Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қасымов хандығы һәм қазақ сұлтандары

3044
Қасымов хандығы һәм қазақ сұлтандары - e-history.kz

1452 жылы  орыс князы Иван ІІІ Алтын Орда ханы Ұлық Мұхаммедтің баласы Қасымға адал қызметі үшін өз атында қала салуға ұлықсат етеді. Сөйтіп, тарихта «Қасым хандығы» дейтін жеке ұлыс пайда болады. Кейін бұл жерге қазақ сұлтаны Ораз Мұхамед билік жүргізеді. Атақты би Қадырғали Жалайыр ханның уәзірі қызметін атқара жүріп, осы қалада 1600-1602 жылдары «Жами ат-тауарих» кітабын жазады. Осылай Қасым хандығында қазақ сұлтандарының ізі қалған.

Оншақты жылдың алында бір топ қазақстандық белсенділер Қасым хандығы билік құрған территориядан қазақ тарихына қатысты деректер іздеп сапарлап қайтты. Осы тұста ғылыми экспедиция мүшелеріне жол көрсетіп, ұйымдастыру ісіне ат салысқан Ресейдегі Қазақстан елшілінің жауапты қызметкері һәм ұлттық тарихымыздың жанашыры Мұрсалнәби ТҰЯҚБАЙ мырзамен жүргізген арнайы сұхбатты оқырман назарына ұсынып отырмыз.

- Сіз Ресей Федерациясында Қазақстан елшілігінде қызмет атқарған жылдары Қасымов қаласына барған делегация құрамында болып, Қадырғали Жалайыр бабамызға қатысты деректер жинаумен де айналыстыңыз. Осы сапар жайлы айтып берсеңіз?

- Осыдан көп жыл бұрын атақты би һәм тарихшы Қадырғали би Жалайырдың жерленген жерін іздеп және бабамыз туралы деректер жинастыру мақсатымен қазақ делегациясы Ресейдің Рязань облысындағы Қасымов қаласына барды. Мен Ресейдегі Қазақстан елшілігінің қызметкері ретінде бірге жүріп, басы-қасында болдым. Бұл жолғы экспедицияның жұмысына  Рязан облысының губернаторы Георгий Иванович Шипконың тапсыруы бойынша Рязан үкімет хатшылығының басшысы Григорий Николаевич Дедиков, облыстық экономика және сауда басқармасының бастығы Александр Григорьевич Соловьев, Қасымов қаласының мэрі Федор Иванович Проваторовтар жәрдемдесті. Одан басқа облыстық Мәдениет және бұқаралық коммуникациялар басқармасының бастығы Александр Александрович Беляков, Мәдени мұра объектілерін сақтау орталығының бастығы Василий Василевич Судаков, облыстық Мемлекеттік мұрағатының директоры Татьяна Петровна Синельниковалар қолдан келген көмектерін аяған жоқ. 

- Жергілікті жердегі мұрағат қорларымен таныстыңыздар ма?

- Сапар барысында экспедиция мүшелері Рязан облысының мемлекеттік мұрағатындағы құжаттарды зерттеп, Шыңғыс хан әулеттері жөнінде зерттеу жүргізіп жүрген тарихшылармен, Қасымовтағы жергілікті өлкетану мұражай қызметкерлерімен, көнекөз татар ақсақалдарымен, мешіт имамдарымен кездесіп, сұхбаттастық. Қадырғали Жалайыр би жөнінде, оның жерленген жері туралы мәліметтер жинадық. 

Осындағы жинақталған зерттеу еңбектеріндегі деректерге қарағанда Қасымовтағы мұсылмандар жерлеген қорым, Шыңғыс хан әулетінің ұрпақтарын жерлейтін Сарайшықтан  кейінгі екінші қасиетті орын болғандығына  көз жеткіздік. Ол жөнінде Қадырғали Жалайыр өмір сүрген кезеңді зерттеумен айналысқан үлкен ғалым, Рязань университетінің  профессоры Андрей Васильевич Беляков ғылыми негізі мол, дәйекті ақпарат берді. 

- Сонымен сіздер Қадырғали Жалайыр бабамыздың зиратын таптыңыздар ма?

