Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ахмет Байтұрсынұлы – ұлтын ұлықтаған тұлға

3915
Ахмет Байтұрсынұлы – ұлтын ұлықтаған тұлға - e-history.kz

Ахмет Байтұрсынұлы туғанына 150 жыл

Биыл Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл. Осы мерейтойға орай Ел көлемінде ұлт ұстазын ұлықтаған әртүрлі іс-шаралар өтуде. Астанада Қ. Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Қостанайда да арнаулы іс-шара жалғасын тауып, облыс әуежайына ұлт ұстазының есімі берілетіні жайлы ақпарат шықты. Қуанышты ұлғайтқан осындай маңызды жиынның тағы бірі Түркияда өткен «Қазақ тіл ғылымына тарихи шегініс» атты халықаралық ғылыми конференция еді. Түркі дүниесінің айтулы ғалымдары түгел қатысқан жиында Ахаңа арналған «Ұлт ұстазы» атты кітаптың тұсауы кесілді. Осыған орай біз кітап авторы, Қостанай мемлекеттік педаго­гикалық университетінің профессоры Серікбай Оспан­ұлымен сұқбаттасып, жаңа туындының жаңалығын білдік.

- Серікбай Оспанұлы, биылғы Ахаңның 150 жылдығына арналған іс-шаралардың көзайым қуанышының бірі – сіздің «Ұлт ұстазы» еңбегіңіз. Құтты болсын айтамыз. Еңбектің жаңалығы неде? Бұған дейінгі Ахмет Байтұрсынұлы туралы зерттеулерден несімен ерекшеленеді? Сұқбатымызды осы сұрақтардан бастасақ...

- Бұл кітап жарық көргенге дейін мен Ахаң жайлы 54 мақала, 2 поэма жазыппын. Одан бөлек, қазақтың тағы бір аяулы перзенті Ыбырай Алтынсарин туралы да көп зерттедім. Ыбырай туралы ұзын саны 13 кітап шығарыппын. Ахаң жайлы бұл кітап осы зерттеулердің заңды жалғасы деп айтуға болады. Әрине, соңы емес, тағы да жаңа дүниелер жазылып жатыр. «Ұлт ұстазы» кітабы 470 бет болғанмен, соның өзінде көп нәрсе кірмей қалды. Бұл кітапты толықтыратын «Ғибратты ғұмыр» атты жаңа кітап дайындадым. Кеше ғана сигнальный нұсқасы қолыма тиді. Оны облыстық әкімдік өздері шығарамыз деген ойда.

Адамның өзі туған жеріне тартып туатыны шын екен ғой. Ахаңның атамекені қандай еді?! Мысалы, Ахаңның ауылының аты Ақкөл. Көрші ауылының аты Аққұм. Құмының аты Атан басы ақ ирек. Ахаңның жолы – ақ жол. Ол – бауырмалдық жолы, Алланың ақ жолы. Ахаңның бабасы Дайырқожаны да ел ақ сөйлеп, туралықтан таймағаны үшін Ақжол атаған. Ақкөл ортаймайды. Жыл сайын көктемде Ұлы жыланшық өзені келіп толықтырып кетеді. Ахаңның ісі де сол Ақкөлді толтырған Ұлы жыланшықтай. Елінің жағдайы ортая бастаған кезде соны толтыруға тырысты. Әлінің жеткенінше, қал-қадірі келгенше толтырды. Туған жеріне тартып туады дегенім, міне, осыдан.

Ахаңның аты 13 жасынан ауызға іліге бастаған. Сол кездегі ақындардың бәрі Ахаңның елінің жоғын жоқтайтынын, мұңын мұңдайтынын білген. Бәрі үміт артқан. Файзолла секілді ақындар Ахаң ұсталғаннан кейін де ақталатынын, қазақ көгінің жарық жұлдызы болатынын анық болжаған. Бұл туралы мен кітаптың «Ақындар Ахаң жайында» деген тарауында айттым. Ал ахметтануда Ахаңның Орынбордағы оқушы кезеңі, атап айтқанда, қай мектепте оқыды, кімдер сабақ берді деген мәселелер әлі де көмескі қалып қойған екен. Мен Ахаң оқыған, 1864 жылы Ыбырай Алтынсарин ашқан Торғайдағы мектептің тарихын жете анықтап, Ахаңа алғаш кімдер сабақ бергенін деректер негізінде нақтыладым. Кітаптың өзің сұраған тағы бір жаңалығы осы. 

