Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Сұлтанмахмұт ғашық болған қыз

2661
Сұлтанмахмұт ғашық болған қыз  - e-history.kz
Алаштың дарынды ақыны, жалынды публицист, ағартушы Сұлтанмахмұт Торайғырдың туған күніне орай шығыс өлкеде болған өмірінің қыр-сырлары баяндалады

Сұлтанмахмұттың сырқаты

Қазақтың атақты ақыны, аяулы перзенті Сұлтанмахмұт туберкулез дертіне ерте шалдыққан. Небары 27 жасында бұл пәниден кетуінің сыры да осында. Оның қамшының сабындай қысқа ғұмырында Алтай, Қатонқарағай, Күршім мен Зайсан өңірінің алатын орны да маңызды.

Сұлтанмахмұттың Троицк қаласында оқып жүрген кезінде жазатын «Аптасына екі рет обед етем. Оның өзінде қара шай мен қара нан» сөзі есіңізде ме? Жастайынан көрген жоқшылық пен оқудағы жылдарындағы тапшылық жас ақынды ауруға душар еткені шындық. Оның үстіне 1914 жылдардағы Семей шаһарындағы жұмыссыздық та діңкелетіп әкеп, денсаулығына кері әсерін тигізді. Осындай бір қиындық, ер басына түскен ауыртпашылық кезеңде ол Семейге келген Қаратай елінің болысы, бай Ережептің Әбдікәрімімен танысады. Дімкәс көңілді жұбатуға осы таныстық да сеп болғанға ұқсайды.

Әбдікәрім Ережепұлы – өз заманының көзі ашық, оқыған, озық ойлы қазағы. Ел басқарып жүріп, қазақ балаларының да білім алуына, еуропалық оқуына жол ашқан тұлға. Ол Алаш Орда қайраткері, сондай-ақ екі мәрте Мемлекеттік Думаға және Алаш партиясының атқару комитетіне мүше болған. Кейін 1920 жылы Семейде Алаш партиясының жаңа бағдарламасы қабылданған кезде Әлихан Бөкейханнан кейінгі қосымша баяндаманы осы Әбдікәрім жасаған.

Сұлтанмахмұттың мектебі

Әбдікәрім болыстың Семей шәріне келуінің де себебі бар: ол өзі тұратын Алтай өлкесіндегі Шыңғыстайға екі кластық қазақ-орыс мектебін салдыру мақсатында жүрген. Кейін болыстың жоғары жақтағы ұлықтардан рұқсат алып, өз қаржысына Алтай қарағайларынан қиып еңселі мектеп салдырғаны белгілі. Ұлы Абайдың өзі сүйсінген Әбдікәрімнің болыс, бай-бағландығы жақсы жазылған да, меценаттық қабілеті онша танылмаған. Сол уақыттың өзінде қазақ балаларының көзін ашып, хат тануына жағдай жасаған Ә. Ережепұлының меценаттығы қалайда жоғары бағалануы тиіс.

Жаңа ашылған мектепке бала оқытатын мұғалімдердің жалақысын да Әбдікәрім болыс өзі көтеріп отырған. Семей қаласында танысқан Сұлтанмахмұтты да өз еліне шақырып, мұғалімдік жұмысты ұсынады. Демек ол жас ақынның өкпе ауруына шалдыққанын біледі әрі науқасынан жазылсын деген оймен оны бие байлап қымыз сауған қыр халқының арасына әдейілеп шақыруы әбден мүмкін. Осылайша Алтайдың төрінде, Марқакөлдің өрінде Сұлтанмахмұттың мұғалімдік қызметі басталады.

Сол уақыттың көзімен қарағанда оқыған қазақ зиялысы ретінде танылып, ой-өрісі кең, білімі шексіз болған ол әу баста-ақ мектеп оқушыларын үйіріп алады. Ауыл балалары ақынды да айналшықтап, жақсы көріп, ол берген сабаққа, білімге ұмытыла түседі. Көзін көрген ауыл қарияларының айтуынша, жас әрі оқыған Махмұттың маңайына жастар аса үйір болған.

Осы мектеп кейін ақынның есіміне берілді. Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Шыңғыстай орта мектебін қазақ тіл білімінің негізін салушылардың бірі, профессор Сәрсен Аманжолов, КСРО Халық мұғалімі Құмаш Нұрғалиев, Социалистік Еңбек Ері Бошай Кітапбай, жазушылар Қалихан Ысқақ, Оралхан Бөкей, Дидахмет Әшімхан сияқты халқына еңбектері сіңген азаматтар бітірген болатын.

 

Сұлтанмахмұттың ғашығы

Шыңғыстай мектебінде сабақ жеріп жүріп Сұлтанмахмұт Әбдікәрімнің бой жетіп қалған қызы Бағиламен танысады. Болыстың әлпештеп ұстаған қызы да жас ақынға ғашық болған.

