Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Дәстүрлі сауда жүйесінің бұзылуы

2349
Дәстүрлі сауда жүйесінің бұзылуы - e-history.kz
Күзде солтүстіктегі қазақ малшылары өзінің жүн-жұрқасын түйеге қомдап, оңтүстікке аттанатын. Әр үйден, ауылдан белгілі азаматтар ере шығады. Осы керуенді халық арасында «ақ шом» деп атаған

«Ақ шом» айналымының жабылуы

Ресей саудасы келмей тұрғанда қазақтар шығыста Қытайдан, түстікте Бұхар өлкесінен келетін керуендер халықтың сұранысын қанағаттандырып тұрған.

Әрі күзде солтүстіктегі қазақ малшылары өзінің жүн-жұрқасын түйеге қомдап, оңтүстікке аттанатын. Әр үйден, ауылдан белгілі азаматтар ере шығады. Осы керуенді халық арасында «ақ шом» деп атаған.

Сарыарқа мен Мұғаджардан ағылған «ақ шомшылар» күзде қаздай тізіліп оңтүстікке кетіп бара жатқан. Қайтқан құстармен қоса даланы дуға бөлеген бұл салтанатты көріністі Абайдың жырлауы тегін емес.

«Ақ шомшылар» арысы Бұхара, Самарқан, Хиуа, берісі Түркістан, Шаштан (Ташкент) «тамыр» табады да, әлгі апарған тері-жүнін астыққа айырбастайды. Әркімнің өзінің күні бұрын келіскен адамы бар. Екі жақ та өзгеге қолындағысын бермейді. Өнімдерінің сапасына сенеді. Жұт, қуаңшылық жылдары несиеге алады. Сауда мұсылман әдебімен жүргізіледі, алдау-арбау деген болмайды.

Ал, орыс көпестері осы бір мұсылманша сауда әдебін быт-шыт қылды. Әрі өздерінің арзан саудасын өткізу үшін «ақ шом» керуен жолын әскер күшімен жапты. Ел-жұрт еріксіз ресейліктердің сапасыз тауарын тұтынға мәжбүр болды.

Алашшыл ғалым Тұрсын Жұртбай: «Ақ шомның» негізі есте жоқ ескі заманда қалыптасқан. Ол кезде Ресейдің қандай мәдени-экономикалық дәрежеде болғаны бір тәңірге ғана аян. Анығы, көшпелілердің тіршілік саясаты айналымға құрылған. Олар бұл түзілімді бұзғандарды аяусыз жазалап, тиісті сыбағасын сыпырып алып отырған, – дейді (Тұрсын Жұртбай. «Күйесің, жүрек... сүйесің». Алматы: Қайнар, 2009. 72-б).

Абайдың «...Орысқа қарамай тұрғанда қазақтың өлісінің ахиреттігін, тірісінің киімін сол жеткізіп тұрды» дейтіні де осы.

Қазақ даласының қазба-байлығының тоналуы

ХV-ХVІІ ғасырлар арасында Ресей қазақ даласын территориялық отарлаумен қатар, табиғи қазба байлығына да қол салды. Ол үшін георафиялық мәліметтер жинап, барлау жұмысын жүргізді. Осы барлау-зерттеудің нәтижесінде «Чертежи всей земли безводный и малопроходной каменной степи» атты сызба еңбек 1697 жылы жарық көріп, бұл туынды 1701 жылы Семен Ремизов құрастырған «Сібірдің сызба кітабына» енді. Соңғы еңбекте Қазақстан жерінің көптеген қазба байлықтары туралы қысқаша мәліметтер берілген.

Этнограф-ғалым Жағда Бабалықұлы: «1719 жылы Петр патша «Сібір мен қазақ даласындағы бейіттер қазылсын» деген жарлық шығарып, табылған құнды заттар (байырғы қолданбалы өнер туындылары, алтын-күміс бұйымдар) түгел Петербордағы мұражайға өткізілсін» деп тапсырғаны жайлы жазады.

Оның алдында Сібір генерал-губернаторы Гагарин Сібір және Қазақстанның солтүстігіндегі, сондай-ақ, шығысындағы қорғандардың бәрін қаздырып, сақтар дәуіріндегі алтындардың бәрін жинап, қорытып, сатып, өз пайдасына жаратқан. Бүкіл Қазақстанның территориясындағы қорғандарды құртып, бейіттің ішінен табылған жарамды нәрсенің бәрін сыпырып кеткен. Бұл шаруаға 4000 адамы бар бірнеше полктың әскері жұмылдырылған.

