Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Еркіндікті соттау»

3481
«Еркіндікті соттау» - e-history.kz

Сурет: ru.openlist.wiki

Дүниеде дозасы ең күшті есірткі ол – коммунистік билік. Мансапқа уланған Сталин мен оның сыбайластары үшін өзіне қарсы келгендер мен бостандық сүюшілердің жұмыр жер үстінде  ғұмыр кешуге ешқандай да қақысы жоқ болатын. Бұған басты дәлел 1926 жылдың қарашасында жарияланып, 1927 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген 18 тармақтан тұратын, (кейін 14 тармаққа қысқартылған) КСРО қылмыстық кодексінің 58-бабы еді. Енді осылардың ең басты тармақтарына тоқтала кетейін. 

 «Отанға опасыздық»,  «Қарулы көтеріліс»,  «Революцияға қарсы мақсатта шет мемлекетпен қарым-қатынас», «Халықаралық буржуазияға көмек көрсету», «Тыңшылық», «Зиянкестік», «Терроризм», «Диверсиялар», «Кеңес үкіметіне қарсы үгіт-насихат», тағы басқалары. 

Мінекей, осылайша жалғасып кете беретін он төрт  бап бойынша сотталған жандарды өз Отанына опасыздық жасады желеуімен  «халық жаулары» деп танып, жаппай жазаға кесті. Сондай-ақ осы  58-баптың әр тармағына сәйкес жазылған жекелей баптары да болды.  

Айталық, КРҚ (58-1, контрреволюциялық қызмет), КРТҚ (58-1, контрреволюциялық троцкистік қызмет), ТК (58-7, тыңшылыққа күдік), ТН (58-8, Террористік ниеттер), КҚҮ (58-10, Кеңеске қарсы үгіт), КРҮ (58-11, контрреволюциялық үгіт) секілді өзге де тармақтары болды.

Әйгілі баптың өзі мен  әлгі қосымша тармақтарының  түп-тұқиянына үңілсек, мәселенің мәні тіпті басқада  екенін аңғаруымызға болады.  Бұл құлдық қоғамның моделін жасау үшін  арнайы заң арқылы енгізілген қатаң  ереже екенін, бұған қарсы болғандарды «Отанын сатқан опасыз» айыбымен  еш аяусыз  жазаға тартқанын көреміз.  

Ал шынтуайтында солай ма еді?   

Қызыл жүйеден жазықсыз жапа шеккен әлгі  жандар, керісінше, туған халқын нағыз құлдық құрсауынан  құтқарып,  ел  санасын  ағарту арқылы әділет пен бостандық биігіне жетелеуші нағыз тұлғалар еді. 

Сонымен, кеңес адамы үшін арнайы шығарылған 58-бап астыртын айла-шарғы тәсілімен  қайыра құлдық қоғамды  құрушы,  сол арқылы  адам бостандығын түп- тамырымен  жойып, еркіндікті соттау жазасы  еді. Оның ең басты нысаны еркіндікті соттау арқылы адам азаттығын түбегейлі жою болды. 

Ал еркіндігін соттаған ел үшін, саяси биліктің бірден «перғауынға» айланатыны бесенеден белгілі. Осылайша кім кеңестік билікке қарсы болды ол бірден экстремист пен террор атанды.  Осы террор дегеннен туындайды, бұл арада ащы да болса бір дүниені айта кеткеніміз жөн секілді. Кеңес билігінің кешегі, әрі  бүгінгі болмыстық мирасқоры  ретінде біздің ішімізде осы 58-баптың  үрейі мен бізге беймәлім әрекеттері бар. Саяси биліктің сөз бостандығы я болмаса әлдебір әлеуметтік мәселер үшін алаңға шықандарды «құймышағынан тебу» іспетті психологиялық бопсасы мен бас салып сүйрелей жөнелуінің астарында да осы көзқарас жатыр. Оны айтасыз, сандаған жылдар бойы қараша қауымның кеудесінде әбден беріштеніп, ернеуінен төгілген  ашу-ызасының  негізінде туындаған «Жаңа өзен»  мен «Қаңтар оқиғасына» саяси корпустың жандайшап кадрлары мен әскери  қызметкерлері  аталған оқиғаларға осы 58-бап негізінде түсініп, алаңға шыққандарға бейнебір «халық жаулары» өшпенділігінде қарады. Сол үшін де бейбіт халыққа оқ жаудырып  қызыл қанға бояды. Ал тергеу қамақтары Сталиндік жүйенің бүгінге бүлінбей жеткен «адал» жендеттері екенін дәлелдеп,  ойларына не келсе соны жасап, атпал азаматтардың  үстіне қайнаған  су құйып, арқаларына шыңғыртып үтік басты. 

1986 жылы алаңға атой салып шыққан  желтоқсан оқиғасының  өрімдей жастарына таңылған  «ұлтшылдар», «нашақорлар» жазасын айтпағанда, кешегі қаңтар оқиғасында ел президентінің ауызына ал дегенде  «террористер», мен «экстремистер»  атауының түсуі де осы 58-баптың  қаншалықты «құдіретті» екенінің шын көрінісі ғой. 

Ал арғы жағының қандай толқу мен  топалаңға ұласқаны енді өздеріңізге мәлім...

Формальді «тәуелсіздік» адам тәуелсіздігі мен еркіндігінің  ешқандай да көрсеткіші емес. Осылайша кешегі Кеңестік жүйенің еркіндікті жазалаушы 58- бап секілді сарқыншақтары бүгінгі біздердің жекелей көзқарасымызға  бейсана жолдармен бекініп  алып, әлі де азат ойлы  адамдарды  саяси билік пен қарашаның  хас жаулары ретінде көрсетуін бір тоқтатар емес.  Демократиялық батыс қоғамын  барып тұрған жау, ал азат ойлы адамдарды  «елбұзар», «философ», «оппозиция» ретінде  кейіптеп, оны өздерінің  жалдамалы журналистері мен блогерлері арқылы ақпараттық манипуляция жасап, барынша кісәпір етіп көрсетуі күн тәртібінің ең биігінде тұр. Мұндай тісі сарғайып, еті қашқан кәрі түсінікпен біз қай жерге дейін сүйретіліп барар екенбіз осы?..

Не десек те, үміт сәулесіне келгенде  атар таңның шапағынан дәмеліміз ғой. Мейлі мыңжылдықтар өтсін Конфуцийдің «Адамгершіліктің алтын қағидасы» мен  Канттың «бұлжымас императиві» қазақтың еркін ойлы азаматтары мен білімді жастары  тұрғанда  жоғалып кетпек емес. 

ОЛАР ӨЗ МЕМЛЕКЕТІ МЕН ОНЫҢ БОЛАШАҒЫ ҮШІН  ҮНДЕМЕЙ ҚАЛУДЫҢ ҮРЕЙ МЕН ҚОРЫҚАҚТЫҚҚА, АЛ САЯСИ  ЕНЖАРЛЫҚТЫҢ ҚҰЛДЫҚҚА ҚОСҚАН ҮЛЕСІ ЕКЕНІН  БІР СӘТКЕ ДЕ БОЛСЫН ЕСТЕРІНЕН ЕШ ШЫҒАРҒАН ЕМЕС. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?