Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Нұралының Кіші жүзге хан болғаны жайлы құжат

5140
Нұралының Кіші жүзге хан болғаны жайлы құжат  - e-history.kz
Нұралы хан 1748–1786 жылдары билік құрған. Әбілқайыр хан өлген соң, 1748 жылы Кіші жүздегі хандық таққа оның ұлы әрі мұрагері Нұралы отырады.

Бұл шешімді Ресей патшайымы Елизавета Петровна бекіткен.
Нұралы патшалық билік тарапынан бекітілген бірінші қазақ ханы болған. Патша үкіметінің бұл әрекеті ендігі уақытта қазақ жұрты хан ретінде мойындаған сұлтанды хандық дәрежеге бекіту немесе бекітпеу өз еркінде екендігін білдіруі еді. Бұл қазақ халқының дербес мемлекеттігін жоюға бағытталған алғашқы қадам болып, сондай-ақ «Патшалық ішінде патшалықтың болуы мүмкін емес!» деген стратегиялық бағыт көрінісі болатын.

Нұралы хан да әкесі Әбілқайыр сияқты ел арасындағықпалды топтардың қолдауына сүйене алған жоқ. Әкесіне ұқсап ол да алғашқы жылдары жалпықазақтық тақтан үміткер екендігін білдірді-де, бірақ сыртқы істер коллегиясы И. И. Неплюевтің кеңесі бойынша, Нұралы ханның өтінішін қолдамады, сөйтіп бекіту грамотасында оның билік ауқымын белгілемей, жай ғана «қазақ ханы» атады. Бұл қазақ коғамын жеке хан билігі арқылы басқарудан бас тарту болатын.

Нұралы ханға дара қолдау көрсету өз ретінде Абылай, Барақ және басқа ел арасындағы аса беделді билеушілерді Ресейге қарсы қоюмен тең болды. Осы жағдайды ескере отырып, Петербургтік билік Неплюев ұсынған, қазақ қоғамындағықпалды топтардың бірде-бірінің басқалардан ерекше күшейіп кетуіне жол бермей, олардың арасында күштер «тепе- теңдігін» сақтау саясатын ұстануға көшті.

Қазақ саяси элитасын баскарудың ресейлік әдісі осылайша орныға бастады. Ресей үкіметінің бұл саясатының орнығуына қазақ коғамының ішіндегі билеуші топ арасындағы алауыздықтың етек алуы, сондай- ақ Нұралы ханның ел арасында беделінің жоқтығы жақсы жағдай туғызды.

Әбілқайыр ханның ескі жауы Батыр сұлтан Нұралыны хан ретінде мойындаудан бас тартып, Сырдарияның төменгі, ағысындағы шекті тайпасының старшындары оны өздеріне хан сайлайды. Сөйтіп, Кіші жүз екі хандыққа бөлініп, солтүстік-батыс бөлігі Нұралы ханға, ал оңтүстік-шығыс бөлігі Батыр ханға қарады.

Егер Нұралы ханның Ресейге тәуелділігі жыл өткен сайын арта түскен болса, Батыр сұлтан өзін Ресейден алысырақ ұстап, Хиуа хандығының қолдауына сүйенуге бейімділік танытады.
Нұралы хан билігінің әлсіреуіне оның көрші халықтармен екі жаққа бірдей тиімді қатынас орнықтыра алмауы да үлкен әсерін тигізді. Оңтүстік шекарада Хиуаға бағынышты түрікмендермен арада бейбіт қатынастың орныға қоймауы салдарынан Нұралы әскері біріккен өзбек-түрікмен қолдарынан қирай жеңіліп, мыңнан аса қазақ жігіттері опат болды. Ханның Еділ мен Жайықтың арасындағы торғауыт қалмақтарымен қатынасы да өзара жаугершілік сипатта болды. 1771 жылы қысында патшалықтың езгісі мен зорлығынан Жоңғар жеріне кашқан торғауыттарды Нұралы хан Ералы және Айшуақ деген інілерімен бірге аяусыз тонады.

Нұралы ханның саясаты Кіші жүз қазақтарының башқұрт халқымен арақатынасының шиеленісуіне алып келді. 1755 жылы Башқұртстанда Ресей езгісіне қарсы жаңа көтеріліс бұрқ ете калды. Патша әскерінің қуғынынан ығысқан елу мыңға жуық башқұрттар қазақ даласына еніп, қазақтармен біріге орыс шабуылынан қорғанудан үміттенді. Орынбор губернаторы И. И. Неплюев Нұралы ханға және басқа қазақ билеушілеріне арнайы грамота жолдап, онда башқұрттардың малы мен мүлкін тонап, өздерін құлға айналдыруға шақырды.

