Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

ӨМІРІ КҮРЕСКЕ ТОЛЫ

1818
ӨМІРІ КҮРЕСКЕ ТОЛЫ - e-history.kz
Тағдырдың тартқан сыйы мен тарттырған азабын қатар көрген, көре тұра күреске түскен, шыңдалған, шыныққан тұлғалар өмірі қашанда өнеге. Сондай жандардың бірі – Жаныс Тұяқбаев ақсақал

Жаныс Ысқақұлы Тұяқбаев 1923 жылы қаңтардың бірінші жұлдызында қарт Ертістің жағасы Бозарал деген жерде дүниеге келген. Кейін 1924 жылы ұжымдастыру кезеңінде бұл ауыл «Еңбекші» колхозы деп аталған. Жаныс атамыз әкесі Исақтан 10 жасында жетім қалған. Кіші Ағжар деген жерде 7 жылдық шаруа жастар мектебін бітірген соң, Семейдегі №11 мектеп-интернатқа оқуға қабылданады. Сөйтіп 10 сыныпта оқып жүрген кезінде әскер қатарына шақырылады. 

Отан патриоты және адалдық 

1942 жылы наурыз айында Жаныс Тұяқбаев Тамбовтағы Қызыл тулы жаяу әскер училищесіне жіберіліп, оны 5 айда үздік аяқтап, лейтенант шенімен майданға кіреді. Бірден взвод командирі болған жас жігіт Новгород төңірегіндегі Лычков ауданындағы ауыр шайқастарға қатысады. Жері батпақты, сулы аймақта ұрыс жүргізу өте қиын еді. 1942 жылы 14 желтоқсанда түнгі бір шабуылда Жаныс атамыз қатты жараланады. 

Ота жасалғанымен, бірнеше оқ іште қалады. 5 ай әскери госпитальда емделіп, өз аяғымен жер басуға жараған соң II топтаға мүгедек есебінде елге қайтарылады. Ауылда ер-азаматтың қат шағы. Жаныс ата Павлодар облысы Май ауданы орталығындағы орта мектепте соғыс ісінен сабақ бере бастады. 1943 жылы желтоқсанда Совет Одағының коммунистік партия қатарына өтеді. 

f3e5f05a5dcb4fa301e1ec2033977a4e.jpg

Партия қатарына өткен соң аудандық партия комитетінің соғыс ісі бөліміне басшылық жасады. Сол жылы сөз байласқан сүйген қызы Жазира Табылдинаға үйленеді. 

– Марқұм Жәкемнің ел десе ет жүрегі езіліп тұрушы еді. «Талай шаңырақтың түтіні мезгілсіз өшті. Соғыс тым ұзаққа созылып кетті ғой» деп қатты қамығып отыратын. Бір күні «қайта майданға сұрансам қайтеді?» демесі бар ма? Уыз жас едік қой. Шошып кеттім. Сонымды байқаған Жәкем: «Жазираш, менің жаным достарымнан артық па? Денсаулығым ептеп түзеле бастағандай. Ертең әскери комиссариатқа барып, қайта соғысқа сұранып көремін», – деді. Сүйген жарымның алған бетінен қайтпасын білдім де, қарсы тұра алмадым. Сонымен аталарың 1944 жылдың маусым айында I Украин майданына аттанды. Амандығын тілеп қала бердім, – дейді Батыр ана Жазира апа өткен күннен суыртпақтап сыр қозғап. 

Майданға екі рет аттанған

Содан жаужүрек жауынгер Жаныс Тұяқбаев Польша, Чехословакия жерлерін неміс басқыншыларынан азат етуге қатысып, екі рет «Қызыл Жұлдыз» орденімен наградталды. 