- Дәл мына жерде жатыр деп айту қиын. Бірақ экспедиция мүшелері өзара ақылдаса отырып, әрі белгілі бір деректерді негізге алып, осы өңірге есімі әйгілі мұсылмандар жерленген, сол дәуірде салынып, бүгінгі күнге бүлінбей жеткен Ауған Мұхамед Сұлтан кесенесінің ішіне  Қадырғали Жалайыр бабамызға арнап «Құлыптас-зират» орнаттық.  Оны салмағы жарты тонна бозғылт түсті ақ тастан қойдық. 

Құлпытас-зираттың бетіне арабша «Бисмиллахи ар-Рахмани ар-Рахим» дейтін Құран сөзін жазып, одан төменірек араб әрпімен қазақша  «Қадырғали би Қосымұлы Жалайыр. (1530-1605). Құлпытасты қойған  Қадырғали Жалайыр қоры. Қазақстан. 20.10.2005»» деген жазу жазылды.        Бұл кесенені 1649 жылы Ауған Мұхамед Сұлтанның жары Алтын ханша орнатқан екен.  Соңғы ғасырларда қараусыз қалған көрінеді. Мұнда Ауған Мұхамед Сұлтан және оның туыс-туғандары жерленіпті. 

- Ауған Мұхамед Сұлтан деген кім екен?

- Ауған Мұхаммед Сұлтан XVII ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген Хиуа ханы Араб Мұхамедтің баласы. Тағы бір деректе: «1621 жылы тақ  тартысында Араб Мұхамед хан жеңіліп, басына ауыр күн туады. 11 жасар баласы  Ауған Мұхамед Сұлтанды орыс елшісіне аманатқа береді» делінген. Екінші бір деректе, әкесі өлген соң  таққа талас басталып, ағасы тарапынан оның көзін жою қаупі төнгендіктен орыстар жасырын алып кетіп, Касымовқа әкелді, дейді. 

Жергілікті жердің татарлары Ауған Мұхамед Сұлтанның кесенесін «тәкие» деп атайды, бірақ оның этимологиялық шығу тегін олар түсіндіре алмады. Өйткені, Кеңес Одағы уақытында дінмен күрес науқанының кесірінен Қасымов өңіріндегі көптеген мешіт пен кесенелер қиратылып, құлпытастар үй салу мақсатымен іргетас қалауға тасып әкетілген көрінеді. Осы науқаннан аман қалған Ауған Мұхамед Сұлтан кесенесінің  есігі ашық, айналасында мал өріп жүр. Кесененің ішіндегі құлпытастар мүжілген, бұрыштары сындырылған.  Кесенеге қоршау жүргізіп, оны қарауға алуды жергілікті билік мойнына алды. Қасымовтағы мешіт имамы Мұхаддас Ахуновтың қолдау көрсетуімен мұсылмандық рәсім жасаланып, құрбандыққа мал шалынды,  ас беріліп, аят оқылды. 

- Қадырғали Жалайыр бабамыздың жазған еңбегі қай шамадан бастап, ғылыми ортаға белгілі болды?

- Қадырғали Жалайырдың «Жами ат-тауарих», яғни «Шежірелер жинағы» атты еңбегі түркі жұртының, соның ішінде қазақ халқының мәдени және рухани өмірінде алар орны ерекше. Атақты орыс ғалымы И.Н.Березин 1854 жылы Қазанда «Шығыс тарихшылары кітапханасы» басылымдары сериясымен алғаш рет жариялаған. Оны қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлиханов бірінші болып зерттеп, ғылыми бағасын берген. 

Бертіндегі Кеңес заманында бұл еңбек татар оқымыстылары тарапынан біршама зерттелініп, баспа бетін көрді. Қазақстанда белгілі ғалым Р.Сыздықованың дайындауымен 1989 жылы «Ғалым» баспасынан жарық көрді. 1991 жылы «Қазақ университеті» баспасынан Р.Сыздықова мен М.Қойгелдиевтің әзірлеуімен түпнұсқа күйінде басылып шықты. 1997 жылы «Қазақстан» баспасы осы құнды еңбекті алғаш рет толық аударма нұсқасымен қазақ жұртшылығына ұсынды. Оған себеп XVI ғасырдағы қазақ жазба тілі мен бұл күнгі қазақ тілінің арасында едәуір айырмашылық бар болатын. Оның үстіне Қ.Жалайырдың өз қолымен 1602 жылы жазған қолжазбасы біздің заманымызға жеткен жоқ. Тек оның 1641-1642 жылдары көшірілген бірінші нұсқасы Петерборда сақталынып, екіншісі, Қазан университетіндегі көне жазбалар қорында  (№5028 т.40) тұр.  

