Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Алаш һәм азаттық идея

2305
Алаш һәм азаттық идея - e-history.kz

Алашты тану – мұрат, алаштық танымға жету – парыз. «Алаш қозғалысы» тоқсан жылда, яки болмаса жүз жылда ғана бір айтылатын науқандық шара емес. Қазақ қайраткерлері жайлы ай, тіпті апта сайын айтылуы қажет. Өйткені «Алаш» – ұлт барометрі. Алаш әлемінің айтылғанынан ашылмаған сыры әлі көп. Біз төмендегі материалды сол мақсат жолында арнайы жариялап отырмыз.

XX ҒАСЫР ҚАЗАҚ ХАЛҚЫ ҮШІН ЕҢ ҚАНҚАСАП ҒАСЫР РЕТІНДЕ ТАРИХ ПАРАҒЫНДА ҚАЛДЫ. МЕШІН ЖЫЛҒЫ ДАЛАНЫ АҚСӨҢКЕ СҮЙЕККЕ ТОЛТЫРҒАН ГЕНОЦИТ, 1938 ЖЫЛҒЫ РЕПРЕССИЯ (XX ҒАСЫРДЫҢ ӨЗГЕ ДЕ ҚАСІРЕТТЕРІН ЖІПКЕ ТІЗБЕГЕНДЕ ОСЫ ҚОС ТРАГЕДИЯНЫҢ ӨЗІ) БІР ҰЛТТЫ ТҮБІРІМЕН ТЫП-ТИПЫЛ ЕТУГЕ ЖЕТКІЛІКТІ ФАКТОРЛАР ЕДІ.

Біз осы орайда 1938 жылғы репрессия төңірегінде сөз сабақтап көрмекпіз. Ұлт көсемінен ауыл мұғаліміне дейінгі аралықты қамтыған «көкжөтел» науқан шындығында халқымыздың тегіне, яғни рухани генологиясына сілтенген балта болатын. Бұл қасірет қазақ халқының қаймағын сиырып, қанын бұзды. Тұтас бір текті буын жер қойнауына сапар шекті. Нәтижесінде «жабыдан тұлпар, жапалақтан сұңқар» шыққан заман болды. Содан болар кемел зиялыға ауадай зәру «көп шуылдақ» әлі күнге адасумен жүр. Біз бұл арада «адасу» сөзін жайдан-жай қолданып отырғанымыз жоқ. Қазақ мемлекетін туралыққа һәм толыққанды ұлт болуға жететелейтін жалғыз-ақ жол, ол «Алаштың» жолы. «Алаш» – ақиқат пен бостандық жолы. Біз «Алашты» жете танығанда ғана азат санаға қол жеткізетін боламыз. «Алаш» пен азат синоним, яғни бір сөз. Осыны білмейінше бізге тәуелсіздік пен еркіндіктің, бостандық пен азаттықтың қадіріне жету қиын. Ең өкініштісі, «Алаш» танымы алаштанушылар үшін ғана қажет секілді болып барады. Анығында «Алаш» бізден гөрі биліктегі шенеуніктерге бір табан жақын болуы тиіс. Неге десеңіз, олар ел басқарып, дүйім жамиғаттың тағдырын шешіп отыр. Халықтың болашағы мен келешегі соларға тікелей қатысты. Олай болса әр лауазым иесіне «Алаш» мұратын тану сөзсіз міндеттелуі керек. Себебі, халқыңды қалайша сүйіп, қайтіп қызмет етуді үйрететін сара жол да осы Алаштың жолы. Жан -жағыңнан жау анталаған мынадай ұрымтал кезеңде азаттықтың не екендігін білмейтін лауазым иесі қазақ қоғамы үшін ең қауіпті адам екендігін ұдайы жадымыздан шығармағанымыз абзал. Ал бүгінде Алаш жолын мұрат тұтқан билік иелері бар ма? Бар болса, біз билікте жүрген мыңдап саналатын шенеуніктердің бірінің ауызынан «Ахаң (Ахмет) бүй депті, Жақаң (Міржақып) сүй деген екен» деген секілді бір ауыз сөзді не себептен ести аламай келеміз? Әлде олар үшін Алаш арыстарының ешқандай құны жоқ па?

