Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Мәдени серуен: Ыбырай Алтынсарин мемориалдық мұражайы

3719
Мәдени  серуен: Ыбырай Алтынсарин мемориалдық мұражайы - e-history.kz
Ұлы педагог-ағартушы Ыбырай Алтынсариннің Қостанай облыстық мемориалдық мұражайының негізі 1991 жылы қаланған

Биыл ұлы ұстаз, қазақ пелагогикасының негізін қалаған Ыбырай Алтынсариннің Қостанай облыстық мемориалдық мұражайының құрылғанына 25 жыл.  Даланың дара тұлғасы, қазақ ағарту саласында өзіндік ізін қалдырған, тұңғыш мектеп ашқан, жаңашыл жазушы, ақын  Ыбырай Алтынсариннің де туғанына 170 жыл. Осы орайда біз сіздерге Қостанай қаласындағы педагог-ағартушы ғалым атындағы мұражайға баруды ұсынамыз. 

Мемориалдық мұражай кешені Қостанай қаласының тарихи-архитектуралық бөлігінде, Ордабай шатқалында 1884 жылы жазушы негізін қалаған дарынды балаларға арналған Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-интернат жанында орналасқан.

Мұражай ғимараты екі бөліктен тұрады. Біріншісі Ыбырай Алтынсарин ашқан мектептің нақты көшірмесі. Ішінде жазушының мемориалдық сыныбы мен әкімшілік кабинеттер орналасқан. Екіншісі киіз үй тәріздес екі қабатты ғимаратта екі стационарлық көрме «Ыбырай Алтынсарин – мұғалім-ағартушы» және «Қазақстан Республикасы халық жазушысы Мәриям Хәкімжанованың шығармашылық лабораториясы» экспозицияға қойылған.

Екінші бөлімде әр түрлі шараларға байланысты экскурсиялар жиі өтіп тұрады. Оған көбінесе мектеп оқушылары мен жастарды шақыру мұражайдың басты мақсаттарының бірі дейді Қостанай облыстық Ыбырай Алтынсарин мемориалдық музей директорының орынбасары  Роза Куанова.  «Ыбырай Алтынсариннің өміріне, тарихта атқарған қызметіне арналған бөлімдерге мектеп оқушылары мен жастарды жиі шақырып тұрамыз. Экспозиция бойынша жоғары және орта, кіші сынып оқушыларына арналған әр түрлі  шолулар және тақырыптық экскурсиялар қарастырылған. Тақырыптық экскурсияларда мұсылман оқуы, ағартушының балалық шағы мен оқуы, Ы.Алтынсарин құрастырған мектеп жүйесі, оның педагогикалық, әдеби және қоғамдық қызметі туралы айтылады»,-дейді Роза Қаратайқызы.

Мұражай қызметкерлері қорларды толтыру үшін үлкен күш жұмсады. Олар Алматы, Омбы, Орск, Орынбор, Санкт-Петербор мұрағаттарында жұмыс жүргізді. Алтынсариннің өмірін зерттеу үшін қажетті материалдарды жинауға Қостанай қаласы мен облысының қоғамы өз үлесін қосты.

Мұражай қорында 11820 экспонат, негізігі қордың 10190 бірлігі сақталуда. Мұражайда жазушының шығармашылығы мен өмірі жайлы кітаптар, оның жеке заттары, Ы. Алтынсариннің кітаптары, мектептерінің макеттері, фотосуреттер, естеліктер жиналған.

Экспонаттар Алтынсариннің өмірі мен қызметін ғана емес, сонымен бірге Қазақстандағы халыққа білім беру жүйесі құрылымының қалыптасуы мен даму тарихын көрсетеді. Торғай облысы мектептерінің инспекторы бола тұрып Ы. Алтынсарин екі сыныпты төрт орталық училищенің, бес болыстық мектептің, орыс қоныстанушылары балаларына арналған екі училищенің ашылуына себепкер болды. Ол қыздар және қолөнерлік білім берудің бастауында тұрды, бұған мұражайдағы ерекше фотоматериалдар, мұрағаттық құжаттар куә.

