Бүркеулі күйінде қалдырғысы келетін алаңның әскери басшылығы әдетте мұндай оқиғаларды өте құпия ұстайтыны шындық. Алайда 1980 жылдың дәл ортасында аяқ астынан туындаған қатерлі оқиғадан соң атомшылар облыстың құқық қорғау органдарын хабарласып көмек сұрауға мәжбүр болған екен.
Сол кезде Жаңасемей аудандық милиция бөлімшесінің басшысы болған Бітімбай Жүнісовтен естіген жазушы М. Сәрсеке болған жайтты қаз-қалпында баяндайды.
Бұл уақытта облыстың милиция басқармасының бастығы генерал-майор Қабен Беспаев еді, ол кісі аудандың бөлімше басшысына жедел телефон шалып, мән-жайды толық тәптәштеп айтып береді. Айтуынша, әскери полигоннан автоматпен қаруланған екі солдат жанындағы бірнеше адамды өлтіріп, қашып шыққан. Үлкен жолға – Семей-Қайнар тас жолына шығатын екеуді қалайда ұстау. Сол үш бөлімдегі бүкіл адамды көтеріп, Қарасу мен Сарапанның арасын сүзіп шығып, қашқындарды табу, көздеп ату, мейлі қолға түсіру, мейлі атып өлтіру.
Алғашында адамдардың барлығын алып, айтылған жерге жеткен Бітімбай Жүнісов әскери аймақтың өң-жүзі қатты абыржыған генерал-лейтенанты Иленьконы көреді. Олар қашқындар өлтірген төрт солдаттың бетін топырақпен бүркеп жауып, ұңғымаға тасалап қойыпты. Екі қапталдағы аласа таулардың арасындағы кең алқапты сүзіп шығады, ешкім көзге түспейді. Әскери басшы онымен қоймай әпербақандау ма, ешкімді тыңдамайды. Тікұшақпен да төбеден кезіп тексереді – ешкім жоқ. Не істерін білмей осылай дағдарып тұрған шақта он шақты жеңіл көлікке, бірнеше автобусқа мінген екі жүз милиционерді алып Қабен Беспаев келіп жетеді. Барлығын да қаруландырып қойған. Сөйтіп тұрған шақта бір кезде дүрілдеп тұрған Шаған совхозына қарайтын Обалы атты қыстауда тұратын жалғыз басты әйелдің үй іргесіндегі мая жақтан қараңдаған бір-екі адамды көзі шалғаны туралы хабар түседі.
Бұл хабар рас болып шығады. Әйелді тергеген кезде біраз үрейленгенін, есіктен сығалап қарап мылтық дауысын естігенін, сол арада біреудің маядан қораға кіргенін өз көзімен көргенін жеткізеді.
Осы рада әскери зона басшылығының бұйрығымен ішке енбек болған майорға қарай атылған автоматтың сартылдаған үні қатты естіледі. Адамы жараланған Иленько өзіне тікелей бағынбайтын мекеменің бастығы Қабен Беспаевқа да дүрсе қоя береді: «Сен неменеге келдің, бірде-бір адамыңды алға шығармай, өзің де бұғынып отырсың. Демек, қорқақсың...» деп айқайға басады.
Екі генералдың тәжікесін жазушы М. Сәрсеке былай сипаттайды: «Қабен Садықұлы «Сіз тегінде байқап сөйлеңіз, мен кешегі қанды қырғынды бастан кешкен танкиспін. Сізге де бағынышты адам емеспін. Біздің адамдар қашқынның тығылған орнын тапты. Енді соны амалдап ұстайық десем – сіз әлгінде асығыс қимыл жасадыңыз. Анау майор жападан-жалғыз қораға неге түсті? Барып тұрған ақымақтық. Қысқасы, мен бұл іске араласпаймын. Қашқынды тауып бердік, өзіңіз ұстаңыз...» деп тойтарыс беріп еді, зона бастығы тағы да айқайлап, әрине, өз адамдарына, «Кім еркімен барып, мына соғындыны жайратады?! Ерлік еткенге ерекше сыйлық беремін. Қане, кім?!.» десін...»
Бітімбай Жүнісов бұдан ары оқиғаның шиеленісіп, дереу шешпесе тұйыққа тірелгенін сезіп айтады. Бұл сәт онсыз да қаны қарайған әрі албырт шақтағы солдаттарды еркінен тыс ынталандырады: екі солдат қораға жақындап ішке түспек болғаны сол еді, әлі сақылдаған автомат тағы да безілдеп қоя берді. Іштегі майорды құтқармақ болған екеу осы жерде жайрап қалады.
Семей ядролық сынақ алаңын 1981-1991 жылдары
басқарған генерал-лейтенант А. Иленько
Содан не керек, кеш қарайып қалған шақта баяғы әкірең жоқ, біршама сабасына түскен генерал-лейтенант Иленько милициялар отырған жерге өзі басып келеді. Өзінің білместікпен істегенін ісін кеш түсінген зона бастығы енді не қарекет керектігі жайында ойласу үшін келгенін айтады. Осы кезде генерал-майор Қабен Садықұлы: «Бір-екі шартым бар, соны қабылдасаңыз!.. – деді Қабен Садықұлы түнерген қалыпта. – Билікті басы бүтін маған бересіз.
Бұл – бір. Екінші, қараңғылық қоюлана менің кісілерім мына қораны өртейді. Ана соғынды қу жаны үшін өз еркімен беріледі, не күйіп өледі. Басқадай таңдауы жоқ. Тек сіз маған бүлінген қораны бүтіндетіп беремін деп қолхат беріңіз. Тап қазір. Бітті шаруа!..»
Сұраған қолхат қолма-қол жазылады. Төңірек әбден қараңғыланып, көз байланған шақта автомобильдер қораны айнала қоршап, фарларын жағып, жарық түсіреді. милиция қабырғаны жағалап жүріп, әр жерден от қояды. Бір кезде әлгі өрт әбден лаулаған кезде қанішер қашқын да қаруын мойнына іліп, қос қолын көтеріп сыртқа шығыпты. Жалма-жан оны жерге етпетінен жатқызып, қолын қайырып бұғаулап алыпты. Ал іште қалған майор мен өлі екі солдаттың денесін алып шыққан соң, байқағанда «майор қара санын көйлегін жыртып, тас қып байлап, қанды тоқтатыпты».
Бұл қашқын солдат Мордва Автономиялық Республикасының шуашы болып шығады. Жанындағы жолдасы берілейік дегенде оны да атып, өлігін маяға тығып, өзі қораға жалғыз кірген. Облыстың милиция басқармасының бастығы болған генерал-майор Қабен Беспаев мұны әскери полигонның ішіндегі әскердегі әлімжеттіктің шектен тыс көбейгендігімен байланыстырады, оның үстіне ол жер радиациялық аймақ болса...
Милиция генерал-майоры Қабен Беспаев
Кейін әлгі қашқын солдатты – алғашқыда төрт, кейін жанындағы жолдасы мен оның үстіне тағы екеуді жер жастандырып, майорды мүгедек еткен қаны бұзық қанішерді әскерилер «ақыл-есі дұрыс емес» деп тауып, соттамай, жындыханаға аттандырған.
Заңғар КӘРІМХАН
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)