Мұны не үшін айтып отыр дейсіз ғой?! Осы өткен жылғы «Алаш қозғалысының» 90 жылдығынан жоғарыдағы келеңсіздіктерді көзімізбен көргеніміз үшін айтып отырмыз. Екі күн бойы Елордада өткен «Алаш қозғалысына» қатысты халықаралық конференция мен мерекелік шаралардың ішінен бірде бір министр мен депутаттың төбесін көре алмадық. Бұл елдігімізге, қала берді қазақы намысымызға сын емес пе?! Аталған осы келеңсіздіктер біздердің Алаш мұраты мен азаттық идеяны жете білмейтіндігімізді, «Алаш» десе ат тонымызды ала қашатын құлдық психологиядан әлі күнге дейін арыла алмай келе жатқанымызды көрсетеді.

Сөз жоқ, бүгінгі тәуелсіз Қазақстан – «Алаш автономиясының» заңды мұрагері. «Алаштың баласы бұл жолы ел болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде бөлек мемлекет болар» деген Әлихан арманының іс жүзінде жүзеге асқан кезі. Бұлай дейтініміз азаттық идеясының алғашқы дәнін Алаш азаматтары екті. Сол дән бүгін өсіп-өніп, Қазақстан Республикасы деген пәрменді мемлекетке айналды. Рас, ұлт мүддесі мен ұлттық мұрат Патшалық Ресейдің боданында жүрсек те еш саябырлаған емес. Еркіндікке ынтызар пейіл мен пешене әрбір тұлғаның іс-әрекеттері мен өлеңдерінде өрекпіп жатты. Мәселен, Мұрат Мөңкеұлы «Еділді тартып алғаны, етекке қолды салғаны» деп еңіресе, Дулат Бабатайұлы «Өксігіңді ойласам, ұйқы беріп қайғы алам» деп налыды. Ал, Абай хаһім болса «Қалың елім, қазағым қайран жұртым» деп күңіренді. Басқасын айтпағанда осы үш өлеңнің өзінде ғана, ұлттық мұратқа сусаған ұлтшылдық сарын жоқ деп ешкімде айта алмасы анық. Бірақ, бір анығы, анау батыстағы Мұрат пен шығыстағы Абайдың басы елдік мақсаттың бір пұшпағына біріге алған жоқ. Жалғыз күйініп, жалғыз күңіренді. Жекеше ғұмыр кешті. «Елім деп еңіреген» мұндай тұлғалардың интеллектуалдық қуаты бір арнаға құйылып асау өзенге айнала алмады. Өйткені, жеке адамның жалғыз өзі қоғам өміріне ешқандай ренессанс туғыза алмайды. Бұдан шығатын қорытынды қазақ қоғамының саяси өміріне алағаш рет ренессанс туғызған Алаш азаматтары деп толық айта аламыз. Бұл сөзімізге 1905 жылғы 26 маусым күні Қоянды жәрменкесіндегі Қарқаралы (петициясы) құзырхатының дүниеге келуі дәлел. Ресей патша үкіметінің министрлер кабинетіне жолданған құзырхатта сөз бостандығы, ана тілінде оқу, діни еркіндік секілді мәселелерді көтерген 12 мың 767 қазақ азаматының қолы қойылған. Осы құзырхат «Алаш қозғалысының» алғашқы бастауы болды десек асыра айтқандық емес. Демек, «Алаш қозғалысы» 1913-1918 жылдар аралығын қамтыған 5-6 жылдық қозғалыс емес, тамырын одан да бұрын жайып үлгерген, ішкі эволюциялық жолы әбден пісіп жетілген ұлы қозғалыс болатын. Ол тек 1918 жылмен ғана тұйықталып қалған жоқ, «Алаш қозғалысы» 1939-1940 жылдарға дейін Мұстафа Шоқайдың іс-қимылдарымен Париж, Берлин қалаларында, 1940-1951 жылдары Оспан батырдың ұлт азаттық көтерілісі арқылы Шығыс Түркістан топырағында жалғасып жатты.

Осылайша жан-жақты пісіп жетілген саяси топ 1913 жылы «Қазақ» газетінің төңірегіне келіп топтасты. 1917 жылы «Қазақ» газетінің №23 санында «Алаш партиясына» кімдердің мүшелікке қабылданатындығы жайлы мақала басылды. Оған: «Партияның програмасын жақтырып, жөн көрген, программадағы мәселелерді іске айналдыруға тырысатын кісі кіреді. «Алаш» бағытынан таймайтын, өтірік айтпайтын, жақындық туысқа бүйрегі бұрмайтын, дүниеге қызығып сатылмайтын, шыншыл, әділ, тура кісі осы партияға кіреді. Сыртын берсе іші басқа, тілін берсе жүрегі басқа болатын, ауырлық келсе бұлт беретін қорқақ, айнымалы мінезі бар кісі мүшелікке қабылданбайды» деп шегелеп тұрып көрсетті. Олар ақтық демі таусылғанға дейін осы сертке қылдай қиянат қылған жоқ. Соның нәтижесінде 1921 жылы Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы В.И. Ленинмен мәміле жүргізге отырып мынадай үш маңызды мәселеге қол қойғызды:

