Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Тарихты дәріптеудің заманауи үлгісі

2734
Тарихты дәріптеудің заманауи үлгісі - e-history.kz

Кез келген сала, бағыт, дәстүр, тіпті көзқарас та заманның ағымына сай түрленеді. Өмірде мазмұны бай бола тұра, ашылмай қалған парақтар мен еленбей қалған ғажайыптардың саны жетерлік... Бірақ оны оқырманның білуі һәм маңызын ұғынуы үшін де жаңашыл көзқарастың керегі сөзсіз. Себебі онсыз ескілікке ұрыну, қарабайыр сүрлеуде қалып қою қатері көбірек. Міне, сол секілді біз оқитын, айтатын, жазатын, дәріптейтін тарих замануи үрдістерден қалыс қалмауға тиіс. Біз осы тұрғыдан елдегі тарихтың қалай оқытылатын, қалай тәпсірленетінін білеміз. Ал басқа мемлекеттерде ше?

Өзге елдерде тарих қалай дәріптеледі?

         «Әр елдің салты басқа...» демекші, тарих жалпыға ортақ шындықтан құралғанымен, оның дәріптелуі әрқалай. Мысалы, Испанияда кез келген тарихи оқиға халықтық мейрамға айналып үлгерген. Әрине, көбіне діни оқиғалар, рәсімдер мейрам ретінде тойланса да, тарихи оқиғалардың біразы жалпыхалықтық мейрам ретінде көрініс табады. Тіпті Мадрид көшелерінде адамдар асыр салып, сахналық қойылымдар қояды. Ал Франция мен Германияда тарихтағы қиын кезеңдерін, жеңілістері мен сүрінген тұстарын айтпауға немесе комедия мен комикс арқылы жеткізуге тырысады.

Испаниядағы тарих

         Испанияда мектеп оқушылары мен қарапайым халыққа оқытатын тарих – барлығы дерлік ғылыми ізденістердің жемісі емес, бұл кәдімгі халықтық жадтан және кездейсоқ оқиғалардан тұратын тарих. Елде шамамен 3 мыңға жуық мейрам болса, соның жартысынан көбі діни мерекелер де, қалғаны халықтық мейрамдар. Сан-Педродағы кельтиберлер мейрамы, католиктегі патшалардың таққа отыру рәсімі, Американың ашылуы, Лепантодағы жеңіс, тәуелсіздік жолындағы Наполеонмен күрес – мұның бәрі де Испанияда ерекше тойланып өтеді. 16 ғасырда өмір сүрген Антонио Перестің 20 ғасырда жарық көрген «Энциклопедия» кітабында Испания тарихы еркіндік пен теңдік үшін жасалған күрес екені айтылып, 44 беті діни рәсімдерге, ал 37 беті ел тарихына арналған. Сонымен қатар испан тарихында құлдарды саудалау мен американдық үнді тайпалары жайлы айтуға, сөз қозғауға тыйым салынған.


Moros y Cristianos en Onteniente.jpg


Германиядағы тарих

         Германияда тарихты дәріптеуде кино мен опера саласы ерекше қызмет етеді. Өйткені дәл осы салалар балалар мен жасөспірімдер арасындағы дүниеге деген көзқарасты қалыптастыруда ықпал жасайды. Мысалы, 20 ғасырдағы Адольф Гитлердің саяси режимінде де 500-ден аса фильм шығарылып, мектеп және жоғары оқу орнындағы шәкірттер 70 мың кинотуындыларды тамашалай алған. Бір қызығы, тарихи кезеңдерге тоқталу процесі де кері бағытта жүріп, жаңадан ескіге қарай ойысқан.