Екі жастың арасындағы махаббат сезімі қанша алаулап тұрса да, қосылуына мүмкіндік болмаған. Тіпті қыздың әкесі Әбдікәрімнің де бұған қылар қайраны жоқ: өйткені Бағила сұлу Қосағаштың Шүй жазығындағы Бұқарбай байдың Ақсұлтан деген ұлына бесіктегі кезінде атастырып қойылған екен. Белгілі тарихшы Тұрсынхан Зәкенұлы Алтайға сапарында туған «Арда Алтай, Алтын Алтай, жарқын Алтай» атты жолжазбасында мынадай дерек келтіреді: «Өзін Әбдікәрімнің емес, атасы Ережептің қызымын дейтін Бағила ұзатылып бара жатып: «Әкем айтса көнбес едім, атам айтқан соң көндім» деген екен». Ата дәстүрді бұза алмаған қос ғашықтың махаббат хикаясы осымен тәмам. Қаратай елінің бір таудың екі жағын тел емген Алтай және Қосағаш қазақтарының тамырлы байланысы осындайдан көрінеді дейді мақала авторы.

Әбдікәрім болыс ұлдары Шабдан, Қаһан, Мағауиямен

Әрине, бұл жағдай жаны нәзік ақын, намысқой азамат Сұлтанмахмұтқа ауыр соққы болып тиеді. Ол жаны күйзеле жүрсе де бар ашуын ақ қағаз бен қара сиядан алғандай, жаңа шығармалар жазуға ұмтылады. Санасын сансыратып, жанын жаралаған осы оқиғадан кейін ол өзінің атақты «Қамар сұлу» хикаясын жазады. Аталған шығармалардың негізінде өз басының мұң мен қайғыдан, ішқұсалықтан арылмаған трагедиясы жатқаны белгілі. «Қамар сұлу» хикасы өзі ғашық болған сұлуына соққан ұлы ескерткіш болып тарихта қалды.  

Сұлтанмахмұттың ақысыз ағартушылығы

Мұндай жағдайдан кейін Сұлтанмахмұт үшін Шыңғыстай елінде бала оқытуының мәні қалмайды. Келесі, 1915 жылы көктемде Зайсан қаласына келген оны досы Мәулет Шамсутдинов қарсы алады. Зайсандық бай әрі саудагер Мәулеттің  үйінде жатып Махмұт ақын «Кім жазықты?» романын жазады. Сол үй қазір әлі бар, оны заманының асқан сәулетшісі Баязит Сәтбаев салып шыққан.

Зайсандық саудагер Мәуліт Шамсутдинов үйінің қазіргі көрінісі

Сұлтанмахмұт Зайсан, Тарбағатай бойындағы  байжігіттер мекендейтін Терісайрық болысында бала оқытады. Терісайрықтың жері бұрынғы Ақсуат және Тарбағатай ауданындарының бірігуінен құрылған бүгінгі Тарбағатайға кіреді.

Ақын тарлан тау Тарбағатайды болғаны жайында «Жазықсыз тамған қан» атты очеркінде толық баяндайды, осы туындының кіріспесінде: «13 августа Тарбағатай атанған таудын арғы бетіндегі Қытайға қараған елде едім. Тарбағатай жотасынан созылып түскен әрбір салалардың арасы сайын сарқырап аққан бұлақ, жағасындағы көгал  жер, жырақтарда ақ боз үйлі қазақ ауылдары еді. 

Біз бұл  ауылдарды аралап, біріне қонып, біріне түстеніп жүріп,  бүгін үшінші коналқаға Мәсәлім деген бидің ауылында едік.  Менің еріп жүрген кісілерім бұл елдердің сыйлайтын  ағайындары болғандықтан, олар көрген сый-құрметке мен  де ортақ едім» деп жазады.

Сұлтанмахмұт Тарбағатай елінде жүргенде Алаштың  көрнекті қайраткерлері Ақсуаттан шыққан Бияхмет Сарсеновпен, Ережеп Итбаевпен және т.б. ел  азаматтарымен танысып, етене жақын болады. Сонымен  қатар асқан шежіреші, ескіден мол хабары бар Құрбан қажымен де танысады. Құрбан қажының шын есімі Қоңыз болған, қажылыққа аттанып бара жатқанда кезіккен ұлы ақын Абай оны Құрбан атандырып жібереді деген дерек  бар.

Құрбан қажының ауылында Махмұт 1914-1916  жылдары бала оқытқан. Тарбағатай еліндегі Қамысты,   Маңырақ, Бозша, арғы бетке тиіп тұрған Қызылащы елді мекендерінде сабақ берген оның осы  өңірдің рухани, ағарту ісіндегі еңбегі орасан зор. Сұлтанмахмұттың мерзімді баспасөздің бетінде  жариялаған «Ескі сөз», «Ақнайман Ойсынбай», «Жалаңаш  баба», «Елден», «Усть-Каменогорск уезден» және т.б. мақалаларының дені Құрбан қажыдан естігендері болған. Сөйтіп жүргенде патшаның 1916 жылғы қазақтан әскер алуы туралы жарлығы шығып, ел ішінде дүрбелең басталуына байланысты бала оқытудың мәнісі кетеді.

Сұлтанмахмұт 1916 жылдың жазында бала оқытқан ақысын да ала алмай, жанын сыздатып, бойын меңдеген көкірек ауруынан да айыға алмай, Семейге қайтады.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?