Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Елі үшін туған Тәшенов

2417
Елі үшін туған Тәшенов - e-history.kz

Адамзат баласы – Жер шарының бетінде өзінің қажырлы еңбегінің өрнегін сала білген жаратылыс. Осы жолда адамзат баласы орасан зор күш-жігер жұмсаумен келеді. Мұның бірер мысалы – Мысыр пирамидалары, Ұлы Қытай қорғаны, Жапония жасанды аралдары т.б. Сонымен бірге адамзаттың игілігі мен бақуаттылығы үшін деп Жер шарындағы табиғат ресурстарын игеру де соңғы екі ғасыр жүзінде аса қарқын алды. Бұл үрдіс әсіресе, ХХ ғасырдың екінші жартысында тым жедел жүрілді. Ұлы дариялардың суы қу медиен шөлдерге бұрып апарылуы нәтижесінде жаңа егін алқаптары пайда болды. Дренаждар қазылуы арқасында, қорыс батпақтар құрғатылып, елді-мекендер салынды, ну жыныс ормандар кесіліп, алаңқайлар халық шаруашылығына пайдаға берілді. Индустриялық дәуірдің алып техникаларын тізгіндеген адамзат баласы табиғаттың бермесін күшпен тартып алуға көшті. Жер шарын игерген адамзат баласы ғарышқа қадам басты. «Адамға табын жер енді» деп ақындардың шабыттана жырлайтыны осы тұс еді. Иә, адамзат баласының ХХ ғасырда ресурстарды игеруде зор қадамдар жасағанына, осы арқылы көптеген игіліктерге қол жеткізгеніне тарих куә. Соның бірі – Тың және тыңайған жерлерді игеру науқаны еді.

Батыс Сібір мен Қазақстанда жүрілген бұл науқанның оң нәтижесі мен кері салдары туралы аз жазылған жоқ. Кеңес Одағының билік иесі Иосиф Сталин қайтыс болғаннан кейін орнын басқан Никита Хрущев елдің назарын ірі науқанды жұмысқа аударуды көздеді. Экономикалық зор сілкіністің астарында қазақ даласын отарлауды толық аяқтау саясаты да жатқанын жоққа шығаруға болмайды. Екінші дүниежүзілік соғыстан жеңімпаз болып шыққан Кеңес Одағы билігі «түрі ұлттық, мазмұны социалистік» деген ұстанымның аясында одақтас республикаларды орыстандыру саясатын біртіндеп жүргізе бастады. Бұл саясат Тың игеру науқаны арқылы Қазақстанда айқын көрініс тапты. Қазақ жерінің табиғи байлықтарын интенсивті түрде игеру үшін қоныс аударушыларды миллондап әкеліп, жергілікті ұлтты азшылыққа ұшырата отырып, кеңестік ұлт қалыптастыруды бастау керек болды. Бұл туралы Н.С.Хрущев кезінде ашық мәлімдеген болатын. Яғни: «Біз Патшалық Ресейдің екі ғасырда жасай алмағанын бірнеше жылда жасап үлгердік», - деген сөзі Тың және тыңайған жерлерді игеру деген науқанның шынайы мақсатын танытады.

Тың игеру науқанының нәтижесінде Қазақстан тек Кеңес Одағы ғана емес, әлемдік ауқымдағы ең ірі астық өндіруші өлкелердің біріне айналды. Жаңадан мыңдаған кеңшарлар мен ұжымшарлар құрылды, бұған дейін үй жануарларының күшін пайдаланып атқарып келген көптеген жұмыстарды қуатты механикалық техникалар алмастырды. Жаңа қалалар мен кенттер салынды, мыңдаған шақырымға асфальт төселіп, теміржолдар салынды, каналдар қазылып, жоғары вольтті электр желілері тартылды. Ұсақ шаруашылықтар ірілендірілді. Мұның бәрін жетістік, ілгерілеушілік емес деп ешкім жоққа шығара алмайды. Дегенмен, мұның бәрі қазақ даласының кіндігі Сарыарқаның басынан-аяғына дейін орынды-орынсыз жыртылуы, топырағы шаңдаққа айналып эрозияға ұшырауы, қоныс аударушы тыңгерлердің көптеп келуі арқылы жергілікті ұлттың азшылыққа айналуы, қазақ мектептерінің көптеп жабылып, орыс тілі біржола үстемдік алуы, ең сорақысы – Қазақстан аумағының өзімбілемдікпен көршілес республикаларға бөліп беріле бастауы сияқты кесапатты сипаттармен жүзеге асқаны белгілі. Мысал үшін, тың игеру, индустриялық орталықтар салу, ірі кенорындарын игеру т.б. желеумен КСРО-ның еуропалық бөлігінен 2 миллионнан астам адамды көшіріп әкелу, сотталғандарға рақымшылық жасап Қазақстанға жіберу т.б. миграциялық үдерістер салдарынан 1959 жылғы статистикалық мәлімет бойынша қазақтардың өз жеріндегі үлес-салмағы 29 пайызға дейін құлдыраған. Тіпті солтүстік өңірлердегі кейбір жаңадан құрылған аудандарда қазақтардың үлесі он пайызға да жетпейтін еді.

