Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Қашқын қалмақтың лаңы

2039
Қашқын қалмақтың лаңы - e-history.kz

Өткен ХХ ғасыр басында әлем тарихында аса күрделі өзгерістер орын алды. Соның алғашқысы – 1905-1907 жылдары Патшалық Ресейде толқу тудырған бірінші төңкеріс болса, екіншісі – 1911 жылы Циньдік Қытай елінде үш жүз жыл үстемдік жүргізген мәнжі билігі құлап, қоғамдық-саяси ахуалдың өзгеруі. Осы тұста жаңадан құрылған Қытай мемлекетін ықпалды әскери генералдар, саясаткерлер жеке-жеке бөліп алып билеуге көшті. Атап айтқанда, Сычуань провинциясын бір генерал меншіктеп алса, тағы бір генерал Юань Шикай парламентті таратып, елдің негізгі бөлігін өзінің басқаруына көшірді. Ал Шыңжан өлкесі мен Моң­ғолия уақытша буферлік күйде болды.

Мұндай сәтті бос жібермейтін Патшалық Ресей болашақта Азияға ықпалын аттыру мақсатында, өздерінің ішкі бүліншілігіне қарамай Моңғолияны Қытай ықпалынан айырып алып ­қа­луға жанталасты. Бұл істі үлкен жақтан Бейжіңде отырған орыс елшісі Иван Коростовец (1862-1933) пен Күредегі консул Владимир Люба басқарды.

Сөйтіп, орыстардың құпия қолдауымен 1911 жылы 29 желтоқсан күні қуып шығып, Моң­ғо­лия өзін тәуелсіз ел деп жариялады. Бірақ бұған бұрынғы мәнжі-қытай билігінде болған моңғолдар түгел қамтылмады. Тек бір бөлігі ғана «Боғда хандық Моңғол мемлекеті» деген атау алып, уақыт өте келе әлем картасында «Сыртқы Моңғолия» атты мемлекет пайда болса, бұларға қосыла алмай Қытайдың құрамында қалып қойғандары «Ішкі Моң­ғолия» деп аталды.

Қазақтың жалпақ тілімен айтқанда, сол тұста жалпы моңғол жұрты – Сыртқы Моңғол, Ішкі Моңғол, Барғы Моңғол, Батыс Моңғол (Ойрат Моңғол), Ұранқай шебі қатарлы бес ірі территориялық бөлікке жіктелді. Осылардың ішінде орыстардың назарын ерекше аударғаны Батыс Моңғол болды. Бұл өлке Ресеймен шекаралас және реті келсе болашақта бөліп алуға қолайлы. Оның сыртында өлке тұрғындары – ежелгі Ойрат хандығынан қалған жұрнақ. Орталыққа, яғни халқа моңғолдарға әлі сіңісе қоймаған. Ілім-білімге таяз, айранын ұрттап, қойын құрттап бұйығып жатқан бейуаз жұрт. Оның үстіне бұл өлкеге XIX ғасырдың екінші жартысында қазақ деген халық келіп қоныстанды.

****

Осылай мәнжі-қытайдан азаттық алған Боғда хандық Моңғол мемлекетінің үлкен-кіші ұлықтары 1912 жылы көктемде астанасы Күре қаласында бас қосып, Батыс Моңғолия мәселесі бойынша кеңес өткізіп, келесі кезекте елдің батыс шебіндегі маңызды тірек «Қобда бекінісін қытай билігінен азат ету керек» деген шешім шығарады.

Бұл істі тиянақты атқару үшін барғы моңғол нояны Дамдінсүрен мен атақты қолбасшы Мақсыржаб орталықтан 500 шерікті бастап аттанады. Бұл әскерилерді орыс офицерлері жаттықтырып, арнайы дайында­ған болатын. Бұларға қытайдан қашып барып Чита қала­сында жасырынып жатқан тағы бір Ішкі Моңғол нояны Тоқтық тайшы шерігімен келіп қосылды. Бірақ бұл шеріктер қаланы азат етуге жеткіліксіз еді. Сондықтан жергілікті халықтан әскер жинау қажет болады. Сөйтіп, орталықтан келген ноян-құтықтылар Жалқаныз мен Дилав, әскери қолбасшылар Мақсыржаб пен Дамдін­сүрен­дер Ұланқом деген жерде ойрат тұқымдастардың басын қосып 1912 жылы 20 сәуір күні жиын ашады. Ондағы мақсат – халық арасынан жасақ жинап, Қобданы азат ету еді. 

