Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ұлт тарихындағы атақты балалар

2275
Ұлт тарихындағы атақты балалар - e-history.kz
1 маусым – Балаларды қорғау күні

Қазақ тарихында әйгілі болған балалар аз емес. Ерен ерлігімен, ғажайып ақыл-ойымен, тасыған күш-қайратымен дүйім жұртты таң қалдырған балалардың есімдері тарихта жазылды. Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясында: «Бала тәрбиелеу – болашаққа ең үлкен инвестиция. Біз бұл мәселеге осылай қарап, балаларымызға жақсы білім беруге ұмтылуымыз керек» деген еді. Кейінгі ұрпақтың жігерлі, парасатты болуы үшін бабалар ісін, өнегесін насихаттауымыз керек. Балалар – біздің болашағымыз. Ертеңгі ел қорғайтын батырлар мен ел басқаратын тұлғалар да байырғы ата-бабаларына тартып туса, қанеки! 

Қазыбек би 

97a4e25de1a500489825a0b18abcd18a.jpg

Бұл оқиғаның тарихта болғанына ешкім күмән келтіре қоймас. Тәуке ханның бектері, билерімен ілесіп, ойрат қоңтайшысы Цэван Рабданға барғанында Қазыбек небәрі 14 жаста екен. Қазақтың ауызша тарихы осылай дейді. Қаһарлы қалмақ ханының алдында қазақ билері күмілжіп қалған шақта жасөспірім Қазыбек: «Біз – қазақ деген мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп найзасына жылқының қылын таққан елміз. Дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз, дәм-тұзын, ақтай білген елміз. Бірақ асқақтаған хан болса, хан ордасын таптай білген елміз. Атадан ұл туса, құл боламын деп тумайды, анадан қыз туса, күң боламын деп тумайды, ұл мен қызын жатқа құл мен күң етіп отыра алмайтын елміз. Сен темір болсаң, біз көмірміз – еріткелі келгенбіз, қазақ-қалмақ баласын теліткелі келгенбіз. Танымайтын жат елге танысқалы келгенбіз, танысуға көнбесең, шабысқалы келгенбіз. Сен қабылан болсаң, мен арыстан – алысқалы келгенбіз, тұтқыр сары желіммен жабысқалы келгенбіз. Бітім берсең, жөніңді айт, бермесең, тұрысатын жеріңді айт!» – деген әйгілі сөзін осы кезде айтыпты. Соның арқасында Қаз дауысты Қазыбек атанып, 90 тұтқынды жау қолынан босатып алып, елге олжалы оралыпты. 

 

Исатайдың Жақиясы 

 

870f172df86e1d7cbfe35d27dc6a1f8c.jpg

Марғасқа Махамбеттің: «Баласы Исатайдың Жақия-ды, Жақия жауды көрсе, ақияды» деген өлең жолдарындағы ер Жақияңыз осы. Бұл батыр туралы деректер тапшы. 1811 жылы туған ол әкесі бастаған ұлт-азаттық көтеріліске қатысып, алғырлығымен, тапқырлығымен көзге түскен. Өзінің шағын жасағымен талай мәрте арнайы тапсырмаларды мұқият, тиянақты орындап, шеберлік танытқан. Көтерілістің орта кезінде қапыда жау қолына түскен Жақияны орыстың әскери соты дүре соқтырады да, шала-жансар батырды Финляндияға жер аударады. Сол кеткеннен Жақия елге қайтып оралмайды. 

 

Қажымұқан 

 

5e023db51a6478c2eab3c28d67be649d.jpg

Мұқанның дара бітімі бала жасынан-ақ байқалған. Алып күші жастайынан білінеді. Байға жалшылықта жүрген 11 жасар Мұқан бір қап бидайды еш қиындықсыз көтеріп алып, екіншісіне жүгіретін болған деседі. Бірде бай қыстың қытымыр аязды, боранды күнінде бала Мұқанды алыс жерден шөп әкелуге жұмсайды. Мұқан шанаға шөпті толтыра артып, қайтар жолда қатты боран соғып, жолды қар басып қалады. Аттар да болдырып, біреуі аяғынан кетіп құлайды. Сонда Мұқан бір атты шанаға тиеп, екіншісін артына байлап, бәрін сүйреп ауылға жетеді. Бұғанасы қатпаған қаршадай баланың мұндай алапат күшіне таңданбаған жан болмапты. 

 

Аппақ Байжанов 

 

b77f07655825bd75bf7e7b846433b2b3.jpg

Аппақ Байжанов есімді баланың тағдыры Қарағандымен байланысты. Бала кезінде байдың есігінде жалшылық еткен Аппақ жанында қос тазысы бар қой жайып жүреді. Кенет отардың бір шеті дүр ете қалады. Қараса, суыр қашып бара жатыр екен. Қосы тазысы тұра қуғанмен, іні таяу жер болғандықтан, суыр зып етіп кіріп кетеді. Сол күні күн кешкіріп қап, іннің аузын таспен бекітіп кетіпті. Ертесінде келсе, қап-қара тастар шығып жатыр дейді. Әлгі тасты бояу деп ойлаған бала ауылына әкеп көрсетеді. Үлкенде де не екенін таппай дағдарады. Сөйтіп тұрғанда жай тас екен деп, отқа тастай салады. Біраз уақыттан соң әлгі тас жана бастапты. 

Қарағанды көмірін тапқан сол бала Аппақ Байжанов болып шығады. 

