Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Пәрмен қатты – дәрмен жоқ

2032
Пәрмен қатты – дәрмен жоқ - e-history.kz

Сурет: 365info.kz

Патша өкіметі Қазақстанның оңтүстігі мен орта Азияны жаулап алғаннан кейінгі жүргізген әкімшілік-территориялық және саяси, экономикалық реформалары өлкенің табиғи, тарихи, экономикалық және рухани ерекшеліктерін ескермей жүргізілді. Отарлық сипаттағы бұл өзгерістер патшалы Ресейдің жалпыимпериялық территория қалыптастыруының заңды жалғасы болды.

Сыр бойы, онда да Жаңақорған өңіріндегі отарлау саясатының жүргізілуі, зардаптары мен тигізген зияндары жайлы бұл мақаламызда «Жаңақорған» энциклопедиясында қамтылған тарих ғылымдарының докторы С. Сайфулмаликованың тың деректері пайдаланылды. 

Аталған өңірде отарлау саясатын тікелей іске асырған, «Түркістан өлкесін құрушы» генерал-губернатор фон К.П. Кауфман «1863-1867 жылдардағы табыстар қозғала қоймайтын елдің сылбыр және томаға-тұйық саяси жүйесін шайқалтқанымен, олардың жеңілген күштерін өзіне қаратып, өлкедегі орыс мемлекетінің мүдделері алып келген жағымды саяси және азаматтық бағдарламаларды орындауға үйрете алмады» [1, 5] деп жазған екен. Шындығында, өлкедегі нақты жағдай отарлық билік бетпе-бет келген «өркениеттік» тосқауылдан әлдеқайда күрделі болып шықты. Отарлық басқыншылық ұлт-азаттық қозғалысқа ұласты. Отаршыларға орыс мемлекетінің мүддесін осындай тегеурінді қарсылық жағдайында орнықтыруына тура келді. Осы оқиғалардың куәгері М. Зиновьевтің «Азиялықтар, әрине, Орта Азиядағы біздің әскери қимылдарымыздың қанды жылнамасының қорқынышты егжей-тегжейін жақсы біледі, солай бола тұрса да жаулап алу жолында кездескен барлық қалалар мен бекіністерді біз күшпен алдық» [2, 39] деген сөздері айғақтайды.

Өлкені жаулап алуда қалыптасқан «соғыс жағдайы» факторы Түркістан генерал-губернаторлығын басқару туралы алғашқы бағдарламалық құжаттарды дайындауда басшылыққа алынды. Ол құжаттар жаңа жерлерді жаулап алу барысында асығыс қабылданды. Сырдария және Жетісу облыстарын басқару туралы ереже 1867 жылы «тәжірибе ретінде үш жылға» енгізілді. Патша жарлықтары мен нұсқауларынан өзге осы уақытша ережелерді басшылыққа алған шенеуніктер Сыр бойында шексіз және бақылаусыз билік орнатты.

Отарлық билікке заңды негіз қалаған құқықтық-реттеушілік құжаттар негізінде «әскери және әкімшілік биліктің біртұтастығы мен оларды бір қолға шоғырландыру» орнықты. Жергілікті қоғамның әлеуметтік-құқықтық және мәдени ерекшеліктерін білмеуі патша үкіметін «саяси сипаты жоқ барлық істер бойынша ішкі басқаруды халықтың ішінен сайланғандарға» беруге мәжбүр етті. Осыған байланысты құқықтық қатынастарда «орыс заңдарымен анықталғанша» шариғат пен жергілікті әдет-ғұрыптар сақталатын болды [1, 163].

Генерал-губернатордың билігін қамтамасыз еткен отарлық жүйенің басқару органдары Ресей шенеуніктері қозғалысқа келтіріп отырған күрделі бюрократиялық тетікті құрады. Бұл билік тетігінің басты буыны болған Түркістан генерал-губернаторының кеңсесі өз қызметінде заңсыз және өзіне тән емес жоғары шешім шығарушы мекемеге айналды [3]. Орталықта оның қызметін тек Ресей Әскери министрлігі ғана қадағалады.