Осы жиынға бір жыл бұрын қайдан келгені белгісіз, ел арасында «Далама» атымен танылып, онымен қоймай: «Атақ­ты Әмірсана ноянның баласы Төмірсананың ұрпағы екен. Атасының аманаты бойынша ойраттарды қытайдан құтқар­ғалы келіпті» деген лақап таратып жүрген, бір адам көлденеңнен келіп қасытады. Уақыт аңысын байқаған бұл алаяқ ең әуелі Жалқаныз құтықтының көңілін табады. Ол дәл қазір бұларды қолдаса, екі жеп биге шығарын жақсы білді. Осылай етсе, бірін­шіден, Боғда ханның назарына ілгері анық. Екіншіден, Қобданы азат етуге еңбек сіңірсе, болашақта сөз жоқ батыс өлкенің билігі қолына өтеді де, шұбар төс шынжыр балақ нояндарды бір шыбықпен айдайтын болады...

Мұндай мүмкіндікті жіберіп алуға әсте болмайтынын алаяқ лама өте жақсы түсінді де, Жалқаныз құтықтының қолдауымен дереу іске кірісті. Ең әуелі Қобда өзенінің орта сағасы, қазіргі Убсы аймағының Қобда сұмын жеріндегі Қобда өзенінің иіні Үшсеңгірде ұранқай, байыт, дөрбет және қазақтың атқамінерлерін шақырып, жиын өткізеді. 

«Бұл жиын 1912 жылы сәуір айында болған», ‒ дейді моңғолиялық тарих ғылымдарының докторы Ислам Қабышұлы. Осы басқосуға қазақтар атынан шеруші Қылаң, төре Адай, ителі Тәжі, шыбарайғыр Күлкетай, ботақара Барлам, қарақас Қалел, шеруші Жұртбай, молқы Оразбек қатарлы адамдар қатысқаны анық. Мұнда қаралған мәселе: «Қытайға қарсы жасақ шығару». Бұған моңғол-ойрат нояндары «Мақұл!» дескен. Қанша айтқанмен қаны бір, намысы ортақ. Ал қазақтар мақұл болмаған. Тіпті молқы Оразбек Манақұлы тіке қарсы шыққан. Басқасы оны қолдаған. Тек Қылаң атамыз өз қандастарының қылығын жуып-шайып: «Айтқаныңыз орынды тақсыр, бұл істі ел-жұртпен ақылдаса отырып көрейік», – деп ашулы қашқын қалмақтың бетін қайтарған. «Қылаңның сөзін естіп ламаның жүзі жылып сала берді», ‒ деп жазыпты өлкетанушы-ғалым Шерхан Орайханұлы.

****

Осы орайда, «Жалама деген кім?» дей­тін сұрақ туады. Ресейлік деректі құжаттарда қалмақтың аты «Дамбижансын Амурсанаев» деп жазылып­ты. Ал Қобда беті қазақтары оның «Да лама» деген діни атағына орай «Жалама» атап кеткен. Бұдан былай бізде осы атымен баяндаймыз. Дамбижансын немесе Жалама туралы 1991 жылы Моң­ғолиялық жастар газеті «Монголын залуучууд» («Моңғолия жастары») басылымында «Қалмақ Дамбижансын» атты кө­лемді мақала жарық көріпті. Мақала авторы зерттеуші-журналист З.Лонжидтың жазуына қарағанда, Жалама 1862 жылы Еділ бойындағы Астрахан қаласында туған, ұлты қалмақ» деп жазыпты. 

Дамбижансын Амурсанаев – Жалама. 1912 жыл. 