 

Әлихан Бөкейхан 

 

c8bc0699812e4d6c780702147ce9ab50.jpg

Әлихан интернатта оқып жүргенде оның ақыл-парасатына, математикалық жүйріктігіне таңданған мынадай оқиға болыпты: Мектепке ойда жоқта Жетісу өлкесіне генерал-губернатор болған Колпаковский соғады. Ол балаларды сынамақ оймен: «Омбы мен Қарқаралының арасы 760 шақырым. Осы екі араны өткенше арбаның доңғалағы неше рет айналады» деген есеп береді. Сонда Әлихан ешкімнен қаймықпай, генералдың белбеуін алып, жерге сызып көрсетіп, есепті бәрінен бұрын шығарған екен. Сөйтіп Колпаковскийдің ұсынуымен Әлихан Омбының техникалық училищесіне оқуға түседі. Ұлылық деген осы ғой! 

 

Мұхтар Әуезов 

 

540190baccd2e0ee6f587045a8068183.jpg

Ұлы жазушының бала кезде футбол ойнағанын қазір көпшілік білер. Қазақстан футболының ажырамас бір бөлігі болып отырған Семей қаласында 1913 жылы ерлер гимназиясы мен семинариясында алғашқы футбол командалары ұйымдастырылады. Сол кездегі құрылған «Ярыш» командасының құрамында кейін әлемге әйгілі жазушы атанған семинарист жас Мұхтар Әуезов те ойнайды. 1914 жылы «Жарыс» («Ярыш») өзінің алғашқы ойынын Семейде құрылған гимназияшыларға қарсы өткізеді. Осы тарихи ойында қарсыластар қақпасына гол соққан бала Мұхтар болатын.  

 

Мейрамбек Бесбаев 

 

7fb30b229e6e13f5f6481912af4c891e.jpg

Бала Мейрамбек орындайтын «Бозторғай» әні 1989 жылы «Қара бала» деген атпен қағазға түскен. Кейін Алтынбек Қоразбаев оны «Бозторғай» деп өзгертеді. Алғаш рет, ақиық ақын Мұқағалидың ауылы Қарасаз топырағында шырқалады. 1991 жылы Өзбекәлі Жәнібеков ұйымдастырған республикалық термешілер байқауына 15 жастағы Мейрамбек Бесбаев «Бозторғай» әнімен қатысқан. Халықтың ыстық ықыласына бөленген бала Мейрамбек байқаудың үш күнінде-де қатарынан «Бозторғай» әнін шырқаған. 15 жасында шырқаған әнімен оның есімі тарихта алтын әріппен жазылып қалды. 

 

Арыстанбек Нұрмаханов 

 

621ecba28e8b8b1f27e10de995eee26a.jpg

Арыстанбек Нұрмаханов он төрт жасында студент атанған. Өз қатарластары үшінші сыныпта оқып жүргенде ол жетінші сыныпта білім алды. Кейін Абылайхан атындағы Қазақ мемлекеттік әлем тілдері және халықаралық қатынастар университетінің студенті болды. Аталмыш жоғары оқу орнының бесінші курсында оқып жүргенде-ақ ағылшын тілін оқыту әдістемесі кафедрасының оқытушысы, одан кейін, аға оқытушысы, доцент, ал 23 жасында халықаралық қатынастар факультетінің ағылшын тілі кафедрасының меңгерушісі, 27 жасында халықаралық қатынастар факультетінің деканы қызметтерін атқарды. 2013 жылдың 18, ақпанынан Қазақстан Республикасы Мәдениет және, ақпарат министрлігінде, Ақпарат және архив комитеті төрағасының орынбасары. 1 монография, 1 аударма кітап, 1 сөздік, 1 әдістемелік құрал, 30 ғылыми және ғылыми-әдістемелік мақаланың авторы. 

 

Жансая Әбдімәлік 

 

adaa9a615acb58351c190cea3a73917a.jpg

Қазақтың шахматшы қызы Жансая он төрте жасында гроссмейстер атанған 2012 жылғы жастар әлем чемпионатының күміс жүлдегері. 2011 жылғы 20 жасқа дейінгі санатта Азия чемпионатында екінші орын көрсетті (жалпы жарыста 6.5 ұпайдан үш ойыншы жинаған – Во Ти Ким Хун (Вьетнам), Жансая Әбдімәлік (Қазақстан) және Синит Челси (Индонезия). Жансая Әбдімәлік сегіз жасында әлем чемпионы атанса, он бір жасында әлемді төртінші рет бағындырды. 

 

Шәймерден Саятбекұлы 

 

e0b1cbcfa938ffc7dad9929cfd72748f.jpg

Шәймерден есімді бұл балақай 5 жасынан бастап қазақтың көрнекті, ақындарының жырларын жатқа айтып, жұртшылықты разы етіп жүр. Ол Абай, Мұқағали, М. Шаханов секілді ұлы, ақындардың 43 өлеңі мен 12 поэмасын жаттауда өзі қатарлы балалардан ғана емес, жасы үлкен ересек балалардан да аты жүріп, мойны озып тұр. Анасы: «Екі жасында шағын шумақты оқып берсем, тез жаттап алатын. Үш жасынан бастап дастандарды жаттатқыздым. Үлкен сахнаға төрт жасында шықты. М. Шахановтың «Нарынқұм зауалы» атты поэмасын мәнерлеп оқып берген болатын. Ең қиын деген дастандарды да екі рет оқып берсем есте сақтап қалатын», – дейді. Туа дарын иесі осындай болса керек-ті.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?