Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ел қорғаған Ер Дәулетбай

2617
Ел қорғаған Ер Дәулетбай  - e-history.kz
Батырдың туы еліне тапсырылды

Қазақ үшін аманаттың маңызы зор. Ұлтымыз ежелден ұрпағын әділдікке, адалдыққа, жауапкершілікке шақырып, құлағына «біреудің ақысын жеме», «ешкімнің ала жібін аттама», «аманатқа қиянат жасама» деп құйып отырған. Ар-ожданды биік қойып, адалдыққа ұмтылып, имандылықты бойына сіңірген ізгілердің ізін жалғастыру үшін имандылықтан, баба тәлімінен үлгі алудың ерекше мәні бар. Әсіресе, әр адам өзіне жүктелген істі «ардың ісі» деп сезініп, берілген аманатқа қиянат жасамаса, жемқорлықтың жібі үзіліп, әкімдеріміз әділдікті ұстанары, қарапайым халық зиянға ұшырамасы анық. 

Көптеген адамдар «аманат» сөзін тар мағынада түсінеді, яғни олар «аманатты» адамдар сақтауға берген заттарды қорғау, сақтау деп қана түсінеді, ал шындығында қазақ ұғымында оның мағынасы кең және ауқымды. Аманаттың тағы бір мынадай түсінігі бар: әр нәрсе өзіне тиісті лайықты орнында болуға тиіс. Асыл бабалардан қалған қандай да бір құнды дүние өз орнында болса, құба құп. Сол сияқты лауазымдық мәртебе (қызмет) тек соған лайықты адамдарға ғана берілуі керек. Аманатты өз мойнына толығымен алып, бүкіл жауапкершілікті сезінетін, міндеттерін толығымен атқаратын адамдар ғана мұндай іске тәуекел етіп, бел байлайды. Мұның сырын ашып жазып жатуымыздың да ерекше мәні бар. 

Атақты Қабекең ақ туын Дәулетбай батырға тапсырып жатып: «– Елге ие бол, жауыңнан сақтан, «Қабанбай өлді» дегізбе», – деп өсиет айтқан екен. Солай ұлы бабадан қалған асыл мұра ұрпақтан ұрпаққа жалғасып бүгінгі күнімізге аман-есен жетіп отыр. Дәулетбай батырдың туын сақтаған адам – Нұрбәтен Нығметжанқызы деген апамыз. Фамилиясы Мәкіжанова. Руы Дәулетбай, оның ішіндегі Көтеш. 1911 жылы дүниеге келіп, бертінге дейін ғұмыр кешкен. Маңырақтың Сеңгір деген жерін мекен етіп отырған екен. 

 

d4152b9d37dff921783719342261698a.jpg

Дәулетбай батырдың туын сақтаған Нұрбәтен апамыз осы 

Қазақтың басынан өткен қиын-қыстау заманда – ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы аласапыранда, ағалары Қытай асып бара жатып, батырдан қалған, ақ туды қарындастарына тапсырады. Күндер өтіп, уақыт жылжып, Бәтен апамыз (туыстары Нұрбәтенді осылай да атаған) Семей жақтан қоныс аударып келген үш отбасы тобықты Жұмабек беген, ақсақалдың әулетіне келін боп түседі. Жарының есімі – Жұмағұл. Заманның күйіп тұрған кезі. Бұл атамыз да қанды қырғын басталып соғысқа кетерде жанында Смағұл бар, Жұмабек бар – бәрі Дәулетбайдың туын бір жерге жасырып, тығады. Сол кеткеннен Жұмағұл атамыз соғыстан қайтпаған. 

Бірақ елдің іші кең ғой. Ешкім ештеңені ұмытпаған. Тек тәуелсіздік алып, өз қолымыз өз аузымызға жеткен бейбіт заманда Дәулетбай туы қайта ізделіп, сұрала бастайды. Тарбағатайдың Ақжар ауылында Қаракерей Қабанбай батырдың 300 жылдық ұлы тойы дүбірлеп өткені белгілі. Сол тойға еліміздің түкпір-түкпірінен келген тілшілер, республикалық арналардың журналистері Бәтен апамызды тауып, сұхбаттар алған. Содан көп ұзамай барлық оқиғаның куәгері болған апамыз да дүниеден өтіпті. 

Ал Жұмабектің Оразғали деген ұлынан туған Оразхан 1992 жылы әскерден келгенде Дәулетбай батырдың туы туралы әңгімені естиді. Бәтен апасынан да көптеген құнды мәліметтерді білген екен. Бұл құнды қазына жерде жатпауы тиіс, оны тауып, елге қайта табыстауды ойлап жүреді. Құдайдың құдіреті дейміз бе, сол уақытта «Ту ұстап, ел қорғаған ер Дәулетбай батыр» қоғамдық қорының басшысы, батыр бабаның тікелей ұрпағы Самат Қыдырмолдаұлы екеуі кездесіп қалып, сол таныстыу-жүздесуде Оразхан көкейдегі көптен бергі ойын, арманын жеткізеді. Онысы – батыр баба Дәулетбайдың ақ туын елге табыстап аманаттау. Көрдіңіз бе, аманаттың мәні қайда жатыр?! 

Сөйтіп, «сабақты ине сәтімен» дегендей, орайлы сәті туып, қор құрылып, оның басшысынан бастап елдің азаматтары барлығы бір кісідей жұмылып, үлкен бір істі бастайды. Самат Тыштыбаев басқаратын «Ер Дәулетбай батыр» қоры Қазақ хандығына 550 жыл қарсаңында Тарбағатай ауданы, Ақжар ауылында Қаракерей Қабанбайдың немере інісі әрі үзеңгілес серігі, жоңғарға қарсы азаттық соғысының қаһарманы Дәулетбай Сатыұлына өткен 7 мамыр күні еңселі ескерткіш орнатты. Сөз жоқ, бұл бір – елдікті нығайтатын, бірлікті арттыратын үлкен еңбек, іргелі шаруа. Сол ескерткіштің ашылу салтанаты кезінде Дәулетбай бабаның ақ туы да туған жұртымен қайта қауышты. 

 

0f471fbb8e072315498acae3a6a9127a.jpg

Батырдың ақ туы. «Ұлы Дала қырандары» қозғалысының және «Ер Дәулетбай батыр» қорының белсенді мүшелері 

Қалың тобықты түгілі, бүкіл қазақ сөзіне ұйыған Әнет бабаның: 

 Тауына қарай – қыраны, 

Жеріне қарай – құланы. 

Ұлысына қарай – ұраны, 

Ұранына қарай – ұланы, – дегеніндей, баба есімін ұран етіп көтерген қазақтың бүгінгі бейбіт күні мәңгілікке жалғассын деп тілейік. Ендігі жерде бұл қазақ намыстың найзасымен, жігердің жебесімен қорғалып ұрпағына аманат етіп тапсырылған мынау Ұлы Даланы, жер астындағы байлық та, жер үстіндегі әрбір өсімдік те атаның аманаты екенін ұмытпауы тиіс. Қайран біздің қасиетті қара нардай бабаларымыздың әрбір ісі, айтқан сөзі, жазған хаты, қалдырған мұрасы – біз үшін аманат. 

Сондықтан осындай аса қастерлі мұраны көздің қарашығындай сақтап, келешекке табыстап отырған, осы игілікті іс шараның басы-қасында болып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, «ел дегенде езіле, жұрт дегенде жұмыла қызмет етіп» (Б. Момышұлы) жатқан барша азаматтарға, туған жер төсіндегі, одан түлеп ұшқан барша тарбағатайлық жерлестерімізге үлкен алғысымызды білдіреміз.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?