Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Астананың бүгінін болжаған ақмолалықтар

2975
Астананың бүгінін болжаған ақмолалықтар - e-history.kz
1995 жылдың орындалған арманы немесе жаңа астананың сымбатты және әсем қалаға айналуы

1995 жылдың қазан айында журналист Т. Боранғалиұлы «Егемен Қазақстан» газетінің бетінде жаңа астананың болашақ көркі туралы ойларымен бөлісті. Оның көптеген армандары іске асырылғаны таңданыс тудырады. Оған сөз беріп көрейік.

Әлем елдерін көзге елестетіп көріңізші. Ұлы мұхит айдынында ажарланған таң сұлуы Токио, сахара төсіндегі ақ керуендей Әбу-Даби, мың жылдық ғажайып Вена, думанды Лондон, аңызақты Буэнос-Айрес, аязды Осло.. құрлығына, табиғатына қарамастан олардың өзіндік көрік-келбетіне, дүниенің басқа бұрышындағы қайталанбас төл сәулетіне таңдай қағасыз.

Қазақ елінің астанасы Ақмола болады дегенде, әзірге ойдағы нәрсе үкіметтік кеңселер қай ғимараттарда орналасады, қызметкерлерге баспана қайдан табылады деген шаруа. Оған қоса, шетелдік құрылыс фирмаларының жаңа астананың іргесін қалауға ерекше құмартып отырғандығы. Бес жұлдызды «Астана» қонақ үйін көтере бастаған түріктің белгілі фирмасы Президент ордасын салуға ниеттеніп отыр. Шетел фирмалары болашақ Ақмоланың бас жобасын жасауға әзір көрінеді. Астананың іскер орталығын салуға жер бөлініп қойылған.

Біреулер әзіл-шыны аралас Нью-Ақмола деп атап үлгірген қазақ елінің жаңа астанасы қандай болуы керек деген сауал осындайда ойға еріксіз оралады. Көшпелі ел болып, жаугершілік ғасырларды бастан кешіргендіктен, бізге мұраға іргелі шаһарлар қалдыра алмағанына бабаларымыз кінәлі емес, жеке кесенелер болмаса, Қазақстан жерінде орта ғасырлардан қабырғасы бүтін жеткен қала жоқ. Бас қаламыз Алматының өзі, шындығын айтсақ, темір-бетон құрсанған сұрғылт тікбұрыштардың жиынтығы. Шет жұрт көркіне сүйсінетіндей ғажайып ғимарат саусақпен санарлықтай.

Сондықтан, жаңа астанада осы олқылықтардың орнын толтыруға талпыныс бар екенін естен шығармасақ, қаланың кейбір қиылыстарынан көгілдір күмбездер, ажарлы аркалар, оюлы қасбеттер кездесуі шарт. Ай белгілі ақ мешіт қазірдің өзінде Ақмолаға шырай берді. Болашақта театр, мұражай, мәдени орталықтар ғимараттарын салғанда шығыстық нышандар сән қосын тұрғанын қалар едік.

Әкімшілік кеңселер мен ірі офистер салғанда қолдан келсе бүгінгі АҚШ, Жапония, Индонезия қалаларының іскер орталықтарындағыдай бір тұста аспанмен таласқан ғимараттар иық тірестіріп тұрғаны Ақмолаға да жарасар еді.

Жаңа астана Есіл өзенінің екі жағалауында орналаспақ. Есіл –Темза, Дунай, Нева емес, қырдағы жайсаң өзен. Алайда, іскер орталық арғы жақта болған күнде бірнеше жерден өткел салуға тура келеді. Болмасаң да ұқсап бақ дегендей, Еуропа қалалары мен Петербордағыдай кіре берісі мүсінді, кенелері темір-шілтерлі, бағаналары шырағданды келісті көпірлер асылса, Есілдің мәрмәр моншақтарындай Ақмола-аруға өзіндік сән сыйлар еді.

Елдің астанасы болғандықтан мұнда елшіліктер кешендері салынады. Банктер, шағын офистер, фирмалар, бизнес орталықтары, супермаркеттер көбейеді. Оларды қалай салудың үлгісін біз Алматының әр жерінен бой көтерген құрылыстардан байқадық. Бірі айнадай шынысымен сәуле құяды, екіншісі қанықты бояуымен көз тартады. Бұрынғы біртекті кеңселерден ең болмаса есігімен, баспалдағымен, шатырымен ерекшеленіп тұрады. Шетелдің қай қаласында да көшенің сәні осындай офистер.