Билік жүйесіндегі келесі буын облыстық әскери губернаторлардың қолына 1867 жылғы ереже бойынша әкімшілік, полицейлік, сот және әскери өкілеттік биліктері шоғырландырылды. Облыстық билік буынына бұндай кең өкілеттілік берілуі «тұрғындар тыныштығын қамтамасыз ету және ондағы қандай да болмасын тәртіпсіздікті басып-жаншу үшін» [4] жасалынды.

Отарлық биліктің күшеюімен бірге облыстық басқармалардың салалық құрылымы кеңейіп, билігі нығая түсті. 1867 жылы Сырдария, Жетісу облыстық басқармаларында үлестіру, шаруашылық және сот бөлімі ғана болса, 80 жылдардың ортасында оларға қоса шекаралық, құрылыс, ауылдық-дәрігерлік, мал дәрігерлік және есеп-қисап бөлімдері жұмыс істей бастады [5]. 

Отарлық биліктің келесі буыны уездік әкімшіліктің басшысы – уезд бастығын әскери губернатордың ұсынысымен генерал-губернатор бекітті және ол бір мезгілде уездік, қалалық полиция бастығы, қала басшысы, салық органының төрағасы қызметтерін атқарды. Отарлық биліктің бұл буыны атқару, ұйымдастыру, бақылау жұмыстарының барлық ауыртпалығын көтерді. Содан да уезд бастығы өз аумағында патша өкіметінің отарлық саясатын іске асыратын, уездің барлық қоғамдық және экономикалық өміріне араласатын билік монополияшысына айналды. Әйтсе де, уездік буындағы кадрлар іс жүзінде пайдакүнемдік мақсат көздеген, қызметтегі біліксіздігімен жоғары органдарды үнемі алаңдатып отырды.

1867 жылғы ереже бойынша Жаңақорған аймағы жартылай Перовск, жартылай Шымкент уезінің Түркістан бөліміне қарады. Алғашқы кезде генерал-губернатор фон К.П. Кауфман Түркістан уезін құруды қажет деп таппады. 1872 жылы 17 наурызда ғана Сырдария облысының Жызақ уезі таратылып, Түркістан уезі құрылды. 1886 жылы 12 маусымдағы заңға сәйкес 1887 жылдың 1 қаңтарынан Түркістан уезі таратылып, оның аумағы Шымкент уезінің құрамына қосылды [6].

Отарлық әкімшілік биліктің ең төменгі буыны ретінде болыстық басқармаларды құруға ерекше мән берілді. Қоғамдағы байлар мен феодалдардың ықпалын әлсірету мақсатында болыстар мен ауылдар  қалыптасқан дәстүрмен емес, аумақтық белгімен құрылды. Осы қағидамен құрылған 200 шаңыраққа дейінгі ауылдық, 2000 шаңыраққа дейінгі болыстық құрылым бір руға біріккен дәстүрлі әкімшілік бөліністі бірнеше бөлікке ыдыратып жіберді. Мысалы, Түркістан уезі құрылғанда оның құрамына енген Қоңырат тайпасының жергілікті руларының атын иемденген Алтыата, Божбан, Жаманбай және Ноғай-Қара болыстары болған. Кейін олардың бәрі де Жаңақорған, Сауран, Сырдария, Приречная сияқты географиялық атаулармен алмастырылды және бірнеше ру бір болыстыққа біріктірілді. Тіпті ауылдардың рулар, аталар атымен аталған дәстүрлі атауын жойып, оны реттік санмен алмастыру отарлық саясаттың халықтың тарихи жадын жою мақсатына қызмет етті. 

Түркістан уезіндегі тұрғындардың болыстық бөліністерінен әкімшілік бірліктердің рулық емес, аумақтың қағида бойынша қалыптасқандығын көреміз. Бұл жағдай дәстүрлі қоғамдағы отарлық биліктің ыңғайына көнбеген рулық құрылымды күйретуді мақсат етті. Бұл әрекет ресми түрде «әкімшіліктің басқару ісіндегі қолайсыздықты жою» деп түсіндірілгенімен оның түпкі мақсаты «көпсанды руды бір рубасының билігіне беру далада тыныштықты қамтамасыз етуді қиындатқан болар еді» [7] деген сөздермен айқындалды. Рубасылар институтының жойылуы жергілікті әкімшілік басшыларын жасақтайтын жаңа сайлау жүйесін енгізуге итермеледі. Аталған жүйе болыс, ауыл басшылығына отарлық биліктің өзіне берілген адамдарды ғана ұсынуына және өткізуіне мүмкіндік берді.

