Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Жібек саудасы жолындағы бәсекелестік

3907
Жібек саудасы жолындағы бәсекелестік - e-history.kz
Ежелгі түркілердің жері жібек саудасында тоғыз жолдың торабы болуы мен соғдылықтардың көшіп келуі Еуразия кеңістігінде Ұлы жібек жолының маңыздылығын арттырды

V ғасырда тарих аренасына түрік көшпелі тайпасы шығып, ал VI ортасында сонау қиыр Шығыстан, батысы Қырым даласына дейін созылып жатқан қағанат болып құрылды. Еуразия кеңістігінде Түрік қағанатымен қатар иық тіріскен Византия империясы, Сасанилық Иран мемлекеттері болды. Сол кездегі үш алып арасындағы бәсекелестіктің жоғары болғаны соншалық соңы саяси кикілжіңдергеде ұласып жатты. Бақталастықтың бірі жібек саудасы үшін талас болды, жібектің ол кездегі құны алтын мен басқада қымбат бағалы тастармен пара-пар болды. Жібек саудасында Византия императорлары арнайы әскер жалдап қатаң бақылауда ұстады және жібек жоғары бағаланатын көрші варвар, герман және славян тайпалары басшыларымен тығыз қатынас орнатып, қажет жағдайда басшыларын ақы беріп сатып алып отырды.

Жібек матасынан тігілген киімдерді тек қана ақсүйек өкілдері киді, сән-сәулеті жарасқан византиялықтар бір-бірінен қалыспай бар дәулетін жібек саудасына салды, сондықтанда Византияда жібек жоғары бағаланды. Бірақта Византиялықтар жібекті өздері өндіруге мүмкіндігі болмады. Жібек отаны –Қытай екені бәрімізге белгілі. Түріктерде византиялықтардан қалысқан жоқ өз кезегінде солтүстік-қытай княздығын талқандап, ал 561-563 жылдары эфталиттермен (ақ ғұндар) күресте жеңіске жетті. Түріктер қолында сонымен қатар Ұлы жібек жолының шығыс тармағы болды, бұл дегеніміз Қазақстанның оңтүстік-шығысы яғни тоғыз жолдың торабы. Дегенмен түріктерде де бірақ дейтіндей мәселе болды, түріктерде сауда-саттық дамуы басқа шығыс елдеріндегідей жоғары деңгейде болмады, себебі түріктер көшпелілікке бой үйреткен оның ішінде мал шаруашылығы мен егін және аң аулау. Түріктерге жібек саудасын ілгерілетуде соғдылықтардың орны бөлек, олай дейтініміз соғдылықтар шығыс пен батысты жалғайтын ортада алып-сатар саудада басты рөл атқарды. Соғдылықтар Түрік қағанаты келіп сауданың сырын үйретсе, ал түріктерден көшпелілік пен шаруашылықтың қыр-сырын үйренді. Олардың сауда керуендері Ұлы жібек жолының барлық кеңстігінде басы Бұқардан, соңы Қытайға дейін алып жатты.

Иштеми қаған елді басқарған кезде қағанаттың саяси-экономикалық жағдайы ушығып тұрған кез болды, Иштеми қаған сыртқы елдермен саяси қақиығысты шеше отырып, сауданы дамытуды да алға қойды, оған дәлел Иштеми қаған Иран шахы І Хосров Ануширванға (531-579) соғды көпесі Маниахты арнайы сауда-саттық келісім жасауға жібереді. Бірақ аумалы-төкпелі заманда сақтықты бірінші қойған иран басшысы бұл ұсынысқа келіспегенімен қоймай, сыйға келген жібекті өртеп жібереді. Осыдан келіп екі жақ соғысқа қамданады. Осы сәтте түріктер өзіне серіктес ретінде Византияны тартып, Маниах бастаған елшілікті сонда аттандырады. Манииах бастаған елшілік сапары ұзақта, қауіпті болды, 568 жылы Орта Азиядан бастап Каспий теңізі арқылы, Солтүстік Кавказ, Севастополис (қазіргі Сухуми) одан әрі Қара теңіз арқылы Константинополь. Ұзақ сонар жол сәтті де, табысты болды, оған дәлел әскери одақ болуға сенімділікті арттыру мақсатында Византия императоры 568 жылы Земарх бастаған елшілігін Түрік қағанатына жібереді.

Одан бөлек Византия тарихшысы Менандр екі ел арасындағы қарым-қатынас сол жылдан бастап дипломатиялық сипат алып, еларалық аралас - құраластық алға қойылды. Түрік қағанты мен Византия империясы арасындағы өзара миссиялық ынтымақтастықтың орнауы негізгі себеп Кавказ арқылы өтетін сауда-саттық, оның ішінде жібек саудасы. Бұл сөзімізге Ресейдің Краснодар өлкесінің Лабы өзенінен табылған археологиялық қазбалар. Қазба жұмыстарының ішінде назар аудартқаны VII- IX ғасырларға жататын «қытай саудагерінің кешені» (бұл атауды А.А. Иерусалимский берген) мен соғды маталарынан жасалған киім қалдықтары.

Кавказ арқылы жібек жолы саудасы ұзаққа бармады, VI ғасырдың ортасына дейін тұрақты қызмет атқарды, себеп екі ел (Түрік қағанаты, Византия) арасында толық сенім болмады, әсіресе түріктер византиялықтардың достығына аса сенім артпады. Оның үстіне жібек сауда жолы мен жібек өндірудің басында Қытай тұрды.

553 жылдан бастап Византия өздігінен жібек өндіру мүмкіндігіне ие болды. V ғасырдың ІІ жартысынан бастап жібек өндіру мен жібек саудасы Шығыс Жерорта теңізі бойы қалаларында да қарқынды жүргізілді. Деректерге сүйенсек түрік қағанатынан барған елшілік өкілдеріне Византия императоры Юстин (565-578 жж) Константинопольде жібек құртын ұстайтын және өндіретін жерін көрсеткен, бұдан келетін түйін Византия Қытаймен жібек өндіріп сатуда бәсекелес болды, басты талас Орта Азия елдері мен Иран болып саналды.

Осы кезеңнен бастап жібек сатумен айналысып жеткізуші ел ретінде өзара ымыраластықта жұмыс жасай бастады. Түрік қағанатынан шыққан соғды саудагерлерінің керуені Арал теңізі Жайқытың төменгі ағысымен Солтүстік Кавказға алан тайпаларына немесе Хазария арқылы – Оңтүстік-Шығыс Еуропа, Солтүстік Қара теңіз жағалауында құрылған ғажайып түркі мемлекеті. Одан Түрік мемлекетінің сауда жүргізу, территорияны қамту қауқарында саяси астар жатты. Себебі сол кезеңдерде тарих сахнасына арабтар шығып шығыс халықтарына ислам дінін таратып өз қол астарына бағындыра бастады. Арабтардың Орта Азияны жаулаушылық жорығы VII ғасырдың ортасынан бастау алып VIII ғасырдың ІІ жартысына дейін жалғасты. Орта Азия оның ішінде Қазақстан жеріне Қытайдың өз басымдығын орнатуының соңғы нүктесін 751 жылы екі ел арасындағы жер үшін болған Атлах шайқасы қойды. Осы кезеңнен бастап түркі жеріне арабтардың басымдығы орнатылды.

Дәулет ІЗТІЛЕУ

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?