Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

П. Столыпин қоныс аудару саясаты туралы. 2-бөлім

1974
П. Столыпин қоныс аудару саясаты туралы. 2-бөлім - e-history.kz

Qazaqstan Tarihy порталы Министрлер Кеңесінің төрағасы П.А. Столыпиннің 1910 жылдың тамыз айының соңы мен қыркүйек айының басында жүргізген инспекторлық сапарынан кейін соның қорытындысы бойынша дайындаған «Записку Председателя Совета Министров и главноуправляющего землеустройством и земледелием о поездке в Сибирь и Поволжье в 1910 году» жазбасында айтқан идеяларын қарастыруды жалғастырады. Екінші бөлімде реформатор қазақ даласына қоныс аудару саясатының қазақ шаруашылықтары үшін оң тұстарын бөліп көрсетеді. Жазбада Төраға шаруалардың қоныс аударуын ұйымдастыру тәжірибесін талдауға тырысты және қоныс аудару саясатын жетілдіруге бағытталған ауқымды бағдарламаны ұсынды.

Қоныс аударудың қазақ шаруашылығына әсері

Столыпиннің пікірінше, Сібірге қоныс аудару қазақтарды тықсырса да, оларды құр алақан қалдырмаған. Миллиондаған десятиналарынан айырылғанымен де, оларда қалған жер нарықтық құндылыққа ие болды; далада шөп шабуға, егістікке, астыққа, малға баға пайда болды.

1898 және 1908 жылдары Ақмола облысын зерттеу 10 жыл ішінде орыс қоныс аударуының әсері қазақ шаруашылықтарының әл-ауқатының едәуір артуына әсер еткенін көрсетті. Кедей шаруашылықтардың саны 1,5 есеге азайды; олардың шаруашылықтардың жалпы санына қатысты пайызы Петропавл уезінде 83% - дан 51% - ға дейін төмендеді; Көкшетауда-75% - дан 49% - ға дейін, Омбыда - 67% - дан 55% - ға дейін% төмендеген. Ауқатты шаруашылықтар саны артқан. Қазақтардың өздерінің жыртатын жерінің көлемі өскен;  адам ең көп қоныстанған аталған үш уезде егістік иелерінің саны 5,5 мыңнан 11 мыңға дейін, ал егілген десятина ауданы 11-ден 25 мыңға дейін өсті. Әсіресе, Омбы уезінде қазақ егіншілігінің тез өсуі байқалды, онда қазақтың жер жыртуы 10 есе өскен. Жекелеген болыстықтарда  егін егетін шаруашылқтардың саны 95-100% өскен.

Сонымен қатар, жоғары бағаның арқасында қазақ мал шаруашылығы да өскен. Петропавл уезінде жылқы мен қара мал басы екі есе (120% - ға), Омбы және Көкшетау уезінде-1,5 есе (52% - ға және 68% - ға) өскен. Атбасар уезінде ірі қара мал 80% өскен.

Осындай мәліметтерді Торғай облысының Қостанай уезінде де көруге болады: 10 жыл ішінде әр шаруашылықта себудің орташа көлемі 3-тен 7 десятинаға дейін өскен; мал басының саны үштен, ал түрлі кәсіпшілікпен айналысатын шаруашылықтардың саны 20% - дан 49% - ға дейін өсті.

Столыпин қазақтардың әл – ауқатының өсуінің басты белгісі ретінде қазақ халқының жыл сайынғы жоғары өсімін атады - 2,3%, ал Ресей бойынша ол 2% - дан төмен болған. Бұдан әрі ол қазақтарда бала өлімі азайғанын атап өтеді: 12 жыл ішінде үш жасқа дейінгі балалардың тірі қалуы 25% - ға өскен.  

Қазақ жерінің бір бөлігінің қоныс аударушылардың қолына өтуі қазақ шаруашылықтарын күйреткен жоқ. Қазақтарға қара топырақты орыс губернияларындағы ортаңқол помещиктерде қанша жер болса, қазақтарға сонша жер қалдырылды. Ең төменгі нормалар бойынша қазақтарға: Петропавл уезінде – бір киіз үйге 74 – тен 323 десятинаға дейін, Ақмолада – бір киіз үйге 85 – тен 286 десятинаға дейін, Көкшетау уезінде – 72-ден 328 десятинаға дейін, Атбасар уезінде-55-тен 358 десятинаға дейін және Омбы уезінде - бір киіз үйге 77-ден 204 десятинаға дейін жер қалдырылды.