Ал, жазушы Смағұл Елубай болса: «Қазақ жерін тонау сонау Ермак жорығынан басталды. Мысалы, бір ғана Том губерниясына қарасты Алтай жерінен 4300 қорғанды тонаған. Бұл үрдіс бақандай 3-4 ғасырға созылды. Сол сияқты, 1860-70 жылдары Түркістан өлкесін отарлаған Ресей шенеуніктері генерал-губернатор фон Кауфманның бұйрығымен өлкені оңдырмай тонады. Хиуа ханының күміс тағы Кремльдің қару-жарақ палатасына апарып қойылып, аса құнды қолжазба кітаптар Ресейдің «Азия» мұражайына тасылды. Хиуа ханының мөрі «Царьскосельскй» қорына қойылды», – дейді (Тіл және Қоғам. «Постколонизм немесе отаршылық ойраны» № 2, 2006. 34-б).

Орман-тоғайдың оталуы

1880 жылдарға дейін Ертістің (Омбы-Кереку аралығы) бойында өзен жиегінен 100-150 шақырымға дейін созылған кеңістікте ойдым-ойдым тоғай болған. 1884 жылы Мемлекеттік мүлік басқармасы осы тоғайларды келімсек мещандарға сатып жібереді. Сатып алушылар тоғай бойын қоныстанған қазақтарды қуып шығып, ағаш сатуды пайдалы кәсіпке айналдырды. Тоғайдың ағашын отап, құртудың салдарынан тұзды сорлар пайда болды.

Осы оқиғалар жайлы Ресей мемлекеттік бақылау палатасының аға ревизоры Мельников 1903 жылы Омбыда жарық көрген «Дала облыстарын басқару жөніндегі ереже жобаның кемшіліктері» атты жазбасында: «Орман-тоғайды есепсіз құртудың салдарынан Ертістің кейбір тұстарынан жүзіп өту онша қиын болмай қалды. Әсіресе, Колосковский, Савич, Павловский сынды көпестер ағаш дайындаудан түсетін пайдаға құнығып, қазақ даласына істеген жауыздықтарынан жан түршігеді», – деп жазады (Жеңіс Марданұлы. Шежіре. Ертіс – Баянаула өңірі. – Павлодар. «Дауа», 1995. 1-кітап.45-б).

Әрине, орман-тоғай оталған соң онда мекендейтін аң-құстарда құрып кетері заңдылық. Мысалы, отарлаушылар келмей тұрғанда қазақ даласында мысық тұқымдасқа жататын ірі жыртқыш – Тұран жолбарысы ХІХ ғасырдың аяғына дейін еліміздің әр түкпірінде, әсіресе, Қорғалжын көлдері мен Сырдарияда, Шу, Іле, Жетісу бойында, Балқаш көлінде молынан кездесетін.

Елімізге қарашекпенділердің ағылып келуімен 1905-1910 жылдар арасында отарлаушылар Сыр бойынан соңғы 9 жолбарысты атып, тұқымын құртты. 1912 жылы Шу маңайындағы соңғы 2 жолбарыс оққа ұшты. Сол сияқты, Сандықтау, Бурабай ормандарының сәні болған қоңыр аюда отарлаушылар тарапынан жойылды. Ең соңғы аю 1896 жылы құртылды (Қасым Тәукенов. Ойтұмар. Астана – 2008. 15-б).

Қазақ даласында ресейлік салық саясатының заңдастырылуы

1704 жылы І Петр шекара маңына жақын жердегі көшпелі қазақтарды бағындырып, салым-салық алу туралы жарлық шығарды.

1748 жылы Ресей өздеріне бағынышты хан-сұлтандарға жалақы тағайындады. 1763 жылы Орта жүз қазақтарына салынатын салық мөлшері белгіленді. Есеп бойынша 180 мың ер адам бар деген долбар алынып, олардан салық ретінде 165 мың рубль алынатын болды. Орынбор Шекара Комиссиясының төрағасы Ладыженскийдің Орынбор әскери губернаторы Обручевке жазған хатында: «...қазақ халқы мақрұм надандығынан мәңгі айырылмаса екен, шептің қол астында көз жұмып, бас шұлғитын алым-салық төлеуші күйінде қалса екен», – деп тілейді (Е. Бекмаханов. Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында. –Алматы, «Санат». 1994. 124-б).

