Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақ мемлекеттілігінің шежірешісі

1698
Қазақ мемлекеттілігінің шежірешісі - e-history.kz
Алайда, бұл жердегі ең бастысы мәселе — «Көшпенділерде» бұрынғы қоғам жағдайына да, қазіргі жағдайға да тәуелсіз өзіндік құндылығы мен әдеби тағдырының барлығында.
Шыңғыс Айтматов

КСРО ыдырағанынан кейін бізде және басқа республикаларда жаңа егеменді мемлекет құру барысында рухани құндылықтарды қайта бағалау үдерісі қарқынды түрде бастау алып, айналасы 5-10 жыл ішінде өз мәресіне жетіп те үлгерді. Өткен ғасырларда өмір сүрген танымал тұлғалардың қажырлы еңбегіне лайық баға да берілді. Әрине, бұл қуанышты жағдай. Осындай тұлғалардың бірі де, бірегейі де — есімі көзі тірісі кезінде кең-байтақ қазақ даласында да, мегаполистерде де аңызға айналған дарабоз жазушымыз Ілияс Есенберлин еді.

«Қаһар» тарихи романы жарық көрген 1969 жылдан бастап Ілияс Есенберлин өзінің кітаптары ең көп оқылатын автор және халқына қадірлі прозашы тұрғысындағы біріншілігін ешкімге бермей келді. Ілияс ағамыздың осы ерлігіне тоқырау заманында қазақ халқы қайран қалған.

ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінде І.Есенберлин – кітаптарының жалпы тиражының көлемі жағынын теңдесі жоқ жазушы. Осыдан 10 жыл бұрын олардың саны 8 миллион данадан асқан. Кәзергі санын білмеймін. Бұл жәй ғана қосалқы көрсеткіш емес. Образды түрде айтсақ, оның кітаптары әр үйде бар деуге де болады. Республикамыздың қай қаласын немесе ауылын алсаңыз да. Өйткені, ол сонау Кеңес дәуірінде де, бүгінгі тәуелсіздік заманында да оқырманның ыстық ықыласына бөленген жазушы. Жоғарыдағы эпиграфта Шыңғыс Айтматов осындай қысқа да нұсқа тұжырымды қызыл сөз үшін айтқан жоқ еді.

Оның «Көшпенділер» және «Алтын Орда» тарихи трилогиялары саяси салмағы мен танымалды құндылығы жағынан өткен ғасырдағы ұлттық проза саласындағы ең ірі монументалды шығармалары болып табылады. Бүгінде Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы тек қана қазақ хандығының ғана емес, Ұлытау өңірінде Жәнібек пен Керей хандар іргетасын қалаған, бүкіл қазақ мемлекеттілігінің 550 жылдық тарихы екені айдан анық.

Ілияс Есенберлин шығармашылығының өзгелерден бөлек басты ерекшелігі неде? Бұл — негізгі сұрақ. Осындай әмбебап сұрақты барлық әдебиетшілерге қоюға болады. Бұл кез-келген классикалық шығармаға қойылатын ең басты талап екендігі баршаға белгілі. Ілияс Есенберлинге қатысты осы принципке негізделген сұрақтың жауабы қаламгерлер түгілі жәй жұртқа да белгілі.

Біздің Республикамыз көлемінде Ілияс Есенберлиннің іс жүзінде XX ғасырдың сөнбейтін символы болуы тегіннен-тегін емес. Ол өткен ғасырдың басында дүниеге келіп (1915 жылдың 10қаңтарында), сол ғасырдың соңында (1983 жылдың 5 қазанында) дүниеден озды. Өз заманының куәгері болды.

Оның замандастарының көкейіне үміт отын маздатып, саналарына алуан түрлі ойлар қозғай алған сегіз қырлы, бір сырлы шығармашылығы өз халқының жан дүниесінің түбіндегі сары алтындай сақталған — алда тұрған ірі өзгерістер мен жарқын болашағынына деген арманының ақ құсы еді.