Бұл қашқын алғаш рет 1889 жылы Моңғолияға келіп жүріп, оғаш әрекеті үшін қолға түседі. Оны Ұластайдағы  орталыққа алып барып, тергеп-тексереді. Ол тергеушілерге: «Мен Ресей азаматымын, ұлтым моң­ғол, атақты Әмірсананың немересі болам», ‒ деп ойбайлайды. Әрі қаладағы Ресей консулдығынан адам шақыртуды талап етеді. Консул: «Барып, жағдаймен таныс», ‒ деп, көпес П.И. Кря­жевті жібереді. Дәл осы оқиға жайлы Улан-Үде қаласын­да 1994,1998 жылдары екі рет жарық көрген И.И. Ломакинаның «Голова Джа-ламы» атты кітабында: «Ұластайда тергеуде отырған лама Ресей консулынан кісі шақыртты. Кон­сул көпес П.Кряжевті жіберді. Оған кішкентай сандық­шаны ашып, прокламацияны көрсетті. Онда арнайы тапсырма орындау үшін жіберілгендігі туралы орыс тілінде жазылған құжат болған», ‒ десе, Ресей саяхатшысы Д.А.Клеменц «Моң­ғолия туралы ес­теліктер» атты кітабында: «Қытай шенеуніктерінің қолына түскен Жаламаға П.И.Кряжев «Астрахандық қалмақ Ресей азаматы» деген жалған құжат жа­сап беріп құтқарды», ‒ дейді. Осы нұсқа рас болуы керек. 

Жоғарыда аты аталған Әмірсана – көшпелі ойраттың соңғы ханзадасы. Бұл ноян 1755-1758 жылдары ойраттардың азаттығы үшін мәнжі-қытай билігіне қарсы шыққан ірі күрескер. Орта жүздің сұлтаны Абылаймен қарым-қатынаста болған. 1755 жылы Жоң­ғар хандығы толық жойылған тұста қашып қазақ даласына келген, мұнда тұрақ таппай, Тобыл қала­сына барып паналаған. 1757 жылы сол қалада шешек ауруынан өлген. Қытайлар ханзаданың өлгеніне сенбей, көрден денесін суырып алып көрген. Әмірсана кетерінде: «Мен күндердің күнінде келіп, сендерді қытай басқыншылығынан құтқарам», ‒ деп­ті-мыс. Осы аңызды айлакер Жалама жақсы пайдаланған. 

Орыс офицері Адам Беннигсен 1912 жылы жарық көрген «Несколько данных о современной Монголии» атты еңбегін­де: «Моңғолиядағы Қытай үстемдігін шайқалту үшін аса пы­сық біреуді Әмірсана атын жамылдырып жібере қойса жетіп жатыр», ‒ десе, Патшалық Ресейдің әскери барлаушысы В.И.Роборовский өзінің Моңғолияға сапары жайлы жазба­сында: «Бізге кезіккен моңолдар қытай басқыншыларынан: «Бізді құтқаратын Әмірсана қашан келеді екен, білесіздер ме?» ‒ деп сұрағаны жайлы дерек қалдырған. Дәл осы сәтті алаяқ лама жақсы пайдаланған. 

Бұл қашқын қалмақ алғаш рет 1891 жылы Ұластайда қамаудан босаған соң  Күреге барып бір жыл тұрған. Әйгілі шығыстанушы Ю.Н.Рерих өз күнделігінде: «Қалмақ Дамбижансынды бір күні орыс сол­дат­тары тұтқындап, Қияқты (Кяхты) бекінісіне алып кетті», ‒ деп жазыпты. Бірақ залым Жалама Қияқтыға барған күні кенет жоғалып кеткен. Арада 10 жылдан кейін, 1900 жылы Тибетке экспедиция ұйымдастырған П.К.Козловтың отрядымен бірге Лхасаға барған. Экспедиция басшысының үкімімен тапсырмалар орындап жүріп, тағы жоғалып кеткен.

Турасын айтсақ, ХІХ ғасырдың басында Ресей-Қытай-Моңғолия қатынасы жайлы зерттеген немесе осы іске араласқан саяси тұлғалар, тыңшы-барлаушылар, сау­дагер-кәсіпкерлер, әскери қайраткерлер мен консулдық қызметкерлердің бәрі дерлік Жаламаға назар аударған.