1831 жылы қазақ даласында Ресейдің көптеген әскери дистанциялары құрылып үлгерді. Атап айтқанда, Орта жүз жерінде - 20, батыс өңірде – 8, еліміздің шығыс жағында – 28 әскери құрылымы іске қосылды. Енді осыларды ұстап тұру үшін қажет қаржыны үкімет жергілікті халыққа алым-салық салу арқылы өндіруді талап етті.

Осындағы қазақ жерін отарлаушы әскери құрлымдарды ұстап тұру үшін патшалық үкімет жергілікті халықтан:

1. Ішкі шараларға;

2. Әскери шараларға;

3. Сот қажетіне;

4. Дін ісіне;

5. Сұлтандар қажетіне;

6. Шаңырақ, яғни түтін салығын, төлеп тұруды күштеп міндеттеді.

Осы 6 түрлі салықты төлеп тұру бұқараға оңайға түскен жоқ. Ақмола облысы бойынша мал санағын жүргізіп, салық нормасын есептеушілердің бірі Г. Колмогоровтың анықтауы бойынша, әр қазақ отбасы жоғардағы салықты төлеп, тарықпай өмір сүруі үшін оның меншігінде: 20 жылқы, 30 ірі қара, 100 қойы болуы керек деген қорытынды жасаған (Алдан Смайыл. Астана ғасырлары. –Астана: 2010. 132-б).

Алым-салық түрлері әр өлкеде әрқилы атаумен жүргізілді. Мысалы, Кіші жүз аумағында «кибиточный сбор» десе, Орта жүзде «ясык», Бөкей ордасында «зекет» деп аталды. Ясык салығы 1832 жылы заңдасты. Яғни, түйеден басқа малдың әрбір 100-інен бір бас алынады. Ясыкты мал немесе ақшалай төлеуге байланысты соғысқа жарамды ірі жылқының бағасы күміс ақшамен 10 сом, ірі қара мал - 5 сом 72 тиын, қой-ешкі - 57 тиынға бағаланды. 1837 жылы патша ағзам Кіші жүзге түндік салығы дегенді енгізді. Әр түндік 1 сом 50 тиын төлеуге тиіс болды.

Ел ішінен жиналып алынған бұл салық Шекара Комиссиясына берілді. Көп жағдайда үкімет халықтан ақша орнына қой, бидай, тары, арпа, т.б. заттай алым алды. Яғни, түтін салығын өтеу үшін әрбір отбасы 6-8 пұт бидай (1 пұт бидай базарда – 20-30 тиын) беретін норма енгізілді (Е. Бекмаханов. Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында. Алматы: Санат, 1994 . 138-б).

1837 жылы салық мөлшері әр шаңырақтан 1 сом 50 тиын болса, 1868 жылы 3 сом 50 тиынға дейін өсті. (Бұл заманда бір тайыншаның бағасы 3 сом болған). Бұдан басқа қазақтар жерге мал жиғанда, шөп шапқанда, салық төлеп тұрды.

1860 жылдан бастап Орта жүз қазақтарына шаңырақ салығы (подворное обложение) енгізілді. Әрбір түтін күміс ақшамен 3 сом беруі тиіс. Қазақтар «қарашығын» деп атаған бұл салық халықты қатты күйзелтті. Көрнекті жырау Дулат Бабатайұлының:

Жарлылардың торпағы,

Бір торпақтан он болып,

Пысықтардың ортағы,

Қарашығын алымы,

Бай, кедейге бірдей боп,

Шаңыраққа салынды. - деп жырлауы біздің сөзімізге дәлел болады («Бес ғасыр жырлайды» –Алматы, 1991, 207-б)

Жалпыға ортақ салық түрлері

«Қазақ» газетінде жарияланған Әлихан Бөкейхановтың «Екі жол» деген мақаласында: «Біз Ертісте 150 жыл отырмыз. Ертіс тоғайының аты – қоныс алған кілең бабамыздың аты. Ертісті өрлей, қуалай жүрген адамдар біледі. Ертіс – бізге атақоныс болған жер. Біз Ертісті Жоңғарды күшпен қуып, қоныс қылғанбыз. Алғашқы 70 жылда ешкімге алым төлемей пайдаланғанымыздың жөні осы еді. 1839 жылы бүліктен кейін де жарытып ақша төлеген жоқ едік. Әр қазақ руымен бұрынғы атақонысында отыра беріп еді. ...1897 жылғы шартта жазғанда қазақ үй басына орыс-казакқа жылына 10 сом төлеуші еді. Енді осы 10 сом 20-40 сом болды. Пайдаланған жер – баяғы он шақырым. Біз осыған қарамай, Ертіс бойында отырмыз. Үй басына 40 сом төлеу оңай емес. Барар жер жоқ. Қан төгіп, кір жуып, кіндік кескен атақонысымыз – Ертіс. Мұнан кетсек, бұдан неше есе бақытсыздыққа кез болуымыз анық» деп ащы шындықты ашына жазады («Қазақ газеті». 1915 ж., №156).