Ол қара суды теріс ағызатын көркем сөздің теңдесі жоқ майталманы емес еді. І. Есенберлиннің әсерлі сөздер таңдауға уақыты да болмады. Бірақ, оның алдында өзгеше маңызды міндеттер тұрды: тарих тағылымының — тарихи болымыстардың философиялық талдаулары, сол заманның кемшіліктері, көркемсөз образдарының көмегімен жасалынатын болашақтың жаспарларын баян ету.

Жалпы алғанда, оның шығармашылығы — өз ұлтының алыс болашақта дамуының мәселелеріне деген аса ауқымды және түбегейлі көзқарас. Ол өзінің шығармашылық ойтүйіндерін осы тұрғыда құрды. Ұлтының жасанды түрде үзілген жоғарыдағы немесе жан-жағындағы «қамқоршыларға» жалтақтамай өз еркімен ойлай алатын және маңызды сұрақтарды шеше алатын қабілетін қалпына келтіруге үшбағытты ықпал жасай алды және көмектесті.

Осы мақсатта І. Есенберлин классикалық формулаға жүгінді: кеше, бүгін, ертең. Біздің ұлт өз тағдырының 4-5 жылына болжам жасауы үшін ол өзінің соңғы 100 жылдық тарихында қандай оқиғалар болғанын анық түрде білуге тиіс. Бес ғасырлық тарихыңды білмей алдағы 15-20 жылға болжам айту мүмкін еместігін ол басқалардан бұрын түсінді. Осы себеппен миссионер Ілияс Есенберлин өткен ғасырлардың қырық қатпар астарына терең үңіліп, ондағы барынша маңызды тарихи оқиғалар мен шынайы тарихи тұлғалар тағдырына ерекше зер салды.

Бір ғана мақаланың шеңберінде автордың қай кітабына болса да талдау жасау қиын. Жазушының повестері мен романдарының тек аттарына көз жүгірткеннің өзінде де біз көптеген деректерді біле аламыз. Ең бастысы оның алысты болжағыштық қасиеті таң қалдырады. Есенберлин өз заманы мен өткен ғасырлардың аса ауқымды дәуірлік оқиғаларын талдау мен ой елегінен өткізуге о бастан бейім болған еді. Ол үшін шығармаларының ең маңызды құндылығы нақты бір адам, жеке тұлға тағдыры болды.

Сондықтан, автордың ертеректе жазылған повестердің бірі «Адам туралы ән» (1957) деп кездейсоқ аталмаған. Басқаша сөзбен айтқанда, оның бүкіл шығармашылық өмірбаянын «Адамдар жайлы поэма» деп атауға толық негіз бар.

Оның кітаптары ұлы тұлғалар мен қарапайым адамдар, жағымды және жағымсыз кейіпкерлер жайлы. Оған осындай көзқарас негізінен тарихи тұлғалардың прототипі болып келген кейіпкерлердің әдеби образдарының мінез-құлықтарын айшық көрсетуге көмектесті.

Қаламгердің басқа повесі «Толқиды Есіл» (1965 жыл) деп аталады. Бүгінгі күні сайын құлпырып келе жатқан Қазақстанның жас астанасы Есіл өзенінің жағасында орналасқаны. Аталмыш өзен таулардан шалғай Сарыарқа жазығында ағып жатқандықтан ешқашан да буырқанып толқыған емес. Дегенмен, басқаша астарлы мағанда бүгінгі Есіл үлкен толқыныста. Өйткені соңғы 17 жылдан бері биязы мінезді Есіл өзені Астана тұрғындарымен қатар басқа жұрттың да назарын өзіне аударып тұр.

Есіл — су күре жолы. Қала сәулетінің жоспарлары осы өзенінің ерекшелігіне тікелей байланысты. Өзеннің оң және сол жағалауларының ландшафтық көрініс тұтастай бір пейзаж ретінде біртіндеп қала ландшафтымен ұштасып жатыр. Астананың жобасын дайындаған шет елдік және отандық архитекторлардың жұмыстары өзенді есепке ала отырып жобаларын Есілден бастайды.

