Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Абай мен Мәшһүр Жүсіп (Ұлылардың ұстазы)

2361
Абай мен Мәшһүр Жүсіп (Ұлылардың ұстазы) - e-history.kz

Сурет: muftyat.kz

Қазақ ағартушылығы тарихында ұлттың ойшыл ғұламаларына ықпал еткен тарихи тұлғалар аз болмаған. Сондай тұлғаның бірі – Қамараддин хазірет. Оның есімі ХІХ ғасырда татар оқығандары арқылы қазақ даласына келген жаңа оқу жәдиттік бағытпен тікелей байланысты. 

Ол – мұсылман әлеміне танымал болған, әйгілі ойшылы жәдидшіл-реформатор тұлға Шаһабуддин Маржанидің шәкірті. 

Бұл туралы белгілі зерттеуші Б. Қайратұлы былай деп жазады: «Шаһабуддин Баһауиддинұлы 1818 жылы Қазан шаһарының іргесіндегі Маржан қаласында дүниеге келген. Жасында түркі, араб, парсы, орыс тілдерін еркін меңгеріп, сол тілдерде ғылыми еңбек жазған. Ресейдің оқу орындарында дәріс берген. Ғалымның түркі тарихын баян еткен: «Бұлғар мемлекеті мен Қазан хандығының тарихы», «Мустафад Әл-Ахбар фи ахуали Қазан уә Булғар» атты кітаптары орыс, араб, татар тілінде жарияланды. Онда қазақ тарихы да қамтылған. Мұсылман елдеріне ұзақ уақыт сапар шегіп, әлемге әйгілі «Өткен бабалар өмірінен» («Уафиат әл-асләф») деген әйгілі жеті томдық еңбекті араб тілінде жарыққа шығарған».

Маржанидың ілімін жинап, үйренген Қамараддин (шын есімі Айжарық) Бижомартұлы 1807 жылы туған. 1889 жылы 81 жа­сында Баянауылда дүниеден өт­кен. Жас кезінде 18 жыл Бұ­қара қаласында діни ілім үй­рен­ген. Құран һәм хадис ілімі бой­­ынша жоға­ры дәрежеге жет­кен. Ис­лам ғұламаларының ға­жай­ып еңбектерін оқып, бойы­на сі­ңір­ген.

Зерттеуші ғалым Мақсат Тәжімұраттың жа­зуына қарағанда, Кама­рад­дин хазіреттің туған жері – Бөкей ордасы. «Камараддин», яғни «Діннің айы» деген ат бұл кісіге Бұқар медресесінде оқып жүргенде, білімге деген құш­тарлығы мен тақуалығы үшін берілгені жайында айта­ды. 

Бұқарадан оралған соң, яғ­ни 1849 жылы Орынборда ор­на­ласқан мұсылман діни меке­месінде шариғат ісімен айна­лыс­қан. 1852 жылы Ақмола өңі­рі­нде аты танымал аға сұл­тан Тұрлыбек Көшеновтің ма­ңы­­на келіп, бала оқытуға ни­ет ет­кенімен, көп ұзамай Се­мей мед­ресесіне ауысқан кө­рі­неді. Дәл осы кезде 1855-1858 жыл­да­­ры Семейде білім алып жүр­­ген жас бала Абай Құнан­бай­ұлын оқытқан. 

«Құ­нан­бай қажы баласы Абай­ды Семей қаласында ор­наласқан медресеге оқуға берген. Үш ай­дан кейін: «Мына бір жас мол­даның оқуы күшті екен», – деп Кама­латдин (Камараддин) мол­даға ауыстырған» дейді филология ғылым­да­ры­ның докторы, алаштанушы Тұрсын Жұртбай.

Тарихи деректерден белгілі болғандай, Қамараддин ха­зірет – 1863 жылдан бастап Ом­­быдағы Сібір кадет корпус­ын­да ислам пәні бойынша тө­рт жыл дәріс берген. Бұл оқу ор­нын­­да шығыстанушылар дай­ын­­дайтын арнайы бөлім бол­­ған­дықтан және Азия елдерін зерттеуге құлшынған ғалым-саяхатшылар үшін исламды білу ерекше маңызды болғаны сөзсіз.

