Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақта Смағұлдай сабаз өткен

2444
Қазақта Смағұлдай сабаз өткен - e-history.kz

Омбы губерниясының Қараой болысына қарасты Жарқын ауылында 1900 жылы өмір есігін ашқан Смағұлдың әкесі Садуақас көзі ашық, өз ортасынан мойны озық тұрған сауатты адам еді. Ол Уфа шаһарындағы сандаған қазақ балаларына білім беріп, томағасын сыпырған «Ғалия» медресесін бітірген болатын. Содан ба екен, Смағұлдың зерек қасиетін қапысыз танып, білім алу жолына түсірді, қолдан келгенін аянып қалмаған.

«Аққуы жоқ, қаздары жоқ көл жетім,

Шүйгіні жоқ, шалғыны жоқ жер жетім.

Смағұлдай арысынан айрылып,

Қайран қазақ, болдың бүгін сен жетім.

 

Жас Смағұл үздік туған бала екен,

Байтақ елге асқар таудай пана екен.

Сол панадан, сол баладан айрылған,

Қайран қазақ, орны толмас жара екен»

Ақын Мағжан осылай деп күңіренеді. Көкірегін өрт шалған қапалы ақынның өксікке толы өкініш жыры отыз үш жасында опат болған Смағұл Сәдуақасовтың қайғы кештіріп, қан жылатқан қазасына арналған еді.

Мағжан ақын қатардағы бір пенденің мезгілсіз қазасына қайғырып, қамығып отырған жоқ, ол қазақ халқына «асқар таудай пана» болған «арыс» азаматқа қарата азалы сөзін арнап отыр. Қара ормандай қалық қазаққа «жетім қалдың» дейді. Неге? Негесі сол, Смағұл шын мәнісінде туған халқының туы жығылмаған жарқын қалпын көксеген, бейнетқор жұртын жақсылыққа кенелтуді тілеген, алды ойран, арты шұбырған қанды ізді мына жаңа қоғам сілкіністерінен елін мерт етпей есен алып шығуға үміттенген ұлтжанды азамат қалпымен өз замандастарынан бір оқшау заңғар биікте тұрған тұлға болатын.

Табиғаттың сүбеге сіңірген ғажап зерек зердесінің арқасында он бес жасында-ақ «халық мұғалімі» атанған Смағұл барлық пәндерден «бестік» баға алып, елге оралғанда сауаттандыру күресінің бел ортасында болған, туған халқын надандық тұманымен тұмшаланған тірлігіне оқу мен білімнің әлсіз сәулесін себездете төгуді мақсат тұтынған.

1915 жылы 15 жасар Смағұл «халық мұғалімі» деген атпен Жарқын ауылына маңдайы жарқырап-ақ келген еді. Бір жылдан соң Омбыдағы ауыл шаруашылығы училищесіне барып түсті. Ден қойып алған білімі осымен шектеледі десек те бозбала Смағұлдың білмекке, танымаққа, үйренбекке ұмтылыстары ерен еді. Өз бетімен іздену, оқу, танып білу талпыныстары Омбы шаһарындағы қазақ жастары арасында оны жетекшілік биікке көтереді. Оның ұлтжанды жүрегі жалынды сөздерімен, тегеурінді қаракеттерімен, соңынан топ ерте алар ерен ұйымдастырушылығымен оқшауланды.

Аумалы-төкпелі кезең қаншалықты шапшаң да тосын күймен алмасып, жаңарып, қирап, күйреп, қайра бас көтеріп жатқанда Смағұл да сол кезеңнің үрдістерінен кеш, кенже қалмай бірге ілесе самғап, топшысын тез бекітіп, ерте есеймекке ұмтылды. Омбыда «жас азамат» ұйымын құруы да, кейіннен бүгінгі «Жас алаштың» бастауында тұрған осы аттас газет шығаруы, Ақмола өңірінде Алашорда үкіметін құрысуға белсене араласып, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсыновтардың қатарынан табылуы жас Смағұлдың күрескерлік келбетін анықтап, жалынды іс-әрекеттерін кемелдендіре түскен жарқын құбылыс болды. Осы орайда күні бүгінге дейін Қазақстандағы жастар ұйымын құрған Ғани Мұратбаев деп келген бір жақты түсініктің бет пердесін сыпырып, Смағұл Садуақасов екендігін еншілей айтуға қақылымыз. Тарихи жаңсақтықтарға ұрындырар осындай жалған пікірлерден арыла алмай, керісінше оның қорысты жылымына жұтыла түскендігіміз әрі қиянат, әрі зерделеудегі білімсіздік болып табылады. Әрине, ол басқа бір пара әңгіме.

