Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қайым Мұхамедханов кім еді?

2740
Қайым Мұхамедханов кім еді? - e-history.kz

Автордан ескертпе: бұл мақала 2018 жылғы 18 сәуірде экс-президент Н. Назарбаевтың қатысуымен өткен Астана қалалық ономастикалық комиссиясы отырысынан кейін іле-шала жазылған. Сол кездегі «Елбасының» жеку мен зекуіне қарсы біздің реакциямыздан шыққан материалымыз өзіміз қызмет еткен «Қазақстан тарихы» порталында жарияланған жоқ. Жетекшіміз басуға қорықты. Басқа сайттарға беруге де қарсы болды. Алайда Қайым Мұхамедханов атындағы мәдениет пен білім орталығына, оны басқаратын ғалымның қызы Дина Мұхамедхан апайымыздың электронд поштасына жолдап қойып едік. сол кезде есімізде: фейсбук әлеуметтік желісімен ғана шектеліп, онда да 1996 жылы Қайым Мұхамедхановтың ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері болу салтанатында Назарбаевтың өз қолымен марапатын тапсырып тұрған тарихи фотосуретін жариялағанбыз. Мұның өзі қоғамдық резонанс тудырған еді.

Ескі президент ескермеген, жаңа президент жарылқап жатқан қайсар ғалым туралы жазбамызды М. Әуезовтің 125 жылдық мерейтойында Семейде ашылып жатқан «Ұстаз бен шәкірт» ескерткішінің салтанатына орай тақырыбын да өзгертпестен қайта жариялап отырмыз. 

Астана қаласының жекелеген көшелеріне атау беру және кейбір көшелерін қайта атау туралы Астана қаласы әкімдігінің қаулысы мен мәслихатының шешімі 2016 жылдың 8 қараша күні шыққан. №110-2156 санын құраған бұл құжатта 2016 жылғы 7 қыркүйек күні Астана қаласы әкімдігінің қаулысы мен қалалық мәслихаттың шешімі жарияланған. 

«Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы» туралы 1993 жылғы 8 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының заңы 15- бабының 4) тармақшасына сәйкес Астана қаласы тұрғындарының пікірін ескере отырып, Астана қаласы Ономастика комиссиясының жаңа Есіл ауданындағы жобалық атауы Е 250 делінген көшені абайтанушы ғалым, ҚазССР гимнінің авторы Қайым Мұхамедхановқа беруді ұйғарған. Осылайша Қорғалжын тас жолына қатарлас орналасқан, үш бөліктен тұратын ұзын көшенің басы ғалымға тиесілі болса, ортаңғысы бөлігі Сарайшық деп аталып, аяғына Қошқарбаев есімін тіркеген. Бір көшеге екі атау беру Астанада бұрыннан бар жайт, мысалы Абылайхан-Кенесары, Абай-Шәкерім дегендей.

Бұдан бөлек ҚР Мәдениет және спорт министрлігі 2016 жылғы 5 ақпандағы 2016-2018 жылдары өткізілетін мерейтойлар мен атаулы күндерді әзірлеп жариялаған осы тізбенің ішінде 100 жылдығы аталып өтуге тиіс Қ. Мұхамедханов есімі де жүр. 

Кеше (18.04.2018 – З.К.) елорданы одан әрі дамыту мәселелері жөніндегі мәжіліс барысында өткен жиында біз сөз етіп отырған көше атауы мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев көзіне түсті. Қала әкімінің орынбасары Е. Аманшаевты орнынан тұрғызып қойып, «Мұхамедханов? Ол кім?» деген жақтырмаған сауалына лауазымды тұлға «Қайым Мұхамедханов – абайтанудың негізін қалаған ғалым, біздің академиктеріміздің бірі...» деп кібіртіктей жауап қатты. Алайда әкім орынбасары екі жерден қателесті: біріншіден, абайтанудың негізін қалаушы Қ. Мұхамедханов емес, ұстазы Мұхтар Әуезов те емес, тіпті арыда Әлихан Бөкейхан болатын. Екіншіден, ғалымға академик ғылыми атағы берілмеген.  