Мысалы, Ресей армиясында тұтқында болып, 1920-1929 жылдары Сыртқы Моңғолияда жұмыс істеген мажар офи­це­рі Иозеф Гелеттің 1936 жылы «Голова таинственного монгола» атты Лондонда бастырған кітабында: «Жаламаны бүліншілік­ке орыстар өзі дайындаған», ‒ десе, Моңғолияда ғылы­ми барлау жұмысын жүргізген поляк Фердинанд Оссендовскийдің «Звери, Люди и Боги» атты кітабында Жаламаны: «Көзбайлаушылық, сиқыршылық өнерін терең меңгерген адам», ‒ десе, орыс саудагері, барлаушы В.Бурдуков қаш­қын қалмақтың өз ауызынан: «Түшетхан аймағы Батыр-гүн қошуы Ұластай-Колшан күрежолы бойында орналасқан Ашыққорғы (Ашигхорга) тауында тудым», - дегенін жазып алса, жоғарыдағы поляк Ф.А.Оссендовкий: «Жаламаның шын аты – Балдан. Ол Ресейдің Астрахань өлкесінде туған кіші дөрбет тайпасының адамы», ‒ депті. Осындағы пікірлердің ақиқаты – Оссендовкийдікі. Ал бұл тақырыпты терең зерттеген Инесса Ломакина: «Жаламаны революциядан бұрын «Моңғолияның батысын қытайлардан құтқарып Ойрат хандығын орнат» деп орыс­тар жұмсаған», ‒ дейді. 

****

****

Осы орайда, жоғарыда айтқанымыздай 1912 жылы 21 тамыздаҚобда қаласы қытайладан толық азат етіледі. Бұған дейін Қобда мен Алтай шебі (қазіргі Шыңжан – Алтай өлкесі) бір орталыққа бағынып келген болатын. Мәнжі-қытай билігі 1907 жылы Алтай  және Қобда шебін екіге бөліп, жаңадан құрылғанАлтай шебінің орталығы ретінде Сарысүмбе қаласы таңдалып, торғауыт нояны Балтабанды (Балт ван) бастық етіп сайлады. Қобдадан айырылып қалған қытайлар Алтайдағы Балтабанға қайтарып алу жайлы міндеп жүктеп, әскер береді.

Дәл осы тұста, әлде шын, әлде дақпырт Қобдадағы Ресей консулы М.Кузьминский арқылы моңғолдарға «Алтайдан Балтабан әскер бас­­тап келе жатыр» деген мәлімет жетеді. Сөйтіп, Алтайдан келе жатқан жаудың бетін қайтару үшін қолбасшы Мақсыржаб әскер бастап аттанады. Олар Алтайдан Қобдаға баратын күре жолдың үсті Жолтыға келіп бекініс алады. Мақ­саты – Алтайдан арып-ашып келе жатқан қытай әскерін осы жерде жасырынып жатып қырып тастау. 

Кенет ел ішіне келіп орныға қалған моңғолдың қарулы шерігі не істегелі жүр, кіммен соғыспақ? Оны Бұлғын, Жолты, Лақшын өлке­сінің қазақтары түсінбей дал болады. «Күдіктің арты кү­мән» дегендей шеріктен сескенген елдің бір бөлігі үркіп Алтай асады. 

Алтай жақтан әскер келіп қала ма деп онсызда алаңдап отырған халқа шерігі: «Бұлар барып Балтабанға қосылады», ‒ деген күдіктен қарулы әскер елді күшпен тоқтауға ұмты­лады. Сөйтіп, моңғол әскері мен қазақтар арасында қақтығыс басталып, «Жолты қырғыны» дейтін оқиға орын алады. Осы оқиғаның басы-қасында болған адамның бірі шыбарайғыр Нәжікеш Таңқайұлы (1885-1953) «Ел айдалған» дастанында: 

Бұлғын басы Жолтыда жатты халқа,

Тарту алып олжаға батты халқа.