Смағұл Сәдуақасов 1920 жылы құрылған Ресей жастар одағы Сібір бюросының қазақ-татар секциясына қызметке келеді. Сол жылдардың күзінде Қазақ автономиясы құрылып Орынборға барып ҚАКСР Жастар одағына хатшы болып сайланады. Ал қараша айында ұлттық автономияның құрылғандығын салтанатты жария еткен І құрылтай съезінде ол Орталық атқару комитетінің төралқа мүшелігіне өтеді. Төралқа төрағасына орынбасар, облыстық партия комитетінде саяси хатшы қызметтерін атқарады. Жас республиканың бас газеті «Еңбек туын» басқарады.

Міне, жиырмаға жаңа толған жігіттің қайнаған қоғам тірлігіне араласуы осылайша сыйпатталады. Бұл бүгінгі деңгеймен салыстырғанда таңдай қағып, көз жұмарлық биіктік емес пе? Әрине, солай! Осы жасында-ақ дүйім Алаш жұрты мойындаған Смағұл Сәдуақасов өзінің ерен алғырлығымен бірге тарланбоз табандылығымен, алған бетінен қайтпас қажырлы қайраткерлігімен де оқшау тұр. Ұлт көсеміне тән кемеңгерлік, көрегендік, толымды ой толғай алар толағай таланттылық Смағұлды тарихи жаңа кезеңнің көшбастаушылар санатына қапысыз әкеліп қосты. Ол өзінің «Еңбек туы» газетіне жазған «Сібірдегі қазақтар туралы» мақаласында қазақ автономиялығына ұйысқан өз халқы туралы: «Біздің ойымызша автономия болған соң жалпы қазақ бірігуі керек. Біз автономия керек дегенде айтатын дәлелеміз мынау: әр халықтың тілі бөлек, тұрмысы бөлек. Жалпы адамшылық бақытқа жету үшін әр халық өз тілінде мәдениетке қожа болып, өз шаруасына қарай тұрмысын өзгертуі керек». Осынау соқталы пікір тап бүгінгі тәуелсіз Қазақстан үшін арнайы айтылғандай әрі актуальді, әрі өмірлік маңыздылығымен қымбат. Смағұл әр халықтың өз ерекшелігінің сақталуын қорғайды, сыртқы күштің солақай әрекеттерінен сақтандырады, әр халық өз тілі, өз мәдениеті, өз тұрмысы аясында дамысын, өркендесін дегенге ерекше ден қоя сөйлейді. Күндердің күнінде қазақ халқының ассимиляцияландыру құрбаны боларын алдын ала аңғара білгендігі таңдандырады.

Саяси аренада тұлғаланып, биіктей түскен Смағұл Сәдуақасов жас мемлекетіміздің идеологиясын орнықтырып, астанасы мен шекарасын белгілеп берудегі еңбегі күні бүгінге өзінің лайықты бағасын алып отыр демесек керек. Осы мәселеге қатысты Сібір ревкомы мен Қазревком тарапынан шығарылған комиссиялардың отырыстарына қатысқан Смағұл туған халқының мүддесі жолында күш-жігер, қажыр-қайратын аянып қалған жоқ. Осы орайда Батыс, Шығыс Қазақстанды соның ішінде Семей губерниясын бөлшектеп, жырымдап алу саясаты дендеп тұрғанда Смағұл ерен табандылық танытты, қазақ жері Қазақ автономиясына қайтарылсын деді.

Қазаткомнің өкілі ретінде Семей шаһарына келген Смағұл Сәдуақасов бұрынғы губерниялық және уездік атқару комитеттерін өз бұйрығымен тартып жіберіп, жаңа губревком құрады. Бұрынғы басшылықтағыларды аластап, Ыдырыс Мұстанбаев, Нығмет Нұрмақов, Мұхтар Әуезов, Әзімбай Лекеров тәрізді айтулы азаматтарды саяси қызметке тартып, олардың алдағы істеріне жол ашып береді.

Олардың келер күндерде кім боландығын тәптіштеудің реті жоқ та шығар. Смағұлдың жиырма бестерінде қазақ мемлекеттігі, оның ертеңі, болашақ әкімшілік құрылымы, ел астанасы не Ташкент, не Ақмола стансасы болуға лайық деген пікірлерінің жарқындығын бүгін танып, біліп отыр емеспіз бе.

