Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақтың Ақназары – Ноғайдың Хақназары

5778
Қазақтың Ақназары – Ноғайдың Хақназары - e-history.kz
Қазақ хандығы тұсында ең ұзақ билік еткен, қазақ елінің келешегі мен бүгіні үшін, ұлан байтақ жеріміз үшін, халықтың бостандығы жолында құрбан болған – Хақназар хан Қасымұлы

Тәуелсіздікке дейін қазақтың хандары, интелегенция өкілдері, дін қайраткерлері, тарихи тұлғаларымыз тарихтан өз бағасын ала алмай келді. Өйткені кешегі қылышынан қан тамған советтік идеологияның керітартпа саясаты қазақтың төріне озғандарды елеп ескермеді. Қазақ Ордасын құрған ұлы хандарымыз да осы жолдың құрбанына айналды. Сол кездің шындығын риторикалық сұраққа салып, жауап іздеген қазақтың көрнекті ақыны  Ғафу Қайырбеков:

Бір сұрақ осы күні мен аңғарған,

Сұрап келем білікті адамдардан.

Өзге жұрттың патшасы жақсы болып,

Қазақ ханы неліктен жаман болған? – деген болатын.

Қазақ тарихындағы қай хан болсын, өзінің тарихтағы орнын жасады. Жау етектен алғанда, қан майдан даласында ұрысқа аттанды. Түн ұйқысын төрт бөліп, ұлы орданың тәуелсіздігі үшін ұйықтамады. Сол жолда Хақназар хан да шейіт болды. Бүгінгі қазақ Керей мен Жәнібекті, Қасым мен Абылайды, Кенесары хандарды жатқа білері анық. Ендеше сол хандармен тең тұратын, ең ұзақ билік еткен, қазақ елінің келешегі мен бүгіні үшін, ұлан байтақ жеріміз үшін, халықтың бостандығы жолында құрбан болған – Хақназар хан Қасымұлы.

Жазып отырған мақаламызда Қазақ хандығының тәуелсіздігі, халықтың азаттығы жолында айрықша есімі қалған саяси қайраткер, баһадүр батыр, жауынгер қолбасшы Хақназар хан Қасымұлы туралы қысқаша деректерді ұсынбақпыз.

42 жыл бойы тақтан түспеген Хақназар

XVI ғасырдың екінші жартысында әлсіреген Қазақ хандығын біріктіруде Қасым ханның баласы Хақназар хан ерекше қызмет атқарды.  Ол жасында әскер басы ретінде танылған жауынгер болатын. Әйгілі қазақ ханы Қасым ханның ізімен жүріп, оның ұлы ісін мұрат тұтқан хан Қазақ ордасының іргесін одан әрі бекітіп, кемелді мемлекетке айналдырды. Қазақ хандығы территориясын Еділге дейін кеңейтіп, әкесі нығайтқан хандықты одан бетер күшейтті. Шығыстан әлсін-әлсін шабуыл жасап тұратын қалмақтардың бетін қайтарды. Сол кездегі қуатты мемлекет Моғолстанға қарсы табанды күрес ашып, жеңіске жетті.  42 жыл бойы тақтан түспеген Хақназар хан тұсында Ноғай ордасы ыдырап, ондағы тайпалар Қазақ хандығына қосылды. Ол туралы ардагер журналист Бектұрғын Жамбабаев Хақназар туралы зерттеулерінде былай дейді:

«Қасым хан қайтыс болған соң оның артындағы ұрпақтары тақ тартысына түсіп, біршама уақыт Қазақ хандығы әлсірейді. Алайда, Қасым ханның баласы Хақназар (кейбір деректерде Ақназар)  билікке келген тұста хандық қайта өрлейді. 42 жыл бойы тақтан түспеген Хақназар хан қырғыз, қазақтың патшасы атанады. Тарихи деректерге сүйене айтатын болсақ, дәл осы Хақназар ханның тұсында Ноғай ордасы ыдырап, ондағы  тайпалар  – қаңлылар, қыпшақтар және Кіші жүз – Алшын одағындағы тайпалар түгелімен Қазақ хандығына қосылғаны мәлім. Қазақ хандығының күш алып бара жатқанын көре алмаған Ташкент билеушісі Баба сұлтан есебін тауып Хақназар ханды екі баласымен бірге  өлтіреді. Алайда, Түркістан қаласы үшін шайқаста Баба сұлтан қазақ қолынан қаза табады».

Хақназар Сыр бойындағы Сауран, Түркістан, Ташкент қалалары үшін өзбек ханы Абдулланы қолдап, кейін өзі жоғарыдағы қалаларды басып алып, орда территориясын ұзартты. Дегенмен Хақназардың Абдулламен байланысынан қорыққан Ташкенттің ұлыстық әміршісі Баба сұлтан жансыздары арқылы Хақназарды у беріп өлтірді.

Ноғайлармен соғыста 24 сұлтан қаза тапқан 

Қасым ханның баласы Хақназар хан (1538-1580) тұсында қазақ хандығы қайта бірігіп дами түсті. Қазақ хандығының 300 жылдық тарихында Хақназардай ұзақ жыл ел билеген хан болған емес. Ол ел басқару, қиын-қыстау, әскери-саяси істері жағында қажырлы да қабілетті қайраткер болды. Оның үстіне аса күрделі сыртқы жағдайларда дипломатиялық дарыны мол майталман екендігін көрсетті.

