Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Құрт – қайырымы мол асыл тас

4173
Құрт – қайырымы мол асыл тас - e-history.kz

1990 жылы «Халық жауларының» әйелдеріне арналған Ақмола лагерінің бұрынғы тұтқындарының бірі Гертруда Платайс Қазақстанға келіп-кеткен сапарында «АЛЖИР» мұражайының қызметкерлеріне жергілікті қазақтарды қалай алғаш рет көргенін, олардың тұтқын әйелдерге қалай қамқорлық танытқанын айтып берген еді. 

0fe0ddc6f50a4239c99272ea5dde00e7.jpg

Қар бораған қыстың бір күнінде күшейтілген күзетшілердің қоршауындағы тұтқын әйелдер Жалаңаш өзенінен барақтар тұрғызатын қамыс шауып әкелуге барды. Қыстың қақаған суығында бүрсеңдеген әйелдерді күнде алып барып, қатарынан 17-20 сағаттап жұмыс істеткізді. 

Сондай бір күні қамыс шабатын көл жағасындағы Жаңашу ауылының тұрғындары балаларына байғұс әйелдерге тас лақтырыңдар деп бұйырды. Күзетшілер болса: «Көрдіңдер ме, сендерді Мәскеуде ғана емес, ауылдағы бала екеш баланың өзі жек көреді», – деп мәз болысады. 

Гертруда Платайс осы оқиғаны еске алғанда, балалардың әрекеті өздеріне соншалық ауыр тигенін, бәрінен бұрын моральдық тұрғыдан аса қиын болғанын айтты. 

Қатарынан бірнеше күн таспен атқыланған әйелдер үшін тағдырға мойынсұнудан басқа, сталиндік үгіт-насихатқа әбден уланып, ұрда-жық мінезге, қатыгездікке бой алдырған қазақтардың әділетсіздігіне ренжуден өзге ештеңе қалмағандай еді...

Тек бір күні әбден қалжырап, әлі кеткен Гертруда өзіне қарай лақтырылған тастан бұғып қалмақшы болғанда аяғы тайып кетеді де, бұрынырақ лақтырылған тастарға етпетімен құлайды. Беті жерге тие құлаған әйелдің мұрнына ірімшіктің иісі келгендей болады. Жалма-жан аузына апарғанда дәмділігі керемет көрінген ақ тастарды қойнына тығып, бараққа әкелгенде сонда отырған қазақ әйелдері оның құрт екенін – тұздалып, күннің көзіне кептірілген іркіт екенін айтады. Басқа көмектесетін амал таба алмаған қазақ балалары өз өмірлерін тәуекелге тіге отырып, тұтқын әйелдерге құрт лақтырып, көмек көрсетпек болған екен. Қазақтар 1930 жылдары аштықтың қасіретін өздері де көрген, сондықтан да тұтқын әйелдерге көмектескен. Тіпті күзетшілерден жасырып, қамыстың арасына піскен ет, талқан, құрт, таба нан да қалдырып кетіп жүріпті.

Тұтқын әйелдер қазақ халқына деген алғыстарын өмір бойы жүрегінде сақтады. «Барлық лагерьлер жан төзгісіз, – дейді тұтқын әйелдер, – бірақ осы қазақстандық лагерьлерде көптеген адамдар қазақтардың арқасында тірі қалды. Олар да аштықты, суықты, қайғыны бастарынан өткерген еді». 

Гертруда Платайстың естеліктері тарих пәнінен сабақ беретін ұстаз Раиса Голубеваның «Құрт –асыл тас» атты өлеңіне арқау болған.

Құрт – асыл тас

Қазақ атқан тасқа барып жығылдым – 

Тамағыма өксік келіп тығылды. 

Құдайым-ау, тас па мынау немене? 

Мұрыныма сүт иісі келе ме? 

Үміт оты жарқ етті ғой, 

Тас дегенім азық екен 

Нәр боп сіңер денеме. 

Қарттар неге өшікті деп ойлап едім, таңдана. 

(Балаларды айтақтаған шал мен кемпір оңа ма?) 

Сөйтсем... сөйтсем, айналайын кең елім, 

Ақсақалдар – данышпаным, кемелім, 

Сақтау үшін тұтқындардың қу жанын, 

Тәуекелге тігіпті ғой өз ұрпағын – сенерін. 

Қатыгездер кесіп берген әділетсіз үкімді, 

Түсініпті, үлкені де, баласы да – бүкілі. 

(Отан сатар шама қайда біздерде,

Сатқындарды мұннан емес, басқа жақтан іздеңдер). 

Көк мұзды жастанып ап тере бердім, 

Ақкөңілдің қамкөңілге бергендерін, 

Жендеттерге сездірмедім бірақ та, 

Кете бардым кешке қарай бараққа... 

(Ол бір барақ – 

зұлымдардың қорлығының ордасы, 

Тас қараңғы, тастай суық, моладай). 

«Қазақ деген әз халықты қолдашы, 

Әлемдерді жаратушы бір Алла-ай», – 

деп сол барақта мұсылманша сыйындым. 

«Неміспін мен, христианмын», – 

деп ойлаудан тыйылдым. 

Өзім үшін ештеңе де сұрамадым, 

Қарттар үшін денге саулық, 

Аналарға мол-мол бақыт, 

Балаларға шалқар шаттық – 

осы болды сұрағаным. 

Сенім кеткен мен бейбақтан, 

Досым да жоқ өмірде. 

(Азап біткен — менен қалған азаптар)

Көргендерім түйіліп тұр көңілде: 

Тәрбиенің ең ұлысын балаға 

Даналықпен бере алады қазақтар.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?