Сөз жоқ, жалынды Смағұлдың Семейдегі батыл әрекеттері ресейшіл басшылыққа ұнай қойған жоқ, ұнамағаны сол, Смағұл Сәдуақасов ұлтшыл деген атқа қалды, екі жыл саяси іске араласуына тиым салынып, сөгіс берілді.

1922 жылы-ақ қазақ даласын аштық жайлады, әсіресе Орталық Қазақстан аймағы, Торғай, Қостанай өңірлері аштықтан ақ сирақ болып қырыла бастады.

Осы өңірлерге келген ол аштыққа жол беріп отырғандарды ашына әшкереледі, істерін трибуналға беріп, қатаң жаза қолдануды талап етті. «Қазақтың көргені аз ба еді?» деген шындықтың қанын сорғалата жазған өткір мақаласында аштықтың қолдан жасалған құйтырқылығын ақтара айқара ашып көрсетті. Бұл арада да ол өзінің туған халқының мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған шын мәнісіндегі жанашыр перзенті ретінде үнсіз қала алмады. Сөзімен де, қаламымен де ара түсті, биліктегілерді арашаға шақырды.

Смағұл түркі тектес қырғыз, түркімен, қарақалпақ халықтарының да жоқшысы болды, олардың да жеке мемлекет болу құқығын қорғады. Түркістан республикасының атқару комитетіндегі территория мәселесімен айналысатын уәкілі болып тағайындалған жылдары (1920 ж.) ол бұл мәселемен тереңдей айналысты, мәселен «қарақалпақ жұрты тілі, тұрмысы, шаруасы жағынан басқалардан қазаққа жуық. Сондықтан болашақта олар Қазақстанға қосылуы әбден мүмкін нәрсе» деуінде де тарихи аспектіден алып қарағанда оң пікір деуге толық негіз бар. Ол пікір тарихи шындыққа айналды. Кезінде Жетісу, Сырдария облыстары мен Қарақалпақ автономиялы облысы Түркістан республикасы құрамынан шығып Қазақстанға қосылғандығы белгілі.

Смағұл Сәдуақасовтың ерен де елеулі еңбектерінің ішінде оның халық ағарту комиссары (1925–1926 ж.ж.) болған кездегі атқарған қызметі аса зор болды. Ол қазақ тіліндегі мектептердің молынан ашылып, білім беру жүйесінің ұлғая түсуіне ерекше ықыласты әрі қуатты басшылық жасай білді. Елде жаңадан 339 мектеп салу жоспарланса, ол айтылған сөз күйінде қалмаған. 1924–1925 жылдарда І-басқыштағы мектептер 2451-ге жетсе, бір жылдан соң ол 3682-ге жеткен. 2-басқыштағы мектептер 37-ден 78-ге көбейген көрінеді. Қазақ шәкіртінің мектеппен қамтылуы 13 пайыздан 30 пайызға дейін шырқап барған.

Смағұлдың біліммен бірге халық шаруашылығын дамытуға қатысты кемелді пікірлері оның бұл саланы да түптей білетін кемеңгерлігін аңдатады. Кооперация, құрылыс, бай мен кедей мәселелеріне қатысты пікірлері өз өміршеңдігімен қымбат әрі бүгін де зерделеп, ежіктей оқып, үйренуге тұрарлық құнды дүниелер.

Мәселен оның «өнеркәсіп орындары шикізат өндірілетін жерге мейлінше жақын болуы және мейлінше түпкілікті өнімді шығаруға бейімделуі тиіс», «социалистік кәісіпорын жергілікті ұлттардың мүддесіне негізделіп жұмыс жасауы керек» деген пікірлерін бүгінгі таңда ескірді, жарамсыз деп кім айта алмақ. Біздіңше Смағұл Сәдуақасовтың екі томдық еңбегі бүгінгі басшылықтың стол үсті оқулығы болса еш артықтығы жоқ.

Смағұл Сәдуақасов Қазақстан мемлекеттігінің әкімшілік билеуіне қатысты аса құнды пікірлер білдіргендігін одан әрі тереңдете түссек, ол Орынбордың астана болып жарытпайтындығын әуел бастан-ақ дәлелдеп бергендігін алға тартуға болады.