Далалық өлкеде 5 жылда мал бағасы 50% өскен. Жер құны да жылдам өсіп кеткен. Егер бұрын қоныс аударушылар қазақтардан жерді жалға алудың бірінші жылында - тегін (тың жерлерді көтерудің қиындығына байланысты); екінші жылы - десятинасын 25-30 тиыннан, үшінші жылы - 75 тиыннан 1 рубльге дейін жалға алған. 1910 жылы Омбы және Петропавл уездерінде қазақтар қоныс аударушылардан жалға алудың бірінші жылында-ақ десятинасына 1,5-тен 3 рубльге дейін ала бастаған.

Қазақ даласында жер сату бағасын акңду қиын, өйткені заң бойынша бұл жақта жеке тұлғалар арасында жер сатуға тыйым салынған. Алайда, заң бойынша сатылуға рұқсат етілген жерлер, мысалы Сібір казак әскерлерінің он версттық жолағы шегіндегі офицерлік телімдер, 1907 жылы теміржолға жақын маңайда десятинасы 40-тан 60 рубльге дейін сатылса, 1910 жылы 80-нен 100 рубльге дейін сатыла бастаған. Ертіс бойында, Семей және Павлодар уездеріндедегі дәл осы он версттық жолақ шегіндегі офицерлік учаскелердің бағасы үш жылда десятинасы үшін 25-50 рубльден 40-70 рубльге дейін көтерілген. Сәйкесінше қазақ жерлерінің де бағасы өскен.  Осылайша, қоныс аударушылар үшін жүргізілген «жер алуларынан» кейін қазақтар жер көлемі бойынша аз, бірақ бағасы жағынан айтарлықтай қымбат жерлерге ие болған, бұл қазақтарды жерден көбірек пайда алуға үйретті.  

Қазақ даласының экономикалық өміріндегі құбылыстардың бірі - қонысаударушылар қоймаларынан қазақтарға ауыл шаруашылығы машиналарын, шөпшапқыштарды сату болды. Қазақтарға жыл сайын 100 мың рубльге машиналар мен құрал-жабдықтар сатылған. Мысалы, 1909 жылы  57мың рубльге  416 шөп шабатын машина, 23 мың рубльге 397 тырма, 20 мың рубльге 125 лобогрейка және т. б. сатылған. 1908 жылы Ақмола облысын статистикалық зерттеу кезінде қазақтарда жалпы алғанда 6 116 жеке шөп шабатын машина тіркелген.

Столыпин қазақтар мәңгі көшпенді болып қалмайтынына сенім білдірген. «Тәжірибе олардың егіншілік тұрмысына көшуге қабілетті екендігін куәландырады, ал орыстардың далаға қоныс аударуы көшіп-қону ауданының еріксіз қысқаруына байланысты соған қуатты әрі әзірге жалғыз түрткі болып отыр. Сондықтан Дала мен көшпенді шаруашылықты осында орыс диқаншысының келуінен қорғау, тіпті қазақтардың өздеріне қатысты да барлық жағынан алғанда қате болар еді. Оның үстіне бұл орыс мемлекеттілігі мен мәдениеті мүдделері тұрғысынан да кешірілмейтін қателік болар еді. Бір ғана Ақмола облысына келіп қоныстанып, қазақ көшпелілерінің қасында өсіп, нығайып үлгерген жарты миллион орыс шаруасы, өздерін ғана қоректендіріп қоймай, Еуропа нарықтарын да азықтандыра алатын миллиондаған пұт бидай өндірген сол ауқатты орыс кенттері, қазақ даласын тек қана қазақтар үшін сақтап қалу мүмкін еместігіне сендіреді», - деп атап өткен екен Столыпин. 

Қырғыздарды жерге орналастыру туралы мәселе

Қазақтарды жақсы қамтамасыз етіп, жақсы орналастыру – қате мақсат. Столыпин қазақтардың емес, қазақ даласының өзін ұйымдастырып, жекелеген көшпенділердің болашағы туралы емес, бүкіл даланың болашағы туралы ойлау керек екеніне кәміл сенеді.

Қазақтарды түпкілікті жерге орналастыру идеясы көшпелілерге олардың тұрып жатқан барлық жерін соларға бекітіп беруді білдірмеді. Отырықшылыққа дайын қазақтардың топтары ғана жерге орналастырылуы мүмкін және солай болуы керек. Қазақтарды жаппай жерге орналастыру бүкіл дала бойынша емес, егіншілік дамыған жекелеген аудандар бойынша ғана болуы мүмкін.