Қазақ қоғамында Ресей империясының отарлық билігін қамтамасыз ететін жергілікті басқару аппаратын құруда генерал-губернаторларға шексіз билік берілді. Халық арасында олар «жарты патша» деп аталды. Ережеге сәйкес генерал-губернаторларға «саяси сенімді емес бұратаналарды, бүлдірушілерді бес жылдан артық уақытқа айдауға жіберу» құқығы берілді. Жергілікті ұлт өкілдері уездік деңгейдегі басшылық қызметтерге жіберілмеді. Оқыған, білімді қазақтар үшін жоғарғы билік құрылымдарындағы ең биік лауазым тілмаш, писарь сияқты қосалқы қызметпен шектелді. 

Қазақ тұрғындарына тек болыс басқарушылары мен билерін, ауыл старшындары мен билерін сайлау мүмкіндігі берілгенімен ол сайлау патша шенеуніктерінің тікелей араласуымен жүргізілді. Әрбір жиырма, елу шаңырақтан іріктеп алынған жиырмалық, елулік деп аталғандар болыстық таңдаушылар съезінде халықтың өзін-өзі басқаруына араласты. Съезде болыс басқарушысы, болыс биі сайланып, түрлі алым-салық көлемі айқындалып, жер дауы сияқты мәселелер талқыланды. Дегенмен, отарлық әкімшілік шенеуніктері қазақтардың арасында руаралық дау-жанжалды өршітуге күш салды. Сайлауға орасан зор қаржы жұмсаған болыс басқарушысы шығынның орнын жемқорлықпен толтыруға тырысты. Бұл жағдай отарлық биліктің әкімшілік жүйесіне тартылған ұлт өкілдерінің арасында жағымпаздық пен парақорлық сияқты келеңсіз әлеуметтік факторлардың өрістеуіне негіз болды. 

Қазақ қоғамындағы сайлау жүйесі туралы М. Тынышпаев 1916 жылғы оқиғаларға байланысты Түркістан генерал-губернаторына «1868 жылғы ереже қырғыздарды тығырыққа тіреді, тіпті жер қыспағы сайлау алдындағы тартыстарға астар келе алмайды. Енді еш жерде, бірде-бір сайлау ірі пәресіз жүргізілмейді. Әрбір сайлаудың алдында үміткер «қара» салықтардың азайып, болыста келісім мен тұрақтылықтың болатындығын уәде етеді. Жомарт үміткер... 40 мың сомға дейін ақша үлестіреді, ал оның 3 жылдағы барлық табысы 900-1500 сомнан аспайды. Болыстыққа немесе халық сотына өткен үміткер кеткен шығыннан 5, 10, 20 есе көп капитал жинайды, осындай түрдегі тонау қазіргі уақытта жүріп жатыр. Партиялық тартыс және болыстың жиі тонауы халықты ашындырып, қылмысқа итермелейді» [8] деп хат жазды. 

Бұл патша өкіметінің жергілікті билік құрылымдарын жасақтауда қасақана жіберген қателігі емес, отарлық жүйенің саяси, әлеуметтік және экономикалық мүделердің қисынсыздығы еді. Түркістан мен қазақ облыстарындағы отарлық әкімшілік басқару жүйесі тиімсіздігінен билік саяси шешімдерден бұрын қарулы күштеу шараларына көбірек жүгінді. Патшаның 1916 жылғы 25 маусым жарлығының іске асырылуы осы пікірге дәлел бола алады.