Жаныс ата I Украин майданында 49 полкта взвод командирі ретінде Польша жерін азат ету ұрысына қатысты. Атақты Сондамир бекінісінде тұрып 1945 жылы 12 қаңтарда басталған Берлин бағытындағы Польшаның Краков қаласының бағытындағы шабуылдың 3-і күнінде, яғни 14 қаңтарда аяғынан ауыр жараланады. Осы шайқастағы ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен наградталады. 

d7a90261ab9d50610a8989d9dff8a2b4.jpg

Ворошиловград облысы Алтчевск қаласында госпитальда жатып, тәуір болған соң тағы да майданға аттанады. 1945 жылдың 15 сәуірінде II Украин майданында 72 гвардиялық дивизиясының 222 атқыштар полкында взвод командирі болды. Соғысты Прага түбінде 1945 жылы 9 мамырда аяқтады. Праганы азат ету шабуылына қатысып, жауынгерлік тапсырманы орындағаны үшін екінші рет «Қызыл Жұлдыз» орденімен наградталды. Жеті ай бойы резервте тұрып, 1945 жылы желтоқсан айында аман-есен туған жерге, жар құшағына, жанұясына оралады. 1946 жылы «Ұлы Отан соғысы 1941-1945 жылдары Германияны женгені» үшін медалімен марапатталды. 

Жаныс атаның соғыс жолдарын толық білу үшін әскери билетіне көз жүгіртсек те болады. Ол қатардағы аға лейтенанттан капитанға дейтін өскен. 

Екінші майданның еңбекторысы 

 Жаныс ата бейбіт өмірде, 1946 жылдан 1950 жылға дейін аудандық партия комитетінде бірінші хатшының көмекшісі, бөлім бастығы, партком хатшысы болып қызмет атқарды. 1950 жылдан бастап мұғалімдік қызметте болды. 1953 жылдан Май ауданды «Қазақстан» орта мектебінде директорлық қызмет атқарды. 1955 жылы Семейдің Н.К. Крупская атындағы педагогикалық институтын үздік бағамен аяқтап, тіл және әдебиет пәнінің маманы боп қызмет атқарды. 

c29be089da2e71ec9a79ae5245b977a1.jpg

Жаныс Ысқақұлы ұзақ жылдар мектеп директоры болып, талай жас ұрпақты қанаттандырып ұшырды. Оның бұл еңбегі кезінде жоғары бағалынып, «КСРО білім беру ісінің үздігі» атағына ие болды. 1961-1965 жылдар аралығында Целиноград ауданындағы тың игерген «Қазан» совхозында ферма бастығы, директор болып істейді. Бұл жұмыстарында жұмыс атқарып, ауданның қоғамдық өміріне атсалысады. 

1966 жылы Целиноград қаласындағы ауыл шаруашылық институтының экономика факультетін бітіріп, ғалым, агроном-экономист деген мамандық алып шығады. Осы жылдардағы ерен еңбегі үшін «Тың жерлерді игеру» медалімен марапатталды.

Ардақты ұстаз. Қадірлі қария 

1965 жылы Жаныс ата Жанасемей ауданының Знаменка совхозындағы орта мектепке директорлыққа тағайындалады. Знаменка орта мектебінде жиырма жылға жуық жемісті еңбек етті. Жаныс ата өзінің саналы ғұмырын жас ұрпақты тәрбиелеуге арнады, үлкенге іні, кішіге қамқор аға бола білген кеңпейіл, қайырымды азамат болды. Денсаулығына байланысты директорлық қызметтен босап, 1984 жылға дейін мұғалім болды. Жалпы еңбек өтілі 40 жылдан астам. 1986 жылдан бастап Семей өңірінде қырық жылға жуық уақыт бойы жарылған полигон сынақтарын жабу қозғалыстарына белсенді атсалысты. 

Мәскеулік зор басшылармен өткен сөзталастарда, пікірлер қайшылығы туындаған сәттерде туған өлке тұрғындарының мүддесін қорғай отырып, ұтымды сөйлеп, талай мәрте халықтың ризашылық сезіміне бөленді. 

7b22db55f136bee04d2d4a213b332438.jpg

Өмірлік жары 40 жыл мұғалімдік қызмет атқарған ұлағатты ардагер-ұстаз Жазира Табылдина екеуі 56 жыл отасып, тағдырдың ащы-тұщысын бірге бөлісіп, 10 бала өсіріп, тәрбиелеп, бәрін де оқытты, ер жеткізді. Бүгінгі таңда Жазира Нүркеқызы жарынан қалған әр нәрсені көзінің қарашығындай сақтап, жинаған екен. Солардың ішінде бізді ерекше қызықтырғаны – Жаныс ата майданда жүргенде Жазира шешей екеуінің жазысқан хаттары. 1944 жылы Жаныс ата офицерлер құрамында қайта майданға аттанғанда, артында қалған Жазира апа әр хатты өлеңмен жазып тұрған екен. Сол жылы 10 шілде күні жазылған үшбу жар хаты майдангердің қойынында бойтұмарындай сақталып, Жеңіс туын желбіреткен ермен бірге елге жеткен екен. 