Бұдан соң хазірет Кереку өңірінің шонжа­ры Мұса Шормановтың ықпал етуі­мен Баянауылға келіп, Бі­лән ауылы мешітінде бала оқы­туды қолға алады. Бұл кездегі жасы 59-да болған. Алғашқы жылы оқытқан үш баланың біреуі Көпей баласы Мәш­һүр Жү­сіп еді. 

         Бұл жайында атақты ойшылдың өзі: «...Алты жасымда кітап оқып, сегіз жасымда Баянауылда Камараддин аху­н­ның алдында сырып ой бас­тап, тоғыз жасымда ғылым хат­қа, мұхтасар әл-уиқаяға ша­рх қылып, он жасымда шай­ыр­­лық арқылы танылдым. 29 жасым­да Бұқари шарифке барып, мырза Ұлықбекке мүдәріс болдым» деп жазады. 

Мәшһүр атамыздың 1910 жылы жазған «Ерей­мен­тау сапары» атты өлеңінде де:

Сұрасаң руымды Сүйіндікпін,
Болаттан ағып түскен құрыштай-ақ,
Баласы Құлболдының нағыз текпін,
Ұстазым Камар молда сабақ алған.
Жиырма тоғызымда ілім іздеп,
Мен едім мехнат шегіп Бұқар барған, – дейтін жолдар кездеседі. 

Саналы ғұмырын қазақ даласының Семей-Омбы-Баянауыл деген рухани ордаларында өткізген Қамараддин хазіреттің ұлы екі ойшылдың өміріндегі орны да айрықша, ол аталған тұлғаларды оқытып қана қоймай, осы аталған өлкелерге де танымның нәрін сепкен. Осыдан кейін барып Абай айналасы, қазақ поэзиясының дүлдүлдері Шәкерім, Көкбай, Әріп, Әсет, ал Мәшһүр Жүсіптен соң Баянауылдың топырағында Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Шафиқ Шоқин бастаған академиктер шоғырының көптеп шығуы тегін болмаса керек. 

Әдебиет тарихында «Абай мен Мәшһүр Жүсіп кездескен бе?» деген сауалдар жүріп жатады. тұлғалар өмірін зерттеушілердің бір тобы екі арыс кездескен десе, енді бір тобы кездеспесе де, рухани байланысы тығыз болған деп топшылайды. Қалай болғанда да екі ойшылдың ел аузында қалған аңыз сөздерін келтіре кетуді жөн санадық. 

Сондай әңгіменің бірін жазушы Рамазан Тоқтаров өзінің «Абайдың жұмбағы» атты романында келтіреді. «Мәшһүр Жүсіп Абайдың ұлы Әбдірахман қайтыс болғанда көңіл айтуға барады. Сонда Абай: «Мәшһүр досым, «Құдай қайда?» дейді. Сонда Мәшһүр жүрегін көрсетіп, «Жүректе» депті. «Рас, Мәшһүр екенсің. Онда менің оң жағыма кел» деп, оны оң жағына отырғызыпты.

 Одан кейін Мәшһүрге: «Ай мен күннің арасына жел кірсе не тұтылады?» депті. Мәшһүр: «Ай тұтылады» депті. Ал, «Күн мен жердің арасына ай кірсе не тұтылады?» десе, «Күн тұтылады» депті. Ал, енді, «Мәшһүр Жүсіп екеуміздің арамызға сөз кірсе не тұтылады?» дегенде, «Жүрек тұтылады» деген екен», – деп жазады Р. Тоқтаров. 

Ал абайтанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбай қос тұлға кездесті деуге келмейтінін, алайда хат-хабар алмасқаны шындық екенін айтады. «Мәшһүр Жүсіптің Абайға өлеңмен жолдаған хаты бар. Олардың характері басқа. Ақселеу Сейдімбектің ел аузынан жинағандары қоспа сөз шығар. Бірақ ғылымда нақты дерек жоқ», – деп түйіндеді ғалым. 

Мәшһүртанушы Айтмұхамбет Тұрышев «Мәшһүр Жүсіп шығармаларындағы метрологиялық терминдер» еңбегінде қос тұлға кездескені былай тұрсын, тіпті жақсы аралас-құралас болған дейді.