Тың игерудің экономикалық тиімділігінен өзге, қазақ халқының демографиялық, тілдік, ділдік тұрғыда қағажу көретіндігін ұлт зиялылары ерте аңғарса да коммунистік биліктің саясатына қарсы шығар мүмкіндік те, ресурс та жоқ еді. Бірақ бұған қарап билік басындағы ұлттық кадрлар тарапынан ешқандай қарсылық болған жоқ деуге болмайды. Кеңестік әміршіл-әкімшіл жүйенің Қазақстандағы ұлт саясаты жөніндегі ұстанымдарына, Мәскеудің шешімдеріне батыл қарсылық көрсетіп, өз позициясын ашық білдірген тұлға – Жұмабек Ахметұлы Тәшенев болатын.

Ақмола құрылыс техникумын, КОКП Орталық Комитеті жанындағы жоғары партия мектебін бітіріп, аудандық партия комитетінің хатшысы, аудандық жер бөлімінің меңгерушісі, мал шаруашылық бөлімінің меңгерушісі қатарлы сан салалы қызметтерді атқара жүріп өмірлік бай тәжірибе жинақтауы Жұмабек Ахметұлының республикалық деңгейдегі биік лауазымдық қызметтерде жүрген шағында үлкен жәрдемін тигізгенін көреміз. Бір дәуірде қызмет атқарған тұтастас, тұрғыластарының естеліктеріне қарағанда өзінің өткір мінезі, зор білімі мен тәжірибесі, орыс тілін жетік меңгерген шешендігі арқылы Мәскеуден келген небір өркөкірек дөкір басшылардың мысын басып, райынан қайтара білген.

Жұмабек Тәшенев – Кеңес Одағының билеушісі Никита Сергеевич Хрущевтің шектен шыққан өзімбілем дөкірлігіне қарсы шығып, қазақ жерінің тұтастығын сақтап қалу жолында көзсіз ерлікке барған басшы ретінде туған халқының жадында мәңгілік жаңғырған қаһарман тұлға. Кезінде әдейі арамаза құйтырқылықпен Тың өлкесі атандырылған, астық шаруашылығына бейімделген бес бірдей облысты біртіндеп РСФСР-дің құрамына өткізіп жібермек болған Хрущевтің жымысқы саясатының алдын алып, қазақ жерінің тұтастығын сақтап қалған еңбегі туралы тәуелсіздік жылдары нақты айтылып, Жұмабек Тәшенев тұлғасы мемлекетшілдіктің символы ретінде ұлықталуда.

Бір айта кетерлігі басшылық қызмет жолдары кезеңдеріне қатысты деректерге көз жүгірткенде Жұмабек Тәшеневтің Тың және тыңайған жерлерді игеру науқанына деген позитивті ұстанымын аңғарамыз. Олай дейтін себебіміз, Жұмабек Тәшеневтің Тың және тыңайған жерлерді игеру науқаны басталар тұста қолдау танытқандығы. Ақтөбе облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарып жүрген Жұмабек Тәшенев Мәскеуде өткен одақтық партиялық кеңесте тың игерудің экономикалық және әлеуметтік тұрғыдағы прогрессивті тұстарын ашып көрсетіп қолдау білдірген екен. Айта кетерлігі, 1946 жылдан Қазақстан КП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы лауазымын атқарған Жұмабай Шаяхметов Тың және тыңайған жерлерді игеру науқаны түптің түбінде қазақ халқы үшін жақсы нәтижеге апармайтынын, тың игеру үшін жыртылуы тиіс деп есептелген жерлер тек мал жайылымына ғана жарайтынын айта келе, жаппай игерудің үлкен зардаптарға ұшырататынын айтып қарсы шыққаны үшін орнынан алынып, лауазымы төмендетілген болатын. Демек, Тың игеру науқанының түпкі астарын сезініп, өз қарсылығын ашық білдірген алғашқы лауазымды тұлға Жұмабай Шаяхметов екендігі анық. Мәселе кімнің алғаш, кімнің кейін қарсы шыққанында емес, мәселе – басшы кадрлардың ұлт мәселесіне келгенде, бой тартып қалмағандығында.