Қайымның әкесі Мұхамедхан Сейтқұлов 1870 жылы дүниеге келіп, 1937 жылғы репрессиядан аман қалмаған, өз дәуірінің озық ойлысы, асқан жомарты, ұлттық идеяға ұйыған және мұсылмандықты қадірлеген беделді адам болған. Оның қазақ мәдениетінің белгілі қайраткерлерін қалыптастыру жолындағы еңбегі ерен. Семей шаһарындағы «Мұхамедханның көк шатыры» деп аталған еңселі үй ХІХ ғасыр соңы мен ХХ басындағы қазақ оқығандары жиналып кеңес құратын, елдікті сақтау жолында келелі әңгіме айтылатын қасиетті шаңырақ есепті. Мұхамедханның тағы бір қыры, ол кісі көптеген құнды қолжазбалар мен тарихи өлең-жырларды жинақтап, материалдық, рухани мәдениетті сақтау жолында да зор қызмет сіңірген. Осындай шуағы бір адам емес, бір әулет емес, аты таралған аумаққа тегіс жайылған пассионар тұлға репрессияның барлық толқынында қуғынға ұшырады,  1921, 1928, 1932 және ең ақырғы 1937 сталиндік зұлматта,  нақтырақ айтқанда , 2 желтоқсаны күні атып құртты. Осындай арыстан қалған тұяқ бұл Қайым!

Тұтас бір әулетті асырау 15 жастағы Қайымның басына түсті. Ол жақсы ортада өсіп келе жатса да, қара жұмыстың ешқайсысынан қашпады. Алдымен кемежайда жүк тасушы, жұмысшы болып бастап, кейін кадр бөлімі қызметкері, мәдениет қызметкері, мұғалімдік қызмет дегендей қызметін жақсартты. Екі жылдық қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерін әзірлеу курсынан кейін Семей пединститутына түсіп, 1941 жылы экстернмен аяқтайды.  Қайым 17 жастан бастап Семей қаласының әртүрлі мекемелерінде сабақ бере бастады. Үздік педагог-тәлімгер өмірінің 60 жылдан астамын жастарды  тәрбиелеу және білім беру ісіне арнады.  Міне, отансүйгіштіктің жарқын үлгісі! 

Мұндай қиын кезеңдерде жас жігіттің басындағы халді М. Әуезов те естіп-білді, шамасы келгенде жігерлендірді, моральды қолдау танытты. Әуезов Қайым үшін ғұмыр бойы тәлімгер және ұстаз бола алды. Шәкірт ұстазына өмірінің соңына дейін адалдық көрсетті. Адамдарды жақсы танитын М. Әуезов Қайымның бойынан ерекше дарын, имандылық пен адалдықты байқайды. М.Әуезов Қайымды Абай туралы роман-эпопея жазу барысында түрлі тапсырма орындайтын ғылыми тілші етіп алады. Ол бұл кезде Алматыда еді, ал нақтылайтын жағдайлар тек шалғай ауылдардағы ақсақалдармен әңгіме кезінде, мұрағаттарда, түрлі қалаларға хат жазып, хабар алмасу арқылы ғана нақтыланатын. Қазақ халқының бас шығармасы – «Абай жолы» роман-эпопеясының жазылуына, ондағы сюжеттер мен кісі есімдерінің дұрыстығына, көркемдік шындық деңгейінде орындалуына қайымның бір кісідей қатысы бар. 

Абайтанудың асқан білгірі М. Әуезов Абай музейін қалыптастыру идеясын айта отырып, оны ұйымдастыру жолында жас ғалым Қайымға көп ақыл-кеңестер береді. Қайым жүк көлігімен шалғай ауылдарға айлап сапар шекті. Абайды көзі көрген қариялармен, өмірі мен шығармашылығынан хабардар адамдармен әңгімелесіп, тұрмыстық заттардың, киімдер мен кітаптардың, Абай қолжазбаларының шынайылығын нақтылады. Қайым Мұхамедханов 1940 жылы Қазақстанда, Семей қаласында тұңғыш Мемлекеттік әдеби-мемориалды Абай мұражайын ұйымдастыруға өлшеусіз еңбек сіңірді. Музейді жоқ нәрседен бастау – әркімнің қолынан келе бермейтін іс еді. Музейдің алғашқы ғимаратын таңдауға ұстазы М. Әуезов те атсалысқан. Абай өңірін аралап жүріп жас Қайым сол кезеңнің өзінде бағасы теңдессіз 500 жәдігерді нақтылап, музей қорына өткізді. Бұл күнде ел жұртшылығы, тіпті елбасшысының өзі де Семейге арнайы немесе жолай соғып, аралап, кіріп тамашалап жүрген музейде Қ. Мұхамедхановтың қолтаңбасы сайрап тұр.

