Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Түркі халықтарының сәулет өнері

5308
Түркі халықтарының сәулет өнері - e-history.kz

Сурет: El.kz

Түркі сәулет өнерінде түркілердің көшпелі өмір салты, жайлау мен қыстау, қала мен ауыл тұрмысы, арба жасау, қала құрылысы және қамал салу мәдениеті, қалаларда көше салу, базар мен дүкен орындарының таңдалуы, жол мен керуен сарайлардың, почта (мәлімет жеткізу) бекеттерінің салынуы, уақыт пен жылдың есептелуі, географиялық бағыттардың белгіленуі, шатырлар мен үйлердің тігілуі, отбасының құрылымы мен отаулардың жекелей шаңырақ көтеруі бәрі-бәрі моральдық өлшемдерге сәйкес болды.

Баспананың салынуы, үй мен тұрмыс құрылысының  барлық талаптарына сай болуы, есік, терезе, шаңырақ, қабырға секілді үй бөлшектерінің ұлттық ою-өрнектерменбезендірілуі, тұтастай сәулетшілік мәдениеті, монша мен тазалық мәдениеті, құдық, бұлақ, хауыз және жасанды су тоғандарының, суғару желісінің салынуы, тоқымашылық (қалы кілем, алаша, киіз, ши төсеніш…), осы секілді киім, төсек және әшекей мәдениетінің барлық ерекшеліктері, үй жиһаздарының (сәкі, үстел, зат салуға арналған қапшықтар, сандық, сөре, әбдіре, шырақ, шам, сөмке…) жасалуы, кең салалы шаруашылық (егіншілік, малшылық, бау-бақша өсіру, бал арасын өсіру шаруашылығы…) мәдениеті, табиғатқа деген көзқарас, жыл мезгілдеріне бейімделу мәдениеті, азық дайындау, ас үй және тамақ мәдениеті, елтаңба мен ту мәдениеті, армия мен әскер мәдениеті, мемлекет, қоғам және отбасының моральдық негіздері, халықтың музыкалық аспаптары және көркем өнер ұғымының дамуы кешенді түрде және өзіндік ерекшеліктеріне қарай танылып, қалыптасқан сайын жалпы түркі мәдениетінің архитектоникасы егжей-тегжейлі көз алдымызға келеді. Әлбетте, бұл жүйе ішінде өркениет өмірінің негізгі көрсеткіші мен ең басты құндылығы ретінде қала құрылысы мен сәулет өнері маңызды орын алады. Көне түркі және Қытай деректерінде Көктүрік империясының астанасы Өтүкен қаласының аты аталып, ол түркілердің «киелі жұрты» ретінде құрметтеледі. Бірақ «шатырлардан сарайларға» қарай жылжыған түркі суперэтносының пассионар ру-тайпалары Еуразияның орталық белдеулерінің бойында тұрақты түрде қоныстанып, кейіннен Кавказ бен Анадолы да, Таяу және Орта Шығыста саяси биліктерге қол жеткізуімен қатар отырықшы тұрмыс пен өркениетті даму салтының маңызды бір белгісі ретінде қала құрылысы мен сәулет өнері де, сөзсіз, түркі мәдениетінің міндетті бөлшегіне айналды. Түркі мемлекеттері мен империялары пайда болып, кеңейген сайын олардың экономикалық мәдениеті де формасын өзгертіп, көшпелі малшылықтан қала саудасы мен сәулетшілік бағытында дамыған. Түркілер өте еңбекқор болған. Тарихтың ешбір кезеңінде ашаршылыққа ұрынбаған, өздерін асырау үшін қажетті шаруашылық мәдениеті болған. Тарихи түркі империяларының гүлденген дәуірлерінде мемлекет пен армияны сақтау үшін жеткілікті дәрежеде экономикалық әлеует қалыптастырылып, түркі қалалары Бұхара, Самарқанд, Тебриз, Гянджа, Исфахан, Ыстанбұл, сондай-ақ, бір кездері Агра, Бағдат және тағы да басқа  қалалар өз елдерінің ғана емес, жалпы әлемнің сауда, ғылым және мәдениет орталықтарына айналды.