 

«М-Ж. Көпеев Құнанбай әулетінің үрім-бұтағын өте жақсы білген. Абай турасында жақсы пікірде болып, мысалдар келтіріп отырған. Өзінің «Нүсіпхан» деген поэмасының желісіне Абайды арқау еткен. Қазақ еліне Абай шығармаларын таныстырып, насихаттап отырған. «Нүсіпхан» поэмасында Құнанбай мен Абайды сөйлетіп, елдің ішіндегі шешілмеген дау-дамай, халық тағдыры туралы да сөз болып отырады. Семей өңірінің қазақтарын түгелге жуық сипаттайды. Поэма Құнанбайдың әулеттерін Тобықты руын мақтап, Құнанбайдың қажылығын, асқан ақылдылығын суреттейді. Абай туралы, оның ақылдылығына басын иеді, өнеріне тәнті болады:

Ыбырай еді жан достым, 

Құнанбайдың баласы.

Арғын атасы Өскенбай,

Тобықтының ағасы, – дейді Мәшһүр-Жүсіп. 

Міне, осылай өлең түгілі, үлкен жанр поэмаға арқау етуіне қарағанда Мәшһүр Жүсіп Абайды, жалпы Құнанбай әулетін өте жақсы білгенін, аралас-құралас болғанын аңғаруға болады. 

 

Шығармашылықтағы өнер, еңбек тақырыбы 

Әдебиеттегі қос ақынның туындыларын қарап отырып, ой үндестігін байқаймыз. Олардың кешегі мен бүгінгіні және болашақты болжаудағы ойларының ұқсас жерлерін өлеңдерінен де көреміз.

Екі ақынның да өмір сүрген кезеңі — бір рудың малын екінші бір рудың елі барымталап, шетке шыққан жылқы-сиырын сіңіріп кете беретін, әлсіздің күні қараң, күштінің сөзі жүріп тұрған феодалдық қоғамның нағыз қаны тамып тұрған кезі еді. Қысы-жазы ауыл маңы айғай-шу, бос дүрмек. Оқу іздеп, өнер қуып жүрген бір де бір жасты көре алмаған қос ақын да халыққа арнап жыр төгеді. 

Абай 

Мәшһүр Жүсіп

Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,

Ұстарасыз аузыңа түсті-ау мұртың.

Қазағым, өнер ізден, ұрлық-зорлық,

Қыласың бір-біріңе неге озбырлық?

Ақын сөз өнерін өте жоғары бағалаған. Ол адамзат баласының бір-бірімен табыспайтын, жақындаспайтын кезі болмайды, олар бір-бірінің ішкі жан сырын сөйлесу арқылы түсінеді, ұғысады дей келіп былай түйіндейді. 

Абай 

Мәшһүр Жүсіп

Ақылға сәуле қонбаса,

Хайуанша жүріп күнелтпек.

Ұшқан құс, жүгірген аң-жануарлар,

Атанды бәрі қайуан – тілі жоқтан. 

Бұл жерде екі ойшыл да адамның «ұшқан құс, жүгірген аң хайуаннан» артықтығы – ақылында дегенді айтып отыр.

Мәшһүр Жүсіп өз өлеңдерінде әркім өз еңбегімен күн көрсін дегенді үндейді, сонымен бірге біреудің есебінен тірлік кешу арамтамақтардың ісі екенін де есінен шығармаған. Ал Абай мұны «Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп адам саумақ – өнерсіз иттің ісі» деп аяусыз шенейді де, «Әуелі құдайға сыйынып, екінші қайратыңа сүйеніп еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды» деп еңбекке шақырады.

Мәшһүр Жүсіптің 1889 және 1890 жылдар аралығында жазып қалдырған өлеңдерінің дені де негізінен өнерге, еңбек тақырыбына арналған. «Әңгіме», «Бәрі қысқа, еркін дүниеге келеді екен», «Кедейлікке үш қырсық оралады», «Күн шықпай ерте тұрып», «Білмейді ел өнерлісін аулақ болар». Бұл өлеңдердің бәрінің сарыны ортақ, ой арнасы біреу – ол жастарды еңбекке, өнер-білімге, егін салуға, сауда істеуге шақырады. Ал, ел ішінде бос тентіреп кәсіпсіз жүрген кейбір желбуаз бозбаланы сынап мінейді.