Қысқасы, қазақтар жалға алған жерлерін пайдалану барысында көптеген алым-салық төлеуге мәжбүр болды. Атап айтқанда:

Түтін салық. (Подымная плата). Бұл салық жалға алған жерде тұрған әрбір баспана, яғни, қыстаулық үшін әрбір шаруадан 1 сомнан 7 сомға дейін алынатын болған.

Шабындық салық. (Аренда покосов). Казак-орыстар өздері иеленіп алған байтақ жерді шабындық үшін қазақтарға жалға беріп, паек алып отырған. Паектің құны шөптің шығымына байланысты өзгеріп отырған.

Жайылым ақы. (Аренда пастбищ). Жалға алған жайылым үшін қазақтар «көк алым», «тұяқ ақша», «ақ торық» дейтін салық түрлерін төлеген.

Көк алым – шабындықтағы шөп шабылған соң, сол жайылымға жіберілген мал үшін төленетін салық. Төлем мөлшері – казак-орыстардың көңіл-күйіне байланысты 30 тиыннан 5 сомға дейін.

Тұяқ ақша – шөбі шабылмай қалған тоғай арасындағы қалың шөпке қыста мал жайғанда берілетін салық. Төлем мөлшері – мал басына – 3-30 тиын.

Ақ торық – Ертіс жағалауындағы аппақ селеу қаптаған қыратты алқаптар бәс саудаға (торгқа) салынып қазақтарға жалға берілген. Қазақтар бұны «ақ торық» деп атаған. Төлем мөлшері – 50 тиыннан 1 сом.

Осы жоғарыдағы үш алым бойынша салық төлеген Семей облысы Павлодар уезінің қазақтары (барлығы 6736 шаруа) бір жылда:

1. Түтін салығына – 7557 сом 89 тиын;

2. Шабындық салығына – 76820 сом 70 тиын;

3. Жайылым ақыға – 2840 сом 80 тиын;

Барлығы – 89 219 сом 39 тиын төлепті. Яғни, әрбір қазақ шаруасы жылына орта есепен 13 сом 25 тиын салық төлеген. (Осы тұста бір ірі қараның базардағы бағасы 5-6 сом аралығында болған).

1903 жылдары қазақ жерін пайдаланудың деректемелік негізін жасаған географ Ф. Щербинаның мәліметіне жүгінсек: «...жерді пайдаланғаны үшін төленетін бұл салықтар үкіметке берілетін әртүрлі алым-салықтардан екі есеге жуық көп болған», – дейді (Жеңіс Марданұлы. Шежіре. Ертіс – Баянаула өңірі. – Павлодар. «Дауа», 1995.

1-кітап.48-б).

Түркістан өлкесіне жаңа салық ережесінің енгізілуі

Түркістан өлкесі толықтай Ресейге қосылуы аяқталған тұста, өлкені отарлау ісіне жұмылдырылған 50 мың адамдық армия сақталып қалды. Бұдан былай өлкенің әкімшілік аппаратты мен жоғардағы әскерді халықтан салық жинау арқылы асырауға тиіс болды.

Сөйтіп, жергілікті тұрғындардан салық жинау жүйесі қайтадан жасалды. Бұрынғы түтін салығына земстволық алымдар қосылды.

Олардың мөлшері де жылдан-жылға өсіп отырды. Отырықшы аймақтарда жер салығы деген енгізілді. Бұл салықты жер өңдеуші тек ақшамен күзде төлеуге тиіс болды. Земстволық салық әкімшілікті ұстауға, көпір, жол жөндеу мен дайындауға жұмсалды.

Көшпелі және жартылай көшпелі тұрғындардың негізгі салығы 1865 жылы 1,50 сом болса, 1882 жылы 4 сомға жетті. Олар тағы да земстволық немесе қоғамдық салықтар (ауыл старшыны мен түземдік әкімшілікті ұстау үшін) т.б. ақшалай алымдар төлеуге тиіс болды.