Әсіресе, Ұлы Жібек жолы бойында және онымен шекаралас аймақтарда өмір сүрген түркі халықтарының  мәдениеті әрі әмбебап, әрі әр түрлі сапада даму мүмкіндіктеріне ие болды. Бұл жолдың Қытай-Орталық, Азия – Кавказ Жерорта теңізі аймағын бірлестірген тарихи бағыты негізінен, түркі мемлекеттері мен империяларының территориясынан өткендіктен, олардың қалалары тез дамып, үлкейді, классикалық шығыс сәулет өнерінің барлық ерекшеліктерін ішінде қамтыған керуен сарай кешендерімен толығып, халықаралық сауданың өзіне тән ерекшеліктерін игерді. 

Осы орайда айта кетерлік жайт, қазір де түркі тілдерінде қолданылатын «чини ыдыстар» (фарфор ыдыстар) сөзі Қытайдан әкелінген ыдыстар, қытай ыдыстары деген мағына береді. 

Әлемнің негізгі сауда магистралы - Ұлы Жібек жолы Шығыс пен Батыс өркениеттерінің екі жақты байланысын қамтамасыз етіп, жоғары эстетикалық кемелділікке жеткізген тәжірибелерімен алмасып, ықыласпен үйренуге және әлемнің де пайдалануына кең мүмкіндіктер ашты. Түркі ислам өркениетінің гүлденген дәуірінде (XI-XVII ғғ.) әр түрлі мәдениеттер мен өркениеттерден шыққан шеберлер түркі мемлекеттерінің астана-қалаларына шақырылып, осы жерде классикалық мәдениет пен көркем өнер орталықтарын құрды. Бұдан мың жыл бұрын Х ғасырда Орталық Азияда (қазіргі Қазақстан Республикасы территориясына  кіретін) Қаракеңгір өзенінің жағасында «түркі стилінде» салынған Алаша ханның күмбезінің қалдықтары осы күнге дейін сақталып жеткен. XIV ғасырда Сырдария өзенінің жағасында салынған Отырар қаласында тимуридтер империясының әміршісі Әмір Темірдің жарлығымен ұлы түркі ойшылы Ахмет Яссауидың ұстазы Арыстан Баптың кесенесі тұрғызылды. Әмір Темірдің тағы бір жарлығымен 1397 жылы Түркістан қаласында Ахмет Яссауи жерленген жерде 35 медресе бөлмесі мен кітапханасы бар үлкен кесене кешені салынды. 1485 жылы Әмір Темірдің ғалым, астроном немересі Ұлықбектің (Мұхаммед Тарағай) қызы Рәбиға Сұлтан Бегім үшін тамаша кесене орнатылды. Өзбекстанда классикалық қала құрылысы мен сәулет өнерінің ең таңдаулы үлгілері дүниеге келді. 

IX-Х ғасырлардың өзінде-ақ Термездегі «Қырық қыз» бақша-шаһары кеңінен танымал болды. XI-XII ғасырларда монументалды сәулет ескерткіштеріне бай болған, кереметтілігін осы күнге дейін сақтап қалған Бұхара, Самарқанд, Хиуа қалалары орта ғасырлардың ең жоғары өркениетті қалалары ретінде танылды. Ал XVI-XVIII ғасырларда осы қалалар бұдан әрі дамып, сонымен қатар, Қарман, Ташкент қалалары да Шығыс әлемінің жауһарлары арасында өз орнын алды.

Қырғызстан аймағында тарихи маңызы бар, басым көпшілігі түркі сәулет өнерінің ерекшеліктерін паш ететін 5000-нан аса ескерткіш бар. Ақбешім қаласының қирандылары (VI-VII ғғ.), Самарқандтан Қашқарға (Ұйғырстан) апаратын керуен жолының үстіндегі Өзген қаласы (VIII-IX ғ.), Кошой-Қорқон қалашығының көне қирандылары (Қарахан мемлекеті, VII-X ғғ.), Бұран мұнарасы (X-XI ғғ.), Қарауыл шоқы тауының етегінде, Талас қаласынан 20 шақырым қашықтықта орналасқан Манас күмбезі (XIV ғ.), Таш-Рабат керуен сарайы (XV ғ.) осылардың қатарында. 