- Ахмет Байтұрсынұлы мен Ыбырай Алтынсарин екеуі де ағартушы. Десе де қос ұстаздың жеке-дара ерекшелігі неде?

- Кезінде, ұмытпасам 1924 жылы ғой деймін, Әлихан Бөкейхан Ахаңа хат жазып: «Алтынсары баласы Ыбырай хақында өзің жазсаң жақсы болар еді. Ол сенің ағаң емес пе? Егер ол қазір өмір сүрсе, сендей болар еді, ал сен ертерек дүниеге келгенде оның ісін жасарың хақ» деген екен. Бұл, шынында да, көрегендік. Ыбырайдың жасы үлкен. Ол Ахаңның ұстазы. Әрине, Ахаңа сабақ берген жоқ. Ахмет Байтұрсынұлы оқуға барған кезде Ыбырай Қостанайға көшіп кеткен. Бірақ Ахметтің Ыбырай ашқан мектепте оқығаны ақиқат. Бір қызық жайт бар: Ахаң бейне бір Ыбырайдың ізімен жүргендей. Тағдыр солай жазған ғой. Бала Ахмет Ыбырай ашқан мектепте оқып, Балғынбаевтардан дәріс алған. Ол кезде оқу бағдарламасына дін сабағы деген пән болған. Мұсылмандарға дін сабағын қазақ үйреткен де, орыстарға поп жүргізген. Ахаңа Мұхамедияр Балғынбаев деген кісі дін сабағынан дәріс берген. Жалпы Балғынбаевтар бесеу екен. Соның төртеуі ағартушылықпен айналысыпты. Төртеуі де сол кездегі алдыңғы қатарлы мұғалімдердің санатында болған. Ал Мұхамедиярдан басқа Ахаңа ұстаз болған тағы бір тұлға бар. Ол – Есенғазы Бабин. Осы Есенғазы Бабиннің Қоңырқұлжа деген ағасы – кезінде Ыбырай алдынан тәлім алған алғашқы 14 баланың бірі. Бұл балалардың саны әуелгіде 14 еді, кейін 17 болған. Ахаң 1864 жылы ашылған осы мектепте оқыған. Бір айта кетерлігі, Ахаң оқыған тұста ол Торғайдағы орыс-қазақ мектебі болып қайта құрылған. Ахаңның әкелері орыс тілін білмегені үшін көкейіндегісін айта алмай, ойындағысын жеткізе алмай пұшайман болды ғой. Содан Байтұрсын інісі Ерғазыға: «Осы баланы орысша оқыт», – деп тапсырып кеткен екен. Міне, Ахаңның Торғайдан оқығаны – қазақ-орыс мектебі болып қайта құрылған Ыбырай мектебі.

367b8769-9f3b-4830-ba10-b2812a1f12cc — копия.jpg

Ахаң Торғай мектебін бітіргеннен кейін Орынборға барады. Орынбордағы Ахаң оқыған мектеп әуелгіде Орыскіде ашылған. Орскіні қазақтар Жаманқала дейді. Кейін Орскідегі мектеп өртеніп кетеді де оны Орынборға көшіреді. Алғашқы бір жыл Орынбордағы мектеп Ильин деген көпестің үйінде болады. Келесі жылы оқу үйі татарлар мектебіне орналасады да, татар мектебі Қазанға көшіріледі. Ал осы Орынбордағы татар мектебі Ыбырай оқыған 7 жылдық мектеп болатын. Сөзіміздің басында Ахаң бейне бір Ыбырайдың ізімен жүрген секілді деп айттық қой, енді оған өзіңіздің де көзіңіз жетеді. Ыбырай ашқан мектепте оқыған Ахаң Орынборға келгенде тағы сол Ыбырай оқыған мектепте білім алады. Бұл оқу орнының жоғары қабаты жатақхана болған. Яғни Ахаң да Ыбырай жатқан жерде тәлім алды. Бір елден шығып, бір жерде оқығаннан кейін мұндай ұқсастық болады ғой, дегенмен екі заманда туса да, жаратқан олардың тағдырларын осылайша түйістірген секілді.