Әрбір қазақ шаңырағы төмендегідей мөлшерде салық төлеп тұрды:

  •  түтін салығы- 4 сом,
  •  земство салығы - 1 с. 25 т,
  •  қоғамдық салықтар (жеке салықтар) - 1 с. 25 т,
  •  мектептерге - 50 тиын, барлығы 7 сомды құрады.

Сонымен қатар отарлаушы үкімет өлкеге бұрынғы «қарашығын» салығының жетілген түрін енгізді. Бірақ салықтың нақты мөлшері тоқтатылмады. Бұған: үй, отау, жан басы, тұяқ ақысы, шар ақысы, болыстық сайлау ақысы сияқты т.б. салық түрлері қосылып, соңында ояздың атынан жылу жинау әдеті заңдастырылды.

1867-1868 жылдары салық төлеудің арнайы ережесін қабылданды. Осы ереже бойынша жергілікті қазақтардан алынатын түтін салығы (бір отбасынан алынатын салық) екі есе өсіріліп, салық мөлшері 3 сомға (ірі жылқының құны) көтерілді. 1891 жылы далалық ереже қабылданып, қазақ елін отарлаудың бұрынғыдан едәуір жетілдірілген жаңа заңы күшіне енді. Осы ереже бойынша түтін салығы 4 сомға көтерілді. Бұл салық түрлерінен тақыр кедейлердің өзі құтыла алған жоқ.

1901 жылы Ақмола облысы бойынша қойының саны 25-ке жеткен 18 046 түтін әрқайсысы 4 сом 7 тиын салық төлеген. 25-тен 100-ге дейін қойы бар 6410 түтіннің әрқайсысынан 10 сом 86 тиыннан қаржы алынған. Малының саны бұдан да көп 596 түтіннің әрқайсысы 32 сом 9 тиыннан төлесе, қой саны 400-ден асқан 26 түтіннің әрбірі 199 сом 50 тиыннан салық төлеген. Бұл тек қой салығы ғана, басқа салықтар бұның сыртында.

Ақ патшаның үкім-жарлығын орындауға сайланған болыс-ауылнайлар үшін 1867-1868 жылдары қабылданған ережелерде көрсетілгендей, «игілікті істер үшін» жиналатын салықты халық «шығын» деп атады. Ақын Шортанбай Қанайұлының сөзімен айтсақ:

Кедей қайтіп күн көрер,

Жаз жатаққа жатқаны,

Жаздай арық қазғаны,

Күздей пішен шапқаны,

Оны-мұны жиғанын,

Шығын деп тілмәш алады («Дала жырлары», Мәскеу, 1940, 268-б).

1867-1868 жылдарда енгізілген жаңа ереже бойынша Ресей үкіметіне бағынышты бүкіл аумаққа біртұтас «түтін салығы» енгізілді. Ол жыл сайын бір рет әрі үй басынан ақшалай алынып тұрды. Орынбор және Батыс Сібір генерал-губернаторлығындағы қазақтар 3 сомнан, ал, Түркістан генерал-губернаторлығындағы қазақтар 2 сом 75 тиыннан төлеп келді. Мал санағы 3 жылда бір рет өткізілді. Малдың санын жасырғандарға салық екі есе көп салынды.

Сонымен қатар, 1879 жылы Ертіс бойын қоныстанған қазақтарға (Омбы мен Семей арасындағы) арналған «ремонтная пошлина» дейтін салық түрі пайда болды. Мөлшері бар малдың 1 пайызына тең.

Сол сияқты, көшпелі қазақтар жаз жайлауға шыққанда үкімет иелігіндегі аумақтан мал айдап өтетін болса «прогонная пошлина» деген баж салығын төлеу міндеттелді. Бұдан басқа «специальное повинности» дейтін міндеттеме бойынша орыстың ұлық-шенеуніктері келе қалған жағдайда оларды баратын жеріне жеткізіп салу, мұқтаждығын көтеру қазақтарға тегін міндет етілді.

1894 жылы Ресейдің Ішкі қауіпсіздік министрі төтенше жағдай туғанда халықтан салық жинау туралы ережені бекітті. Бұл салық уақыт өте келе, қайткен күнде орындауға тиіс «парызға» айналды. Салық жинаушы шенеуніктер тұрғындардың санын азайтып көрсетіп, артық жиналған салықты өзара бөлісіп алып отырды.

Сөзімізді түйіндеп айтсақ, отарлаушылар Қазақ даласы мен Түркістан өлкесін майшелпекке айналдырды.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, зерттеуші журналист, ҚР мәдениет қайраткері

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?