Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Абай танымындағы ислам арналары

2606
Абай танымындағы ислам арналары - e-history.kz

Дін мен өнер, дін мен мәдениет, дін мен ғылым арасындағы қарым-қатынастар туралы талай теологтар, дінтанушылар, философтар мен әдебиетшілер талай еңбектер жазды. Бұлардың барлығы бір-бірімен тығыз байланысып кеткен салалар екені баршаға мағлұм. Ислам өнері, ислам мәдениеті, ислам ғылымы деген терең зерттеуді қажет ететін арналы салалар.

Ислам діні пайда болғаннан бастап, ол өзіне теориялық алғышарттар іздеді. Ол көне дәуірлердегі философиялық қисындарға сүйенді. Арабтар философияны пәләсапа деп атаған. Мұсылман философиясы исламият атты үлкен таным. Бұл философияның негізгі көне дүние ойшылы Аристотель негіздеген перапатетиктер және идеалистік бағыттарды біріктіруші дуалистік таным болып табылады. Аристотель еңбектерін арабшаға аударып түсінік тафсир (коментарий) жазған бірінші ұстаз болса, ал Фараби екінші ұстаз «Муалимий соний» деп аталған.  

Исламиятта «жан» және «тән» субстанциясы қатар аталады. Қазақтың ұлы ақыны Абай бұл категориялар туралы былай дейді:

Ақыл мен жан «мен» өзім, «тән» менікі

«Мені» мен «менікінің» жөні екі

«Мен» өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан

«Менікі» өлсе өлсін оған бекі

Абайдың «мен» деп отырғаны ақыл мен жан, «менікі» деп отырғаны тән. Ақыл мен жан мәңгілік, ал тән өткінші. Абай исламияттағы жанға ақылды қосады.

Абайдың исламиятқа қатысты күрделі ойлары «иманигүл» «үш сүю», «жәуанмәртлік», «толық адам» сияқты категорияларды бағамдағанда байқалады.

                             Махаббатпен жаратқан адамзатты,

                             Сен де сүй ол алланы жаннан тәтті.

                             Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

                             Және хақ жолы осы деп әділетті.

                             Осы үш сүю болады Иманигүл,

                             Иманның асылы үш деп сен тақиқ біл,

                              Ойлан-дағы, үшеуін таратып бақ,

                              Басты байла жолына, малың түгіл.

Мұндағы «үш сүю», яғни бірінші «сүю» «махаббатпен жаратқан адамзатты», «сен де сүй ол алланы жанан тәтті» деп бірінші «сүю», «алланы сүюді» атайды, ал екінші «сүю», «адамзатты сүю», үшінші сүю, хақ жолы «әділет» немесе «хаділет» деп аталады. Мұндай ойлар Абайдың «Әсемпаз болма әрнеге», «Алла деген сөз жеңіл» және 38,27-інші қара сөздерінде кездеседі. Мұсылмандық шығыс поэзиясында ақыл және жүрек культі (имани гүл) сарындарын мадақтау кеңінен өріс алған.

Жүрек культін негізге алған имани гүл сарыны Әл-Фараби, Низами, Руми, Науаи, Абайда кездеседі. Ал имани ақыл,ақыл культін жоғары қоюшылық Рудаки,Фирдоуси, Ибн-Синада ұшырасады.

Ислам танымының арналы бұлақтарының бастаулары туралы сөзде Абай шығармаларында ұшырасады.

                                    Ақылмен хауас барлығын,

                                    Білмейдүр, жүрек сезедүр.

                                    Мүтәкәлимин, мантикин,

                                    Бекер босқа езедүр.

Мұнда белгілі бір діни ілімдер туралы сөз болып отыр. Ислам діні пайда болған кезден бастап өзінің ғылыми негіздерін жасай бастаған болатын. Ғылымға исламда қатты көңіл бөлінеді. Мұсылмандардың ең басты қасиетті кітабы «Құран Кәрімде» де ол жайлы жақсы айтылады. Мысалға Таһа сүресінің 114-аятында былай делінеді: Аллаһ Тағала айтады: «Раббым! Біліміңді арттыр» десе ал, Зүмәр сүресінің 9 аятында «Білгендер мен білмегендер тең бола ма?»- дейді. Мүжадәлә сүресінің 11-аятында, «Аллаһ Тағала сендерден иман келтіргендердің және ғылым бергендердің дәрежелерін көтереді» - делінеді.