Тың игеру жылдары жалпы Кеңес Одағында 42 млн. гектар тың жер жыртылса, осының ішінде 27 млн. гектар аумақ Қазақстанға тиесілі екен. Империялық билік бодан жұртының аумағындағы өзінің өктем саясатын іске асыруға арналған кез келген іс-әрекеттің «флагманы», «пионері» ретінде жергілікті халық өкілін көрсететін дағдысы бары белгілі. Осыған сәйкес КСРО көсемі Никита Хрущев 1954 жылы күзде өткен тың игерушілердің тұңғыш жиынында: «Тың және тыңайған жерлерді игеру науқанының көшбасшысы, бастамашысы Ж.А.Тәшенев», - атап көрсетеді. Осыдан кейін Жұмабек Ахметұлы Тәшенев Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Төралқа Төрағалығына ұсынылып, сайланады. Бұл – қазақша айтқанда «кісі қолымен жылан ұстату» немесе тың игеру науқанын жергілікті халықтың өз ортасынан шыққан адам өзі бастады деген ойды сіңіру еді. Жұмабек Тәшенев қатарлы ұлттық кадрлар арқылы жымысқы саясатты жүзеге асыруды ойлады. Дегенмен, Н.С.Хрущевтің бұл зымияндығы тұтастай жүзеге асқан жоқ. Жұмабек Тәшеневтей жолбарыс жүректі қазақ азаматы қазақ жерін бөлшектеу саясатына батыл қарсылық білдірді. Елдің экономикалық қуатын еселеу, социалистік жарыс т.б. коммунистік ұрандардың тасасында Солтүстік Қазақстанның астықты алты облысын (бұрынғы Ақмола, Торғай, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Көкшетау) және Қарағанды облысының солтүстік бөліктерін біріктіріп Тың өлкесін («Целинный край») құрып, оны Мәскеуге тікелей бағыныста болдыру арқылы біртіндеп Ресейге қосудың авантюралық саясаты жүзеге асудың аз-ақ алдында тұрды. Тың өлкесінің орталығы Ақмола Целиноград атанды. Өз алдына партия комитеті, атқару комитеті, дербес ақпараттық органы, бюджеті болды. Бұл – үй ішінен үй тігу дегеннің нақ өзі еді. Тың өлкелік КПК І хатшысы Тихон Соколов әкімшілік орталығын Хрущевград деп атап, тікелей Одаққа қарайтын өлке жасау туралы мәселені күн тәртібіне қояды. Осыдан кейін Н.С.Хрущевтің Тың өлкесін Мәскеуге бағынысты қылу жөніндегі ұсынысы саяси бюроға келіп түскен кезде Қазақстан басшылығы тарапынан қарсылық реакция білінбейді. Тек қана Жұмабек Тәшенев қарсы шығады. Хрущевтің осы сұрақты бюроға күн тәртібіне қойған кезінде Жұмабек Тәшенев асқан батылдық танытып, бұл жойдақсыз авантюраға қарсы шығады. «Мен Ақмола облысының тумасымын. Солтүстік Қазақстан облысында он екі жыл жұмыс істедім. Менің ата-анам, олардың ата-аналары, біздің ата-бабаларымыздың бәрі осы жерде мәңгілік тыныс тапқан. Сонда сіз осы жерді Ресейге өткізбексіз бе? Ойлаңыздаршы, жолдастар, бұған қандай қазақ келіспек? Мен, мысал үшін, мұндай сұрақтың қойылуына үзілді-кесілді қарсымын!» - деп тойтарыс берген.

