Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

АРЫСТАРДЫ АҚТАҒАН КҮН

2405
АРЫСТАРДЫ АҚТАҒАН  КҮН - e-history.kz
Алаш арыстарының ардақты есімдерін қайтару үшін Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті құруға рұқсат берген комиссияны сол кезеңде ҰҒА вице-президенті болған академик Жабайхан Әбділдин басқарған

Қазақ жақсы адамын өлтірмейді – жүрегінде сақтайды

Ел арасында «1950 жылдары Мағжан тірі болған екен», «Міржақып бертінгі дейін Моңғолия жерінде дәруіш болып ғұмыр кешті» деген әңгімені жиі еститін едік. Тіпті даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы да өз көзімен көрдім деп бірнеше рет айтқан екен.

Алайда бұл турасында белгілі алаштанушы ғалым Дихан Қамзабекұлынан арнайы сұрастырғанымызда профессор: «Мұндай жағдай болуы мүмкін емес. Бір қағаз болсын басымен жауап беретін заманда оларды ату жазасына кесу актісі жазылғанымен, тірі қалдыруы ойға сыймайды. Әрине, бір жағынан ол кісілерді де түсінуге болатындай. Алаштың аймаңдай арыстарын аңсағаннан, сағынғаннан, іздегеннен солай айтуы мүмкін ғой. Өлдіге қимайды, рухымен сырласады, елесін тірі адамдай сезінеді. Сондықтан арыстар туралы алып-қашпа сөздердің еш негізі жоқ» деп жауап берді.

Сонымен қатар арыстарды іздеу, мұраларын жинау, әсіресе құқықтық тұрғыдан терең зерттеген «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының жетекшісі Бейбіт Қойшыбай: «Біз мифтің жетегінде кете бермеуіміз керек деп ойлаймын. 1937-1938 жылдары Алаш арыстары жаппай тұтқындалғаны белгілі. Бірақ олардың атылғаны туралы ресми ақпарат берілген жоқ. Тек 1938 жылы наурыз айында газетте жиырма сегіз адам «халық жауы» ретінде атылды» деген бір ғана хабар басылды. Зұлмат науқан кезіндегі расми хабар сол ғана. Ешкім де туысқаны жөнінде хабар ала алған жоқ. Халыққа теріс ақпаратты әдейі таратқан» дейді.

Арыстарды ақтаған күн

Қазақ тарихында 1988 жылдың 4 қарашасы Алаш арыстары ақталған күн деп есептеледі. Әрине, бұл датаның ұлттық тарих үшін, еліміздің рухани-мәдени дамуындағы тағылымы зор. Заң терминдерінде «ақтауды» қылмыс жасаған тұлғаны кiнәлi емес деп тану процесін айтады. Екінші мағынасы – жауаптылықтан босату. Осы орайда Алаш арыстары «ақталды», «ақталған» деп айтуымыздың ешбір жөні жоқ. Логикалық қисынға сыймайды. Әлихантанушы ғалым Сұлтанхан Аққұлы мырза «Әлихан Бөкейхан ақталды деген сөз дұрыс емес. Ақталатындай ол нендей қылмыс істеді? Және ол кімге, не үшін ақталуы керек? Әлекең бастаған алаш арыстарының барлығы да «халық жауы» деген нақақ жаламен ұсталып, атылғаны бәрімізге белгілі» деген болатын.

Алаш арыстарының адал да ардақты есімдерін қайтару үшін Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті құруға рұқсат берген комиссияны сол кезеңде Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті болған академик Жабайхан Әбділдин басқарған. Комиссия құрамына М. Қозыбаев, М. Базарбаев, С. Байжанов, Ә. Әлімжанов, З. Ахметов, Р. Бердібаев, Ш. Сәтпаева, С. Қирабаев, С. Зиманов, М. Қаратаев, Р. Сыздықова, Ә. Тәжібаев, Ә. Шәріпов, Ә. Кекілбаев, Ә. Қайдаров, С. Кеңесбаев сынды ғалымдар мен жазушылар тартылды. Комиссия құрамын Г. Колбиннің өзі бекіткен.

Бұл комиссияның негізгі қызметі алашы арыстарының еңбектерін жинай отырып, ондағы совет үкіметіне теріс пиғылдың болмағаны, бола қалған күннің өзінде тігісін жатқызып баяндауды, олардың еңбектеріндегі адамгершілік мәселесі, ар мен иман, оқу-білімнің пайдасы төірегінде ойларын басты назарға алу болатын. Академик Ж. Әбділдиннің белгілі журналист, мағжантанушы Жарасбай Сүлейменовке берген сұхбатында жұмыс Шәкерімнен басталып, Мағжан, Жүсіпбек, Міржақып, Әлихан есімдерін қайтарудың қиындықтары, кездескен кедергілер мен діттеген мақсаттан кейінгі қуанышты жайттарды бүкпесіз айтылады.

Төртінші қараша немесе қос қуаныш

«Бұлардың барлығын ақтап алғаннан кейін, Міржақып Дулатовқа да кезек келді. Бұл кісіні ақтау бізге өте қиынға соқты. Себебі, сол кезде ел арасында Міржақып Дулатов Амангелдіні өлтірді деген қауесет тарап кеткен еді», – дейді Ж. Әбділдин. Атақты ақын, жазуда шебер саналатын көсемсөзші Міржақыпты ақтау жұмыстарына қызы Гүлнар Дулатова ерекше атсалысқан. Әкесін ұстап әкеткенде небәрі 12 жаста болған қаршадай қыз сол кезеңдерде әке мұрасына адалдық танытып, барлығын бір қорапқа салып, жасырып ұстап келген. Және 50 жыл – жарты ғасыр!

Бір ғажабы, Міржақып ақталған 4 қараша қызы Гүлнардың да дүние есігін ашқан күні екен! Қос қуаныш қатар келген, өзінің туған күніне тап келген әкенің қайта оралуын құдіреттің ісі дерсіз. Дәл сол күні Алматыда қар аралас құйып тұрып жауған жаңбыр жарты ғасырдан астам уақыт әкесін сағынған, аңсап іздеген қыздың қасіретке тұнған көз жасындай төгіліпті.

Заңғар КӘРІМХАН

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?