Әбу һурайрадан р.л.ғ. Ислам Муслим риуаят еткен хадисте «Кімде-кім білім іздеу жолына түссе, Аллаһ Тағала оған сол арқылы жәннатқа бару жолын жеңілдетеді» - делінсе, Әбу Һурайрадан р.л.ғ. Имам Ибн Мажаһ риуаят еткен хадисте:

«Садақаның ең абзалы - бір мұсылманның білім үйреніп, оны басқа мұсылман бауырына үйреткен» - деп айтылады. Ал Аллаһтың соңғы елшісі, расул пайғамбарымыз Мұхаммад Мұстафа с.ғ.с. риуаят еткен хадисте: «Іздену үстінде ол білім Қытайда болса да меңгер» - деген болатын.

Осындағы Қытай сөзіне тоқтасақ. Арабтар оны СИН деп атайды. Ал СИН сөзі тәжуйд бойынша САН деп оқылады. Ал САН-ның абжадтық есебі – 150 саны. 150-дің әріптік мәні былайша: 100=қаф, 50=нун. Сонда Қанун – Канон сөзі шығады. Оның екі түрлі мәні бар: 1) Өлшем, шама, үлгі және 2) Биік, ұлы. Ұлы, ұлық деген сөз тек, Аллаһқа ғана қатысты ұғым.

Олай болса бұл хадистегі сөз: «Іздену үстінде Аллаһтың ұлы биік ілімі меңгер» - деген сөз болып шығады.

Ислам тарихында Құран Кәрімді түсіндіруге, тәфсірлеуге, оны ғылыми-философиялық тұрғыда негіздеуге қарсы топты «мұттақадімшілер» деп атаған. Мұттақадімшілер – құранда ұғым, діни таным қалай берілсе, дәл сол қалпында өзгертпей ұғыну керек деген бағытты ұстанған. «Мұттақадімшілер» Абай өлеңінде айтылатын «мүтәкаламшылар» іліміне қарсы болған. Олар теориялық діни ілім болып табылатын «мүтәкаламшылардың» діни ілімді негіздеудегі формальды-логикалық дәлелдемелеріне қарсы болды.

Ислам тарихында жазмыш ілімнің өкілдері болып табылатын кадариттер ілімі деген де болған сапарға тоқтала кетсек.

Кадариттер (арабша кадарийа) – адам еркінің бостандығын жақтаушылар. Исламның алғашқы кезіңінде кадариттерді жазмыш ілімнің өкілдері деп атады. (кадар-құдыретілік, Алла өкімі,жазмыш)

Бұл ілім бойынша Алла құдіретті, екінші жағынан – адам «құдайдың нұсқауларын» орындамауға хақылы, бірақ сол үшін жауапты болады. ҮІІІ ғ. екінші жартысында адам еркінің бостандығы туралы уағыздайтын мектеп пайда болды. Қадар сөзін олардың «адам өз әрекетінің қожасы» де түсіндіруінен адам еркін жақтаушыларды да Кадариттер деп атады. Жазмышқа сөзсіз мойын ұсынуды жақтаушыларды, ерік бостандығының қарсыластарын жабриттер деп атады. Бұл алғашқы догмалық ыдырау еді. Кадариттер ілімін кейінгі дәуірлерде мүтазилиттер дамытып, толықтырғаннан кейін бұл атау соларға ауысты.

Мутазилиттер (арабша итазала, шығып кету, шектеу деген сөзден шыққан) – исламда рационалдық бағыттағы теологиялық жүйені алғаш рет негіздеушілер. Өздерінің ұстазы Хасан әл Басридан (642-728) бөлініп шыққан Уәсіл ибн Ата (749 ж. өлген) мен Әмір ибн Убайд (762 ж өлген) мутазилиттер мектебінің негізін қалаушылар деп есептеледі. Олар дөрекі антропоморфизмді терістеді. Мутазилиттер Құран Кәрімді діннің қайнар көзі ретінде мойындай отырып, оны аллегориялық түсіндіруге бейім тұрды және аңыздарға соқыр сеніммен ілесе беруге қарсы болды. Олар адам еркінің бостандығы жөніндегі кадариттер ілімін негіздеді және оны әрі қарай дамытты.