Патша өкіметінің  бұратаналық-халықтық басқарусыз алым-салықтың жиналуына, жаңадан ашылған мекемелердің дұрыс қызметіне де сенім артуға болмайтындығына көзі жетті. Осылайша отаршылар өз саясатын іске асыруға жергілікті тұрғындарды азды-көпті тарта алды. Дегенмен, жергілікті тұрғындар болыс сайлауына қызу араласқанымен оның нәтижесін орыс әкімшілігі оңай бұрмалайтын. Егер сайланған адам ұнамаса әскери губернатор жаңа сайлау тағайындады немесе сайланған адамның орнына өз қалауымен уақытша өзге адамды тағайындады. Патша әкімшілігі бұл әдісті жиі қолданғандықтан «Сырдария облысындағы 109 болыс басқарушыларының 3 жылда 38-і босатылды, бұл 38 пайызды құрады немесе жылына 13 оқиғадан келді» [9]. Жергілікті тұрғындар арасында күнделікті тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін «ымырашылдық» жасап, ақсақалдар мен болыс басқарушысына биліктің тізгінін ұстатқанымен оларды жоғарыдағы тәсілмен үнемі тұқыртып отырды. 

Осылай дегенмен де отарлық билік құрылымында ұлттық элитаның өкілдері болып қалыптасқан болыс басқарушылары өз кезегінде элитаның жаңа буынын тәрбиелеп шығарды. Қолындағы материалдық және әкімшілік ресурстарды пайдаланған болыс басқарушылары өз балаларымен бірге талапты жастарды Ташкент, Орынбор, Қазан, Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларындағы оқу орындарында оқытуға мүмкіндік алды. ХХ ғасыр басындағы ұлт-азаттық қозғалыстың алдыңғы шебіне шыққан ұлт зиялыларының көпшілігі қазақ қоғамындағы дәстүрлі ақсүйектердің және отарлық билікке тартылған шенеуніктердің ұрпақтары екендігі ақиқат. 

Өлкедегі төменгі сот билігінің қызметінен де отаршылықтан туындаған осындай саяси айлаға құрылған ерекшеліктерді аңғарамыз. Дәстүрлі қоғамдағы сот қызметін атқарған қазылар мен билердің сайлауында олардың біліктілігі, өз ісіне тыңғылықтылығы мен әділдігі сияқты қасиеттер електен өткізілсе, отарлық тәртіп енгізген халықтық соттарды сайлау жүйесі бұл дәстүрді жоққа шығарды. Ендігі жерде сот билігіне кандидаттың отарлық жүйеге берілгендігі мен адалдығы басты өлшемге айналды. Соның нәтижесінде сот билігіне отаршылардың сойылын соғатын шала сауатты, мұсылмандық және дәстүрлі құқықты жете білмейтін, білсе де оны оңай белден басатын бишікештер сайланып отырды. Сот жүйесіндегі арнайы жасалған бұндай кадрлық жүгенсіздікпен бірге қылмыс түрлеріне қолданылатын жазалау шаралары шегінің айқындалмауы да қоғамдағы түрлі әділетсіздікке жол беріп, тұрғындарды отарлық әкімшіліктің алдында мүлдем қорғансыз қалдырды. Қызмет бабын асыра пайдаланған шенеуніктер «тыңдамағаны үшін», «дөрекілігі үшін», «бұйрықты орындамағаны үшін» деген себеппен қылмыстық жазалар қолдана берді.

Болыстар арасындағы жер дауы сияқты күрделі мәселелер уездік билер кеңесінде (съезінде) қаралғанымен оның шешімі дәстүрлі қоғамдағыдай түпкілікті болып саналмады. Сондықтан да наразы жақ отарлық биліктің сот жүйесіне жүгінетін тәртіп қалыптасты. Бұл жағдай билер институтының өз мәнін жойып, есесіне жаңа тәртіптің күш ала бастағандығын танытады. Дерекке жүгінейік. 1874 жылы Түркістан уезінің Алты-ата және Жаманбай болыстарының арасында Бесарық өзені бойындағы жер үшін дау болады. Алты ата болысының құрамындағы 500 үй Ноғай руы мен Жаманбай болысы құрамындағы 150 үй иікшілердің Шегір атасы арасындағы жер дауын шешу үшін уездің 11 болысының 22 биі төтенше съезге шақырылады. Дауға билік айтуға Жаңақорған болысынан Тасболат Кешуов, Айжарық Арғынбеков, Тама болысынан Келдібай Аталықов, Сырдария болысынан Қуандық Қартабаев, Божбан болысынан Алдаберген Мырзабаев, Қоқанбай Тұяқбаев, Қоңыр-Маңғытай болысынан Шоқат Бабатаевтар қатысқан. Уезд бастығы полковник Чеботарев төбе би Бәймен Сағындықовты басқа бимен ауыстырады. Бесарықтың шығыс жағындағы екі арық Шегірлерге, батыс жағындағы үш арықты Ноғайларға беру туралы билер съезінің шешімі уезд бастығы Чеботарев бекіткеннен соң барып күшіне енген [10].