- Сіз зерттеуші ретінде «Шежірелер жинағының» басты ерекшелігі не деп ойлайсыз?

- Бұл тарихи құнды еңбек өз заманындағы азиялық жазба дәстүрінде жазылған. Мағынасы мен желісі, сондай-ақ құрылымы жағынан «Тауарих ғузида-и нусрат-наме» (XVI ғ.), Әбілғазының «Түрік шежіресі» (XVII ғ.) және басқа да еңбектерге ұқсас.

Қадырғалидың «Шежірелер жинағын» мазмұны, құрылымы жағынан алып қарағанда, шартты түрде үш бөлімге бөлуге болады, яғни: орыс патшасы Борис Годуновқа арналған тарау. Одан кейін «Жами ат-тауарих» атты Рашид-ад-диннің еңбегі негізінде жазылған тарих. Үшіншісі, Ұрұс ханнан Ораз Мұхамед сұлтанға дейінгі Шыңғыс әулеті ұрпақтарының шежіресі. Бірақ Қадырғали Жалайыр еңбегінің негізгі желісі Ораз Мұхамед ханның тарихы болып келеді. Ораз Мұхамед  атақты Тәуекел ханның (1586-1598) інісі Ондан сұлтанның ұлы. Оның аталары Ұрұс хан, Барақ хан, Жәнібек хан, Шығай хан белгілі тарихи тұлғалар екені анық. 

Бабамыз өз еңбегінде Шыңғыс хан заманынан бері қарай ата-бабасының шежіресін таратып береді. Әрі араб, парсы тіліндегі көптеген тарихи кітаптармен таныс болған. Әрине, қазақ хандығына дейінгі тарихты жазу үшін Рашид-ад-диннің «Жами ат-тауарихын» пайдаланған.  

И.Березин болса Қ.Жалайыр кітабының алғашқы беттері жоғалып кеткендіктен бұл еңбекті Рашид-ад-диннің «Жами ат-тауарих» атты кітабының түрікше аудармасы деп түсініп, кітаптың атын да солай атаған. Шын мәнісінде Қ.Жалайырдың еңбегіне өзі қойған аты әлі күнге дейін белгісіз. Егер Қ.Жалайыр «Жами ат-тауарихты» аударатын болса оның кітабының көлемі бұдан бірнеше есе үлкен болып шығар еді. Осы жайттар ескеріліп, қазақ басылымында бұл еңбек Березинше «Жами ат-тауарих» немесе «Жылнамалар жинағы» деп аталмай, «Шежірелер жинағы» деген атпен қабыл алынды. Шындап келгенде Қ.Жалайырдың бұл еңбегін бұрынғы тарих пен қазақ хандығының өткен ғасырлардағы шежіресі деуге болады.

 - Шежіреде қазақ тарихына қатысты нелер бар?

- Қазақ тарихына қатыстысы кітаптың үшінші бөлімі, яғни соңғы бөлім 9 дастаннан тұрады. Олардың сегізі Шыңғыс ханның ұрпақтары: Ұрұс хан, Тоқтамыс, Темір Құтлық, Қажы Керей, Қажы Мұхамед, Әбілхайыр, Жәдігер, Ораз Мұхамед және басқаларға арналса, бір дастан Алтын Орда тарихындағы ірі тұлға Едіге би жайында. Мұны алғашқы зерттеушілер түпнұсқа бөлім деп атаған. 

Бұдан басқа Қадырғали шежіресінде Алтын Орданың ыдырауына байланысты аса құнды деректер берілген. Қазақ хандығының құрылар кезіндегі алғышарттарына қатысты, яғни Ұрұсхан мен оның ұрпақтарына байланысты өте қажет материалдар бар.  Оның Едіге мен Тоқтамыс туралы жазғандарында халқымыздың асыл мұрасы көне жырлар тілі мен желісінің ізі бар. Қадырғали Жалайыр өзі туралы: «Дүниеде көп елдерде болдым, көп оқыдым», - деп жазғанына қарағанда ол Ресей ғана емес басқа да мемлекеттерде болғанын түсінуге болады. Алайда ол жөнінде мәлімет жоқ.