Тарихшы ғалым Берекет Кәрібаев Қасым хан өлгеннен кейін қазақ тарихында қасіретті кезең басталғанын айтады. XVI ғасырдың 60-80 жылдары бір ғана ноғайлармен шайқаста 24 сұлтан қаза тапқан. Осындай қиын-қыстау шақта Хақназар дипломатиялық жолмен Қазақ хандығының іргесін бекітті.

«Қасым хан он жылдай ғана билік құрып, қырық жыл ел билеген Бұрындықтан да асып түсер жағдай жасады. Батыстағы шекараны Еділге дейін жеткізді, қазақтың жерінің этникалық территориясын біріктірді. Сөйтіп оның соңында «Қасым ханның қасқа жолы» қалды. Қасым ханнан кейін қазақ тарихындағы қасіретті кезең басталды. 20 жылдан астам уақытқа созылған қасіретті жылдары 60-80-дей қазақ сұлтаны өлген екен сыртқы жаумен соғыса жүріп. Ноғайлармен соғыста 24 сұлтан өлген. Шайбанилармен соғыста 37 сұлтан қаза болған. Одан кейін бірде дипломатиялық жолмен, бірде басқа тәсілмен бәрінің басын біріктірген – Хақназар хан болды», – дейді Б. Кәрібаев. 

Хақназар хан таққа отырған соң хандық үкіметтің билігін нығайтуға және күшейтуге қажырлы қайрат жұмсады. Өзінен бұрынғы Тахир хан және Бұйдаш хан тұсында бытыраңқы жағдайға түскен Қазақ хандығын қайта біріктірді. 1523-1524 жылдары жарыққа шыққан қазақ-қырғыз одағын үздіксіз нығайтты, тіпті сол заманның тарихи деректерінде Хақназар хан «қазақтар мен қырғыздардың патшасы» деп аталды. Ол осы қазақ-қырғыз одағына сүйене отырып, Моғолстан хандарының Жетісу мен Ыстықкөл алабын жаулап алу әрекетіне тойтарыс берді. 

Хақназар хандық құрған дәуірде қазақ хандығының сыртқы жағдайында аса ірі тарихи оқиғалар орын алды. Бұл кезде батыста күшейе түскен орыс мемлекеті шығысқа қарай ірге кеңейтіп 1552 жылы Қазан хандығын, 1556 жылы Астрахан хандығын басып алды. Осы жағдайға байланысты, Еділ мен Жайық арасында ұлан-байтақ өңірді мекендеген Ноғай ордасы ыдырай бастады. Кейіннен Ноғай ордасында өзіне қаратып, шекара сызығын одан бетер ұзартты.

Қазақтар мен ноғайлардың ханы

Хақназар хан тұсында Қазақ хандығының күшеюі және халық өмірінің оңалуы, Ноғай ордасына қарасты қазақ тайпаларын қызықтырып өзіне тартты. Ноғай одағына қарасты көшпелі тайпалардың бір бөлігі қаңлылар, қыпшақтар. т.б. Қазақ хандығына келіп қосылып жатты. Оларды Хақназар хан құшақ жая қарсы алды. Ноғай ордасын билеушілерінің бірі Ысмағұл мырза ішкі феодалдық қырқыста өз ағасы Жүсіп мырзаны өлтірді. Жүсіп мырзаның балалары Ысмағұл мырзамен соғысты бастайды. Ноғай ордасында өзара қырқысқан екі топ пайда болды. Хақназар хан Ноғай ордасының ыдырауын пайдаланып, Жайық жағалауындағы көшпелі тайпаларды қазақ хандығына қосып алумен ғана тынбады, Ысмағұл мырза бастап, батысқа қарай ауған ноғайларға қуалай шабуыл жасап, оларды одан әрмен ығыстырып, ірге кеңейту әрекетін жасады.

 

Көптеген зерттеушілердің айтуынша, жоғарыдағы шабуылдар батысқа қарай ауған ноғай тайпаларының Еділ мен Жайық өңірін тастап, Дон сахараларына қарай кетуіне себеп болған. Бұл жөнінде тарихшы Ахмет Заки Уәлиди:

«1969 жылы Шығай, Хақназар сұлтандар бірлесіп, Ысмағылдың баласы Орыс сұлтанға шабуыл жасады, осыдан соң ұзақ тұрмай ноғай мырзалары ақырындап елдерін Жайық пен Еділдің батыс жағына, Дон сахараларына көшіруге, башқұрт елдерін тастауға мәжбүр болды», – дейді.

Бұл жеңіс Қазақ хандығының жерін кеңейтіп, күш-қуаты мен беделін арттырды, тарихи деректемелерде қазақ ханы Хақназарды «Қазақтар мен ноғайлардың ханы» деп атаған. Қазақ тарихында ең ұзақ билік құрып, орда шекарасын Еділдің бойына дейін жеткізіп, Ноғай ордасын жеңген Хақназардың ұлт тарихындағы орны ерекше. Бүгінгі ұрпақ Қазақ хандығын нығайту жолында батыл қайраткерлік қадамдар жасаған, ел тұтқасына айналған Ақназар ханды тарих сахнасынан ұмытпағаны абзал.  

Әзірлеген Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚ

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?