сезіміне өзгеріс жасау мақсатын көздейді. Сенімді түрде кірісіп, мешіттің құрылыс жұмысын өткен жылдары қауым болып жинаған қаражат есебінен және өзімнің меншігім есебінен жүргіземін.» 

Құнанбай аға сұлтанның осы мешіттің құрылысын жүргізудегі өзінің мақсатын да баяндама хатынан көре аламыз. Мұнда өзім осы билікте тұрған кезімде халқыма қалтқысыз қызмет қылсам, пайдам тисе деген ниет анық аңғарылады: «Мешіт құрылысының барысы да маған байланысты – Құдай тағала ұнамды дінді нығайтып, халық имандылығын жаңғырту үшін менің қызмет бабым бойынша ескерусіз қалуға тиіс емес, сол мешітті қоғам дайындаған ағаштан салып шығуды өзіме міндет деп санаймын», - дей отырып мешіт құрылысының орналасқан жері қолайсыз екенін, онда қаптаған сауда дүкендері орналасқандықтан, мұндағы қосымша қызметтер үшін қажетті аумақ болмайтынын атап өтеді. Аға сұлтан Құнанбайдың арнайы ескертіп отырғаны: мешіт имамы тұратын үй, балалардың сауат ашу мектебі ғимараты болатын. Сондай-ақ алдағы кезеңде Қарқаралы қаласында тұратын жергілікті және өзге ұлт өкілдері де құлшылық-ғибадаттарын өте үшін мешітке таяу жерден үй салғысын келетіндігін ескеру қажет дейді. Аға сұлтан Құнанбайдың бұл өтініші негізінде 1851 жылы 26 ақпанда Омбы генерал-губернаторы кеңсесі Қарқаралыдағы мешіт жанынан имам-молдаға, оқу орны құрылысына, аға сұлтанға және кеңесші Сағыз Доғаловқа құрылыс жүргізуге рұқсат қағаз береді. Қарқаралы жергілікті басқармадан 1851 жылдың 11 тамызында жолдаған баянатында мешіт құрылысы толығымен аяқталғаны туралы жазылған. Осылайша тарихта «Құнанбай мешіті» деп аталған, кешегі кеңестік заманда небір құқайды бастан өткеріп, азаттық дәуіріне жеткен, көненің көзіндей болған жәдігер ғимарат қазіргі күні Қарқаралы қаласында менмұндалап тұр. 

Құнанбай қажы өз өмірінің соңғы кезеңінде ел билеу ісінен тыйылып, тақуалыққа бет бұрғаны айтылады. Ол Дала қазақтары арасында ислам діні қанат жаюына зор үлес қосқан адам. Құнанбайдың немересі Шәкәрім Құдайбердіұлы атасының діни көзқарасы мен мешіт салдыруына, ол ғибадат орнының кейінгі жай-күйіне қатысты өзінің шежіре жазбасында былай деп жазады: «Хажы марқұмның алдына келген қазақ бұрын намаз оқымай жүрген болса да намаз оқушы еді. Насыбай харам деп бір молла айтқан соң, насыбай атқандардың мұрнына тотыяйын құямын деп насыбайшыларды тыйып еді. Бұрын зекет бермейтұғын қазаққа зекет бергізген сол кісі еді. Осы күнгі Қарқаралыдағы мешіт сол кісінің салғызып, құдайы қылған мешіті еді. Ондағы қазақтар ноғай моллаларымен талас шығарып, бұл қазақ мешіті, қазақтан молла имам қоямыз деп, осы күнде наданырақ қазақ молла имам болып тұр деп есітемін. Қазақ шын жігерлі болса балаларын оқытып жақсы ғалым қылып, сонан сон имам қойсашы».

Аға сұлтан Құнанбай мен оның заманы туралы ескерткіштен көп сыр түюге болады. Жоғарыда атап өткен Адольф Янушкевичтің Құнанбай тұлғасы туралы жазбаларында бір көңіл аударатын жағдай: оның қазақтың бақсы-бәлгерлігіне деген көзқарасы: «Қазір асқазаны қатты ауырып жатқан баласын Құнанбай осындай әдіспен емдейді: қара ешкіні сойып, оның майын көк белбеуге жағады да, онымен баланың ішін айналдырып байлайды. Бұл маймен денесін де сылайды. Бақсы-балгерлерді шақыруға болмас па еді деп сұрағанымда, Құнанбай олардың дәрі-дәрмегіне пәлендей сене қоймайтынын айтты». Адольф Янушкевичпен кездескен кез – Құнанбайдың ислам діні канондарын әбден сақтап, тақуалыққа бет алған тұс болса керек.