«Төрт жылғы өмірдің тәжірибесінің арқасында Орынбор бізге түпкілікті астана болмайтынына көзіміз жетті», – дей келіп ол: «ең әуелі Орынбордың тұрған жері қолайсыз, Түркістан қазақтары шетте жатыр. Семей мен Ақмола одан да алыс. Орынборға жан-жақтан келіп жатқан шойын жолдар жоқ», – деп түйіндейді. Тағы бір тіректі уәжі – Орынборда қазақ жоқ. Қазағы жоқ жердің өмірі де қазаққа ұқсамайды. Ендеше Орынбордың берер тәрбиесі, мәдениеті жоқ. Ол қазаққа өгей шеше. Олай болса қазаққа жаңа астана керек. Смағұл өз пікірін одан әрі тереңдете түседі: «Қазақ халқы өз алдына өмір сүретін болса, өз елдігін өзі көркейтіп, өз тұрмысын өзі түзейтін болса, қазақ жұртына бір түпкілікті кіндік керек пе, керек емес пе – нағыз ауыр, нағыз қиын мәселе осы», – деп тұжырады. Халқын сүйген Смағұлдай сабаз осылайша толғанады. Ондаған жылдарды араға салып барып ел астанасы Ақмоланың болуы, Елбасының кіндікті тұсты дұрыс таңдап алуын Смағұл данышпандығымен еншілестігін бүгін кім мойындамас.

Смағұл Сәдуақасовтың табанды, жалтағы жоқ бірбеткей әрі ақиқатшыл қайраткерлігін «Мен Голощекин жолдастың пікіріне қосылмаймын!» деген даңқты пікірінен, онымен сан салалы саяси тартыста табанды күреске түсе отырып туған халқының мүддесін қорғаудағы батылдығынан, бірінші басшының империялық, шовинистік өркөкірек саясатына батыл қарсы шығуынан аңдаймыз. Қынаптан суырылып алынған, сөйтіп намысқа суарылған алдаспанын қынабына қайра сұқпай, жарқылдатып өткен Смағұл Садуақасов орынсыз жазғырулар мен қасиетсіз қудалауға түсті, қызметтен қызметке ауыстырылды, ақыры Қазақстаннан кетіп тынды. Ол 1928 жылы Мәскеудегі транспорт инженерлері институтына түсіп 1932 жылы оны бітіреді. Мәскеу-Донбасс теміржол құрылысына инженер болып қызметке келеді. Алаштың көсем серкесі Әлихан Бөкейхановтың қызы Елизаветаға (Зейнеп) үйленеді. Ескендір атты ұл сүйеді. Ескендір Ұлы Отандық соғыста опат болып, Зейнеп медицина ғылымының докторы атанып, 1971 жылы о дүниелік болады. Ал өзі Кремль ауруханасында жұмбақ жағдайда қайтыс болады. Сәбит Мұқановтың зайыбы Мәриям анамыздың естелік кітабынан Смағұл Сәдуақасовтың сүйегінің крематорийде өртелгенін оқып қатты күйзеліске түскеніміз бар. Ат айналғысыз Мәскеудің көп қорымдарынан қазақтың айтулы ұлы Смағұлға ұлтарақтай жер бұйырмағанына түсінбегенбіз. Бақсақ, оның сыры тереңде екен ғой.

Ал сол Смағұлға, жерлесімізге, ұлы күрескер азаматқа, тәуелсіздігіміздің асқақ туын армандаумен өткен сабазға заманның кеңпейілді бүгінгідей шағында Көкшетау мен Астанадан бір ескерткіш белгі бұйырмауын ешқандай себеппен ақтап алуға болмайды деп есептейміз. Өткендіріміздің өксікті шақтары бүгіндері қайталанбас үшін алар сабағымыз қайда; тарихымыздың бастауында тұрған қайсар да қайраткер ұлдарымызды ұлықтай алмасақ несіне тәуелсіз елміз; тәуелсіздігіміздің тілеушісі ғана емес, соның қуатты күрескері, жас ғұмырын халқының жарқын келешегін аңсаумен өткерген Смағұл Сәдуақасов мұрасы мен ардақты есімі ескерусіз қалмауға тиіс деп қадай айтуымыз да сондықтан.

Аян ҚАЖЫБАЙ,

Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау

университетінің оқытушысы,

Қазақстан ПҒА-ның корреспондент мүшесі,

филология ғылымдарының кандидаты

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?