Қазақтардың шаруашылығы жеткілікті түрде жақсарып, дамымаған кең жерлерге келетін болсақ, онда көшпелілерге жердің бір бөлігін мүмкіндігінше төмендетілген нормалары бойынша қалдырып, артылған жерді алып қою саясатын жалғастыру қажет. Осыған байланысты Столыпин 1909 жылы 9 маусымда Министрлер Кеңесі бекіткен нұсқаулықты толықтыруды ұсынды. Мысалы, қазақтар мал шаруашылығын жүргізуді жалғастырған жағдайда, оларға егіншілікке жарамды егістік жерлерді қалдырмау. Қазақ даласының оңтүстігінде (мысалы, Семей облысында) мұндай жерлерді қастерлеуге тура келеді, сондықтан олардың көшпенді-мал өсірушілерден орыс диқаншасына көшуіне барлық шараларды қолдану қажет.  Сонымен қатар: орыс қоныс аударуы мейлінше жақындаған кезде, барлық топырақ, су, климаттық және экономикалық жағдайлардың осы аймақты егіншілік үшін уақтылы, тиімді және шұғыл пайдалануды қамтамасыз ететін шарттарын қарастырған жөн. Сонымен қатар, қоныс аударушыларға малының бір бөлігін сатумен жеткілікті түрде қамтамасыз етілген қазақтар мал шаруашылығын жүргізуді жалғастыратын болады. Мұндай жағдайда оларды, олар алып жатқан жерлерден, бәлкім, біршама құнарсыз болуы да мүмкін, бірақ жер көлемі үлкендігімен сол құнарсыздықты жабатын, оңтүстіктен әрі жатқан жерлерге алмастыру мүмкіндігін қарастыру қажет.

Қоныс аударудың әсерінен қазақ даласында екіжақты үдеріс жүрді: қазақтардың бір бөлігі қысқарған жер ауданында отырықшылыққа, егін шаруашылығына және дұрыс мал шаруашылығына көшсе, ал басқа бөлігі көшіп-қону үшін одан әрі оңтүстікке, бос жерлерге кетті. Екі жағдайда да босаған артық жерлерге дереу орыс қонысаударушылары қоныстандырылды.

Столыпин бұл екі құбылысты далалық Сібір табиғатының өндіргіш күштерін мейлінше жақсы пайдалану және Ресейдің жалпы ұлттық байлығын жинақтау тұрғысынан тек қана құптады. Қазақ даласын белсенді және жігерлі қоныстандыру қажет. 

Қазақтарды басқару

Халықты басқаруды ретке келтіру мәселесі даланың қоныстануымен және қазақтардың жерге орналастырылуымен байланысты болды. Сайланбалы болыстық билеушілер мен билердің халық сотына негізделген қазақтардың басқару құрылымы шын мәнінде құқықтық тәртіп пен әділдікті қамтамасыз ете алмады. Осындай заңсыздықты сақтауға мүдделі болыс басқарушылары мен билер өз жақтастарымен қазақтардың отырықшылыққа, егіншілікке және орыс болыстығы мен ауылдық құрылысының тәртібіне көшуін барынша тежеді, бұл ретте қазақтардың өзгешелікке ұмтылған бөлігіне зорлық-зомбылық көрсетуге дейін жеткен.

Сондықтан Столыпин халық соттарының құзыретін қысқарту және жекелеген ауылдардың, олардың шаруалармен жалпы негізде болыстық және ауылдық басқаруға бағынуымен ғана отырықшы учаскелеріне көшуді Үкіметтің жан-жақты ынталандыруы туралы мәселеге баса көңіл бөлді. Содан кейін жергілікті әкімшіліктің ерекше назары қазақ халқынан қазыналық және дүниелік борыштарды бөлу және алу тәртібіне аударылуға тиіс. Бұратаналарға қатысты одан арғы саясат үнемі басқару мен соттың жалпы тәртібін енгізуге ұмтылуы керек, бұл тұрғыда рұқсат етілген барлық ерекшеліктер мен айырмашылықтарды біртіндеп жою – қазақ халқының көпшілік бөлігінің мүдделеріне зиян келтіру және шет аймақтағы орыс мемлекеттілігінің дамуына нұқсан келтіру.

Жекелеген жағымсыз құбылыстар қандай болмасын, Столыпиннің пікірінше, қоныс аудару Еуропалық және Азиялық Ресейдің экономикалық өмірінде үлкен, жағымды факт болды. Столыпин осы жерде Милльдің сөзін келтіреді: «Жұмысшылар мен капиталды ескі елдерден жаңаларына, өнімділік аз болған жерден, өнімділігі жоғары жерге шығару, ескі елдің де, жаңа елдің де байлығының мөлшерін арттырады. Отарлау - барлық коммерциялық істердің ішіндегі ең тиімдісі». 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?