Абай 

Мәшһүр Жүсіп 

Егіннің ебін,  

Сауданың тегін

Үйреніп ойлап мал ізде.

Әр істі ойлау керек әуел бастан,

Не пайда өнер жоқ жігіт жастан.

Осылай дей отырып, еңбек етпейтін, сыбай-сылтаң жүрісті жандарды ұрыспай, сөкпей, тілдемей, жай ғана сыпайы сөзбен ұялтып, қызартады. Оларға «мынадай бол, мынадай істе» деп те ақыл айтпайды. Тек қана еңбек ет, еңбек адам баласының – анасы дегенді меңзейді. 

Жастық шақ туралы да екі алыптың жырларына үңілсек, біріне-бірі өте үйлесім тапқанын байқаймыз.

Абай

Мəшһүр Жүсіп 

Жасымда ғылым бар деп ескермедім,

Пайдасын көре тұра тексермедім.

Ер жеткен соң түспеді уысыма,

Қолымды мезгілінен кеш сермедім.

Жастықта ұмтылып бақ ілгері өтіп,

Жұмысың жабдықталсын ерте бітіп.

Қолыңа қармағанмен түк түспейді,

Қалған соң жастық қуат бойдан кетіп.

Қос шайырдың өлеңдеріндегі ой үндестігі бір дәуірде өмір сүргендігінен болар. Оның үстіне екеуі де медреседе білім алып, діни сауатты болғанын білеміз.

Еңбектердегі білім, оқу мәселесі

Абай шығармаларындағы білім, оқу тақырыбы жиі ұшырасады. өйткені Абай ағартушы. Ағартушылық идеяны алға тартқан тұлға. ХІХ ғасырдағы қазақ ағартушылығының ең көрнекті үш өкілінің біреуі. Сондықтан біршама өлеңдері мен қара сөздерінде ғылым мен білімге бет бұрудың маңызын дәйектеп, пайдасына кенелудің ұшан-теңіз тартуы бар екенін насихат етеді. Жалпы ізденісінің көрінісін шығармаларында беріп отырады. Абай шығыс пен батыс, араб-парсы жұртының рухани нәрімен сусындап, мұқабалы жазбаларына көңіл қойып, руханият биігінен зерделегенін шығармашылық астарынан аңғарамыз. «Жасымда ғылым  бар  деп ескермедiм», «Интернатта оқып жүр», «Ғылым таппай  мақтанба», «Әсемпаз болма  әрнеге» сынды өлеңдері ғылым мен білімге субъективті адами көзқарастары мен ақындық таным көкжиегінде шуақтаған шұғылалы ойлы шумақтарында тізбектеп өтеді.

Мәшһүр Жүсіп ақын ретінде үзбей өлең жазып, халықты өнер-білімге шақырғаны мәлім. Мәшһүр Жүсіптің түпкі арманы – Абай ойымен ұштасады, ол халықты жаппай сауаттандыру еді. Алайда, ол мұндай игілікті іс тек сөзбен ғана іске аспайтынын, ол үшін қолда билік болуымен қатар, мол қаражаттың қажет екендігін кейін сезінді. Амалсыз ішкі мұң-шерін тағы да өлеңмен шертті.

 

Абай Мәшһүр Жүсіп

Хакім, ғалым асылда бір сөз, бірақ Ғарафта басқалар дүр. Дүниеде ғылым заһири бар, олар айтылмыштарды жазылмыштар, оны нақлия деп те айтады. Бұл наклияға жүйріктер ғалым атанады.

...Әрбір ғалым – хакім емес, әрбір хакім – ғалым. Ғалымдарының нақлиясы бірлән мұсылман иман тақлиди кәсіп қылады. Хакімдердің ғақлияты бірлән жетсе, иман якини болады.