ІХ ғасырда олар өзінің теологиялық жүйесін негіздеді. Ол кездегі халифтерге діни-саяси оппозициялық күштер мен қозғалысқа қарсы (хариджиттер, шейіттер т.б.) идеологиялық құрал ретінде біртұтас рациональды жүйе қажет болатын. Сондықтан да мутазилиттер ілімін ең жеріне жеткізе жасалған теологиялық жүйе ретінде әл-Мамун халиф (813-833) мутазилизмді мемлекеттік дін деп жариялаған болатын.

Халифтің жарлығымен барша қазылар, дін иелері, шенеуніктер арнайы сынақтан өткізіліп отырды. Жазалайтын арнаулы мекеме –михна құрылды. Бірақ, қанша жазалау, күштеу шаралары қолданылғанына қарамастан мутазилизм халифатта онша қолдау таппады, ал әл-Мутаваккила халифтің тұсында мутазилизм қайтадан «күпірлік» деп жарияланды.

Солай бола тұрса да мутазилиттік мектептер Х-ХІІ ғ.ғ. Иракта (Басра, Бағдад), Иранда (Рей, Исфахан, Нишапур) және Хорезмде өмір сүруін тоқтатқан жоқ. Мутазилизмнің негізгі идеяларын (антропоморфизмді мойындамау, ерік бостандығы туралы ілім) ертеректе шейіт теологтары меңгергендіктен, ол шейіттер арасында өз жалғасын тапты. Кейінгі уақыттарда сунит теологтары да антропоморфизмнің әуелгі түрін қабыл алмады.

Абайда айтылатын «мутакаллимин», яғн муттакәләмшылар» осы мутазилиттік жүйеге қарсы құрылған. Оларды кәләмшілер деп атаған орынды. Калам (арабша- сөз, сөз сөйлеу) – мұсылмандардың діни ілімді негіздеуде формальды-логикалық дәлелдемелерге сүйенетін теориялық діни ілімі. Олардың «дін құқығы» жүйесін жасауға логикалық-философиялық дәлелдеу әдістері бар мутазилиттер тікелей ықпал етті. Суниттер Құран мен хадиске сілтеме жасаумен шектеді,әрі олардың мутазилиттердің ұтымды философиялық дәйектемелеріне қарсы теориялық жүйесі болмады. Мұндай жүйе Х ғ. жасалды. Мүтәкәллиминнің негізін қалаушылар әл-Ашари (873-935), Матуридий (944 ж өлген). Бұл қайраткерлер өздерінің жүйесіне Аристотель (перапатетиктер) философияның негіздерін қисынға алған. Ал Абай өлеңіндегі «мантықын» деген сөздің мәніне үңілсек, ол бүгінгі логика пәні. Қазақшасы -қисын. Мантық ертедегі медреселерде арнаулы дәріс ретінде, тереңдей оқытылған. Онда мантықтың дәлелдеу, бекерлеу, силлогизм тәрізді түрлері үйретілген. Пікір таласында, не бір нәрсені терістеуде, не мақұлдауда осы мантықынның қисындары қолданылатын болған.