Ғалым өміріндегі ең маңызды кезең әрі отандық ғылымдағы жуса кетпейтін қара дақ есепті мезгіл – Қ. Мұхамедхановтың ғылым жолындағы қуғын-сүргіні. 1951 жылғы 7 сәуірде «Абайдың әдеби мектебі» диссертациясы қорғалғанымен, ұстаз бен шәкірт – Әуезов пен Мұхамедхановты қаралап айыптау ісі тоқтамады. Диссертацияны қорғау кезінде басталған айыптаулар,  абайтану барысын талқылауда, сондай-ақ 1951 жыл бойы баспасөзде тапсырыс бойынша жазылған мақалалармен жалғасын тапты. Мұның соңы Мұхамедхановты Абай мұражайы директоры және оқытушы қызметінен босатумен аяқталды. Соңынан  Қ. Мұхамедханов 1951 жылы 1 желтоқсанда тұтқынға алынды, ол Семей және Алматы қалаларының НКВД түрмесіне, Қарағанды лагеріне қамауға алынды. Шектен шыққан азаптаулар – ыстық және суық камера, тырнақ астына ине жүгірту, басқа су тамызу, моральдық қысым және өлім жазасымен қорқыту Қайымның ерік-жігерін сындыра алмады. «Мұхамедханов? Кім ол?» деп жорта танымаушылар мен гуманитарлық саланың көрнекті өкілдерін ақша билеген заманда көзге ілмеушілер, жақтыраушылар өз әрекеттеріне ұялар болар. 

Қайым Мұхамедханов – Қазақ ССР-і мемлекеттік Гимні (1943) және Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы әнұраны мәтіндерінің авторы (1992). 27 жастағы жас жігіт алғашқы жолдары  «Ер қазақ ежелден еркіндік аңсаған» деп басталатын мәтінімен конкурс жеңімпазы атанды. Мұндағы «Ер қазақ» тіркесі «Біз қазақ» деп жұмсартылып, Қайымның жанына белгілі азаматтарды (Ғ. Мүсірепов, Ә. Тәжібаев) қосақтап, халыққа жариялады. Қолдан жасалған мұндай қиянатшыл әрекеттерге қарсы күрескенімен, сол замандағы билік жүйесі өз дегенін бәрібір іске асыратын еді. 

Енді мына жағдайды қараңыз: еліміз тәуелсіздік алып, өз қолымыз өз аузымызға жеткен кезеңде Қайым Мұхамедханов 1992 жылы азат Қазақстанның Әнұранын шығаруға арналған байқауға қатысып, мәтіні тағы да жеңіске жетеді. Бірақ бұл жолы Қайым «авторлар ұжымын» қосатынын алдын ала біліп, «авторлар ұжымына» қосылудан  түбегейлі бас тартты. «Екі күймек бір жанға әділет пе?» деп хакім Абай айтқандай, өмір бойы қиянат пен бейнеттен көз ашпай, арасындағы жылт еткен болмашы жақсылыққа қуана білген дананың көңілін су сепкендей баса бердік-ау.

Мыңнан астам ғылыми еңбектердің авторы, бірнеше жаңа ғылымдардың негізін салушы, мемлекеттік және халықаралық сыйлықтардың иегері, Қазақстан қала берді, кешегі советтік одақтың білім саласына еңбек сіңірген ардагер ұстаз, жүздеген шәкірт тәрбиелеген ғұлама, Семейдей тарихи қала мен бірнеше ауданның құрметті азаматы болғанын тәптіштеп жазбағанның өзінде Қайым Мұхамедханов тұлғасы бір мақала немесе бір кітапқа сыймайтынын ескеруіміз керек. Оның үстіне «Мұхамедханов деген кім?» деген сауалға табан астында бір сөзбен жауап беру де қиын. Өте қиын.

Қазақтың рухани әлемінде Абай дәстүрінің ізін аңдаған адам Қайымға соқпай тұра алмайды. Сондықтан рухани кеңістіктегі ұлылар үндестігі жарасқан сайын, ұлт кемелдігі арта түспек. Қ. Мұхамедхановтың сүйікті шәкірті, біздің ақылман ұстазымыз, профессор Т. Жұртбайдың: «Абайдың мектебі, абайтанудағы Әуезовтің мектебі, енді Қайымның әдебиеттану ғылымындағы мектебін былай қойғанда, абайтанудағы текстологиялық мектебі берік іргесін тепті деп толық айтуға болады. Қазақ халқы өмір сүрсе, Абай өмір сүреді, Абай өмір сүрсе, Қайым да өмір сүретін мәңгілік қозғалыс бұл» дейтіні бар. Сөз осымен тәмам!

Жақында Қазақстан президенті Алаштың астанасы Семей шаһарында «Ұстаз бен шәкірт» деген атаумен Мұхтар Әуезов пен Қайым Мұхамедхановқа арналған еңселі ескерткіштің шымылдығын ашты. Бұл бір жақсылықтың нышаны, руханият қайраткерлерін шынайы құрметтеудің үлгісі болса керек.

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?