- Әңгімеміздің бір өзегі Ыбырайға да қатысты болып отыр ғой. Кейде Ыбырай туралы крест тағынып, дінін өзгертіпті деген де пікір қылаң беріп қалады. Ыбырай ғұмырын жете зерттеген ғалым ретінде бұған не дейсіз?

- Бұның шындыққа еш жанаспайтынын Ыбырайдың жазғандарынан, өлеңдерінен-ақ байқауға болады. Ыбырайдың дүниетанымы – түркілік дүниетаным. Ол 7 жыл оқығанда орыстанып кетті, шоқынып кетті деген сөздердің бәрі ақиқатпен қабыспайтын дүниелер. Ол кездегі жағдай мүлде басқа. Қазір дінің өзгеріп жатса жұрт білмей қалуы мүмкін. Ал ол кезде ел бәрін бақылап, біліп отырған. Егер Ыбырай дінін сатса, аталары теріс айналып, мүлде көрмей кетер еді. Айнала ел-жұрты теріс батасын берген болар еді. Мен Ыбырай ғұмырын зерттеп жүріп, атасы Балқожаның баласына жазған тағы бір хатын таптым. Бұл ғылыми айналымға енген, көпшілік білетін хаттан бөлек хат. Сонда атасы Ыбырайға: «Қашанда нашарлардың жағында бол, сен қалың жаудың арасына кетіп барасың», – деп айтады. Балқожа да елінің мектебі болған білімдар адам. Егер Балқожа орысқа берілген, шен-шекпенге сатылған болса, осындай сөз аузынан шыға ма?!

Ыбырай жалпы өмір ұстынында өзінің түркілік танымынан ауытқыған емес. Оны ағартушының «Бәріміз бір атаның баласымыз, жігіттер бір-біріңе қарасыңыз» деген өлеңінен де түйсінуге болады. Ал Ахаңның жолы – азаттық жолы. Ахмет тек қазақ деді, алашым деді. Ахаңдардың күресін жалаң билік үшін ғана күрес деп ұғынбау керек. Олардың күресі келешек мемлекеттілік үшін, ұрпақтың болашағы үшін ашылған күрес. Ахмет Байтұрсынұлы – ұлтын ұлықтаған тұлға.

- Ахаң туған топырақта дүниеге келдіңіз. Ахаң жайлы бала күніңізде естіп-білдіңіз бе? Ұлт ұстазын тануыңыз қай кезден басталады?

- Ахаңды жақсы білетінім мен Ахаң өскен топырақта тудым. Бала күнімнен естігенім Ахмет еді. Ахмет дей бермейтін, көбіне Ахаң деп құрметтеп атайтын. «Ахаң былай деп еді», «Ахаң өстіп айтып еді» деп еске алып отыратын үлкендер. Ауылымызда Жүсіпбек Салықұлы деген қария болды. Марқұм ылғи Ахаңның өлеңдерін айтушы еді. Бірақ Ахаңның атын айтпай, тек өлеңдерін ғана оқитын. Сөйтсек, кейін білдік қой, ол кісі Ахаңды насихаттап, өлеңдерін жария айтқаны үшін жазықты болып, айдалып келгені бар екен. Сырбай Мәуленов «Құйма құлақ, көкірегі күй сандық» деп атаған Ахметқан Әбіқаев деген кісі болды. Көкірегі расында казына еді. Сол кісінің аузынан Ахаңның өлеңдерін жазып алдым. Және бір қызығы, кейін өлеңдерді Ахаңның төл кітабымен салыстырып қарасам, рет-тәртібі кітаппен бірдей. Бірінші айтқан өлеңі кітаптың бірінші бетінде, ал екіншісі екінші бетінде тұр. Еш ауыспаған, ауытқымаған. Міне, мен Ахмет Байтұрсынұлының шығармаларымен бала күнімде осылайша қанықтым. Атын атамағанымен, елдің Ахаңа деген ықыласы айрықша еді. 1937 жылы Ахаң халық жауы болып атылғанда, ел кітаптарын киізге орап көмді. Орнын баласына өсиет етіп көрсетіп кетті. Кейін Ахаң ақталғаннан кейін сол кітаптарды қайта қазып алғанда еш бүлінбеген күйі сақталғанын көзіміз көрді. Міне, Ахаңа деген халықтың құрметі.