Әлем қалаларында бірнеше көше белгілі бір тұсқа бас тірейтін немесе бір орталықтан шеңбер болып таралатын архитектуралық шешімдер кездеседі.

Қала ортасынан өткен ғасырларда осы мемлекеттің іргесін қалаған ірі тұлғалары тұғырда тұрар шеңберлі алаң сызып алу керек шығар. Оның ортасына Абылай мен Әбілқайыр – бірі мемлекетіміздің шығыс қиырын, екіншісі батыс шегін нұсқап, тұлпарларын тебініп тұрсын дейік. Сол алаңға үш жақтан үш көше келіп арна ашсын. Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би көшелері.

 

Осы орайда жаңа астананы абаттандыру жөніндегі мемлекеттік комиссияның құрамына сәулетші, құрылысшы мамандық иелерімен қатар бірер тарихшы, археолог ғалым-кеңесшілерді, мүсіншілерді енгізу керек сияқты. Әрине, әзірге астананың әлеуметтік-тұрмыстық өміріне көбірек көңіл бөлуге мәжбүрміз.

Көктөбеде көк тіреген мұнарамыз қандай ұшқыр болғанымен, кейде күні бойы көзімізге бір шалынбайды. Ал Парижге барған адам алдымен Эйфельдің мұнарасын іздейді. Мәскеудің Останкиносы, Токио мен Берлиннің телемұранасы да қаласының еңсесін биіктете түсуде. Бәлкім, болашақта біздің астанаға да бейнелі белгі боларлықтай, айды тәж етер осындай мұнара салармыз.

Ақмоладан салынар Елбасының резиденциясы мен Үкімет үйлері туралы әңгіме бөлек. Осындайда Мәскеудегі Кремль, Вашингтондағы Ақ үй, Париждегі Елисей сарайы тәрізді Қазақ елінің Президенті отыратын Орда ерекше сәулетпен салынуын армандайсың. Ол бір адам үшін салынбайды, өзге елдер басшыларын тең, кейде тәкаппар қабылдау үшін еңсесі биік бас орда қажет.

Жаңа астананы абаттандырар мемлекеттік комиссия инвестиция тартар, шарттар түзер, қаржы бөлер, жоба белгілер тұста әлеуметтік, сәулеттік нақты саясат ұстайды деген үміттеміз.

«Ақмола астана болады деген жай сөз ғой, шенеуніктер көшіп барғанынан ол сәулетті шаһарға айналып кетпес» деген кейбір ағайындардың пікіріне де алаңдаудамыз. Алаңдауға негіз де жоқ емес. Мысалы, Пәкістанның жаңа астанасы Исламабадтың салына бастағанына жиырма жыл өтсе де, келбеті мен көлемі бұрынғы астаналардан көш кейін. Вашингтонның өзі Нью-Йоркпен салыстырғанда қарапайымдау.

Қазақстанның бетке ұстары жалғыз Алматы болып қала алмайды. Шығыстың шырайын, батыстың реттілігін, ғасырдың салтанатын ұштастыратын, қажет жерінде өзге елдер әлдеқашан өтіп кеткен архитектуралық стиль мен нақыштарды қайталайтын жаңа астана бізге өте-мөте қажет.

Батыстың қалалары ғасырлар бойы ірге түзейді. Келбетті қайталанбас собор, сарай, мұнара, күмбездер мәңгілікке салынды. Оларға теңесу қиын болғанымен, бүгінгі ғылым мен техника жетістігі, әлемдік тәжірибе қала салуға бірақ қарқын қоса алады. Тағы бір алаңдатар нәрсе, қазірден бастап қалада тұрғын үйлер салу үшін өзге облыстарға үлес жер бөліп жатқанын естиміз. Олардың жобасын, әлеуметтік-тұрмыстық коммуникациясын кім бекітті? Ақмола шағын аудандардан тұратын қазіргі қалаларымызды қайталап кетпей ме? Астанамыз абат, әсем болса деген ниетпен осындай сауалдар туындайды. Әйтеуір, Ақмола енді көркіне көз сүйсінер салтанатты астанаға айналса деп армандаймын.

Арман СҮЛЕЙМЕНОВ

Аударған Гүлнұр Серікқызы

«Егемен Қазақстан» газеті материалдары негізінде

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?