Құраннан кейінгі екіші мұсылмадардың қасиет тұтатын нәрсесі- сунна (арабша – жол, өнеге, үлгі) Сунна хадистер арқылы таралған. Олар алғашқыда ауызша таралып, ҮІІІ-ІХ ғасырларда қағазға түсірілген. Суниттер мойындаған алты хадистер жинағы бар. Оларды әл-Бұхари (870 жылы өлген), Мүсілім (875 жылы өлген), Әбу Дәуіт (888 жылы өлген), ат-Тирмизи (892 жылы өлген), ан-Насай (915 жылы өлген). Ибн Маджа(887ж.өлген) құрастырған. Сунна терминінен исламның бір тармағы – Суннизм шығады. Сунниттер үшін хадистер мұсылмандар арасындағы барлық діни сенімдер мен қоғамдық қызметтің негізі болып табылады. Ислам дінінің екінші тармағы – шиизмді жақтаушылар заңдастырылған жинақтардағы хадистердің дұрыстығына күмән келтіріп, оларда айтылғандарды жоққа шығарады. Шейіттер өздерінің теориялық пікірлерін өздері құрастырған жинақтардағы әңгіме-хабарларға негіздейді. Бұл жолды, яғни суннаны тұтынушылар өздерін ахль ас-сунна (сунналық адамдармыз) деп санайды және олар өздерін шиизмді жақтаушылар бұрмалаған пайғамбардың дәстүрлі жолдарын ұстаушылар болып табылады. Суниттердің өз ішіндегі мазхабтарда (шафииттік, ханафиттік, мәліктік, ханбалиттік) құқықтық мәселелерде, түрлі салт-жоралардың кейбір жайларын түсіндіруге келгенде әр қайсысы өзінше қағидат айтатын тұстарда айырмашылығы болғанмен, олардың бәрі де заңдастырылған хадис жинақтарына негізделген.

Теология саласында суннизмнің шиизмнен басты ерекшелігі- Мұхаммед с.ғ.с. өлгеннен кейінгі Аллаһ пен адамның арасындағы аралық кісінің болуын мойындамайды. Әлем мұсылмандарының басты көпшілігі – суниттер.

Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.) риуаят еткен хадисте: «Әрбір ғибадатта әуелі Алланың кітабы – қасиетті Құранға қарап амал жасаңдар, егер Құран кәрімде бір мәселенің жауабы табылмаса, онда мен қалдырған сүннетіме, менің хадистеріме амал жасаңдар, егер хадистерімнен жауабы табылмаса, ода сахабаларымның айтқандары бойынша амал жасаңдар. Сахабаларым аспандағы жарық жұлдыздардай. Олардың дәрежесі соншалықты биік, қайсысына ілессеңдерде хақ (һидаят) жолына жетектейді. Сахабалардың арасында қайшы мәселелердің болуы сендер үшін Алланың рахметі» - делінген.

Бұдан байқайтынымыз Суннит мазхабтарының ешқайсысы терістелмейді. Мұсылман өмірінің практикасында фикх кеңінен қолданылады. Фикх (арабша) – Құран мен Суннаның және оларды мұсылмандық қоғамның күнделікті тәжірибесінде қолдану принциптері негізінде жасалған мұсылмандық құқықтың теориясы. Мұсылманның өміріндегі жеке және қоғамдық жайлар дінге бағдарлануы тиіс. Фикх осы бағдарлауды жүзеге асырады. Фикх екі бөлімнен – тек теориядан-усуль аль-фикхтан (фикх негіздері) және оларды қолдану мәселелерінен – фуру аль-фикхтан (фикх тармақтары) тұрады.

Оларда мұсылман өмірінде орын алатаны негіздер мен жол беруге болатын тәсілдер айтылады. Басты негіз – Құран кәрім, Сунна. Оларда жауап табылмаса қияс (ұқсату арқылы ойлау), иджма (ортақ пікір), рай (жеке пікірін еркін айту). Бұл тәсілдерді пайдаланушылар арасында ҮІІІ-ІХ ғ.ғ. бітіспес айтыстар жүрген. Ол ағымдар мен мектептер Фикхты қолдануды әр түрлі түсінді.

Бұл діни мектептер (мазхабтар) ІХ-Х ғасырларда қалыптасты. Фикхты пайдалануға байланысты сунниттің төрт мазхабы қасиетті Меккеде, мұсылмадық универстеттердің кафедраларында жұмыс жасайды. Шейіттердің, зейдтердің, хариджиттердің өзіндік Фикх жүйесі бар. Олардағы ағымдар бір-бірімен негізінен, ұсақ мәселелер мен тұрмыстық салт-жоралар арқылы ерекшеленеді.