Қ. Жалайыр бабамыздың Ораз Мұхамедпен бірге тұтқынға түскені жайында тарихи деректер бар. Одан кейінгі өмір туралы да өзі жазады. Тұтқынға түсуден бұрынғы өмір дерегі туралы  мәлімет бар ма?

- Қ.Жалайыр Ораз Мұхамедпен бірге Керман (бүгінгі Қасымов) қаласына  келгенге дейінгі өмір жолынан ешқандай дерек те, мәлімет те жоқ. Өз еңбегінде Қадырғали Жалайыр ата-бабаларынан бері Ораз Мұхамед ханның әулетіне қызмет жасап келе жатқандығын атап өтетіндігіне қарап, оның Тәуекел ханның ордасында жас кезінен қызмет еткен деген жорамал жасауға болады.  

Бір дерекке қарағанда, Ораз Мұхамед 1588 жылы 16 жасында тұтқынға түскен, соның ішінде қарашашы (нөкері) Қ.Жалайырда бар. Тобыл қаласына жақын маңайда аң аулап саятшылық құрып жүргенде воевода Данил Чулков оларды алдап, арнайы қонаққа шақырады да, тұтқындап, Мәскеуге жібереді. Кейін Ораз Мұхамед әскери қызметте ерекше көзге түседі. Сөйтіп патшаның ықыласына бөленеді. 1600 жылы патша Борис Годунов Ораз Мұхамедті Қасым патшалығына хан етіп тағайындап, таққа отырғызады. Жат елде жиырма екі жыл тұрып, оның он жылында Қасым патшалығын басқарған Ораз Мұхамед өз қарауындағы халыққа адал қызмет етіп, талай тарихи оқиғаның  куәсі болған. 

Суретте: Ауған Мұхамед Сұлтан кесенесі

Бірақ 1605 жылы патша Борис Годунов өлгеннен кейін, 1610 жылдың қараша айында 38 жасында Лжедмитридің қастандығынан қапыда қаза табады. Мәйіті Ока өзеніне тасталады да, өлімінің себебі жайында сан-саққа  өсек-аяң таратылады. Едіге бидің ұрпағы, асылдың сынығы Петр Урусов қандыкөйлек досы Ораз Мұхамедтің денесін өзен түбінен тауып алып, арулап Қасымов қаласындағы хандар қорымына жерлейді. Және Ораз Мұхамедті өлтірген Лжедмитридің жанын жаһаннамға жіберіп, бір жағынан досының кегін алса, екінші жағынан Ресей тағын қорғап, орыс елінің шетелдік басқыншылардан құтылуына жәрдемін тигізеді.

- Қасымов хандығың пайда болуы мен онда билік құрған қазақ сұлтандары жайында қандай мәлімет білесіз?

- Қасымов патшалығының пайда болуы жөнінде әртүрлі нұсқалар бар. Никоновтың жылнамасында, 1447 жылы Мәскеуге татар-монғол сұлтандары Қасым мен Жақып ордасын алып келеді. Ол кездері Мәскеу тағы үшін Мәскеу князы Василий II мен оның қарсыласы Шемяки арасында тартыс жүріп жатқан еді. Қасым мен Жақып Василийге қолдау көрсетеді. Оны Сейт Ахмет ханның шабуылынан сақтап қалады. Содан кейін 1452 жылы осы өңірге Ұлық Мұхамед хан ордасынан  500  нөкерімен  Қасым сұлтан келеді. Сол кезеңнен бастап қала барлық құжаттарда  «Қасымов»  атала бастайды. Кейде «Хан –Керман» деп те аталады. 

Басқа бір дерек көздеріне қарағанда, 1445 жылы 7 шілдеде Суздал түбінде Каменка өзенінің маңында Мәскеулік княз Василий мен  татарлар арасында қақтығыс өтеді. Орыс князында 1500 сарбаз, татарларда 3500 сарбаз болады. Ұрыста татарлар жағы жеңіп шығады.  Орыс әскері толық жойылып, Мәскеулік княз тұтқындалады. 1445 жылғы 1 қазанда Мәскеулік княз үшін үлкен құн төленіп, ол  қайтарылады. 

