Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік мұрағатына 100 жыл

1782
Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік мұрағатына 100 жыл - e-history.kz

Сурет: Egemen.kz

Архив деген – архаизм емес, ол да жаңа уақытқа сай дамуды қажет ететін, заманына қарай жетілдіріп отырса осы салада көп жетістікке қол жеткізуге мүмкіндік беретін сала. Бүгінде мұрағатты цифрландыруға қол жеткізіп, көпшілік үшін игілікті іс жасап отырған мекеменің бірі Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік мұрағаты деуге болады. Құжаттарды цифрландыру және онлайн қызметті дамытып, зерттеуші ғалымдармен, ізденушілермен арада екі жақты байланысты жолға қойған мекеменің жұмысы туралы білмек болып Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік мұрағатының директоры Айжан Сауғабаевамен сұхбаттасқан едік.

- Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік архиві қай кезде құрылған? Архив тарихына қатысты дерек қызықты біз үшін.

- Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік архив қорының құрылу процесі  Азамат соғысынан кейінгі жылдарда дами бастады. 1917 жылдың 1-ші қазанына дейін жергілікті тарихымызға байланысты негізгі құжаттар Мәскеу, Орынбор, Алматы, Астрахан, Санкт- Петербург қалаларының және Ресей Федерациясының басқа қалаларының ведомостволық архивтерінде сақталған. Сол кездерде көптеген құжаттар жоғалып, жыртылып және өртеніп кеткен. Губерниялық атқару комитетінің Президиумы 1923 жылдың 10-шы мамырында Орал губерниялық архив бюросын ұйымдастыру туралы шешім қабылдайды. Облыстық архив қорының реестрі Орал губерниялық статистикалық бюросының қорынан бастап ашылады, алғашқы түсілімі 15 сақталу бірлігін құраған екен. Сондай-ақ, жергілікті денсаулық сақтау губерниялық бөлімі, губерниялық атқару комитеті, губерниялық азық-түлік комитеті сияқты бірқатар мекемелер алғаш болып өз құжаттарын тапсырған.  1924 жылдың аяғына қарай архивте  53 қор, шамамен 15270 сақталу бірлігі болған. 

 

- Олай болса жүз жылдық тарихы бар архив екен ғой?

- Иә, биыл 2023  жылы архивіміздің құрылғанына 100 жыл толғалы отыр. Осыған орай мерейтойымызды Қазақстан Республикасының архивтері және шет ел архивтері мамандарымен кең көлемде  атап өту жоспарлануда.

 

- Ендеше архивтің 100 жылдығы құтты болсын. Ал осы архив жұмысын алғаш ұйымдастыруда еңбегі сіңген белгілі тұлғалардың есімін атап өтесіз бе? 

– 1925 жылғы 24 қыркүйектегі Президиум отырысында Орал атқару комитетінде архивші лауазымының штаттық бірлігін енгізу жөнінде шешім қабылданған. 1924 жылдың 30-шы қазанында  Спожинцев Тимофей  Губерниялық архивтің меңгерушісі лауазымына тағайындалған.  Губерниялық архивтің алғашқы құрамында: архивші Герасимчук Михаил Григорьевич, курьер-тазалықшы Павлова Клеопатра Ксенафонтовна, іс-жүргізуші Автомонов Петр Ефимович қызмет атқарды. Алғашқы архивтің  дамуына барлық басшылары, еңбек ардагерлері өз үлестерін тигізді. Соның  ішінде,  1924-1927жылдары Спожинцев Тимофей, 1932-1938 жылдары  Шадрин Петр Григорьевич,  1939-1941 жылдары  Тимофеева Клавдия Ивановна, 1941-1944 жылдары Мария Васильевна Горожанкина, 1944-1953 жылдары Клавдия Ивановна Желтякова, 1954-1964 жылдары Анна Федоровна Малороссиянцева, 1964-1968 жылдары Айтмұхамбетова Меңсұлу Мурзағалиевна, 1968-1979 жылдары  Анна Федоровна  Малороссиянцева,  1982-2000 жылдары  Вячеслав Анатольевич  Иночкин және 2000-2010 жылдары Абухан Жомартович Карин секілді көптеген азаматтардың  қажымай қызмет атқарғандарын  атап өткім келеді. 

- Аудандарда да архив филиалдары бар, олар туралы да тоқталып кетсеңіз...

Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік архивінің құрамында Жалпақтал және Сырым филиалдары  өз жұмыстарын жүргізіп келеді.  Жалпақтал филиалы Қазақ ССР  Кеңесінің  1963 жылы 21-ші мамырдағы жарлығымен құрылған. Сырым филиалы өз жұмысын 1966 жылы 29-шы маусымда  бастады. Бұл екі филиалда кең көлемде тұрақты сақталатын  қор құжаттары  бар, олар Ұлттық архив қорын  құжаттармен толықтырып отырады және жергілікті мекемелерге іс-жүргізу, архив ісі құжаттары туралы әдістемелік көмек көрсетеді.   Соңымен қатар, аудан азаматтарына мемлекеттік қызметтер көрсетеді.

