Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қара Қоян жылы кірді

1271
Қара Қоян жылы кірді - e-history.kz

Сурет: коллаж: turkystan.kz

Көнеден келе жатқан қазақтың жыл қайыру есебі бойынша биыл қара Қоян жылы кіріпті. Жалпы Қоян жылы жайлы халқымыздың фольклорында:

Келетін төртінші жыл Қоян екен,

Қысы қатты, ал жазы аялы екен,

Ақ қоян, қара қоян, қызыл қоян,

Ішінде сары қоян саялы екен,- деген жыр барын білеміз. Осы шумақта айтылғандай 12 мүшелдің төртінші жылын қазақтар – қоян деп атаса, телеуітер – қойон, алтайлықтар – тулай, өзбекше – қоян немесе тауышқан, сары ұйғырлар – тосқан, ноғайша – қоян дейді екен. 

Қоян жылының тарихи – этнографиялық артықшылығы жайлы этнолог – зерттеушілердің пікіріне назар аударсақ, осы саланың білгірі Қалбан Ынтаханұлының 2020 жылы жарық көрген «Қазақша мүшелдік жыл санау» атты еңбегінде: «Қоян жылы туған адамдарға былай деп анықтама беріліпті: «Ақ көңіл, мінезі жұмсақ, нәзік келеді. Қимыл-қозғалысы ширақ, қиналған адамдарды көрсе, көмек қолын созуға даяр тұрады. Санасы уайым-қайғыдан алыс, рухын биік болады. Өткен-кеткен оқиғаларға ой жүгірту, егжей-тегжейлі сараптама жасауға бейім. Ең бастысы басқаның жетістігіне қызғанбайды, қанағатшыл, өзін орынсыз дау-дамайдан алыс ұстайды. Кемшілігі – көңіл-күйі құбылмалы, кейде мақсатынан айныуға бейім, сонымен қатар кей жағдайда ашуға бой ұрғыш келеді» деп жазса, танымал этнограф Биқұмар Кәмалашұлы 2003 жылы Ұланбатыр қаласында жарық көрген «Қазақ халқының салт-дәстүрлері» атты көлемді туындысында: «Қоян жылы туғандар жұмысқа ұқыпты, туысқа қайырымды келеді. Кемшілігі – табансыз, тұрақтылық сақтамайды. Бұл жылы туған адам – ит, доңыз, қой жылы туғандармен жарасым тапса, ұлу, қоян, тышқан жылы туғандармен қайшылықта болуы кәдік» депті. 

Сонымен қатар, қазақтың ауызекі сөзінде «қоян жылғы жұт» деген ұғым сақталған. Соған қарағанда кейбір Қоян жылдары қатты жұт болатыны ел есінде сақталған. Мысалы, 1891 – ақ қоян жылы керемет жұт болған. Бұл оқиға жайлы керей Намаз ақын мен Құлтума Сармұратұлының айтысында былай делініпті:

Еліңді зар еңіреткен қара қоян,

Сенің құрып қалғаның тәңірге аян,

Ішер тамақ, киерге киім таппай,

Бала-шағаң жеп өсті бақа-шаян, - десе, дәл осы қоян жылғы жұт жайлы халық ақыны, айтыскер-жыршы Майлықожа Сұлтанқожаұлы: 

Қоян жылы жаумады көктен жаңбыр,

Қабағы шаруалардың болды салбыр,

Қыста күні болғанда қар тынбады,

Хайуанға өлім жетті аштан әрбір,- деп сөз қалдырған. Сол сияқты, тағы бір ақ қоян жұты жылы атақты ақын-әнші Үкілі Ыбырай (1830-1930) айыр-көмей ақын Доскей Әлімбайұлымен (1850-1946) айтысында:

Әрбір айтқан өлеңім халқыма аян,

Сараңдарға біткен мал – шаққан шаян,

Байды сабап, жарлыны жаншып өткен,

Естен қалмас кешегі тақыр қоян, - десе, дүлдүл ақын Ілияс Жансүгіров: 