Бұл туралы сол кезеңде Қазақ КСР-і Оқу министрі, Қазақ КСР-і Министрлер Кеңесі Төрағасының орынбасары, Сыртқы істер министрі лауазымды қызметтерін атқарған жазушы Әди Шәріпов былай деп жазған екен: «Н.С.Хрущев Тың өлкесін РСФСР-ге бағындырудың амалын іздеп, саяси бюроға қайта-қайта ұсыныс жасады. Республика басшылары бәрі дерлік тың өлкесін Ресейге беруге де, Орталыққа бағындыруға да қарсы болмады. Қазақ халқының атамекенін Ресейге беруге қарсы болған жалғыз адам – Ж.А. Тәшенев. Халқымыздың тамаша, шұрайлы жерін бір қатерден аман сақтап қалғанының куәсі болғанбыз». Бұл – тұрғылас лауазымды тұлға тарапынан айтылған шынайы куәлік. Үкімет Төрағасы Жұмабек Тәшенев өзінің алғырлығы, өжеттігі мен кәсіби білім-білігі арқылы Тың өлкесіне Мәскеуден жіберілген Т.Соколов, В.Мацкевич, Ф.Коломиец қатарлылардың мысын басып, олардың қазақ топырағын баса көктеп, емін-еркін билеп-төстеуіне жол бермеген. Тың өлкесін Ресейге қоспақ болған Бас Хатшы Н.С.Хрущевтің алдында: «Солтүстік облыстарды Ресейге қоса салу қазақты қорлау, намысын жер ету, қалыптасқан шаруашылық экономикалық қарым-қатынастарды біржолата құрту деген сөз. Халықтың тамырына балта шабумен бірдей», - деп маңдайдан соққандай етіп тіке айту – елін сүйген ердің ғана қолынан келетін батылдық екенін бүгінгі күн тұрғысында да сезіну қиын емес болар, сірә. Қазақ жерін ядролық сынақ алаңына айналдыруға да батыл қарсы шыққан басшылардың бірі де Жұмабек Тәшенев болғандығы айтылады.

Жұмабек Тәшенов республиканың саяси, экономикалық, мәдени дамуына басшылық жасаған жылдары қазақ мемлекетінің аумақ тұтастығының сақталуына көп еңбек сіңірді. Маңғыстауды Түрікменстанға қосу жөніндегі ұсыныстарға тойтарыс берді. Тың өлкесіне біріктірілген солтүстік облыстарды Ресейге, Оңтүстік Қазақстанның мақта егетін аудандарын Өзбекстанға беруге қарсы шықты. Қазақстан жерінде ядролық жарылыстар жасауға қарсылық білдірді. Әдебиет, мәдениетке қатысты шығармашылық одақтар өкілдеріне үй-пәтер бергендігі шамшыл шовинистерге ұнамағандығы анық еді. Сондықтан да жоғарыға арыздар домалатылып, онда: «Ұлтшыл Жұмабек Тәшенев Алматының ортасында “қазақ ауылын” құрды», - деген айыптау айтылды. Қазақстан жазушыларының органы «Қазақ әдебиеті» газетін жабылудан қорғап қалған, «Социалистік Қазақстан» газетін «Казахстанская правданың» аудармасы ретінде шығару керек деген ұсыныстан туған қауіптен арашалап қалғандығы – ұлт руханиятына деген жанашырлығының шынайы көрінісі екендігі анық.