Бұл үндеу қазақ ауылдары арасында кең қолдау тапқан жоқ. Тіпті орыс билігінен бірігіп корғану мақсатында жетіру тайпасы жерінде қазақ-башқұрт аралас қолдары құрылып, шекара бекіністеріне шабуылдар да жасалынды. Дегенмен Орынбор губернаторының тілегін орындауға кірісіп кеткен Нұралы мен оның інілері башқұрттарды тонап, олардың басшысы Батырша Әлеевті орыстарға ұстап беруге күш салады. Бұл сатқындық әрекеттен қазақ пен башқұрт елдері арасындағы туыстық қатынас бұзылып, өзара жаугершілікке ұласуына жол ашты.

Көршілерімен араздасқан Нұралы хандық ішінен-де қолдау таба алмады. Патшалық әкімшілікпен ғана жақын болу жолына түскен ханның рубасылармен арақатынасы алшақтап кетті. Хандықтың күнделікті өміріне байланысты шақырылып тұратын билер кеңесі-де сиреп, билердің ел басқару ісіне араласу мүмкіндігі тарыла түскенді. Ал Нұралы ханның Жайықтың оң жақ бетіндегі жайылымдарды пайдалануға патшалык әкімшіліктің келісімін ала алмауы, соның салдарынан мал шаруашылығының дағдарысқа ұшырауы ханның беделін біржола құлдыратты.
1783 жылы Жайық казактары Сырым мен Нұралы хан ауылдарын тонау жорықтарын бастады. Нұралы хан Сырымның ел арасында беделі жоғары екенін білгендіктен, оны орыстардың түрмесінен босатып алады.

Сырым темір тордан шыққан соң халық көтерілісінің қарқыны үдей түсті. Бұл уақытта патшаға қарсы бас көтеруден қорыққан Нұралы хан Сырымға қарсы шығып, Ресейді көмек беруге шақырады. Осы кезден бастап Сырым батырға екі жаумен бірдей шайқасуға тура келеді.
1784 жылы Сырым Сағыз өзенінің бойында Нұралы ханға шабуыл жасағанда, ол орыс-казак бекіністеріне қашып құтылды. 1785 жылы Сырымның үзеңгілестері орналасқан аудандарда — Орал бекінісінің төменгі жағында ірі шайқастар болды. 1783–1785 жылдары қазақтың байбақты, табын және тама руларының жайылымдық жерлерін казактар басып алған соң, қиян-кескі ұрыстар болып өтеді. Бұл кезеңде Кіші жүздің батыс аудандарында көтерілістер басталып, олар Жайық пен Ембі өзендері арасында көшіп-қонып жүрген руларды да қамтыды. Қалыптасқан жағдайды пайдалана отырып, патша өкіметі тікелей ру старшындарымен келіссөздер жүргізе бастады.
1785 жылы генерал-губернаторО. А. Игельстром II Екатерина патшайымға: «Рубасылары мен халықтың ханға наразылығы соншалықты зор, тіптен өздерінің берекесі мен тыныштығын алушы ретінде қарайды», — деп жазды.

1772 жылдан бастап Кіші жүз қазақтарының отарлық билік пен хан-сұлтандардың зорлығына қарсы азаттық қозғалысының басында тұрған Сырым батыр өзін қолдаған рубасыларымен біріге отырып, Нұралыны биліктен аластау мәселесін қояды. Генерал-губернатор қозғалыс басшыларының бұл талабын орындап, 1785 жылы Нұралы ханды Орынборға шақыртып алып, оған қызметкерімен бірге тұруға Уфадан жарамды үй бөлдіріп, күнкөріс үшін жылына 5 мың сом қаржы тағайындайды. 1790 жылы көктемде осы қалада дүние салады. 1790 жылы күзде қазақтар Есім сұлтанның ұлы Сәмекені хандыққа ұсынады, бірақ патша әкімшілігі бұл ұсынысты қабылдамайды. 1792 жылы Патша үкіметі Нұралы ханның інісі Ералыны хандыққа бекітіп, Ералы хан тағына отырады.

Қазақстан тарихы: Жалпы білім беретін мектептің қоғамдық-гуманитарлық бағытындағы 10-сыныбына арналған оқулық / Ә. Төлеубаев, Ж. Қасымбаев, М. Қойгелдиев, т.б. — Алматы: "Мектеп" баспасы, 2006. — 232 бет.

7 томдық Қазақстан ұлттық энциклопедиясындағы деректерге сүйене отырып дайындаған

Олжас БЕРКІНБАЕВ

«Қазақстан тарихы» Интернет жобасы мақаланы әзірлеу барысында мұрағат құжаттарымен қамтамасыз еткен, Астана қаласының Мемлекеттік мұрағатына Алғыс білдіреді.


Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?