Тверьлік жылнамада: Мәскеу князі Василий  Ұлық Мұхамедке жыл сайын құн төлеп отыруға және  Ұлық Мұхамедтің ұлы Қасымды қасына алып оған Мещер өлкесінің билігін беруге мәжбүр болды, делінген. Қалай болғанда да Қасым хан Василий Темныймен бірге болып,  барлық соғыстарда қатар шеп құрған.

Қазан қаласындағы архив құжаттарында, бұл жағдай төмендегідей сипатталған. Яғни, Ұлық Мұхамед қайтыс болғаннан кейін оның үлкен ұлы Махмут Қазан хандығының тағын иемденеді де, оның екі  інісі бақтарын көрші жатқан жерлерден іздеуге аттанады. Осылай Қасым мен Жақып Мәскеу княздығына келеді. Бұл уақыт құжатта 1448 жылы деп көрсетілген. Келесі 1449 жылы Василий II оларды Шемякиге қарсы жорыққа алып барады. Қасым орысқа шабуыл жасаған Сеид Ахметтен Звенигород қаласын тартып алып, Пахра өзенінің жанында Сеид Ахмет әскерін талқандап, барлық тұтқындарды  босатады. 

1450 жылы қаңтарда Қасым мен Жақып орыс кянздарымен бірігіп, Галич маңындағы ұрыста Шемякиді жеңеді.  Сол күні орыстарға Меулім Берді-оғлан ордасы шабуыл жасайды. Княз Василий татар отрядына Қасымды басшы етіп Мәулім Берді-оғланға қарсы жұмсап, Коломна қаласы тұрғындарын басқартып воевода Беззубиковты қосып береді. Қасым жауды қуып тастайды. 

1452 жылы Мещер өңірі жоғардағы сұлтандарға ұрпақтан ұрпаққа қалатын меншік ретінде сыйға тартылады.  Жаңадан күшейіп келе жатқан Қазан хандығымен, байырғы Қырым хандығымен немесе Алтын Ордамен соғыс бола қалса Қасымов хандығы алдыңғы шепте тұрған қалқан рөлін атқарады.  Қасымовтықтар кейін поляктар мен литвалықтармен болған соғысқа қатысып, Новгород княздығын бағындыруға еңбек сіңіргені тарихтан белгілі. 

Қасым хан мен оның мұрагері Данияр қол астындағы халықтан «ясак» (жасақ салық) алып тұрған. Княздық шекарасын қорғағаны үшін Рязан князы да белгілі мөлшерде ақы төлеп тұрған. Бірақ Қасымның бірінші міндеті Василий Темныйден түскен талапты орындау болатын. Қасым хан тарихта орыстың жеріне  бірінші болып мұсылман мешіті мен хан сарайын салушы (1467 жыл) ретінде қалды.

Қасымның тағын иеленген оның ұлы Данияр 1472 жылы татарша Кизи-Керман (Хан-Керман) деп аталатын қаланың атын «Қасымов» деп ауыстырады. Сол жылы Даниярға Мәскеулік княз  Иван  III Новгородқа қарсы  жасаған жорығы үшін сый-сияпат жасайды. Данияр сарбаздарымен Алексин қаласы түбінде Ахмет ханды орыс аумағын тастап кетуге мәжбүрлейді. 1477  жылы Данияр қарамағындағы бұқарасымен бірге Новгород княздығының құлауының басы-қасында болады. Содан кейін Даниярдың аты ешбір жерде аталмайды. Сөйтіп Ұлық Мұхамедтің тұқымының билігі Қасымовта Даниярмен бітеді.

Одан кейін Қасымов хандығының тақ билігі кімдердің қолына өтті?

- 1479 жылы Қырым ханы Меңлі Кереймен таққа  таласып жеңілген Нұрдәулетті Мәскеу князы шақырып алып, оны Қасымов хандығының тағына отырғызады. Татар-моңғол отарлауының зардабынан Ресейді  құтқару жолында Нұрдәулет ерекше рөл атқарған. 1480 жылы Угр өзені бойында Ахмет хан ордасының әскері мен мәскеулік княз Иван III-тің әскерлері шешуші соғыс жүргізгенде Нұрдәулет мәскеулік воевода В.Ноздреватыймен бірге Алтын Орданың астанасы Сарай әл-Жадидке (Жаңа Сарай) шабуыл жасап, жұрдай етіп тонап кетеді. Ахмет хан хабар алысымен, ұрыс даласын тастап мекеніне асығады. Жолда Иван III-ке көмекке келе жатқан Төмен татарлармен қақтығысып мерт болады. Орыс тарихында бұл факті Мәскеу княздығының татар-монғол құлдығынан азат етілу кезеңі болып есептелінеді.