Фикхтың білімпаздарын Факих немесе муджтахид деген. Олар суннизмдегі төрт мазхабтың негізін салушылар: Ханифа мазхабын негіздеуші Имам Ағзам аталған Әбу Ханифа Нұғман (699-769) шафииттер мазхабын негіздеуші аш-Шафий (767-820), мәликиттерді негіздеуші Мәлік ибн Анас (715-795), Ханбалиттерді негіздеуші Ахмад ибн Ханбаль (780-855) болып табылады. Қазіргі уақыттағы Суннит теологтары шейіттердегі жаппаршылар мектебін бесінші мазхаб деп мойындайды.

Осы жерде исламдағы ірі бағыт шиизмге тоқтала кетсек. Шейіттер (арабша шаа-біреуге қосылу) –имамдық тек Әлидің ұрпағына тиісті десе, суниттер бұл мәселені басқаша түсіндірді. Суниттер үшін имам – ел басқарушы және рухани басшы. Сондықтан оны халық сайлайды немесе тағайындайды. Ал шейіттер үшін имам құдайдың өзі жарылқаған, құпия қасиеттері мол және ол қасиеттері өзінің басқа да ұрпақтарына үнемі ауысып отыратын (құдай эманациясы) ерекше жаратылған адам.

Әли ұрпақтарының мемлекетті басқаруы, имамдығы ұрпақтан ұрпаққа беріледі, пайғамбарлық ұрпақтан ұрпаққа жалғасады деген принципті дәріптеуге, қуаттауға, қолдауға бағытталған.

Бірақ, Әлидің ұрпағына имамдықты, түпкілікті беру мәселесі шейіттер арасында түрлі пікірлер туғызып, өзара алауыздыққа апарып соқты. Осының нәтижесінде ҮІІІ ғасырда шейіттер арасында «орынды» және «шектен шыққандардың» негізгі топтары пайда болды. Оның біріншісіне зейдиттер мен имамшылар жатады. Екіншілеріне исмайлшылар қосылады да, олар имамдықтың мұрагерлік жолмен жүргізілуін қолдады. Олардың өзі де көптеген топтарға, тармақтарға бөлініп кетті.

Берік діни жүйені қалыптастыруға исламдағы жоғары да біз сөз еткен әртүрлі діни ағымдар мен мектептерді, бағыттардың жүріп өткен жолын ойнша бағамдасақ, Абай өз шығармаларында жаратқан түп иені тануда мүттәкәләлмшылар мен мантықшылардың қолданған логикалық-философиялық тәсілдерін құп көре бермейді. Сондықтан да "Алла дген сөз жеңіл" өлеңінде: Ақыл мен хауас барлығын,

                                   Білмейдүр жүрек сезедүр.

                                    Мүтәкәллимин, мантикин,

                                    Бекер босқа езедүр- дейді.

Мүттәкәлмашылардың негізін салушы әл- Ашаридың теологиялық мектебіне көптеген теологтар қарсы болды.

Бірінші салжұқ сұлтаны Тоғрулбек (1038-1063 ж.ж) тіпті Аш ари ілімін күпірлік деп жариялаған. Алайда ислам оқымыстылары әл-Бакиллани (1013ж.өлген) және әл- Ғазалидің (1111ж) еңбектерінің арқасында Аш ари ілімі мұсылман әлемінде көп ықпалға ие болды. Уақыт өте келе өлген каламның ашари жүйесі мұсылман әлемінде ең көп тараған ағымның біріне айналған.

Аш аридің теологиялық жүйесі мутазилиттер исламға енгізген логикалық-философиялық дәлелдерден дәстүрлі жүйені қорғау үшін қолданды. Атап айтқанда әл-Аш ари суниттердің тағдыр туралы көзқарастарын адам еркінің бостандығы туралы мутазилит ілімімен бірге қолдануға тырысып, болмай қоймайтын жазымышты жақтайтын- жабриттер мен ерік бостандығын жақтаушы –кадариттер арасында орташа жағдайда қалып, адам еркінің оның әрекетіне біршама қатыстылығын мойындады. Каламның ашари жүйесі Алла туралы пайымдаулардағы бұрынғы теологтарға тән өрескел антропоморфизм сияқты, құдайдың жалғыздығы принціпіне қайшы келетін, өмірде құдайға тән қасиеттерде болатынын мойындайтын мутзиалит ілімін де жоққа шығарды.