Өмірде Ахаңа сатқындық жасағандар көп болған, ал Ахаң солардың бірде біріне күйе жағып, жалалаған емес. Жала, арыз дегеннен есіме түсіп отыр. Ертеректе Ғафу Қайырбеков, Сырбай Мәуленов ағаларыма ілесіп, Ахаң туған Ақкөліме бардым. Қабырғасы жерден жарты метр көтеріліп тұратын Мәшен үйінің жұрты бар еді. Сонда құран бағыштадық. Құранды оқыған Ғафу еді. Содан біраздан кейін ауылға келсек, Сырағаң айтады: «Серікбай, үстімізден домалақ арыз түсіпті, біздің құран оқығанымызды жеткізіп қойыпты», – деп. Ахаңның өлеңі бар емес пе еді: «Маған ауыр осылардың бәрінен. Өз ауылымның иттері үріп, қапқаны» дейтін. Жаулары Ахаңнан тірісінде қандай сескенсе, қайтқаннан кейін рухынан соншалықты үрейленді. 

- Ахаңның тұлғалық қалыптасуына өскен ортасының әсері қандай болды?

- Кез келген адамның негізіне тартып туатыны белгілі. Мен Ахаңды арғы ата-бабасынан қозғап жатқан себебім – Ахаң да арғы аталарына ұқсаған турашыл жан. Өйткені оның арғы тегінен тексерек, бірде біреуі елін сатпаған, керісінше жұрт қамын жоқтаған жандар. Бабалары – намыс үшін күресіп, әділет үшін айқасқан батырлар. Үлкен әкесі Ақтастың кәрі ояздың басын жаратыны сол намыстан. «Жыңғылды оқиғасын» зерттеп-зерделегенде мынаны байқадым. Даудың басы Байтұрсынның ағасы Ақтастың Тосын болысынан шығу туралы арыз беруінен басталған екен. Мәселе осыдан өршіпті. Көп жерлерде екі ру бір-біріне жау болды деп айтылады. Бірақ шындық олай емес. Екі ру өзара жау болмайды, екі елдің ру басылары, атқа мінерлерінде ғана қайшылық болады. Оны бүгінгі соғысып жатқан екі бауырлас елдің мысалынан да анық аңдауға болады. Кейін бұл дау басылып, екі ру қыз алысып, қыз берісіп, құдандалы болып кеткен. 

- Ахмет пен Ыбырайдан басқа Торғайдан Ғабдолғали Балғынбаев, Мұқан Тоқтабаев және басқа да көрнекті ағартушылар шыққанын білеміз. Бұл тұлғалар турасында да аз-кем айта кетсеңіз.

- Иә, дұрыс айтасың. Торғайдан шыққан мұғалімдер, ағартушылардың өзі бір шоғыр. Бұлардың арасында ескерусіз қалып келе жатқаны – Балғынбаевтар әулеті. Олардың ағайынды бесеу екенін жоғарыда атап өттім. Төртеуі мұғалімдікпен шұғылданған. Өкініштісі бұлардың атында не бір көше, не бір мектеп жоқ. «Қазақ» газетінің тілшілері ретінде үш қазақ қызының аты аталып, фотосы тарап жүр ғой. Соның бірі – Ғайнижамал Дулатова мен Аққағаз Досжанованың жанында тұрған Гүләйім Байғарина. Ол Ахмет Балғынбаевтың қызы. Ахмет  Мәметов  «Қазақ»  газетінде  «Г...ді»  жұбату деп өлең де арнаған. Гүләйімнен басқа, Балғынбаевтар әулетінен Рахима, Зура қатарлы Орынбор гимназиясын бітіріп, мектепте мұғалім болып істеген сауатты қыздар шыққан.