Болмаса түлік алдырған, қасқыр атқан,

Бір қазақ таба алмайсың қысты ұнатқан,

Өтіпті ақ қояндай қырғын қыстар,

Түкірік түспей қатқан, жұрт жұтатқан, - деп жырлаған екен (М.Исқақов. «Халық календары». – Алматы: Қазақстан, 1980. – 259-260 бб) 

Қоян жылы – қазақ тарихында

Келесі кезекте қазақ тарихында Қоян жылы орын алған оқиғаларға тоқталар болсақ: 1687 – қоян жылы: қазақ ханы Тәуке пашалық Ресеймен сауда-саттық қатынасты орнықтыру үшін Тәшім бастатқан елшілерін Тобыл бекінісіне аттандырса, 1699 – қоян жылы: қазақ халқының азаттығы үшін ойрат басқыншылығына қарсы қол бастап күрескен атақты Өтеген батыр Өтеғұлы (мүйізді Өтеген) дүниеге келген екен. Ал 1711 – қоян жылы: ұлт тарихында орны зор Абылай хан (Әбілмансұр) дүниеге келсе, 1723 – қоян жылы қазақ жерін қатты жұт жайлап, осы жыл көктемде Ойрат қонтайшысы Севан Рабдан бастаған 100 мың шерік жерімізге басып кіреді. Нәтижесінде атақты «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» оқиғасы орын алады. 1735 –қоян жылы: Абылай барлық қазақтың ханы болып 1735 жылы сайланса (Құдайбердіұлы Ш. Родословная тюрков, киргизов, казахов и ханских династий. – Алма-Ата, 1990), 1747 – қоян жылы: 10 сәуірде Ресей сыртқы істер алқасы құпия жарлық шығарып, қазақтарға қару-жарақ, оқ-дәрі, оттық, қорғаныс құралдарын сатпау жайында бұйрық берген. 1771 – қоян жылы: қазақ ханы Әбілмәмбет қайтыс болып, оның орнына үш жүздің өкілдері Абылай сұлтанды хан сайлады. 1783 – қоян жылы: Сырым батыр Датұлы бастаған кіші орда қазақтары орыс-казак әскерлеріне қарсы көтеріліс бастады. 1795 – қоян жылы: ресейлік арандатушылардың ықпалымен орта жүз ханы Уәлидің үстінен ақ патшаға наразылық хат жолданып, ол биліктен шеттетілді. 1807 – қоян жылы: Қазан баспасында ең бірінші қазақ кітабы «Сейпіл-Мәлік» атты ғашықтық дастаны жарық көрді. 1819 – қоян жылы: Уәли хан қайтыс болып, орта жүзде байырғы хан сайлау дәстүріне шек қойылса, 1831 – қоян жылы: кіші орда қазақтарын билеу үшін «Ел басқарудың дистанциялық системасы» атты құжат қабылданып, байырғы билер сотымен шешім шығару үкімі тоқтатылды. 1843 – қоян жылы:  Ресей үкіметі Кенесары ханға қарсы кең көлемді әскери жорық ұйымдастырды. Соған қарамастан, Кенесары ханның жасағы  оларға ойсырата соққы берді. Соның бірі – осы жылдың қыркүйегінде бір жұмаға созылған Орынбор жасағымен шайқас. 1855 – қоян жылы: атақты қазақ ғалымы Шоқан Уәлиханов Омбыдан Семей, Аякөз, Қапал арқылы, Іле Алатауынан өтіп, Жоңғар қақпасына дейін келіп, қайтарда Алакөл, Тарбағатай, Қарқаралы, Баянауыл, Көкшетау арқылы Омбыға оралады. Бұл сапарда ол қазақ халқының тарихы мен әдет-ғұрпы, діни ұғымдары жайында көптеген материалдар жинап, нәтижесінде «Тәңірі», «Қазақтардағы шамандықтың қалдығы» сияқты еңбектер жазды. 1867 – қоян жылы: 11 шілдеде империя құрамында Түркістан генерал-губернаторлығы құрылды және «Сырдария мен Жетісу облыстарын басқару туралы» патша жарлығы қабылданды. 1879 – қоян жылы: ағартушы Ыбырай Алтынсарин Торғай облысы мектептерінің инспекторы қызметіне тағайындалып, оның болашақ ағартушылық қызметіне кең жол ашылды. 1881 – қоян жылы: 12 ақпан күні қол қойылған орыс пен қытайдың Петербор келісімі негізінде Шығыс Түркістан қазақтары қытай құрамына өтті. 1891 – қоян жылы: Ресей императоры ІІІ Александр 25 наурыз күні «Ақмола, Семей, Жетісу, Орал және Торғай облыстарын басқару туралы ережеге» қол қойды. 1903 – қоян жылы: алаш арысы Әлихан Бөкейханов екі автормен бірлесіп жазған «Қазақ өлкесінің тарихи тағдыры және оның мәдени жетістіктері» атты тұңғыш ғылыми монографиясы Петерборда жарық көрді. Биыл бұл туындыға 120 жыл толып отыр. 1915 – қоян жылы: алаш қайраткері Мұстафа Шоқай Ташкентте зиялылардың басын қосып «Кеңес» атты ұйым құрса, осы жылы М.Тұрғанбаевтың «Пайғамбар заманы» атты кітабы жарық көрді. 1927 – қоян жылы: ақпан айында БОАК төралқасы көшпелі, жартылай көшпелі қазақтарды жерге орналастыру туралы шешім қабылдап, Голощекин Қазақстандағы егістікке жарамды жерлерге орыс шаруаларын қоныстандыруды көздеді. Бұл іс Н.Нұрмақов, Ж.Сұлтанбеков сияқты қайраткерлердің қарсылығын тудырды. 1939 – қоян жылы: Мәскеуде өткен Бүкілодақ бойынша халық аспаптарында ойнайтын шеберлер байқауында Дина Нұрпейісова бірінші орынды жеңіп алды. 1951 – қоян жылы: Қазақ драма театрында қойылған «Абай» спектакліне КСРО Мемлекеттік сыйлығы берілді. 1963 – қоян жылы: А.В.Затаевич құрастырған қазақ музыкасының этнографиялық еңбегі «Қазақ халқының 1000 әні» осы жылы Москвада екінші рет басылып шықты. 1975 – қоян жылы: Олжас Сүлейменовтың «АЗиЯ» кітабы жарық көрді және әйгілі ғұлама Әл-фарабидің туғанына 1100 жыл толуына байланысты Алматыда халықаралық ғылыми конференция өтті... тағысын тағылар.