Түрікменстан территориясындағы қашан салынғаны белгісіз «Ұлы қыз қамалы», Надир шах қамалы, Екінші Арслан (XI ғ.), Қулигердан (XII ғ.), түрік шахзадасы Төребек ханым (XII-XIV ғғ.), Фахреддин Рази (XIII ғ.), Текеш Хорезмшах (XIII ғ.), Әзизан әл Раматани (XIII-XIV ғғ.), Сейд Ахмед (XII-XIV ғғ.), Хорезмбах (XIII-XVIII ғғ.), Ташқала (XIV-XVI ғғ.), Сұлтан Әли (XVI ғ.), Мәткәрім Ишан (XIX-XX ғғ.), Дашмешіт (1903-1908) кесенелері және тағы басқалай көптеген ескерткіштер өзіндік ұлттық және исламдық нақыштары бар сәулет ескерткіштері екені сөзсіз. Әлемнің ең әйгілі тамаша сәулет өнері жаухарларының бірі Тәж Махал кешені Моғол империясы дәуірінде салынған. Ұлы моғол әміршісі I Жаһан шах (1628-1658) өзінен алдыңғы түрік әміршілері (Бабур мен Акбардың) астана етіп таңдаған Агра қаласында (XVI ғ.) Тәж Махал кешенін салдырды. Орталық Азия, Персия, Арабия және әлемнің басқа да жерлерінен шақырылған сәулетші, нақышшы және басқа да өнер шеберлері, сондай-ақ екі жүз мың тас жонушы және өзге де жұмысшылар аталмыш сәулет кешенін 17 жыл бойы салды. Жалпы алғанда, Үндістанның түркі сұлтандықтары дәуірі үнді, түркі, парсы және қытай сәулет өнерінің ерекшеліктерін бір жерге жинақтаған ескерткіштердің салынуымен ерекшеленеді. Олардың кейбірінің құрылысы бірнеше ғасырға созылған. Мұндай ерекшелік османдықтар дәуірінің сәулет өнеріне де тән. Бұл жерде мың жылға жуық уақыт әр алуан діни- өркениет дүниетанымдары бір арнада тоғысқан ортада архетиптік түрк-ислам мәдениетінің бай мазмұны арқылы әлемнің сәулет өнерін байытқан ескерткіштер – тамаша өнер туындылары өмірге келді. Анадолы түркі сәулетшілігінде ең алдымен мешіттер, кіші мешіттер, текке, кесене, күмбез, медресе, монша, керуен сарай, базар, Бәдістан (бағалы заттар, әшекейлер алынып-сатылған жабық дүкендер, базарлар желісі), көпір, қамал, және сарайлар тек ғимарат ғана емес, сонымен қатар, жоғары көркем-эстетикалық талғамның материалдық көрінісі ретінде мемлекет қазынасы есебінен және ауқатты кісілердің қайырымдылық іс-шаралары арқылы салынған. Осман қоғамында сәулетшілер шығармашылық адамы ретінде зор құрмет көрген. Мұның жарқын мысалын бағы жанған сәулетші Мимар Синанның (1494-1588) тұлғасында көреміз. Осман армиясына Рум елінен янычар ретінде алынып, исламды қабылдаған Мимар Синан Ыстанбұлда атақты Сүлеймание кешенін және одан  басқа да ондаған тамаша сәулет ескерткішін орнатты. Осман империясының ерекше ықылас-құрметіне бөленген ұлы шебер Мимар Синан өмір бойы барлық жағынан қамқорлық көріп, қамтамасыз етілді. Оның меншігінде өзі жобалаған сәулет туындылары - 18 үй-жай, 38 дүкен, 9 үй, кішкентай мешіттер мен медреселер, сонымен қатар, жер иеліктері, диірмендер болды. Сол дәуірдің эстетикалық мәдениеті әмбебап бағытта дамыды және «түркі стилі» мен «ислам символикасы» басым болып, Моғол Үндістанындағыдай әр түрлі мәдениет пен өркениеттердің озық дәстүрлері мен шеберлік құндылықтары бір арнада тоғысып, біртума синкреттік шығармашылық үлгілері өмірге келді.