1491 жылы Қасымов хандығының тағын Нұрдулеттің ұлы Сатылған иеленеді. Сатылғанның басқаруы кезінде қасымовтық татарлар қазандықтармен жиі соғысқан. 1506 жылы Сатылған өлгеннен кейін, оның орнын інісі Жанай басады. Жанай орыстың батыс шекарасында литовтықтармен (бүгінгі беларустармен) жиі соғысып, 1512 жылы қайтыс болады.

1487 жылы Қазан ханы Мұхамед Эмин Мәскеудің вассалдығына түсіп қалады. Осы кезеңнен бастап Қазан мен Қасымов хандығы мәскеулік саясаткерлердің қолындағы айтқанынан шықпайтын құралға айналады. Ақыры 1552 жылы тәуелсіздігінен айрылып, Қазан жауланып алынады. Сөйтіп Қазан хандығы 106 жыл (1346-1552), Қасымов хандығы 229 жыл (1452-1681) өмір сүрген.

Қазан хандығы құлағаннан кейін де Мәскеу мемлекеті Қасымов хандығына «шығыс» төлеуді жалғастырып келді. Ресми хат алысу елші бұйрығы арқылы жүргеніне қарағанда Мәскеу княздығы үшін Қасымов хандығы шетелдік болып саналған ба дейсің, яғни мемлекет ішіндегі мемлекет.

1512 жылы Қасымов тағына астрахандық ханзада, Шыңғыс хан тұқымы Шейх Әли отырады. Ол Үлкен Орда ханы Кішік Мұхамедтің немересі болатын. Оның ұлдары Шах Әли мен Жан Әли татар тарихында қайшылығы мол, көлеңкелі жақтары көп із қалдырды.  Орыстар Қазан хандығын осы Шах Әлидің  қолымен бағындырды.

- Ораз Мұхамедтің Қасым хандығының тағына ие болуы қай кезден басталады?

- 1600 жылы Қасымов хандығының тағын Ұзын Оқты Ондан сұлтанның  баласы қазақ ханзадасы Ораз Мұхамед иеленеді. Ораз Мұхамед Швециямен болған соғысқа, Борис Годуновпен бірге Қырым татарларына қарсы жасалынған жорыққа қатысады. Ол Мәскеу княздығының иерархиялық баспалдағында  жоғары дәрежеге ие болады. Кеңесшісінің ақылымен Лжедмитриге қызмет етуге шешім қабылдайды. Кейін қатесін түсініп, Минин мен княз Пожарскийдің жағына шығып кеткенін білген Лжедмитри оны алдап, аңға шақырып, қастандықпен өлтіреді.

1614 жылы таққа Сібір ханы Көшімнің немересі Арслан отырады. Ол замандасы княз Пожарскиймен бірге поляк басқыншыларынан Мәскеуді азат етеді. 1627 жылы Арслан өліп, таққа оның ұлы Сейд Бұрханға отырды. Бірақ хандықты шын мәнісінде оның анасы Фатима Сұлтан Бегім басқарады. Оған анасы жағынан Сейд Бұрханның атасы болып келетін Ақ Мұхамед Сейд Шакулов көмектеседі. Фатима баласының орыс патшасының қызына үйленуіне үзілді кесілді қарсы болады.    

Сейд Бұрхан 50 жылдан астам уақыт Қасымовты басқарып, 1679 жылы тақтан бас тартып, шоқынып кетеді. Қасымов билігі Фатима Сұлтанға Бегімге өтеді. Фатиманың жасы ол кезде 70-тен асып кеткен еді. 1681 жылы Фатима өлді. Осы кезден бастап Қасымов хандығы тәуелсіздігін жоғалтып, Ресей мемлекеті үшін ойнаған «буферлік» рөлін аяқтап, тарихқа сіңіп кетті. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?