Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Алаш және Тәуелсіздік

3002
Алаш және Тәуелсіздік - e-history.kz

Бүгін — күллі қазақ, күллі Алаш қастерлеген қасиетті һәм қасіретті күн. Биыл ел тәуелсіздігіне тура 30 жыл толып отыр. 

Тақырыпта былай қоюымыздың өзіндік себебі бар. Өйткені еліміздің тәуелсіздік алуына, шекарасын бекітіп, еңсесін тіктеуіне ересен еңбек еткен бір күш болса, ол осы Алаштықтар еді. Бүтін бір зиятты, сауатты топтың, интеллигенцияның қазіргі Қазақстан үшін сіңірген маңдай терін өлшеп-сызу мүмкін де емес шығар. Бұл туралы әлеуметтанушы, ғалым Қанағат Жүкешев «Қазақстан 1991 жылы мемлекеттік тәуелсіздігін алмас еді, егер 1936 жылы КСРО құрамынан шығу құқығы бар Одақтас республика мәртебесіне көтерілмесе. Қазақстан Одақтас республика мәртебесіне қол жеткізе алмас еді, егер 1920 жылы автономиялық республика болып құрылмағанда. Қазақстан автономиялық республика бола алмас еді, егер Әлихан Бөкейханов бастаған алашордашылар ерен ерлік көрсетіп, жанкешті әрекеттерге бармаса...» дейді.

Ал тарихшы, алаштанушы Сұлтанхан Аққұлұлы: «Қазіргі Қазақ мемлекетінің іргетасы мен бүгінгі тәуелсіздігінің негізін 1920 жылдың тамызында Кеңес өкіметі емес, 1917 жылдың желтоқсанында құрылған, кеңестік тарихымыз бен кеңес дәуірінен мұра болып қалған тарихшы ғалымдарымыздың еңбектерінде «Алаш ұлттық-территориялық автономия» деп кеңестік терминмен аталып келген мемлекеттік құрылымды шынайы тарих ғылымы тұрғысынан объективті түрде қарастырып, зерттеп, саяси билікке не солтүстік көршімізге жалтақтамай, оны Алаш Мемлекеті деп әділ сипаттап, лайықты тарихи бағасын беріп, үзілді-кесілді айтатын күн туды.
Ұлттық тарихымыздың басқа кезеңдерімен қатар, ХХ ғасыр басындағы «Алаш» кезеңін де мейлінше бұрмалап, кемсітіп сипаттаған кеңестік тарихнаманың шырмауынан  арыла алмаған алаштанушы ғалымдарымыздың бірі: «Алаш Автономиясы жарияланған жоқ; жарияланғаны туралы ешбір тарихи дәлел жоқ; Демек Автономия болған жоқ, тек Алаш Орда үкіметі ғана болды» деген көз көріп, құлақ естімеген «ғылыми жаңалық» та ашып берді.
Бұл келмеске кеткен Кеңестік дәуірдің заманы өткен, тарих ғылымына қатысы жоқ кертартпа тұжырымы. Мемлекеттің өзі болмай, оның жоғарғы мемлекеттік атқару билігі, яғни үкіметі болды деу – неткен сандырақ?!?
Егер ХХІ ғасыр басында француз халқы одан 2 ғасыр бұрын бар-жоғы 72 күн ғана ғұмыр кешкен «Париж коммунасын» бүкіл әлем алдында мақтан етіп жүрсе, 1847 жылы біржола ыдырап, тарих сахнасынан түскен Қазақ хандығының үйіндісінен заманауи Алаш-Қазақ мемлекетінің іргетасын көтеріп, жерін қорғап, шекарасын шегелеп, 2 жылдан астам егеменді ел ретінде ғұмыр кешіп, ақыр соңында Кеңестік Қазақ Республикасы болып қайта құрылып, бүгінгі Тәуелсіз Қазақ Елінің мызғымас фундаментін қалап кеткен Алаш Ұлттық Жерлі Аутономиясын «болған жоқ» деп өзімізді өзіміз кемсітуді қашан қоямыз?» деп жазады.

Иә, алаштанушының көтеріп отырған мәселесі өте орынды-ақ. Себебі Алаш зиялыларының маңызын, атқарған жолын ескермей, «Тәуелсіздік» деген асыл ұғымды қоғамның ұғынып-ұғынбауы, бағасына жетуі екіталай. Біздің де тілер тілегіміз сол. Алаш үшін аяулы саналған тәуелсіздікке қол жеткізген соң, оны қастерлеп ұстау, ұлықтау — қазіргі ұрпақтың басты парызы.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?