Немере Стамболдың бір баласын,

Әуелі қан шығарып атты халқа, ‒ десе, тарихшы Зардыхан Қинаятұлы: «Бұл­ғынның басы Жолтыда халқаның тосқауыл әскеріне жолық­қан базарқұл Стамбол Елешұлының ауылы қақтығы­сып қала­ды. Бұл қақтығыста Райыс Тоқтағанұлы оққа ұш­ты» ‒ деп жазыпты. 

Моңғолия қазақтары арасынан шық­қан та­ғы бір зиялы тұлға һәм өлке тарихын жинақтаушы Шерхан Орайханұлының 1957 жылы ойғырлық Қасым Әлдешұлы деген қарияның аузынан жазып алған деректе: «Құтырынған шеріктер үйінің қасында жайында тұрған Рақым деген жігітті мылтықтың дүмімен ұрғанда, ашуланған ол шерікті бір ұрып ұшырады. Таяқ жеген шерік Рақымды қолма-қол атып жібереді. Сол кезде Рақымның әйелі Құлашкер тұра ұмтылып, ат­қан шерікті қылғындырып өлтіреді», ‒ деп жазады. «Құлаш­кердің азан шақырып қойылған есімі Бәтима Шаң­дақбайқызы болатын», ‒ дейді тарихшы Сұраған Рахметұлы. 

Қысқасы, бұл қақтығыстан кейін дүние мидай былық­ты. Алтайдан келетін жау Балтабан жайында қалды да, халқа-моңғол шерігімен қазақтар арасында қақтығыс пайда болды. Біздің пайым бойынша, осы тұста моңғол нояндарының алдына: «Қобда бетіндегі қазақтарды не істейміз?» ‒ деген сұ­рақ туындаған. Ең тиімді тәсіл – бұларды Алтай бетіндегі тумаларынан алыстатқан дұрыс. Сонда Балтабанға да қосыла алмайды, Қобда бетіне жасырынып келіп жылқы қуып, ел тонайтын Алтайдағы сыбайластарынан да алыс болады, ‒ дегенге тоқайласса керек. Осы бір күрделі сәтті пайдаланған Жалама «бұл істі мен атқарам» деп белсеніп шығады. 

****

 «Іздегенге сұраған» дегендей қан жалап туған жауызға керегі де осы еді. «Бір қалмақ пайда болды Жалама атты, Сиқыр­шы, қаны арам, діні қатты», ‒ деп Нәжікеш ақын айтқандай, қашқын қалмақ дереу іске кіріседі. Тарихшы Сұраған Рахмет­ұлы­ның жазуына қарағанда, Жалама қазіргі Бұлғын-Делуін өлкесінде отырған қазақтарды түп қопарып айдау үшін Төңірек, Жалғызағаш, Сілкім маңын жайлап отырған ауылдарға кенет шабуыл жасайды. Екіашада отырған қарақас Қосантай әулеті Алтай бетіне үрке көшеді. Ал қарсылық танытқан Рақым Қосантайұлын және әйгілі палуан, қамшыгер Қосылбай Мірсейітұлын атып өлтіреді. Жаламаның жауыздығынан сескенген елдің бір тобы қар басып жатқан асуды бұзып, Алтай бетіне ауып кетуге талпынған. 

 «Мал төлдеп аяқтанып жатқан кез. Сай-салаға тарап кеткен елді көшіруге аттанған шеріктер кешіккен сайын Жалама құтыр­ған қасқырша жанталасып, көзіне көрінген адамды түтіп жейтіндей түрде болды. Шеріктерден бұрын қимылдап Алтайдың асуын бұзып арғы бетке асып кетпек болған қарақас руының көш бастаушылары деп Ақымбек пен тағы бір жігітті байлап әкелді. Шеріктер ауыл адамдарын шетінен соққының астына алып, алтын-күміс, бағалы заттарын тонап алып, оны Жаламаға тарту етті», деп жазыпты өлкетанушы Ш.Орайханұлы. 

