Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Конституция қоғам мүддесін қорғай алатын заң болуы керек

2990
Конституция қоғам мүддесін қорғай алатын заң болуы керек - e-history.kz

Сурет: https://anatili.kazgazeta.kz/news/43253

Қарахан дәуірінің ұлы ойшылы, ақын Жүсіп Баласағұнидың «Әділ заң тірегің» деген қанатты сөзі бар. Оның мәніне шынайы бойлай алуымыз үшін өзіміз өмір сүріп жатқан қоғамда заңдық құқықтарымыздың сақталуын талап етіп, заңдық сауатымызды арттырғанымыз жөн. Себебі мемлекеттік заңы адам пайдасына жазылмайтын елде адами құндылықтардың бағалануы неғайбыл. Міне, осы тақырыптарды терең түсіну үшін ҚР еңбек сіңірген заңгері, Заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бекет Тұрғараевпен тілдесіп, сұхбаттасқан едік. Ендеше сол шағын ғана сұхбатымызды мәртебелі оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

- Бекет аға, заң – мемлекеттің құқықтық жүйесін реттейтін нормативтік акт екені сөзсіз. Сіз бір жазбаңызда «Сот жабық корпорация емес» екенін баса айтасыз. Сіздіңше, бүгінде сот процесі мен құқық қорғау органдарының жұмысында олқы тұстар бар ма?

- Менің «Ана тілі» газетінде жарияланған «Сот жабық корпорация емес» деген мақаламда сот жүйесінде орын алып отырған кемшіліктерге кеңінен тоқталып, оны түзетудің жолдарын айтқан болатынмын. Бұл мақаламен еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та газетпен оқырман ретінде танысып, Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асановқа газет бетінде көтеріліп отырған мәселелердің дұрыс немесе бұрыстығына қалай қарайтынын сұрағанда Асанов мырза: «сот жүйесінің ардагері Бекет Тұрғараевтың көтеріп отырған сот жүйесіндегі олқылықтарды түзету жөніндегі орынды, біз сол бағытта жұмысымызды оңтайландырып шешеміз» деген пікірін айтқан. Мақаладағы көрсетілген, көтерілген мәселелердің әрбір пунктіне тоқталып, «Ана тілі» газетінде жауабы жарияланған. Төрағаның Президентке газет бетіндегі мақаладағы сын-ескертпелерді түзету үшін берген уәдесі бұл күнде іс-жоспарына енген болуы керек. Соның ішінде жоғарғы сот кеңесінің атына айтылған сын садағы нысанаға дөп тиді-ау деп ойлаймын. Себебі сол сыннан кейін сот кеңесіне мүше болған судьялар толық алмастырылып, жаңа құрам бекітілді. Жоғарғы сот кеңесінің төрағасы Талғат Донахов қызыметінен босатылды. Оның орнына тәжірибесі мол, сот жүйесінде ұзақ жылдар қызмет істеген, төменгі соттан Жоғарғы соттың судьялығына дейін жолдан өткен білікті маман Шип Денис Александрович тағайындалды. Жоғарғы сот кеңесінің кадрларды таңдаумен орналастыруының арқасында олардың таза қолдылығына көз жеткізе отырып, үміт арта аламыз. Сот жұмысының олқы тұстары бұрын да болған, қазір де бар. Оны термелеп айтсақ, уақыт жетпейді. уақыт келе сот жүйесін түзетуге ақыл ойы, парасаты жететін азаматтардың болуына байланысты түзеледі деген сенімдемін.   

- Заң саласындағы парақорлықты түбегейлі жою үшін қандай шара қолданған жөн?

- Заң саласындағы парақорлықты түбегейлі жою үшін мемлекеттің жүргізіп отырған әрекеті әлсіз. Парақорлықты жеңуге әлі де әлсіздік танытып отыр. Парақорлықты жою үшін айыпкерлерге белгіленетін жазаны барынша қатаңдатуымыз керек. Бұл жайлы да жоғарыда аталған мақалада нақтылай көрсетілген.

- Ұлт көшбасшысы болған Әлихан Бөкейханның «заң адам пайдасына жазылады, адам заң үшін тумайды» деген ғажап тәмсілі бар. Заңды толығымен адамның ар-ұятына, әділеттілікке, теңдікке, туралыққа бейімдеу үшін қоғамға қандай қасиеттер қажет болуы мүмкін?