Түркі сәулет өнері мен қала құрылысы мәдениетінің тағы бір ерекшелігі - әскери-қорғаныс қызметін атқарған қамал, мұнара, қамал-рабат, бекіністермен қатар, рухани мәдениет құндылықтары қатарындағы кесене, мешіт, медреселер,қала өмірінің ажырамас бір бөлігі болған сауда орындары, базарлар, керуен сарайлар, сондай-ақ, қалаға кіріп-шығатын қақпалар, жол қиылыстары аса жоғары эстетикалық талғаммен салынған. Орта ғасырда дамыған түркі қалаларында тек ғана сарайлар, қала ақсүйектерінің үйлері ғана емес, сонымен қатар қарапайым адамдардың қоныстары да қаланың жалпы сәулет ансамбліне сай жоспарланып отырған. Көне дәуірлерден бері тарихи территориясында көптеген сәулет ескерткіштері орналасқан Әзербайжанда да осы өнер барған сайын дамып, шарықтау шегіне жетті. Әсіресе, Кавказ Албаниясы кезеңінде (б.з.д. IV ғасыр - біздің дәуіріміздің VII ғасыры) қала құрылысы саласында маңызды қадам жасалды. Габеле қаласының мығым қала дуалдары, керамикалық құбырлар арқылы тартылған су желісі, Темір қақпа (Дербенд) өткелінде тастан салынған қорғаныс жүйесі (ұзын дуалдар),Чыраккала (VI ғасыр, қазіргі Шабран аймағында), Лакит ауылындағы шеңбер пішінді христиан ғибадатханасы (V-VI ғасырлар), Құм кентіндегі ұстынды ғибадатхана (базилика) (VI ғасыр, қазіргі Гахаймағында), Мингачевирдегі ғибадатханалар кешені (VII ғасыр) және тағы басқа құрылыстар қала салу мәдениетінің жоғары деңгейіне дәлел болады. Сасандықтар дәуірінің сәулет ескерткіштері арасында қорғаныс-бекініс мақсатында салынған құрылыстар ерекше назар аудартады. Каспий теңізінің жағалауында басталып, Бабадаттың етегінде аяқталатын Гильгилчай қорғаны және Шабран ауданы аймағында орналасқан Бешбармақ тауында басталып, Каспий жағалауына дейін созылып жатқан Бешбармақ қорғаны Әзербайжандағы бекініс құрылыстарының маңызы туралы айқын мәлімет береді. Араб халифаты дәуірінде Әзербайжан сәулетшілігінің басты орталығы Берде қаласы болған. Дереккөздерде «бұл жерлердің Бағдаты» деп аталған Берде де құрылыс жұмыстары кеңінен жүргізіліп, көптеген мешіттер мен басқа да діни ғимараттар, керуен сарайлар, базар, монша және тағы басқа да құрылыс нышандары салынған. X-XII ғасырларда Араб халифатының билігі құлап, өздерінің саяси билігін нығайтқан түркі текті мемлекеттер дәстүрлі классикалық принциптерді сақтау арқылы Әзербайжанда әр түрлі сәулетшілік мектептерінің жаңаша стильде дамуына үлкен серпін берген. Аран, Тебриз, Нахчыван, Ширван, Апшерон сәулетшілік мектептері сол жаңа стильдегі сәулетшіліктің өкілдері ретінде танылады. Нахчыван сәулетшілік мектебінің ескерткіштері ғимараттарда көп бояулы сырлы кірпіштен өрнектелген басты арка композицияларының қолдануылуымен, ал Ширван-Апшерон мектебіне тән сәулет ескерткіштері қарапайым сәулет бөлімдері және декоративті ойма өрнектерімен ерекшеленеді. Тебриз мектебінің таңдаулы ескерткіштеріне салтанатты сәулет пен алуан түрлі өрнектер тән болып келеді. Осы уақытқа дейін жеткен өлшемдес, тамаша безендірілген, мұнара тектес кесенелер мен басқа да ғимараттарда Нахчыван мектебінің стильдік ерекшеліктерінде көрінісін тапқан. Бұл мектептің ең жоғарғы шыңын Нахчывандағы Юсуф ибн Кусейр (1162), Мүмүне Хатун (1186) кесенелері мен бізге жетпеген басқа да діни ғимараттар кешенінің авторы, сәулетші Аджеми Әбубәкір ұлы Нахчеванидың шығармашылығы құрайды. Аджемидің шығармашылығы үшін образдың монументалдығы, композицияның пропорциясы, декорацияның нәзіктігі, өз дәуіріне қарағанда рационалды конструкциялардың қолданылуы, ою-өрнектердің ойнақылығы тән. Оның ою-өрнек композициялары көркемдік пен математикалық ой-пікірдің керемет бірлесуімен ерекшеленеді. Аджеми өмірге алып келген композиция мен декоративті өрнек стильдері Әзербайжанның және басқа да сондай-ақ бірқатар елдердің кесенелеріне де үлкен ықпал еткен. Марағадағы Гөй Гүнбез (Көк күмбез) кесенесі (1196, сәулетші Ахмед Махаммедоглы) Аджеми стиліне айтарлықтай жақын. Мараға ескерткіштері әзербайжан сәулетшілігінің дамуында маңызды орын алған. Бұлардың арасында осы күнге дейін жеткен ең көне сәулет өнері туындыларының бірі - Қырмызы күмбез кесенесі (1148, сәулетші Бекір Махаммед). Бұл дәуірде Урмияда орнатылған Үш күмбез кесенесі (1185, сәулетшісі Әбу Мансур Мұсаоглы) сәулет құрылысы бойынша Мараға ескерткіштеріне жақын.