Бұл жерде мән беретін мәселе: еріксіз айдауға қай өңірдің елі көбірек ұшырады деген келсек, Қобда бетінің тумасы, кәсіби тарихшы және аталған тақырыпты жүйелі зерттеген Сұраған Рахметұлының жазуы бойынша, қазіргі Бұлғын сұмын өлкесі, Делун, Бессала, Тұлба, Алтайдың және Қызылқияда мекендеп отырған руы секел Жанықұл-Тақпыжанның, Бөрібайдың ауылдары түгелдей қамтылған көрінеді. Сондай-ақ өлкетанушы Еркетай Нұрпейісұлы: «Бұл айдауға ілікпей ана-мына жерде жасырынып қалып қойған ауылдар да бар. Атап айтқанда, Нұрпейіс, Жанпейістің ауылдары және Уанбай Етекбайұлының аулы қазіргі Тұлба сұмыны жері Қызыл Қатуда қалып қойды», ‒ десе, тарихшы Құрметхан Мұхамәдиұлы: «Жаламаның айдауына шеруші руының саңыру, құрман, төлек топтары, Делунді мекендеп отырған – қарақас, молқы, Бұлғын мен Тұлба жеріндегіжәнтекейлер ұшыраған», ‒ дейді. 

Бұдан жарты ғасыр бұрын ірге теуіп, күл төккен жұртынан ел аман, жұрт тынышта айдалу – бейбіт ел үшін «кіші ақтабан шұбырынды» болған тәрізді. Айталық, ақын Мыса Рақымбайұлы: «Шеруші баяны» атты толғауында:

Шулатып қатын-бала қырып айдап,

Текқұл менен Бекқұлдың қолын байлап.

Келеді дүре соғып жаяу айдап,

Көп адам қаза болды соры қайнап.

Жіберді малын алып, мүлкін тонап,

Қалғаны қаңғып кетті қайыр сұрап, ‒ деп шерлі жырмен сипаттаса, зерттеуші Шерхан Орайханұлы: «Жалғызағаш асуындағы Төңіректің Ақбұлақ жайлауы мен Шегіртайдан айдалған елдің жайын айтар болсақ, әбден айбарланып алған шеріктер: «Тамақтанамыз», ‒ деп, айдалып келе жатқан малға қасқырша тиіп, екеу-үшеуара бір қойдан, бес-алтыдан жүргендері жылқы, сиыр демей семізін шалмалап ұстап, ұстатпағанын атып жығып, дереу сойып жеп, таусылмаған етті жемтік болғызып тастап жүре береді. Өздері тіпті отқа таяса болды, шикілі-пысылы жейді екен. Киімдеріне, тіпті денесіне су тимеген. Баттасқан кірден көздері жылтырайды. Қасына таянсаң, қолаңса сасық иістен жүрегің айниды. Ауыл-ауылдың малын бір-біріне күштеп қосқандық­тан мал екеш малдың өзі басқа үйірді жатсынып, маңыраған қой-ешкі, мөңіреген сиырдың зарлы үні онсыз да титықтап келе жатқан елдің жүйкесін тоздырды. Жол-жөнекей көшке ере алмаған төлдер далада қалып жатты. Осындай неше түрлі қиындықты бастан кешірген қайғылы көш Делуін мен Тұлбаның кең алқап, бел-белестерімен ойпат жазықтарына сыйыс­пай сығылысып келеді. Нағыз жау айдаған көш осындай болатын шығар. Айдалған ел аңсағанын шөлге, арықтағанын жолға тастап қазіргі Өлгей қаласынан жиырма шақырым жердегі Сарыкөлге келіп жетті», ‒ деп жазады

Бұл оқиға Қобда беті қазақтары үшін тағы бір «Ақтабан шұбырынды» болғаны анық. Оқиға мұнымен шектелмейді, айдалған ел көтеріліс жасап, Ресей жеріне ауып барады. Бұл жайт Патшалық Ресейдің назарын аударып, Думада мәселе болып көтеріледі. Тіпті қуғын көріп қыспаққа түскен қазақтардың күйі ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың құлағына жетіп, ол кісі «Қазақ» газеті арқылы күллі алашқа үн тастап, бастама көтереді. Бұл оқиғалар туралы өз кезегінде баяндайтын боламыз. 

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?