Кітаптың аты Ілияс Есенберлиннің осыдан 50 жыл бұрын осы тыныш өзеннің жағалауындағы бүгінгі қайнаған тіршілікті алдын-ала көргендей әсер етеді. Қазақстанда Есілден де ірі және бұрқырап ағып жататын шапшаң өзендер баршылық. Ал Ілияс Есенберлин болса осы өзенді таңдаған.

Мен осындай жайттарды ескере отырып оның шығармаларындағы бейнелердің алда келе жатқан оқиғаларға қатыстылығына таңданамын. Тіпті, оның кітаптарының бастапқыда берілген шартты атаулары да жылдар өте өзінің терең мағанасын жоғалтпайды.

Есенберлин романдардың атаулары заңғарлықты, сымбаттылықты, сәнділікті паш етеді. Мысалы, «Алтын аттар оянады» (1978) және «Алтын құс» (1972). Жиырма жыл өткен соң оның осы образдары жас мемлекеттің геральдикасын бейнелеуге (гербін суреттеуге) пайдаланылды. Көшпелі өркениеттің белгісі — көшпенді бабаларымыздың «қанаты» — ат Қазақстан Республикасы елтаңбасының жобасын дайындағанда колданылды. Елімізде XX ғасыр мен 1991 жылдың соңында «Алтын аттар» біз үшін тура мағанада оянды деп айтуға да болады. Мұнда да Ілияс Есенберлин ойтүйіндері тарихи оқиғалардан ондаған жылдарға озық тұр. Енді Қазақстанның туында 19925 жылдан бері Ілияс ағамыздың қыран келбетті «Алтын құсы» өзінің зор қанаттарын жайып жіберіп күннің асты мен Ұлы Дала үстінде қалықтап тұр.

Адамсүйгіш Ілияс Есенберлиннің қоғамдағы адамдар арасындағы қарым-қатынас өте шебер сипатталынған романтикаға толы романдарының аты да затына сай: «Ғашықтар» (1968), «Махаббат мейрамы» (1983), «Аққу құстың қуанышы» (1984). Адамзат баласы үшін қай кезде болмасын өзекті тақырыптар осы романдардың атауларына бастау алады. Бір сөзбен айтқанда, Есенберлин бізге тарихи шығармаларынан басқа «Махаббат туралы трилогия» да қалдырып кетті. Оның кешегі күнгі әдеби образдары бүгінгі күннің таптырмас айшық айғағы мен дәуір таңбасына айналды.

Ілияс Есенберлиннің бүкіл саналы өмірі қиындыққа толы, шығармашылығы барып тұрған қатерлі өткел болғандықтан, оның туындылырының өткір мінезділігі батылдылыққа толы кітаптарының атынан-ақ байқалады.

Бұндай қайсар мінез автордың өзіне де тән еді, әйтпесе ол осыншама ауқымды және тың тақырыптағы творчестволық жоспарларын қарлығаштай қорғай да, іс жүзіне асыра да алмас еді. Автордың ержүрек батыл адам болғандығын оның әдеби туындыларынан білуге болады. Оның «Айқас» (1966), «Қатерлі өткел» (1967), «Маңғыстау майданы» (1978) сияқты романдары осының бірде-бір дәлелі.

Баталист Есенберлин тек қана тарихи кітаптарында ғана емес, басқа да шығармаларында кейіпкерлерінің аузымен өз заманы мен болашақ ұрпақтардың өзекті мәселелерін көтеріп отырды. 

Ол 1960-шы жылдары қазақ халқының ұлы тұлғалары Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Мағжан Жұмабаев, Шәкәрім және тағы басқалардың құқықтарын қалпына келтіру, оларға тағылған айып-кінәні жоққа шығару, абыройларын қайтарып алу үшін күресті.

Шынында да Ілияс Есенберлиннің шығармашылығын халық даналалығының мөлдір бұлағы ретінде қарастыруға болады, өйткені оның туындылары халқымызда ұмытылып бара жатқан аңыздарды, жауынгерлік ерлікті баяндап отырды. Жасыратыны жоқ сол кездегі қызыл империяның саясатына толық сенген оның кейбір қаламдастары үшін ұлтымыздың тарихы 1917 жылдан басталатындай болып көрінген. Ол оларға өзінің көзқарасының дұрыстылығын дәлелдей отырып, кейін тарихи шындықты «Қаһар» романы мен «Көшпенділер» трилогиясы арқылы қазақ көркем әдебиетінде бірінші болып айта бастады.