Төменарықтан Түркістанға дейінгі аралықта Перовск уезінің Жөлек бөліміне қарайтын Жаңақорған, Приречная, Сауран болыстары болды. 1910 жылы Жаңақорған болысы 6 әкімшілік ауылдан, 1349 шаруашылықтан құралды. Болыс аумағында 10242 тұрғын болса, олардың қолында 2375 бас жылқы, 5143 бас сиыр, 6483 бас түйе малы болды. ХХ ғасырдың басында болыс тұрғындарында отырықшы шаруашылықтар басым бола бастады. Барлық шаруашылықтың 1045-інің жер үйлері болған, ал көшпелі шаруашылықтар саны 583 болса, отырықшы шаруашылықтар саны 766-ға жеткен. Отырықшы шаруашылықтардың басым болуы болыстағы егіншілік пен шабындық көлемінен де аңғарылады. Болыстың аумағында 2642 дес. суармалы, 782 дес. тәлімді егіс егілген. Сол сияқты тұрғындар 70 дес. жоңышқа егіп, 228 дес. суармалы, 1461 дес. табиғи шабындақта мал азығын дайындаған [11].

Приречная болысы (орталығы қазіргі Төменарық стансасы) 12 ауылды біріктірді. Олардағы 1445 шаңырақта барлығы 11015 тұрғын болған. 726 көшпелі, 719 отырықшы шаруашылықтардың қолында 3540 бас жылқы, 7706 бас сиыр болған екен. Болыстағы егін егетін шаруашылықтардың саны 1282-ге жеткен. Олар 2151 дес. суармалы, 1287 дес. тәлімді, барлығы 3438 дес. егін салған. Болыстағы шабындық көлемі барлығы 94 дес. жоңышқа, 37 дес. суармалы, 2430 дес. табиғи шабындықты құрады. Шаруашылықтарда мүйізді ірі қараның көлемі біршама көп болуы оларда жем-шөп қорының мол болғандығын аңғартады [12, 86-89]. 

Сауран болысы 10 әкімшілік ауылға бөлінді 7 ауылда 1925 шаңырақ болса, олардың 674-і көшпелі, 1251-і отырықшы шаруашылықтар. Болыс тұрғындарының қолындағы мал саны да өзге болыстықтардағы мал санымен қарайлас болды. 

Төмендегі кестеде қоныстандыру комиссиясының осы болыстар бойынша мәліметі беріледі. 

 

1-кесте [13, 345]

 

Болыстар

Түтін саны

Көшпелі

Отырықшы

Суармалы

дес

Тәлім

дес

Шабындық

дес

Жаңақорған

1349

583

766

2642

785

1759

Приречная

1445

726

719

2151

1287

3461

Сауран

1925

674

1251

-

-

-

 

Бұл кестеден аталмыш болыстардағы қазақтар арасында отырықшылыққа өтудің деңгейі жоғары болғанын көреміз. 

Перовск, Шымкент уезіндегі тұрғындар Жызақпен шекарадағы Қызылқұмға және Шуға қарай көшетін. Мысалы, Перовск уезіндегі Сауран болысының № 6, 8, 10 ауылдары Қызылқұмда, яғни Жызық уезімен қатар  қыстауға қоныстанды. Олар құмда бір орында ұзақ тұрақтамады, 7-10 күн тұрақтап, қайта көшті. Көш кезінде қар суы мен құдық көздерін пайдаланады. Малды күндіз жайып, кешке ауылға қайтатын, қой мен түйені бөлек жайды [14]. Шымкент уезі бойынша көшпелілердің түтін саны 53,5%, отырықшылар 46,5% құраса, ал Перовскі уезінде тиісінше 38,8% және 61,2%-ды құрады. 