X-XII ғасырларда өмір сүрген Әзербайжан сәулетшілері, тас қалаушылары және сәулетшілік безендіру шеберлерінің есімдері (Махаммед ибн Жафер, Ибрахим ибн Осман, Әбу Мансұр Мұсаоглы, Ахмет Махаммед оглы, Хаджы Махаммде, Шахбензер және тағы басқа) алуан түрлі ескерткіштері, тас қаптамаларда, декоративті әшекей бұйымдарында және басқа ескерткіштерде осы күнге дейін келіп жеткен. Үлкен даму жолынан өткен Ширван-Апшерон сәулет өнерінің ескерткіштері үшін тас конструкциялар, құрылыстардың көлем-мекен жағдайының ықшамдылығы, тас үстіндегі оймалар, өсімдік өрнектері тән. Бакудегі Сыныққала мұнарасы (1078, Махаммед Әбубекіроғлы), әйгілі Қыз қаласы (Қыз қамалы) (XII ғасыр, сәулетшісі Месуд Давутоғлы), Мердакан қамалдары (шеңбер пішіндес қамал, 1232, сәулетшісі Әбдүлмежит Месудоғлы), Дөрткүнч қамал (XIV ғасыр), Нардаран қамалы (1301 ж, сәулетшісі Махмуд Седоғлы), Рамана қамалы (XIV ғасыр) және тағы басқа да осы мектептің ең тамаша ескерткіштері қатарында орын алады. 

XII ғасырда Баку айлағында салынған, қазір су астында қалған Ширваншахтардың «Байыл гәсри» атты резиденциясы да осы дәуірдің өзгеше ғимараттарының бірі. Мұнаралы дуалдармен қоршалған, үстінде тас оймалары, жазулары және бедерлері бар бұл ғимараттар кешені (1235, шебер Зейнеддин Әбурашидоғлы Ширвани және сәулетші Әбдүлмежид Месуд оғлы) сирек сәулетшілік ансамблі болып саналады. Ширван-Апшерон сәулетшілік мектебінен шыққан ескерткіштердің бірі  XII-XIV ғасырларда салынған Пирсатчай ғибадатханасы. Пір Хусейн кесенесінің айналасына салынған діни кешендердегі мұнараның үстінде салынған уақыты (1256) мен сәулетшінің есімі (Махмұд ибн Мақсұд) сақталып қалған. Мәразадағы Дирибаба кесенесі (1402 жылы), қазіргі Гусар ауданының Хәзра кентіндегі Шейх Жунейд кесенесі (1544) және Бакудегі Ширваншахтар сарайы кешенінде (1420-1460) Ширван-Апшерон сәулетшілік мектебінің кемелденіп, жетілген дәуірі көрініс тапқан. XV ғасырдың соңы - XVI ғасырдың басында Сафауилер мемлекетінің құрылып, Тебриздің астана болып жариялануына орай, Ширванның әкімшілік орталық ретінде өз маңызын жоғалтуына байланысты Әзербайжанның саяси- экономикалық өмірі елдің оңтүстігіне көшірілді. Бұл дәуірде қалалардың іріленуіне байланысты көркемдік-эстетикалық дәстүрлер жаңа даму сатысына көтерілді. Әзербайжан сәулет өнерінде Тебриз бен Исфахан ерекше күшейе түсті. XV-XVI ғасырларда шеберліктерімен бүкіл шығысқа танымал болған әзербайжан сәулетшілері мен нақышшылары басқа елдерде жұмыс істеп, түрлі қалаларда қызықты сәулет туындыларын өмірге әкелді. Бурса, Каир, Бағдат, Демирқапы (Темір қақпа, Дербент), Герат, Самарқанд және өзге де қалалардағы бірқатар сәулет ескерткіштерінде Әзербайжан сәулетшілерінің «қолтаңбасы» бар. Бурса қаласындағы атақты Жасыл кесененің (1420-1421) тамаша нақыштармен безендірілген қақпасын әзербайжандық шебер Ахмет Тебризлі жасады. Кесененің маңындағы Жасыл мешіттің (1424) михрабын Тебриздік шеберлер өздері дайындаған алуан түсті фарформен сәндеді. Чалдыран шайқастарынан (1514) кейін Бірінші Сұлтан Селим тарапынан Ыстанбұлға апарылған Әзербайжан сәулетшісі Әли Тебризлі (Әсир Әли, Аджем Әли лақап аттарымен де танымал) Ыстанбұлдағы Топкапы сарайының бас тағын және Сұлтан Селім мешітін (1522) салды.