- Әлихан Бөкейхановтың заң тұрғысында айтқан пікірі ғасырлар өтсе де, мәнін жоймайтыны анық. Аталық сөз қоғамдағы заңсыздықтарды жою үшін адам баласының ар-ұяты мен әділдігіне жай ғана сүйенуге болмайды. Адам баласы туабітті ақыл ойымен, парасатымен ғана болмайды. Сондықтан қоғамды басқарып отырған мемлекет оны заң күшімен реттеп отырады. Адамдардың ақыл-ойы мен тәрбиесі, мінез-құлқы заң талабына сай келген жағдайда, қоғамда келеңсіз жағдайлар кездеспейтін болады.

- 30 тамыз – ҚР Конституциясы күні. Аталмыш мерекенің тойлауда я атап өтуде бүгінгі күні елімізге жаңашылдық керек пе? Біз бұл мейрамның маңызын әсте біле бермейтіндей көрінетін сияқтымыз...

- ҚР конститутциясы – біздің Ата заңымыз. Барлық заңдылықтың, барлық заңдардың бастауы болып есептеледі. Конституцияға көптеген қажетті яки қажетсіз өзгерістер мен толықтыруларды енгізу арқылы Ата заңымыздың абыройын төмендетіп, қоғам мүшелерінің де оған деген көзқарасы төмендеген сияқты... Біз Ата заңымызды «артық қыламыз, қоғамды басқаруға ыңғайлаймыз» деп, қоғам наразылығын туғызатын қажет емес қағидаттарды енгізіп, рөлін төмендетіп алған секілдіміз. Конституция қоғамның мүддесін әділеттік, теңдік, туралық деңгейінде қорғай алатын, шашасына шаң жұқтырмайтын, сын айтуға келтірмейтін сап алтындай таза заң болуы керек.

- Алғашқы ұлттық конституцияда, кодекстар мен декларацияларда академик Салық Зимановтың қолтаңбасы қалғаны анық. Сіз сол ұстазыңыз Зимановтың жанында біраз уақыт серік болдыңыз, жақын араластыңыз. Оның осы өмірде өкінген һәм іске асыра алмай кеткен ойлары, жоспарлары бәлкім айта алмай кеткен сырлары бар ма еді?

WhatsApp Image 2021-08-30 at 17.48.13.jpeg

- Академик Салық Зиманов Ата заңымызбен Тәуелсіздік декларациясының және де басқа заңдарды қабылдаудағы рөлін «Ана тілі» газетінде №496 3 желтоқсан6 2020 жылғы санында менің «Замана Заңғары» деген мақаламда жан-жақты көрсетілген. Ол кісінің елге, халыққа, мемлекетімізге сіңірген еңбегі мемлекет тарапынан биік дәрежеде бағалануға тиіс еді, бірақ олай болмады. Өйткені әділетсіздікті әшкерелеп, бетке айтып, оны қоғамға жеткізген жандар әрдайым өз еңбегіне лайықты баға алудан ысырылып отырады. Салық Зимановтың да басынан сондай көріністер орын алғанын білемін. Ұлы Абай сияқты өмір сүрген, ортасының келеңсіздіктеріне жаны қиналып, күресерге қолдау таппай кеткен жағдайлары бар екені ол кісінің сұхбаттары мен мақалаларынан анық аңғарылады.

- Азаматтардың құқықтық сауатын арттыруда мемлекеттің ұстанған бағыты қандай болуы керек? Кейде біз бұл тақырыпты кейінге шегеріп, науқаншылдыққа жиі ұрынбаймыз ба?

- Азаматтардың құқықтық сауатын арттыруда мемлекеттің ұстанған бағыты әлсіз. Тіпті тұрмыс-тіршілікке, өмір сүруге қажетті заңдарды қоғам мүшелеріне жеткізіп-түсіндіру жұмыстары да ақсап жатыр. «Көш жүре түзеледі» деген науқаншылдықпен көп нәрседен ұтылып келеміз. Көп жағдайды көріп тұрып, іш қазандай қайнайды. Бірақ «күресерге дәрмен жоқ» деп қазағым айтқандай, билік болмаған соң ойлағаның іске аспай жататыны анық.

- «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деп жатады. Өзіңізге қатысты айтылған сынды қабылдай аласыз ба?

- «Сын түзелмей мін түзелмейді»-дейді халқымыз. Орынды, әділ сын әркімді де тура жолға салады. Жеке басым шамам келгенінше, ақыл-ойым жеткенінше, өз өміріме, тіршілігіме сын көзбен қараймын. Ұлы Абайдың «Сенбе жұртқа тұрсада қанша мақтап,

Әуре етеді артына қулық сақтап.

Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,

Ақылың мен еңбегің алып шығар екі жақтап...» деген қағидасын басшылыққа алып, өмір сүріп келе жатырмын.

Сұхбат алып, уақыт бөлгеніңізге көп рақмет!

- Сізге де көп рақмет!

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?