1879-1880 жылдары бүкіл Қазақстан аумағын қамтыған «қоян жұтында» Сырдария облысында 2,5 миллионға жуық мал қырылған болса, жеке уездер бойынша қырылған малдың көлемі Қазалыда 71%, Перовскіде 59%, Түркістанда 87%, Шымкентте 79,7%, Әулиеатада 43,2%-ға жетті. Малдың жұттан қырылуының ең жоғарғы көрсеткіші Жаңақорған болысы құрамына енген Түркістанда тіркелді. Уез тұрғындарының басым бөлігі көшпелі мал шаруашылығымен айналысқанын ескерсек, бұл жұт жергілікті тұрғындардың қасіретіне айналды. 

Уездегі қазақтар жан сақтау үшін, таулы аймақтарға және Түркістан, Шымкент қаласы мен оның маңындағы қышлақтарға қарай ағылды. 

Түркістан уезінің бастығына болыснайлар халықтың жағдайы жөнінде «Уез халқының мұндай бейшара халге жеткен кезі бұрын болмаған. Мыңдаған адамдар малынан айрылып, егін шықпағандықтан өте арзан бағаға киіз үйін сатып, Түркістан қаласы және оның маңындағы қышлақтарға ағылуда» [15] деп хабарлаған. 1880 жылғы сәуірдің  аяғында ашыққан халық Аққұм, Жаңақорған, Төменарыққа жиналып, қалаға қарай ағылды. Жаңақорғаннан Сауранға дейінгі жол халыққа толды, ашыққан бейшаралардың тіпті қозғалуға да шамасы болмады [16]. 

Бұхара, Самарқандта астықтың бағасы өте төмен болуы Түркіста, перовск уездеріндегі ашыққан халықтың сол аймақтарға көшу үрдісі басталды және көшкендер өзге аймақтардағы руластарына қосылып, аман қалуды мақсат етті. Мысалы, 1880 жылы Түркістан уезіндегі Алтыата болысынан 34 адам, Жаманбай болысынан 108 адам Бұхараға көшіп кеткен. Негізінен көшкендер уездегі ауқатты қазақтар болатын және көшуге үгіт жүргізген Бедембай Сүгіров, Бақан Шақабевтар болды [17]. Жалпы Түркістан уезінен осы аштық кезінде 2182 түтін көшіп кетті. 1879-1880 жылдары жұттан кейін де көшу үрдісі тоқтамады. Мысалы, 1887 жылы Перовск уезінен 17 түтін, Сауран болысынан 23 түтін Жызақ уезіне көшкен [18]. 

1899-1900 жылдары аймақтық жұтта Перовскі уезінің Сауран, Приречный болыстары қатты зардап шеккен. Бұл болыстардың тұрғындары Жызақ уезімен шекарадағы Қызылқұмға көшкенімен онда да малдың жаппай қырылуы толастамаған. 

Жаңақорған аумағы орыс шаруаларының қоныстандырылуы шараларынан да тыс қалмады. Орыс қоныстанушылары негізінен Приречная болысына шоғырланды. 

Төменарық – Жаңақорған кентінен батысқа қарай 25 шақырым жердегі ауылдың аты. Бұл атау ортағасырлық жазба деректерде кездеседі. Төменарық атауының екі мағынасы бар: «түмен» он мың дегенді білдіреді, яғни «он мың адам қазған арық» деген мағынасы; Сырдариядан тартылған арықтың орналасуына қарай «төменгі арық» деген мағынада қолданылады.

Қоныстандыру шараларымен бірге жергілікті тұрғындарды отырықшылыққа бейімдеу және олардың арасында егіншілікті дамыту қолға алынды. Мысалы, Перовскі уезіндегі Жаңақорған, Приречная болыстарында негізінен қыстық бидай, жаздық бидай, тары, жүгері, арпа, құмық, қауын, қарбызбен бірге бау-бақша, мал азығындық жоңышқа өсіру өрістеді. 