Әл-Аш аридің өзінен бұрынғы теологтерге қарағанда мутазилиттерге қарсы діни – философиялық жүйені негіздеу үшін Құран мен хадистерге қоса философия мен логиканың тәсілдерін неғұрлым кең қолдануымен ерекшеленеді.Әл-Аш ари өз төңірегіне шәкірттер топтастырып, олардың ішінен оның ілімін дамытып, таратушы белгілі теологтар шықты. Оның шығармаларының ішіндегі ең әйгілісі "Макалят аль – исламиин...." “Мұсылмандық ілімі…”.

Жоғарыдағы Абай өлеңінде ақын дүниедегінің бәрі өзгермелі, тек өзгермейтін тағрифолла, дүниедегігің бәрін түсіндіруге болады, тек тағрипты ғана түсіндіруге келмейді деген ой білдіреді.Оны Ақын өзінің жаратушыға байланысты 38-і қара сөзінде: Алла шексіз, ол адам ақылы шектеулі. Сондықтан да шексіздікті шектеумен өлшеуге болмайды-деген ой айтады. Оны жүрекпен сезу қажет деген ой айтады. Алла деген сөз жеңіліп деген өлеңде: Ақыл мен хауас барлығын жүрек сездір деген 19 қара сөзінде адамның сыртқы бес сезім мүшесі ролінде беріледі.

                      Ақылға сыймас ол алла

                  Тағырипқа тілім қысқа-ақ, –деген сөздерімен береді. Абай қолдануындағы хауас сөзі үш түрлі мән де ұғылады. Абайдың 27-қара сөзінде айтылатын хауаси хамса заһири термині "Кабус -наме" кітабында адамның бес ішкі, бес сыртқы сезімі болады, олардың барлығы он сезімді хауас аталады.Хауастың үшінші мәні 38- қара сөзде баяндалып, алланың сегіз сыйпаты нақылия, ғақылия дәлелдер арқылы екі сипат әділет пен рахым қосылып, он сипат беріледі. Бұл мәнінде хауас сөзі жаратушы , алла ұғымын береді.

Абайдың хауасты ақылмен тани алмайсың,оны жүрекпен сезіну қажет деген түйіндерінде кемеңгерлік таным, парасатты пайым жатыр Осы бір жүрек культі Абай шығармаларының баршасына тән сипат болып табылады. Ақын өзінің 17- інші қара сөзінде ақыл, қайрат, жүрек үшеуін таластырғанда   ғылымға шешуші орынды жүрекке бергіздіреді. «Алла деген сөз жеңіл» өлеңінде:

                     Алла деген сөз жеңіл,

                     Аллаға ауыз жол емес.

                     Ынталы жүрек, шын көңіл

                   Өзгесі хаққа қол емес,- деп жаратушы, түп иені сөзбен, іліммен түсіндірмекші болған мутазилиттер мен мүтакәлмиминшілердің логикалық-философиялық дәйектемелерінің бекер тер төгу екендігін айтады.

Тек қана рациональдық емес, ирроционалдық танымға Абайға дейін бой алдыру әл-Фарабиде де бар. Бұл санау әл-Фарабиден жатқан алтын өзек, күрделі ой, жүлге.

«Қуатты оттай бұрқырап» деген өлеңінде де:

                Ақылмен ойлап білген сөз,

                Бойыңа жұқпас, сырғанар.

                Ынталы жүрек сезген сөз,

Бар тамырды қуалар-деп, тағы да жүрекке салмақ салып отырған күрделі ой-танымның сорабын байқатады, деп құр қарап отыруға бейілді емес. Ізденіс, алға талпыну,ойлау- Абай мұраты.Ал оны ақын:

              Көңілге шәк шұбалы ой алмаймын,

              Сонда да, оны ойламай қоя алмаймын.

              Ақылдың жетпегені арман емес,арман

             Құмарсыз құр мүлгуге тоя алмаймын- деп, ізденісті өріске бастар құнарлы ой, сыншыл таным байқатады.

Дағдылы схоластикадын аулақ жатқан, шарқ ұрған ізденіске толы диалектикалық таным.

