Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Жармақтың жорығы

2779
Жармақтың жорығы - e-history.kz
Ресей патшасына Сібір хандығын жаулау үшін әскер керек болды. Бұл тапсырманы үкіметтің солдаттарына беріп, патша жаманатты болғанша Еділ мен Донның бойындағы қарақшы орыс-казактар – таптырмас құрал

Ресей патшасына Сібір хандығын жаулау үшін әскер керек болды. Бұндай тапсырманы үкіметтің солдаттарына тапсырып, патша жаман атты болғанша, Еділ мен Донның бойында қарақшылық жасап жүрген орыс-казактарға тапсырса сөзсіз тиімді болмақ. Бір оқпен екі қоян ату деген осы. Біріншіден, мемлекетке маза бермей жүрген қарақшыларға жұмыс табылып, елдің іші-сырты тынышталады, екіншіден, қарақшылардың күшімен Сібір жұрты талқандалады.

Осындай сұрқия саясатты іске асыру үшін күллі Ресейге аты мәлім алпауыт Строгановтар әулеті мен Жармақ (Ермак) дейтін қарақшылардың атаманы тіл табысады. Шаш ал, десе, бас алып үйренген Жармақтың қандықол жасағы 1581 жылдың жазында Жайықтың жағасында орын тепкен Сарайшықты шабады. Орыс жылнамашыларының жазуы бойынша, қаланың екі мыңға тарта халқын қырып, сұлу келіншектерін апта бойы азаптап, түгелдей зорлап өлтіреді.

Бұнымен тоқтап қалмай, қала маңындағы ауыл-қыстақ, елді мекендерді жер бетінен сыпырып, тіпті көне зираттардың өзін түгін қоймай қиратып, қу сүйекке айналған мүрделерді көрден суырып алып, тау-төбе етіп, үйіп өртеп жіберген. Бір сөзбен айтқанда, көшпенділер «мынау біздің ата-бабамыздан қалған жер» деп айтатындай бірде-бір дерек қалдырмаған.

Көзіне қан толған Жармақ келесі 1582 жылдың жазында жасағын бастап Сібір жұртының астанасы Ескерді (Қашлық) басып алуға аттанады. Бірнеше айға созылған қанды қырғыннан кейін 26-қазан күні Жармақ сібірліктерді қуып шығып, қаланы басып алды. Жазушы Мұхтар Мағауин: «Осы күнді (26-қазан) ұлт тарихындағы ең азалы күн ретінде тарихқа таңбалауымыз керек», – дейді (Қазақ тарихының әліппесі.Алматы, 1995. 147-б).

Ал, осы жорық жайлы «Үлкен Совет энциклопедиясының» алғашқы басылымында: «1581-1584 жылдары Жармақ отряды жүрген жерін қанға бояп, Сібірге жол тартты. Көшім ханды құлатты», – деп, оны Сібірді бағындырушы ретінде мақтап, ерлігін атап өтіпті.

Көшім жеңілгенімен, хандық құрыған жоқ. Арада екі жыл өткен соң 1584 жылы тамыздың 5-нен 6-на қараған түні Ескерде есіріп жатқан Жармақтың жасағын көшімдіктер бір түнде тарпа бас салып, көсемін өлтіріп, жасағын Ертіске тірідей тоғытып жібереді. Қалған қарақшылар қашып-пысып ақ патшаның алдына барады.

Осы жеңістен кейін бұрынғы Көшім хандығы қайтадан ес жия бастады. ІV Иван қайтыс болып, жаңадан патшалықты қолына алған Федор І Иоанович Сібір хандығының күшеюінен қорқып, қарақшы Жармақ салған іздің сүрлеуі өшпей тұрғанда, қайтадан шабуылды жалғастыруды қолай көрді. Көп кешікпей Борис Годуновтың ұйғарымы бойынша Иван Мансуров пен Даниил Чулков басқарған қалың қолды Сібірге қарай аттандырды. Бұларға жолай Василий Сукин басқарған қарулы мергендер тобы қосылды. Қосындар зеңбірекпен қаруланды.

Қысқасы, Сібір жасақтары орыс әскерлерімен 17 жыл соғысты. 1591 жылы орыс воеводасы Владимир Масальский-Кольцовтың күшейтілген жасағы Көшімге шешуші соққы берді. Әлсіреген көшімдіктерді 1595 жылы воевода Доможировтың жасағы да қирата жеңді. 1597 жылы Көшім хан қалған-құтқан сарбаздарының басын қосып Тара бекінісіне шабуыл жасады. Бірақ шабуылы нәтижесіз аяқталды. 1598 жылдың 20 тамызда воевода Андрей Воейков Обь өзені бойындағы шайқаста Көшім әскерін толық талқандап, отбасы мүшелерінің кейбірін қолға түсірді.

Орыстар 1591-1595 жылдар аралығында Сібір хандығын толық бағындырды. Қысқа мерзімде ішінде Ресей патшасы басып алған өлкелерге 22 жерге қала (бекініс) салып үлгерді. Атап айтқанда, 1586 жылы Шым-Тұра қаласының орнына Түмен бекінісі, 1587 жылы Тобыл, 1594 жылы Тара, 1604 жылы Том (Томск) бой көтерді.

Профессор Н.Фирсов 1915 жылы Петерборда жарық көрген «Сібір  тарихының мәліметтері» атты еңбегінде: «Орыстардың негізігі мақсаты Сібірді отарлау болды... Бұл жорық ақырында қандыбалақ көсемнің (Жармақты айтады) басын жұтса, сібірліктердің қанын судай ағызды. Айталық, Сібір патшасы Едігердің тұсында (1555 жылы) салық төлеушілер саны 30700 адам болса, ХVІІ ғасырда Батыс Сібір өлкесіндегі жеті уезде салық төлейтін қауқары бар 3000 адам ғана қалды»,- деп жазады.

Сібірліктер 1616 жылы отарлаушыларға қарсы соңғы рет бас көтерді. Көтерілісшілерді патша әскері қойдай бауыздап, қатын-қалаш, бала-шағасына дейін тұтқынға алды.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, журналист-зерттеуші

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?