Приречная болысы бойынша мәліметтер

№1 әкімшілік ауыл

1. Әли Құрманбай

Қарарық

Қоңырат

55

409

2. Асамбай Азамат

Асанбайарық

- // -

14

113

3. Торғай Жұрымбай

Қандықұдық

- // -

26

223

4. Оймауыт Меңлібек

Ақүйік

- // -

9

74

5.Құрышжан Тәңірберген

Шоқ 

- // -

12

79

 

191

1361

№2 әкімшілік ауыл

1.Құтымбай Тілеуберген 

Құмарық, Мешіткөл, Қаңбақты тоғай, Шоқтал

Қоңырат

68

530

2. Бөрлібай Наржан

Серғазы

- // -

8

64

 

76

594

№5 әкімшілік ауыл

1. Адырбай Жайтабар

Алмалы 

Қоңырат-Найман

62

450

2. Құрманқұл Қосай

- // -

- // - 

72

529

3. Рахматулла Ерімбет

Бестоғай, Есекбел

- // -

19

78

 

144

1052

№6 әкімшілік ауыл

1. Байтоқа Тәңірберген

Қызылбайыр

Қоңырат

27

352

2. Әлменбет Масақбай

Көккесене

- // -

59

464

3. Тайназар Итан

Жиделі-Арыстанды

- // -

28

220

4. Досбол Молдаберген

Қыстауы жоқ

- // -

17

188

 

132

1224

№8 әкімшілік ауыл

1. Нұрымбет Күзен

Бесқазақ, Ақшығанақ, Тартоғай

-  // -

112

985

№10 әкімшілік ауыл

1. Байбол Күнтөре

Көкесене-Шиелі

Қоңырат

58

585

2. Әбдікерім Айкенбай

Алашапан

- // -

13

116

 

71

701

№11 әкімшілік ауыл

1. Нұрбай Шортұқ

Жауғашты-Шоқтал

Қоңырат

29

233

2. Жұмаділла Таңатар

Бөрілі

- // -

18

183

3. Ерден Серғазы

Бесқазақ-

Жыңғылды, Торғауыт

- // -

48

433

 

95

849

 

Аталған болыстар тұрғындарының шаруашылығында кірешілікпен тұз тасып, сексеуіл отынын дайындаумен айналысатындардың үлесі артты. Аймақтағы сексеуілдің негізгі бөлігі Қызылқұмда өсетіндіктен болыс тұрғындары көшпелі мал шаруашылығына қосымша сексеуіл отынын дайындаумен және тұз тасумен айналысты. Сексеуіл отынын дайындап тасу күз айларында басталып, наурызға дейін жалғасты. Олар сексеуіл отынын Шымкент, Түркістан, Перовск уездеріне тасымалдады. Тұрмыс деңгейі төмен отбасылар сексеуілді дайындаумен, ал ауқатты отбасылар оны тасумен айналысты. Тасылатын тұз Перовскі уезінің Сауран болысындағы Үмбет ата, Төре арал жерлерінде болды. Тұздың бағасы арақашықтыққа байланысты пұты 80 тиыннан 2 рубльге дейін бағаланды [19].   

Перовскі уезіндегі Жаңақорған базарында сатылатын малдың, астықтың бағасы Түркістаннан арзан болғандықтан саудагерлер Жаңақорған, Сауран базарларына сәрсенбі күндері арнайы келіп мал сатып алатын. Түркістан төңірегіндегі тұрғындардың атағы киіз үй дайындаумен де танымал болды. Мысалы, басқа жерлерде жасалған киіз үйлері 30-40 рубльге, ал түркістандықтардың үйлері 40-70 рубльге бағаланған екен [20]. 

Сонымен Ресей ықпалына қараған Оңтүстіктегі қазақ ру-тайпаларының ХІХ ғасырдың екінші жартысы – ХХ ғасырдың бас кезеңінде саяси-экономикалық тарихы күрделі сипат алды. Рулардың саяси бірлігін, тұтастығын жоюға бағытталған саясатқа байланысты тұтас тайпалар бірнеше уез құрамына бөлінді және бұл аумақтық-әкімшілік өзгеріс жүйесі үздіксіз жүргізілді. Реформалар тек рулық бірлікті жоюға ғана бағытталған жоқ, сонымен бірге оларды дәстүрлі мал шаруашылығынан отырықшылыққа көшіруге бағытталды. Алайда, патша өкіметі Түркістан уезінің негізгі бөлігінде тұрғындардың дәстүрлі мал шаруашылығын жоя алмады. Перовск, Түркістан уездеріндегі қазақтарда көшпелі мал шаруашылығы сақталып қалды. Отырықшылыққа көшкендердің шаруашылығы бірте-бірте жаңа нарықтық қатынастарға бейімделе бастады. 