 

- Біздің «Қазақстан тарихы порталында» БҚО тарихшыларының мақалалары мен сұхбаттары шығып жатады. Әсіресе қуғын-сүргінге қатысты, алашордашыларға қатысты құжаттарды архивтен тауып, ғылыми айналымға түсіріп жатқанын көреміз. Тәуелсіздік алғаннан бері архивте құнды деректер мен мәліметтер қатары толыққаны анық. Осы туралы кеңірек айтып өтсеңіз...

Батыс Қазақтан облысының мемлекеттік архивінде тарихи құңдылығы жоғары құжаттар жеткілікті. Соның ішінде, 1991 жылдан бастап қалыптаса бастаған құжаттардың да өзіндік орны бар. Өйткені, бұл құжаттарда жас, тәуелсіз Қазақстан Республикасының, біздің облысымыздың да қалыптасуы мен дамуының елеулі сәттері баяндалады. Сонымен бірге суретші С.Ғұмаров, Б.А.Дубовиченко, Орал өңірінде кеңестік билікті орнатуға ат салысқан А.М.Ипмагамбетов, А.Н.Назарова, еңбек сіңірген артист П.П.Поддубный, КСРО жазушылар Одағының мүшелері Н.Ф.Корсунов, Э.Ғаббасовпен табысталған жеке тектік құжаттары, Ұлы Отан соғысына қатысушылардың,  Кеңес Одағының батыры және Социалистік еңбек ері, Орал қаласының Құрметті азаматы П.А.Атоянның және басқаларының құжаттамалар коллекциялары өзінше қызықты да мазмұнды.

Одан бөлек, Батыс Қазақстан облысының архивистері  Қазақстан және Ресей мемлекеттерінің архив қорларынан Сырым Датұлының 250 жылдығына  және Бөкей хандығының құрылғанына 100  жыл толуына байланысты құжаттарды анықтап,  көшірмелерін архив қорына  толықтырды.

Айта кету керек,  2020 жылдың 24 қарашасында жарияланған Қазақстан Республикасының  Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың  «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» жарлығына сәйкес  өңіріміздегі  ғалымдар мен зерттеушілерден құрылған комиссия мүшелері  архивтерде, жабық қорларда, құзырлы мемлекеттік органдармен бірлесіп ауқымды зерттеулер жүргізіп, қуғын-сүргін құрбандарын ақтауға қатысты Қазыбек Құттымұратұлы, Бақтылы Боранбаева, Альфия Байбулсинова,  Ахмедияр Батырханов, Есқайрат Хайдаров, Зұлхожа Шарафутдинов секілді азаматтар еңбектер жазып шығарды және Айболат Курумбаевтың, Жантас Сафуллинің кітаптары алдағы уақытта жарыққа шығады. Комиссия  мүшелері әр қарай да қуғын-сүргін құрбандарының тарихын зерттеу жұмыстарын жалғастыруда. Соңғы  кезде алашордашыларға қатысты құжаттар, құпиясыздандырылған құжаттардың ішінен мәліметтер ретінде  шығып жатыр.  Мамандар  бұл құжаттарға назар аударуда.

 

- Қордың ішінде арнайы құжаттардан бөлек газеттер, кітаптар, сондай ақ жеке тектік қорлар болады. Бұның ерекшелігі неде, оның толықтырылуы қалай жүзеге асады? Сонымен бірге метрикалық кітаптар дегеңіміз қандай кітаптар?

– Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік архивінде, негізінен, 1919 жылдан қазіргі кезге дейінгі құжаттар бар. Революцияға дейінгі кезең 1898 жылдан бері қарай метрикалық кітаптар жинағы түрінде көрсетілген. Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік архивінде  59 атауды құрайтын газеттердің мол жинағы сақталуда. Газеттердің уақытаралық шеңберлігі 1860 жылдан 2012 жылға дейінгі уақытты қамтиды. Ең көп сұранысқа ие және зерттеушілер үшін маңыздылары ол ерте кездегі газеттер (1860-1930 жж.) – олардың 40-тан астам түптемелері бар. Оның ішінде нөмірлері толығырақ қамтылғандары – «Яицкая правда» және «Красный Урал» газеттері.  Кітап қоры 1863жылдан бастап  2022 жылға дейінгі аралықты қамтиды. Кітаптардың мазмұндары «казак әскерлері атамандарының  есептері», «Бірінші  жалпы санақ», «Уральск облысына шолу», Орал округі және ауылдары», «Шешімдер», «Атаулы күндер күнтізбесі» және тағы да басқалар.   Метрикалық кітаптардың жинақтары 1888 жылдан 1919 жылдар аралығын қамтиды, бұл кітаптарда Орал қаласының мешіттерінің, орыс шіркеулерінің және ауылдық шіркеу мешіттердің  жазбалары бар.  Метрикалық кітаптың ішіне адамдардың туылуы, отау құруы, өмірден өткені туралы жазылып сақталған. Олар арқылы оқырмандар  генеалогиялық бағытта ата-бабаларын іздестіру бағытында жұмыстанып  және сол күндердің  жанды естеліктерін танып біле алады. Метрикалық кітаптардың  толық электрондық нұсқасы архивтің сайтына саланған, кез келген адам қарап керегінше мәлімет   алады. 