Франциядағы тарих

         Ұлыбритания мен Германия секілді Францияда да оқырман қауымға әлем туралы, дүние туралы көзқарасты қалыптастыруда жазушылардың сіңірген еңбегі мен жасаған әсері мол деседі. Виктор Гюго, Жюл Верн, Гийом Мюссо, Ги Де Мопассан, Альбер Камю – бұлардың бәрі әлемдік әдебиет пен мәдениет, тарих пен философия көкжиегінде маңдайы жарқырап көрінетін өте ірі тұлғалар. Ал кесек-кесек томдар мен романдардан бөлек, Францияда комикс өнері кең қарқын алған. Соңғы жылдары әлемдік саясатта комикс басылымдар жаңалықтардың қатарында бірінші болып ауызға ілігетін болды. Франция президенті Эмманюэль Макронның өзі былтыр сатирикалық бағыттағы дау туғызған комикс-журналды жабуға еш құқы жоғын айтып, сөз бостандығын шектеймейтінін айтуы – бұл өнер түрінің маңызын айқындай түседі. Франциядағы ең танымал комикс кейіпкерлердің бірі – Астерикс пен Обеликс. Бұл екі кейіпкер жайлы комикс, тіпті, 30 миллион данамен әп сәтте-ақ сатылып кеткен кездер болған. Бұл нені білдіреді? Демек француз халқының сараптау және сыни ойлау жүйесінде комикстің әсері бар екені байқалады. Тарихи бағытта жасалған аталмыш екі кейіпкер негізі Франция тарихындағы жеңілістерді әзіл ретінде көрерменге ұнамды етіп жеткізеді. Бұл туралы күні кеше өмірден өткен француз тарихшысы, педагог Марк Ферро бүкіл ғұмырын арнап, іргелі еңбектер жазып қалдырған.


AsterixObelixandDogmatix-749584-medium.jpg

Қазақстандағы тарих

         Біздің елдегі тарих жайлы сөз болғанда, көз алдымызға әуелі қалың кітаптар мен үлкен томдықтар елестейтін секілді. Тарих пәнінің методологиясына қатысты да біраз мәселе жоқ емес. Алайда қазіргі заманның ырғағын сезініп, соған сай әрекет етіп жүрген жастар да жоқ емес. Соның бірі – Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, тарих факультетінің студенті Қазыбек Жақсыбек. Қазыбек қазіргі уақытта «yu_otpan_club» деп аталатын инстаграм мен тик-ток желісіндегі парақшаларды жүргізеді. Бір ғана инстаграм парақшасында 7 мыңдай оқырманы бар оның тарихқа қатысты әзіл аралас видеоларын, мемдерін Тик-токта 276 мыңдай адам көріпті. Тарихты дәріптеудің заманауи әдісін тапқан белсенді кез келген салада жаңашылдық пен креативтің керегін айтады.


WhatsApp Image 2021-08-18 at 15.09.23.jpeg



WhatsApp Image 2021-08-09 at 12.27.07.jpeg



WhatsApp Image 2021-08-09 at 12.28.32 (1).jpeg


         - Жастардың тарихқа деген көзқарасы қазір жыл санап азайып бара жатыр. Бұған себеп – кітаптағы көлемді мәтін екені сөзсіз. Мәселен, 8-сыныпта оқитын оқушының қалың кітаптан гөрі ғаламтордан өзіне керек ақпаратты іздей салғаны өте тиімді. Бірақ жастардың тарихқа қызықпауы бұл – үлкен мәселе. Сол үшін видео-әзілдер мен түрлі мемдер арқылы әлеуметтік желіде тарихты дәріптеуге тырысып жүрмін. Неге мұндай шешім қабылдадым? Себебі қазір жастардың дені инстаграм мен тик-токта отырады. Бос уақытының бәрін я болмаса сабақтан шаршап, демалғысы келген кездерін осы әлеуметтік желіге арнайды. Соны ескере отырып, тарихты 15-20 секундтық видео-әзілдерге қосып көрсетемін. Әзіл аралас видеоны көріп отырған адам астында сол оқиғаға қатысты тарихи мәліметтерге, дәйектерге куә бола алады-дейді Қ. Жақсыбек

         P. S. Сонымен Қазыбектің сөзінен ұғынғанымыздай, Қазақстан тарихын дәріптеу үшін тек кітап қана жазып, маңызды мәліметтерді табу жеткіліксіз. Оған қоса оны аудиторияға, қоғамға, көрерменге қызықты қылып жеткізуіміз де қажет. Өйткені бұл – қазіргі жастардың сұранысына сай уақыт талабы.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?