Осылай «Айқастар» мен «Майдандардың» сарындары қалыптасты. Оның кітаптардың атауларынан бастап оқырманға ой салады. Ілияс ағаның шығармалары жастарға дербес ойлану әдетін қалыптастырады. Оның шығармалары ойлауға «азық» болып табылады. Мұнда көптеген тарихи дерктер келтірілген, олар болған оқиғаларды бір-бірімен байланыстырып отырады. Оқиғалар асығыс үстірт жазылмаған. Олар болған жағдайларды қысқа ғана баяндап отырады.

Ілияс Есенберлин шығармаларының негізгі құндылығы да осында. Ілияс Есенберлиннің 40-жылға созылған шығармашылық ғұмырын «қатерлі өткелмен» салыстыруға болады. Оның замандастарының басым көпшілігі әдебиеттің даңғыл жолдарын таңдағанда, ол жалғыз өзі жолсыз жермен жүрді. Дегенмен, 1970-ші жылдардың басында көптегендер қазақ ақын-жазушылары оның ізін басты. Ол XX ғасырда қаламгер тарихшылардың әдебиет мектебінің ірге тасын қалады. Ол, о баста, көне дәуірдің ақиқатын іздеп, жолсыз жерге сүрлеу салып, сол соқпақпен адаспай, жалғыз өзі дұрыс шешімге келіп, аяғында теңдесі жоқ нәтижеге қолын жеткізіп жеңіс мәресіне бірінші болып жетті.

ХХ ғасырдағы қазақ поэзиясының алыбы Қадыр Мырзалиев айтқандай:

«Есенберлин Ілияс қызық еді.

Ерейменнің сілемі, үзігі еді.

Арктика мұзындай тақырыпты,

Алғаш тер ол өзі бұзып еді!» — деп.

Осылай, ол өзінің «Қатерлі өткелінен» абыроймен өтіп еді. Бұл бәрі күтпеген жерде тосыннан болған, халқына арнаған сыйы болатын.

Жазушы баспасының директоры және Қазақстан Жазушылар Одағының екінші хатшысы болған кезінде Ілияс Есенберлин біртума тұлғаларға көмектесіп жүрді. Әнуар Әлімжанов пен Олжас Сүлейменовтың көзқарастарының қалыптасуына әсер етті.

Ілияс Есенберлинге де танымал адамдар, мысалы, тарихшы, этнограф, академик А.П. Окладников (КСРО ҒА-ның Сібір бөлімі, Новосибирск қаласы), Кристина Дамм (Варшава), Шыңғыс Айтматова (Бішкек), Әлкей Марғұлан (Алматы) және басқалар рухани қолдау жасап жүрді.

«Көшпенділер» трилогиясының алғашқы атауы «Ақ Орда» болатын. Оған ол кездегі «ақ» түс қызыл коммунистерге саяси тұрғыда жарамсыз болғандықтан бұл атауға рұқсат болмады Есенберлин қызыл фаталисттермен кітап атауы бойынша ымыраға баруға мəжбүр болды. Осылай трилогияға сәтті атау табылды. Ол қазақ халқының ғасырлар бойы басынан кешкен тұрмысын көрсетеді. Оның үстіне біздермен қатар өткен ғасырларда басқа да көрші халықтар да көшпенділер болған.

Ақмола қаласының атын өзгерту қажет болған кезде қазақстандық зиялы қауым өкілдері І.Есенберлиннің «Ақ Ордасын» да пікірталаста ұсынған болатын. Олар жаңа астанаға «Ақорда» атауын беру керектігін жөн деп ойлаған. Бұл бастама ҚР билік құрылымы жағынан мақұлданбаған еді. Сондықтан бас қалаға «Астана» атауы берілді. Қазіргі кезде Есілдің сол жағалауында орналасқан астана Президент резиденциясы болғандықтан «Ақ Орда» деп те аталып жүр. Қалай болса да Ілияс Есенберлиннің ойлары халықтың есінде.