- Ел, жер, өлке тарихына қатысты бұрын мәлім болмаған деректер, жалпы архив құжаттарына қатысты жаңалықтарыңыз бар ма?

«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында ғасырлар қойнауынан жеткен баға жетпес архив қорын, тарихи мұраларды, түпнұсқа құжаттарды кейінгі ұрпаққа сыны мен сырын бұзбай жеткізуге зор мүмкіндік туып отыр. Жалпы алғанда, құжаттық дереккөздердің толыққанды кешенін сақтау және оларды жан-жақты пайдалану барысында сандық жүйенің рөлі жоғары. Оның нәтижесінде көптеген сирек қолжазбаларды ұзақ уақыт сақтауға әрі өткен замандардан қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын отандық және шетелдік архивтер дүниесіне ілгері зерттеулер жүргізуге есіктер айқара ашылады. Оның үстіне әлемді жайлаған індет кезінде онлайн, цифрлық, электрондық форматтың қаншалықты маңызды екені айқын көрінді.  Бүгінгі таңда елімізде электронды архив құрып, соны іске қосу мәселесі оңтайлы шешіліп келе жатыр.

 

- Демек жаңалықтарыңыз архив құжаттарын цифрландыруға қатысты ғой. Әрине, мұның артықшылықтары көп екені белгілі, дегенмен, басшы ретінде жаңа заманға сай жетістікті санамалап берсеңіз.

Бүгінгі таңда архив қоймасы және цифрландыру бөлімі мамандары  112 қор, 78345 мың іс,12329807 парақ сканерлеп базамызға салды. Ғалымдардың және әлеуметтік-құқықтық құжаттарын ең бірінші кезекте сандық форматқа көшіріп жатырмыз. Архив құжаттарын цифрландыру және электронды қорларды қалыптастыру бағытындағы жұмысын жалғастыра береді Сонымен қатар, елімізді жаулаған  індет  кезінде онлайн, цифрлық, электрондық форматтың  қаншалықты маңызды екені айқын көрінді. Қазақстан Республикасы архивтерінің алдыңғы қатарларының бірі болып табылатын мекемеміздегі «Электронды архив» жұмысын түсіндіріп кетейін. БҚО мемлекеттік архивінде 2018 жылдан бастап Астана қаласында орналасқан «Кси-фактор» жүйелерді зерттеу компаниясы «Электрондық архив» бағдарламасын жасап іске қосқан болатын. Аталған бағдарлама Қазақстан архивтері арасындағы теңдесі жоқ модульдің бірі болып саналады. Артықшылығы – әрбір зерттеушіге жеке электронды  кабинеті ашылады. 2020-2021 жылғы пандемияға байланысты еліміздегі архивтердің оқу залдары зерттеушілерді қабылдай алмаса да, электронды архив қызметі арқылы  оқу залы өз жұмысын ойдағыдай  атқарды. Электронды жеке кабинетінің іске қосылуы, зерттеушілердің оң бағасын алды. Себебі, қашықтан қызмет түрін алу мүмкіндігі, зерттеушілердің уақыты мен қаржысын үнемдеп, кең көлемде құжаттар мен қажетті ақпаратты алуға жол ашты. Электронды-цифрлық қолтаңбасы бар, Қазақстан Республикасының әрбір азаматы, аталмыш кабинетке тіркеліп, оқырман залының қызметін онлайн түрде пайдалана  алады. Зерттеуші ыңғайлы  уақытта жеке кабинетіне кіріп,  құжаттармен онлайн түрде жұмыс істеуге мүмкіндігі бар. Болашақта  архивке келіп зерттеу жұмысына ден қоятын зерттеушілердің қатары көбейеді деген ойдамын.

 

- Мекемеде архив жұмысына қатысты қандай да бір шешімін таппаған мәселелер бар ма?

Архив қызметінде шешімін таппаған мәселелер бар. Қазіргі кезде архив мекемесі Совет Үкіметі кезінде яғни  1978 жылы қолданысқа берілген. 1978 жылдан бері күрделі жөңдеу жүргізілмеген.  Ғимарат тозығы жетіп тұр,  келіп түсіп жатқан қорларды сақтауға қоймалары жетіспейді. Архив қоймалары 100 пайыз дерлік толық. Архив филиалдарына да жаңа ғимараттар керек, олардың да тозығы жетіп, қоймалары 100 пайызға толық.  Алдағы уақытта архивке тапсырылатын тарихи маңызы бар тұрақты сақталатын  құжаттарды қабылдау мүмкіндігі жоқ. Келесі мәселе, архивтегі кадрлардың, әсіресе кәсіби  архив  мамандарының  жетіспеушілігі. Қазіргі таңда облыс архивінде  архив мамандығы бойынша кадр  жетіспейді.

- Сұхбатыңызға рақмет!

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?