2d641053-369e-4bb8-afdb-556397f3dfca.jpg

Балғынбаевтармен қатар Тоқтабаевтардың да орны бөлек. Ағалы-інілі Мұқан мен Кәрім Тоқтабаевтардың да алашқа сіңірген еңбегі аз емес. Мұқан Тоқтабаев – Міржақып Дулатұлының алғашқы ұстазы. Осы тұлғаларға жалғас Торғайдан шыққан ағартушылар дегенде көп ауызға ілінбей, қалыс қалып қоятын тағы бір есім – Орынбордағы 7 жылдық мектепте Ыбыраймен бірге оқыған Шаһмардан Құлыбеков. Ыбырай 1864 жылы Торғайда мектеп ашқанда Шаһмардан Ырғызда оқу ісін жолға қойған. Алайда кейін қаржы тапшылығынан Шаһмардан ашқан мектеп жабылып қалады да, ол шекаралық комиссияда тілмаш болып қызмет атқарады. Ол кезде тілмаштардың айлығы қандай лауазымды тұлғаға аудармашы болғанына байланысты белгіленеді екен. Яғни шені жоғары ұлыққа тілмаш болған аудармашының еңбекақысы да қомақты. Қолдағы зерттеу деректері анықтағандай, Шаһмардан Құлыбеков Ыбырайдың мектебіне ұдайы қол ұшын созып, қолдау көрсетіп отырған. Бір әттегенайы елге ағарту дәнін сепкен Шаһмардан Құлыбековтың есімі ескерусіз қалып отыр. Басқаны айтпағанда, оның аты Ырғыздағы өзі ашқан мектепке де берілмеген. Міне, ел үшін еңбек еткен осындай ерлер ұмыт қалып барады. 

- Ахмет Байтұрсынұлы ғұмырының тағы қай тұсы әлі толық зерттелмей жатыр?

- Ахаң туралы айтылып, жазылып жатыр. Алайда Ахаң жұмбағы толық шешілді деп айтуға әлі де ерте. Қазақта «іздегенге інжу ілінеді» деген сөз бар. Сондықтан жалғасты іздестіру керек. Мысалы, Ахмет Байтұрсынұлының табылмаған «Мәдениет тарихы» атты еңбегі бар. Бір деректе ол баспадан жарық көрген бетте туралып кетті десе, енді бір зерттеуші қолды болған дейді. Қалай болғанда да алдағы уақытта мұның да ақиқаты аршылады деген сенімдемін.

Мен университет қабырғасында Темірбек Қожакеев, Әбілфайыз Ыдырысов деген ұстаздардан дәріс алдым. Олар Ахаңды өте жақсы білді. Алайда ашық айтып, әшкере атай алмады. Көбіне емеурінмен, тұспалмен сөйлейтін. Темірбек Қожакеевтың «Жас тілшілер серігі» деген еңбегі бар. Кеңес кезінде дайындалған оқу құралы. Сол еңбекте Ахаңның «Қазақ» газеті шыққан кездегі «Құрметті оқушылар» деп бастап, газеттің не екенін түсіндіретін тұжырым-пайымы сөзбе сөз қайталанған. Бұл ол кісілердің Ахаңды жақсы білгендігінің айғағы. Бірақ заманның тарлығынан Ахаңа сілтеме жасай алмаған. Сол секілді әдебиеттанушылар да өз еңбектерінде Ахаң атын айтпағанымен, жазып кеткен дүниелеріне сүйенгені ақиқат. Тілшілер болсын, әдебиеттанушылар болсын – қай-қайсысы да Ахаңды айналып өте алмаған. Оның тағы бір дәлелі – Ахаң тапқан терминдердің 37-сі Кеңес кезінде де қолданылған. Бұл жайында мен оқып жүргенде-ақ Ғайнекей Жармағанбетовтен білетінмін. «Әдебиет теориясын» жазған Қажым Жұмалиев те еңбектерінде Ахаңа арқа сүйемей өтпеген. Тіпті, мысалдарына дейін айна-қатесіз пайдаланған.

- Сұқбатыңызға көп рақмет. Тұлғатанудағы еңбектеріңізге тәңір жарылқасын айтамыз.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?