Жоғарыда атап өткеніміздей, Жұмабек Тәшенев Қазақстандағы тың игеру науқанын заманауи прогресс, жетістіктер мүмкіндігі ретінде қарастыра отырып, озық технологияларды енгізіп, еңбек өнімділігін жоғарылатуға күш салған басшы. Тың өлкесіне Одақтағы ең озық машина-техникалар, құрал-жабдықтар, тұқымдар жеткізілуіне мән берумен қатар, ауыл шаруашылығын ғылыми негізде дамытуға баса мән беріп, түрлі ғылыми зерттеу институттарын құруға атсалысты. Жұмабек Тәшенев тек Тың өлкесін ғана қорғап қойған жоқ, Өзбекстанға беруге мақұлданған оңтүстіктің мақталы аудандарын, Түркменстанға қоспақшы болған батыстағы мұнайлы аудандарды да қызғыштай қорып, бар ресурсты пайдаланып, ел мен жердің тұтастығын сақтады. Жұмабек Тәшенев жоспар, экономика деп шапқылаған көп бастықтың бірі әсте болмаған. Өзі басшылық еткен заманда Қазақ руханиятына олжа салар ақын-жазушылардың баспана мәселесін шешуге мән беріп, Алматы қаласынан көп пәтерлі үйді қаламгерлерге еншілеп береді. Қазақстандық әдебиет және өнер қайраткерлерінің еңбегін мемлекет тарапынан лайықты бағалау тұрғысында да көп еңбек сіңіреді. Осындай игілікті істерімен ел ықыласына бөленген білікті басшы Жұмабек Тәшеневтің басты тарихи еңбегі – қазақ жерінің тұтастығын сақтап қалуы.

Тың өлкесін Ресейге қосуды жүзеге асыруына кедергі келтірген ұлтсүйер басшы Жұмабек Тәшеневті ожар көсем Никита Хрущевтің кешіруі мүмкін емес еді. «Жұмысын лайықты атқара алмады» деген жалған желеумен 1961 жылы 3 қаңтарда қызметінен босатылған Жұмабек Ахметұлы жарты жылдан соң Шымкент (Оңтүстік Қазақстан) облысы атқару комитетінің орынбасары қызметіне жіберіледі. Мұнда 1961-1675 жылдары қызмет атқару барысында да облыстың ауылшаруашылығын өркендетуге зор үлес қосады.

Жұмабек Ахметұлы тек ел басқарып, әкімшілік саласында ғана белсеніп қоймай, ұзақ жылдық тәжірибесі негізінде ғылыми-зерттеу жұмыстарымен де айналысады. Экономика саласы бойынша 1962 жылы кандидаттық, 1974 жылы докторлық диссертациясын Мәскеуде сәтті қорғайды. Көптеген ғылыми мақалалар мен монографиялық еңбектер жазып жариялатады. Елдің экономикалық дамуы бойынша талдаулар, сараптамалар жасайды. Елі үшін туған ер азамат биік немесе төмен қандай қызметте жүрсе де қоғамға, халқына қолынан келгенше игілікті іс қыла алатынының айқын куәсі – «шынжырдағы жолбарыс» атанған, алаштың арда азаматы, ел ағасы Жұмабек Тәшеневтің өмір жолы.

Қазақстан – әлемдегі астық өндіруші он ірі мемлекеттің бірі. Бұл – айтуға ғана оңай. Кеңестік кезеңдегі миллиард пұт астық алу әлеуеті бүгінгі тәуелсіздік дәуірінде арта түспесе кеміген жоқ. Астық шаруашылығымен шұғылданатын, мұны өмірім деп білетін тұтастай династиялар қалыптасты. Тоқсаныншы жылдардан бергі сан түрлі аласапыранда да ата кәсібіне адал болып, астықты алқабын тастап кетпегендер – солар. Тәуелсіз Қазақстанның астықты өңірлері – солтүстік облыстардың әрқайсысы жылына 4-5 миллион тонна астықты уақытында жинап, қамбаға құйып алып отыр. Тыңайтқыш өндірісі де біршама жолға қойылған. Академик А.Бараев атындағы Қазақ астық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының алпыс бес жылдық тарихы – еліміздегі егін шаруашылығының заманауи даму жолы. Мұндай биік жетістіктерге Қазақстан бір немесе бірнеше жылда жете салған жоқ. Жетпіс жылға жуық уақыттағы әлденеше буын ұрпақтың қажырлы еңбегі жатыр, мұнда. Ең бастысы: «Жер, жер, және де жер! Жерсіз – Отан жоқ!» - деп ұлт көсемі Әлихан Бөкейханов айтқанындай, Ел, Жер, Отан бар, олардың тұтастығы бар. Осы тұтастыққа озбыр қол сұғанақтық жасамақ болғанда, арыстандай ақырып қарсы тұрып, қорғап қалған Жұмабек Тәшеневтей батыл ерлердің еңбегін әрдайым санамызда жаңғыртып ұрпақтан ұрпаққа үлгі етіп, олардың санасына сіңіру – басты ұстанымымыздың бірі бола бермек.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?