Абайдың хауас туралы тұрлаулы ойлары «Адамның кейбір кездері» (1896), «Көзіне басқа ойы жоқ» (1891), «Қайғы шығар ілімнен»(1892), «Ай суға май бітпес, қой өткенге»(1896 ), «Алла деген сөз жеңіл» (1896), «Жүректе қайрат болмаса» (1898), «Алла деген сөз жеңіл »(1896 ) ,«Жүректе қайрап болмаса »(1898), «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» (1902) өлеңдері мен қатар 7,19, 27, 31-34,38,43,45 – қара сөздерінеде таратыла айтылады.

Абай өзінің ақындық дүниетанымын қалыптастыруды шығыстықң класск ақындары Фзули, Шамси, Сайхали, Науаи,Жәми, Низами, Фирдаус, Рудаки, Сағди, Хафиздер мен қатар Суфизм ақындары Аллаялардың шығармаларын Қожа Ахмет Яссауи, Сүлеймен Бақырғани, Сопы талмай оқып азық алады. Мұсылман ғалымдары әл- Фараби, ибн-Сина, Жүсіп Баласағұн, М. Қашқари, Дауани, Захыраддин Бабар, әл- Ғазали құран еңбектерімен де молынан танысып, исламиятқа қатысты ойларын білдірген.

Дін исламның шуағына жаны семіріп, толғанған Абай «Махаббат пен жаратқан адамзатты, сен де сүй ол алланы жаннан тәтті»- деп, жаратушысына махаббатпен берілсе, өлерінің алдында жазылған (1902) «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген өлеңінде:

                        Алланың өзі де рас, сөзіде рас,

                        Рас сөз еш уақытта жалған болмас.

                        Көп кітап келді алладан, оның төрті,

                       Алланы танытуға сөзі айрылмас – деп, Аллаһтың хақтығына мойын ұсынса, болашақ заман, келер уақыттың ғайыптығы бір Аллаға ғана аян екенін:

                            Ол күндер өткен күнмен бәрі бір бәс,

                           Келер, кетер артына түк қалдырмас.

                           Соның бірі арнаулы таусыншақ күн

                    Одан арғысын бір-ақ Алла біледі. Рас- деп, адамның “таусыншақ күн”деп отырған зауал күінен кейінгі еркі бір қызығына алданбай, тәубаққа ойлап, Алланы сүю керектігін, орнықты дүниеге ұмтылу керектігін: Алланың қолында екенлігін айтады.

                      Кеше бала-ең, келдің ғой талай жасқа,

                       Көз жетті бір қалыпта тұра алмасқа,

                      Адамды сүй, алланың хикметін сез,

                      Не қызық бар өмірде онан басқа-деп тұрлаулы өмірге шақырады.

Дүниенінің өткіншілігі, баянсыздығы, жалғандығын сезіне отырып, ақын жаратқаннан:

                     Күн жиылып, ай болды, он екі ай жыл.

                     Жыл жиылып, қартайтып, қылғаны бұл,

                     Сыйынған, сенген дәурен жалған болса,

Жалғаны жоқ бір тәңірінім кеңшілік қыл- деп, кеңшілік, медет тілеп, оның құдіреттілігінің алдында бас иеді: Кеңшілік сұрайды.Дүние сырын терең болжаған мұсылман шайырының жан сырын ұғынамыз. Мұсылман пендесінің дітегені де осы ой. Біз мұсылман тарихына қөз жүгірте отырып, әр түрлі ағымдар мен бағыттардың, оның ғылым мен теориялық-пәлсапалық жүйелерінің, таным бұлақтарының мұсылман өнеріне, мәдениетіне, әдебиетіне поэзиясына терең дарығаны байқалады, поэзиясы жайлы терең сырлы әңгімелер, өз алдына жатқан арналы таным сұрақтары десе болғандай. Біз осындай әңгіменің бір ұшығын қазақтың кемел ақыны, хаким Абайдың өлеңдері мен қара сөздерінен байқағандаймыз. Баршамызға Алла тағала жар болсын!

Жәмбек С.

Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті.          

                                          

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?