А.Янушкевичтің жазбаларында Құнанбайдың әңгімелері негізінде оның айналасындағы ел-жұртқа деген қорытынды көзқарасы бар. Атап айтқанда Қарқаралы қазақтарының мінез-құлқына қатысты былай дейді: «Ол Қарқаралы қазақтарының мінезін, әсіресе, қонақжайлығын қатты мақтайды. Үш немесе екі қонақ келгеннің өзінде де, олар қой сойып тастайтын көрінеді. Қырдың басқа жақтарында бұндай әдет жоқ дейді». 

Аға сұлтан Құнанбай өзі билік құрған тұста ежелгі Дала заңдары мен Ресей патшалығының заңнамаларын басшылыққа ала отырып, барынша әділ шешімдер шығаруға талпынады. Бірақ Фридрихс, Кури қатарлы өңірлерде қызмет істейтін парақор шенеуніктер мен өсімқор саудагерлер, мәнсапқұмар билер, ата-бабасынан бері келе жатқан ел басқару құқығын қарадан шыққан Құнанбайдай адамның ұстағанына қарсылық білдіріп, қорланған кейбір төре ұрпақтары оған қарсы шығып, түрлі кедергілер жасай бастады. Осының салдарынан Қарқаралы дуанының аға сұлтаны Құнанбай Өскенбайұлы Омбыға әкетіліп, мырзақамақта тергеуде болады. 

Қажырлы ел ағасы Құнанбайдың істі болуы ел арасында үлкен қобалжу туғызады. Бұл – Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілістің енді ғана саябырлаған кезең болатын. Құнанбайдың бұдан кейінгі тағдыры туралы әйгілі ғалым Әлікей Марғұлан былай деп атап көрсетеді: «Фридрихстың бұйрығымен Құнанбайды Омбыға апарып, алты ай үй абақтысында ұстайды. Бірақ Құнанбайдың қатігез ұлықтардың шырмауында босқа қиналып отырғаны Шыңғыс пен Шоқанның жүрегіне қатты батады. Олар Құнанбайды кепілдікке босатып алудың жолын іздейді. Ол үшін атақты билердің арызы керек. Осыны орындау үшін Шыңғыс әдейі Қарқаралы қаласына келіп, билерді шақырып алып, кеңес құрады. Билер Құнанбайдың Қарқаралыдан кетіп қалғанына қатты өкінеді. Қайтадан әкеліп өз орнына отырғызу керек дейді. Шыңғыс билердің атынан генерал-губернаторға қазақша арыз жазып, Құнанбайды тез босатуды сұрайды. Арызға қол қойған билер сол кездегі Қарқаралы аймағындағы атақты адамдар, олардын ішінде Тоқсанбай Тіленші ұлы (Шаншар), Жанғұтты Ботантайұлы (Әлтеке-Сарым), Сүйіндік Жанкөбекұлы (Байбөрі), Мырзатай Байторыұлы (Қара), тағы басқалар бар». Осылайша ел ағаларының атсалысуымен аға сұлтан Құнанбай босатылып, елге қайта оралады». Елдің бетке ұстар адамдарының, әсіресе Қарқаралы беттің беделді тұлғаларының Құнанбайды босатып алуға талпынғаны, күш салғанына қарағанда, оның іс-қызметін адал атқарғандығы, осы елге жағымды болғандығы айқын. Патша үкіметінің адамдары осыны ескергендіктен де Құнанбайды сүріндіріп, оны биліктен аластау үшін өзіне жақын, туыс болып келетін тобықты ішінен арыз-шағымдар ұйымдастырған болып табылады.

Бұдан шығатын қорытынды: хакім Абай өз өлеңдері мен қарасөздерінде молынан тілге тиек еткен ел ішіндегі бүлікшілдік, арызқойлық, қаскүнемдік еліме еңбек сіңірсем деген Құнанбайдай ерді де айналып өтпеген. Ол да осындай кедергілерге тап болып, патшалық үкіметтің кәріне ұшырады. Сондықтан да болар, «жаңа мизам» аталған дәуірдегі ел билігіне араласпай, дін күтіп отырып қалғаны.

Құнанбай би, Құнанбай хорунжий, Құнанбай аға сұлтан, Құнанбай қажы деген атақтың иесі болған әйгілі Дала данасының ерек тұлғасы туралы А.Янушкевич мынадай салыстырулы сипаттама береді: «Барақтың қасында ақсүйектер (сұлтандар), ақсүйек емес сұр сүйек болып көрінеді, ал барлық байлар Құнанбайдың кебісін кигізуге жарамайды». Өз заманында ортадан озып туған Құнанбай қажының А.Янушкевич жазбаларындағы биік тұлғасы, Қарқаралы өңіріне, ондағы өзі атымен аталатын мешітке және заманынан көрген аяқтан шалу құқайы туралы әлі де болса айытла бермек. Келер жылы Құнанбай қажының туғанына даталы 220 жыл толмақ.

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?