Мерекелік даталар мен тарихи оқиғалар

Жаңадан ғалам қақпасын ашқан биылғы Қоян жылы мерекелік даталар мен тарихи оқиғаларға толы. Атап айтқанда: халық композиторы Құрманғазы Сағырбайұлының дүниеге келгеніне 205 жыл толса, жырау Мұрат Мөңкеұлы мен композитор Ақан сері Қорамсаұлының туғанына 180 жылдық, халық батыры Амангелді Имановтың (3 сәуір) 150 жылдық мерей тойы атап өтілмек. Сонымен қатар, Алаш қайраткері, ғалым Халел Досмұхамедұлының (24 сәуір) туғанына 140 жыл, атақты ақындар Мағжан Жұ­мабайұлы (25 маусым) мен Сұлтанмахмұт Торайғырұлы (28 қазан) және ұлттық кәсіби театр өнерінің негізін салушылардың бірі Қалибек Қуанышбаевтың (25 сәуір) туғаны биыл 130 жылдың жүзі бопты. 120 жыл бұрын көрнекті тілтанушы-ғалым Сәрсен Аманжолов (27 желтоқсан), халық ақыны Нұрхан Ахметбеков туса, 110 жыл бұрын атақты композитор Мұқан Төлебаев (13 наурыз) пен жазушы Қалижан Бекхожин (15 желтоқсан) дүниеге келген екен. 