1) 1917 жылғы «Ұлттар декларациясына» сүйене отырып, «Әр ұлттың қалаған кезде бөлініп кетуіне толық құқығы бар» екендігіне;

2) Қазақ өлкесін Түркістан Республикасынан дербес автономиялық республика ретінде жариялау. Оның шұғыл арада территориясын бекітуге (Лениннің қолы қойылған сол қаулының негізінде бүгінгі Қазақстан Республикасының территориясына ие болып отырмыз);

3) Қазақ ұлтының жерін жеке меншікке беруге және қоныстанушыларды мүлде әкелуге болмайтындығына.

 

Міне, ұлт жолындағы мұндай таңғажайып стратегиялық ерліктерін айтпағанда, Алаш арыстары ұлт негізінің діңі болып табылатын дін, діл, тіл секілді рухани құндылықтарды күн тәртібінің басты мәселесі етіп қойды. «Дін ісі» жеке тарау ретінде «Алаш партиясының» бағдарламасына енді. Сондай-ақ, әдеби, мәдени өмірдің де тамыры жанданып сала берді. Алғашқы романдар мен драмалық шығармалар дүниеге келді. Сан түрлі саланы қамтыған оқулықтар жарыққа шыға бастады. Мәселен, «Қазақ тілі» мен «Әдебиеттанудан» Ахмет Байтұрсынұлы, «Медицина» мен «Биология», «Табиғаттану» пәндерінен Х.Досмұхамедұлы, «Матеметикадан» М.Дулатов пен Ә.Ермеков, «Психологиядан» Ж.Аймауытов, «Педагогикадан» М.Жұмабаев, «Ауылшаруашылық» саласынан Т. Шонанұлы мен Қ.Кемеңгерұлы арнайы оқулықтар жазды. Әдеби сын мақалалар мен қатынас хаттар, сол секілді құжат тілінің жаңа лексикасын да Алаш ұлдары қалыптастырды. Рухани жағынан ғана емес, саяси тұрғыдан кемелденген Алаш арыстары мынадай алты мәселені ту етіп көтеріп, ұлттық ұстанымы етті:

БІРІНШІ, «БАЙ, КЕДЕЙ, ОРТА ДЕГЕН СЕКІЛДІ ТАПТЫҚ БӨЛІНУШІЛІК БОЛМАСЫН»;

ЕКІНШІ, «ЖЕРДІ САТУҒА МҮЛДЕ БОЛМАЙДЫ»;

Үшінші, «Жердің асты мен үстіндегі байлық қазақтың төл меншігі ретінде саналады»;

(Ә.Бөкейханның «Қазақ жерінің әрбір түйір тасы қазақтың өңіріне түйме болып қадалуы керек» дегені осыға дәлел).

Төртінші, « Бір тоқтының жүнінен бір жапырақ бұл тоқылатын болса, ол ең алдымен қазақтың үстінен табылуы қажет»;

Бесінші, «Қазақ тілі мемелекеттік тіл болсын»;

Алтыншы, «Мемлекет құруда ұлттық салт-дәстүрді сақтай отырып дамыған Жапония елінің тәжірибесі қолданылсын».

Міне бұл бұдан 91 жыл бұрынғы Алаш арыстарының бағдарламасы болатын.

Қазіргі тәуелсіз Қазақстан мемлекеті Алаштың аманаты болған осы алты бағдарына қаншалықты адалдық танытты? Мұны шынымен-ақ жүзеге асыра алды ма?!

Алаш ұлдары азаттық жолында мың есе қан төккен болса, біздер бүгінгі бостандығымыз үшін одан да көп еңбек етуіміз қажет. Өйткені, азаттықтан, азат санадан артық еш нәрсе жоқ. «Әр ұрпақ өзіне артылған жүкті жетер жеріне апарып тастағаны дұрыс, әйтпегенде болашақ ұрпағымызға аса көп жүк қалдырып кетеміз. Кейінгі ұрпақ не алғыс, не қарғыс беретін алдымызда зор шарттар бар», – депті Әлихан Бөкейханов. Алаш көсемінің бұл жауапкершілігі біздің де алдымызға сөзсіз қойылуы тиіс. Ұрпақ алдында бетіміздің қара немесе жарық болмағы осы міндетке қаншалықты мазмұнды қызмет еткенімізбен анықталатын болмақ...

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?