XVIII ғасырда Әзербайжанның жеке-жеке хандықтарға бөлшектеніп кетуі, елдің экономикалық тұрғыдан босаңдық танытуы сәулетшілік пен құрылыстың да дамымай, тоқырауына себеп болды. Бұрынғы дәстүрлер негізінде салынған жекелеген ғимараттардың сәулетінде де құрылыс өнерінің құлдырай бастағанын көруге болады. Сонымен қатар, қала құрылысы өнері саласында да белгілі бір бетбұрыс орын алды. Ірі қалалар мен елді мекендер хандықтардың әкімшілік және шеберлік орталықтарына айналды. 

XVIII ғасырда Қарабах ханы Панахали хан салдырған Аскеран (Эсгеран) қамалы сол дәуірдің ең ірі қорғаныс құрылысы болды. Кейіннен бұл қамалды Ибрахим хан кеңейтті. Каркар өзенінің оң және сол жағалауларында салынған Аскеран қамалы екі бекіністен тұрады.

XVIII-XIX ғасырларға тән тұрғын үйлердің қызықты үлгілері Шеки, Загатала, Ордубад, Шуша, Губа, Конаккент, Гянджа, Ленкаран және Апшеронда сақталған. XIX-XX ғасырларда Әзербайжан сәулетшілігі екі бағытта тұрғын-жай орындарының сәулетшілік-жоспар құрылысында маңызды орын алатын ғимарат композициясы принциптері және Еуропа сәулет өнерінің дәстүрлері негізінде дамыған. XIX ғасырда тұрғын-жай боларлық ғимараттардан басқа сол дәуірге тән ғимарат үлгісі - сауда ғимараттары болатын. Мұндай ғимараттар көбіне сауда мекемелері, әрі өнер шеберханалары ретінде қолданылған. Баку, Гянджа, Шеки, Шуша және Губадағы сауда дүкендері желісі осындай үлгідегі құрылысқа тамаша үлгі бола алады. 

XX ғасырдың екінші жартысынан бастап салына бастаған театр ғимараттары Әзербайжан сәулетшілігіндегі толықтай жаңа үлгілер болды. Алғашқы театр ғимаратын 1858 жылы Шемахыда сәулетші Г.Хаджыбабаев салды. Кейіннен 1883 жылы сәулетші П.И.Конгновицкий Бакуде Тагиев театрын (қазіргі Әзербайжан Мемлекеттік Музыкалық комедия театры), ал 1911 жылы сәулетші Н.Г.Баев Майылов театрын (қазіргі Әзербайжан Мемлекеттік Опера және балет театры) салды.

XX ғасырда типология тұрғысынан сәулетшілікке жақынырақ монументалды көркем өнер саласы – мүсіншілікте қоса дамыды. Осы өнер түрлері Кеңес Одағындағы түркі республикаларының бәрінде классикалық және ұлттық ерекшеліктерді айқын сақтаумен қатар, сол дәуірдің идеологиялық тенденцияларына сай ерекшеліктерін де көрсетті. Ал тәуелсіз түркі республикаларында қысқа мерзім ішінде түркі ұлттық мәдениеттерінің даму принциптеріне сәйкес қала құрылысы, сәулетшілік және мүсіншілік салалары қазіргі әлемнің озық үлгілеріне бейімделіп, жаңа даму сатысына көтерілді. Егемен түркі  республикаларының астаналары Анкара, Баку, Астана, Ташкент, Бішкек, Ашхабад және басқа да қалалары, елді мекендері, тіпті ауылдары түркі мәдениеті мен көркем өнерінің ұлттық-идеологиялық тұжырымы, эстетикалық принциптері негізінде жаңа пішін алу, заманауи, ілгерілеу мүмкіндіктеріне ие болып, осы мүмкіндіктерді жедел жүзеге асыра бастады.

 

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

Жаваншир Фейзиев «Түрк әлемі»,

Лев Гумилев «Ежелгі түркілер»,

Кляшторный С.Г «Түркі тайпаларының ежелгі тарихи мәселелері»,

Фарук Сумер «Оғыздар, түркімендер»,

Махмұд Қашқари «Диуани лұғат-ат түрік»

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?