«Көшпенділер» және «Алтын Орда» трилогиялары, басқа он бір кітапты есептемей-ақ қойғанда, бізді мыңдаған жылдық тарихы бар ұлт екенімізді, бес жарым ғасырлық мемлекеттілігіміз болғанын айдан анық дәлелдеп берді. XX ғасырдың қазақ жазушыларының арасында Ілияс Есенберлин шығармашылығы бірден көзге түсіп тұрады, өйткені оның еңбегінің арқасында ұлтымыздың дербес мемлекет құруға ынтасы пайда болды.

І. Есенберлиннің кітаптары біздің көне этносымыз үшін ұлт және мемлекетті қалыптастыратын үлкен мағыналы итеруші күш болып табылады. Ілияс Есенберлин қазіргі Қазақстанның XII-XV ғасырларда болған Алтын Орданың (Жошының Ұлысы, «Ұлы Ұлыс») бір бөлігі болып табылатынын көрсетті. Жазушының деректері бойынша, осы Алтын Орда мемлекеті моңғолдардан бастау алып, бірақ оның негізгі бөлігі Қыпшақ даласы болып табылады, оның («Дешті Қыпшақтың») арқасында Шыңғысхан мемлекетінің күш-қуаты нығайтылды. Осы тұрғыдан қарастырғанда, Қазақстан Алтын Орданың мұрагері болып саналады, өйткені бабаларымыз өз жері мен тарихи отанында аталмыш мемлекет игілігіне аянбай жұмыс істеді.

Білімге құмар болған Ілияс Есенберлин стандартты өтірікті әшкерелеу мақсатымен және шындықты ашу үшін Алтын Орданың тарихын зерттеген болатын. Өйткені Алтын Орда Ұлытау етегінде (Астананың жанында) пайда болып, сол жерде ыдырап кетті. Әйтсе де оның астанасы — Сарай қаласы да қазақ жерінде (Қазақстанның батысында) орналасқан еді. Қазіргі кезде осындай дерекке байланысты елімізде өзінің артықшылықтары пайда болды, өйткені Алтын Орда барлық тарихи карталарда бар.

Ілияс Есенберлин прозасы түгел дерлік орыс тіліне аударылды. Олар «Схватка» («Айқас», 1957); «Опасная переправа» («Қатерлі өткел», 1970); «Влюбленные» («Ғашықтар», 1970); «Хан Кене» («Қаһар», 1971); «Заговоренный меч» («Алмас қылыш», 1973); «Отчаяние» («Жанталас», 1974); «Прикрой своим щитом» («Көлеңкеңмен қорғай жүр», 1976); «Мангистауский фронт» («Маңғыстау майданы», 1981). Оның «Золотая Орда» («Алтын Орда») тарихи трилогиясы Мәскеулік және республикалық баспалардан жарық көрді. Жекелеген шығармалар украин, латыш, литва, өзбек, башқұрт, алтай, қарақалпақ, венгр, поляк, ағылшын, француз, қытай, неміс, араб, испан тілінде жарияланды.

Егемен Қазақстанда 23 жылдың ішінде қазақ мемлекеттілігінің шежірешісі Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер», «Алтын Орда» трилогиялары деңгейіндегі және болымысымен оларға ұқсас, отансүйгіштіктік тақырыбында жазылған, мемлекеттік идеологияны қалыптастыратын аса құнды әдеби туындылар жарық көрмеді.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні ретінде қорытындылап айтсақ: Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы кез келген ұлттың мәдени өмірінде бір ғасырда, мүмкін бірнеше ғасырда, бір рет қана дүниеге келетін әрі сирек, әрі ғажайып алып туынды.  

Ахмет ДҮЙСЕНБАЕВ,

ҚР БҒМ «Ғылым ордасы» РМК

Қазақстан ғылымының тарихы музейінің

ғылыми қызметкер-қор сақтаушысы

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?