...Адамға хәлінше ихсанды болмақ - қарыз іс. Бірақ өзгелердің ихсанына сүйенбек дұрыс емес. Моллалар тұра тұрсын, хусусан бұл заманның ишандарына бек сақ болыңдар. Олар - фитнә ғалым, бұлардан залалдан басқа ешнәрсе шықпайды.

Ғалым үш түрлі. Нан ғалым, тән ғалым, жан ғалым.

Нан ғалым – әуел баста оқуды Құдай үшін іздеген емес, молдаларының төрде отырып, сыйлы болғанын көріп, тамақ тойғызу үшін, тегін ас, тегін тамағы бар мешіт, медресені қыдырып, қай жерде қай ишанның көжесі мол десе, соған қаңғыра береді. Есі- дерті тамақта болып жүріп, оқыған оқу, өмір бойы оқыған білгенін қарнының қамына жұмсайды.

Тән ғалым – мағына білумен жұмысы жоқ, сарафа, наху, мантық оқып, талас-егеске әбден ұста болып Хақ жолға, таупық, һідаятқа жұртты бастаумен жұмысы жоқ. Бір махалланы екі партия қылып ұстап: «Құран хатымда солай деген, хадис шарипте бұлай деген»деп, надандарды қара сөзбен мас қылып, адастырып, есінен жаңылыстырып әуре қылады да жүреді.

Жан ғалым – Алла тағаланың фазыл уа кәррәманына алынған пендесі. Нанмен де жұмысы жоқ, ат көтеріп , атақ шығарумен де жұмысы жоқ. Оңашада халуат жай табылса, жаны сонда сая тауып, *Каламалланы* оқып, «ішпей мас, жемей тоқ»,*Он сегіз мың ғаламның жаратушы Құдайым бар* дейді.

 

Абай осылайша ғылымды адам қасиетінің ең биігіне көтереді. «Ғылым – Алланың бір сипаты, ол – хақиқат, оған ғашықтық өзі де хақлық, һәм адамдық дүр» дейді ақын отыз сегізінші қара сөзінде. 

Ғылым адамды танытады, адам ғылымды дамытады. Осылар өз биігіне жетіп, үндестік тапса, қоғам дамиды, ой-өріс кеңейеді. Міне, осыдан Абай ғылымның үздіксіз даму процесінде болатынын, оның диалектикасының бірлесе дамитынын көрсетеді. Сондықтан да Абайды тану – қоғамды тану, болашақты бағдарлау. Ол – өмір заңы, адамзаттың өркениет жолы. «Ғылым-құдірет» деп бағалайды ұлы Абай.

Екі дана да ғылымды Алланы танумен байланыстырады. Бұл орайда Мәшһүр де, Абай да жүрекке жеткен білім ғана шын білім екендігін айтады. Мәселен, Мәшһүр Жүсіп: «Ғылым-білім немен болады? Әуелі жаратушы Құдай тағаланы танумен болады» дей келе, Құдайды тану дегеніміз алдымен адамның өзін тануы деген пікір білдіреді.

«Ғылым-білім» әңгімесінде Мәшһүр атамыз адам жаны мен тәні арасындағы байланысты терең философиялық ой-тұжырыммен түсіндіреді: «Дене – бір қараңғы үй, жан – ол үйді жарық қылып тұрған нұр. Біреудің жаны сығырайып зорға жанып тұрған шырағдан сықылды. Кейбіреудікі май шам сықылды, кейбіреудікі тас шам сықылды. Кейбіреудікі – керосин майының жарығы сықылды. Кейбіреудікі – онан да жарық: машинамен жағылатын электрі бар жарық сықылды...» Бұдан ғылымды меңгерген адамның жаны нұрға толы болып, басқалардан дараланып тұратынына көзіміз жетеді.

Қорыта келгенде, қазақтың маңдайына біткен екі ойшыл дана тұлғаның шығармашылығындағы үндестік, үйлесім ғасырларды көктей өтіп біздің арамызға жетіп отыр. Ендігі міндет жас ұрпаққа дана бабаларымыздың асыл да құнды қазынасын саф таза қалпында сақтап, кейінгі буынға аманаттап отыру болмақ. әрине, бұл жолда олардың байлығын толық меңгеріп, бойымызға тоқу ісі де толастамауы тиіс.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?