Осыдан бір ғасыр бұрын 1923 жылы дүниеге келген Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты («Қыз Жібек» фильмі үшін) Сұлтанахмет Қожықов (10 наурыз), Қазақстанның Халық әртісі, профессор Бекен Жылысбаев (9 мамыр), Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тахауи Ахтанов (25 қазан), Халық жазушысы Мұзафар Әлімбаев (29 қазан), жазушылар Өтебай Қанахин (7 желтоқсан) мен Кемел Тоқаев (2 қазан)  т.б.-лардың туғанына 100 жылдық мерейі болса, ҰҒА академигі, профессор Жабайхан Әбділдин (16 ақпан), Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әкім Тарази (9 қыркүйек), жазушы-журналист Сейдахмет Бердіқұловтың (9 мамыр) туғанына 90 жыл толып отыр. 

Осыдан 80 жыл бұрын, яғни 1943 жылы: төтенше және өкілетті елші һәм мәдениеттанушы Мұрат Әуезов (1 қаңтар), ақын  Рафаэль Ниязбек (24 наурыз), жазушы Оралхан Бөкей (28 қыркүйек), қоғам қайраткері Алтыншаш Жағанова (23 желтоқсан) дүниеге келсе, 70 жыл бұрын, яғни 1953 жылы: қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаев (9 ақпан), Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Кенжеғали Мыржықбай (3 сәуір), жазушы Серік Байхонов (15 мамыр), Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (17 мамыр) дүние есігін ашса, биыл 60 жылдық мерейтойдың иесі атақты спортшылар зілтемір көтеруден Олимпиада чемпио­ны, әлем және Еуропаның бес дүркін жеңімпазы Анатолий Храпатый (20 қазан) және грек-рим күресінен КСРО, Азия, Еуропа және әлем чемпионы, Олим­пия ойындарының жүлдегері балуан Дәулет Тұр­лыханов (18 қараша) дүниеге келген екен. 

Осы орайда, кейбір тарихи оқиғалар жайлы айтар болсақ: 110 жыл бұрын, яғни 1913 жылы 2 ақпанда Орынбор қаласында Алаш көсемдері Ә.Бөкейханның, А.Байтұрсынұлының, М.Дулатұлының ұйымдастыруымен тұңғыш жалпыұлттық басылым – «Қазақ» газеті жарық көрсе,  ағартушы-педагог Спандияр Көбеевтің «Қалың мал» романы баспадан шыққан екен.  

Сондай-ақ, 100 жыл бұрын 1923 жылы ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 50 жылдық мерейтойы Орынбор қаласында қазақ оқығандардың ат салысуымен аталып өтілсе, Ташкент қаласында Сұлтанбек Қожановтың алғысөзімен Мағжан Жұмабайұлының өлеңдер жинағы жарық көріпті. Қазақ руханияты үшін тағы бір құнды жаңалық 1923 жылы Мәскеудегі «Күншығыс» баспасынан қазақтың тұңғыш дипломаты Нәзір Төреқұловтың бастамасымен «Темірқазық» журналы жарық көрсе, атақты ғалым Қаныш Сәтбаев қазақ тілінде «Алгебра» оқулығын жазыпты. Осыдан 60 жыл бұрын яғни 1963 жылы Абдолла Қарсақбаевтың режиссерлігімен «Менің атым – Қожа» көркем фильмі жарыққа шықса,  Мәскеуде оқитын қазақ жастарының «Жас тұлпар» ұйымы құрылған екен. 

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?