Отарлық жүйенің басты ерекшеліктері оның алдында тұрған халықтық наразылықтың кез-келген түрін аяусыз басып-жаншу, дәстүрлі билік тетіктерін жою, ресейлік үлгідегі мемлекеттілік негіздерін күштеп енгізу, елдің аса бай адами және материалдық байлықтарын қанаудың арзан да тиімді жүйесін құру міндеттерінен туындады. Осылайша, патша өкіметінің Түркістанды ресейлік саяси жүйеге көшіру қажеттігінен туындаған билік жүйесінің құрылымы қысқа мерзімде өлкенің экономикасын метрополия мүддесіне сай қайта құру міндетін іске асырды. 

 

Пайдаланған әдебиеттер:

1 .ӨРОММ, 715-қор, 26-б-іс., 161 п.

2.Проект всеподданнейшего отчета генерал-адъютанта К.П.Кауфмана по гражданскому управлению и устройству в областях Туркестанского генерал-губернаторства. 7 ноября 1867 - 25 марта 1881 гг. -СПБ.: 1885. – 295 с., с.5

3.Зияев Х.З. Завоевания Бухарского и Хивинского ханств царизмом. //Общественные науки в Узбекистане. 1990. -№ 8. –С.38-41., с.39

4. Гирс Ф.С. Отчет по ревизии Туркестанского края. СПБ.: 1888. –140 с., с.10

5. ӨРОМА. И –1 қ., 27-тіз., 659-іс, 18 п.

6. Добромыслов А.Н. Города Сыр-Даринской области. Казалинск, Перовск, Туркестан, Аулие-Ата и Чимкент. С.123-123 

7. Отчет по ревизии Туркестанского края, произведенный по высочайшему повелению сенатором графом К.К. Паленом сельского управление русское и туземное. -СПБ., 1910. -120 с., с.9

8. Тынышпаев М. История Казахского народа. -Алматы: Санат, 1998. –С.223 .

9. Гирс Ф.С. Отчет по ревизии Туркестанского края. СПБ.: 1888. –140 с., (С.29)

10. ӨРОМА Қ.-И-17, 1-тіз., 19988-іс. 28-29 пп

11. Материалы по киргизскому землепользованию. Сыр-Дарьинская область. Перовский уезд. –Ташкент, 1912. С.116-127

12. Материалы по киргизскому землепользованию. Сыр-Дарьинская область. Перовский уезд- Ташкент.- 1913.- 345 с.

13. ӨРОММ    17-қор, 1-тізбек, 39274- іс. 22 п. 

14. ӨРОММ, 1-қор, 11-тізбек, 146-іс 88 п.

15. Мельниченко С. Народные бедствия в Сыр-Дарьинской области в 1-ой половине 1880 г //Сборник материалов для статистики Сыр-Дарьинской области. -Т. 2.- 1892.- С.495

16. ӨРОММ, 17-қор,1- тізбек, 14021-іс, 15 п.

17 . ӨРОММ, 21-қор, 1-тізбек, 819-іс, 1 п.

18. Леонов Г.Б. Соленные озера Самарканда и Сырдарьинской области.-СПБ.-1896. -47 с (С.21-24)

19. ӨРОММ, 1-қор,11-тізбек, 1637-іс, 136 п.

20. Материалы по киргизскому землепользованию. Шымкентский уезд Сырдарьинской области.-Т.1.-вып 1.-1910 г. -426 с; Материалы по киргизскому землепользованию района реки Чу и низовьев реки Таласа. Черняевского и Аулиеатинского уездов Сыр-Дарьинской области.-Ташкент.-1915.-108 с.: Материалы по киргизскому землепользованию. Сыр-Дарьинская область. Перовский уезд- Ташкент.- 1913.- 345 с: Материалы по землепользованию туземного кочевого населения района Голодной степи и прилегающих местностей Ходжентского и Жизакского уездов Самаркандской области.- Ташкент: Типо-Литография В.М.Ильина. -1914.- 207 с.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?