Ыбырайдың  отбасы қолданған   төсекқабы

Музейдегі ең құнды заттардың бірі Ыбырайдың отбасы қолданған төсекқабы. Ол таза жүннен тоқылған. Музей қызметкерлерінің айтуынша құнды мұраны 1992 жылы  Оңтүстік Қазақстан облысы Ленгір қаласында тұратын   Гүлсана Тастемірова мұрайжға тапсырған. Оған  кезінде нағашы  әжесі  Рәзия қалдырған екен. Ал, Рәзияға апасына Ыбырай Алтынсариннің әйелі Айғаныс  беріпті.

«Шариат-ұл-ислам» - «Мұсылманшылықтың тұтқасы» кітабы

Сондай-ақ мұражайдан «Шариат-ұл-ислам» кітабының түпнұсқасын табуға болады. «Құран» мәтінін түсіндіру және нақты қазақтарға жеткізу ісін дамытушы Ыбырай Алтынсарин болды. Ол бірсыпыра елдерде қалыптасқан экзегетикалық дәстүр бойынша өз сөзін, ойын, тұжырымын қосып, түсіндіру әдісін қолданған «Шариат-ұл-ислам»- «Мұсылманшылықтың тұтқасы» деген кітабын  1884 жылы Қазан университетінің баспаханасында шығарды.  

Діни шариғат бойынша бұл әдістемені Ы. Алтынсарин бірбеткей моллалардың зиянды ықпалын ауыздықтандыру масатында құрастырған. «Шариат-ұл-ислам»- «Мұсылманшылықтың тұтқасы» кітабінің түпнұсқасын 2008 жылы Қостанай облыстық Ақ мешіттің бас имамы болған, өмірден озып кеткен Ертай қажы  табыстаған болатын.

 

Ғасырдан астам тарихы бар келі-келсап

Ғасырдан астам тарихы бар келі-келсапты   Ыбырай Алтынсариннің нағашы атасы Шеген бидің баласы Бектеміс бай қолданған.  Қазақстан журналистер одағының мүшесі, зейнеткер Сағи Әбілхасенұлы отбасымен қолданған, көненің көзі болған келіні  Ыбырай Алтынсарин мемориалдық музейіне тапсырды.

Мұражай қорында Ыбырай отбасында қолданылмаған ағартушы ғалымның өмірі мен қызметіне арналған кітаптар, заттар, Ы.Алтынсариннің кітаптары, мектебінің макеті, фотосуреттер, естеліктер бар.

«Мұражайда құрылған көрме Ы.Алтынсариннің өмірі мен қызметін ғана емес, Қазақстанның халық ағарту ісі жүйесінің пайда болу және даму тарихын баяндайды»,-дейді мұражай директорының орынбасары Роза Қаратайқызы.

Сонымен бірге залдарда зергерлік бұйымдардың бай коллекциясы - қазақ зергерлерінің шебер жұмысының нәтижесі қыздар әшекейлерін көруге болады. Мұражайда көрнекті ағартушылар, ғалымдар, мәдениет қайраткерлері, ақындар, Алтынсарин мектептерінің түлектері туралы қызықты материалдар бар.

Мұражайдың екінші көрмесі ҚР халық жазушысы, танымал ақын, Ыбырай Алтынсариннің туысқаны – Мәриям Хәкімжановаға арналған. Ол қайтыс болғаннан кейін 1995 жылы ол тірі кезінде қолданылған барлық заттар, былайша айтқанда, оның ыстық алақанын есіне сақтап қалған кабинет Мәриямның ұлы Атымтай Хәкімжановпен мұражайға сыйға тартылды.

Мұражай қызметкерлері Ыбырай Алтынсариннің, оның ізбасарларының педагогикалық мұрасының тарихын толығырақ жаңғырту және жалпы өңірдің білімін дамыту бойынша ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізіп жатыр. Сонымен бірге мұражай мәдени-ағартушылық қызметпен айналысады.

Бүгінде мұражай кешенді ғылыми-ағарту мекемесі болып табылады, үш бағытта жұмыс істейді: педагогика, әдебиет, мәдениет және өнер. Мұражай 30 мыңдай көрермендерге мәдени қызмет көрсетеді, оның ішінде жақын және алыс шетелдерден келетін қонақтар бар. Болашақта оқытушының өмірі мен қызметінің жаңа қырларын зертеу жұмыстары да  жалғасын табады деп күтілуде.

Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ

Мақала Қостанай облыстық Ы.Алтынсариннің мемориалдық мұражайымен бірлесіп дайындалған.

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?