ІІ Дүниежүзілік соғыста антигитлерлік коалицияның жеңіске жетуімен тәмамдалды, яғни  фашистік  Германия толық  тізе  бүкті. Бірден милитаристік Жапония күйреді. Тарихи өзгеріс әлемнің алпауыт мемлекеттері арасындағы  саяси бақталастың кен әскери бәсекелестікті күшейтті. Бұл текетірестің басы тарихта «қырғи қабақ соғыс» деп аталды, әскери  күштердің «жарысы» басталды.

Әлемдік соғысты қорытындылаған Потсдам конференциясы екі елдің арасын ашты: капитализм туымен АҚШ шықса, социализм  жалауын желбіретіп КСРО ендігі жерде кім мықтыны анықтау ісіне кірісті.Сол мақсатта пәрменді бұйрықпен Академик И. Курчатов, А. Сахаров, П. Капица сынды совет ғалымдары атом бомбасын жасау жұмыстарын тездету жөніндегі қауырт шешім алды.

Сөйтіп, сынау өткізілетін мекенді жан-жақты, түкпір-түкпірді зерттеу нәтижесінде «таңдау» қазақтың ұлылары туған мекені, Еуразия кеңістігінің кіндігінде орналасқан Шыңғыстау, Дегелең тауларының табиғатына  түсті. Қазақ даласы  ядролық  сынақ  алаңына айналды. Семей полигонында 1949 жылдан бері 459 ядролық (оның 113-і атмосфералық) жарылыстар жасалып, жер жүрегіне жазылмас жарақат түсті, итмүгедек  ұрпақ,жарымжан перзенттердің дүниеге келуіне  әкеліп соқты.

25 жыл бұрын ең үлкен ядролық сынақ полигоның жабуға атсалысқан адамның бірі – біздің Знаменка ауылының құрметті азаматы Тұяқбаев Жаныс атамыз еді. Жаныс Ысқақұлы сұрапыл соғыстың ортасында жүрді, Отан үшін от кешті. Қан майданнан аяқ-қолы сау оралды. Тек жарты денесін оққа беріп, жарымжан қайтқан қаруластарын көргенде «Құдай енді соғысты көрсетпесін, үні өшсін!» деп, Алладан тілек тілеген адам болған екен.

Сынақ алаңдарының жабылуын аңсаған

«Соғыста Отан үшін көзсіз ерлікке барып, опат болғандардың арманы жоқ екен. Япыр-ай, бейбіт күнде он екіде бір гүлі ашылмай, соныңдағыларды боздатып кеткен боздақтар мен қыршынынан қиылған жастардың қаны кімнің мойынында? Соғыстан мүгедек болып қайтқан солдат пен іштен туа мүгедек болған ұрпақтың арасы жер мен көк тей-ау!» Осы бір өзекті өртейтін ойлар Жаныс атамыздың миына маза бермейтін дейді балалары.

fd550b93f8183e307fbb9f96c2b01308.jpg

1986 жылдан бастап Семей өңірінде қырық жылға жуық уақыт бойы жарылған полигон сынақтарын жабу қозғалыстарына белсенді атсалысты. Мәскеулік зор басшылармен өткен сөзталастарда, пікірлер қайшылығы туындаған сәттерде туған өлке тұрғындарының мүддесін қорғай отырып, ұтымды сөйлеп, талай мәрте халықтың ризашылық сезіміне бөленді.

Ел басына күн туғанда қолына қару алып, халқының болашағы үшін жаумен жан аямай шайқасқан жауынгер зейнеткермін деп қарап жатпады, ізденді, «Невада-Семей» қозғалысының белсенді мүшесі болды. Өзі осыдан 44 жыл бұрын дәмін татқан Германияға дейін барды. Ядролық сынаққа қарсы Бонн қаласында өткен дүниежүзілік конгресте ел-жұртының, ұрпағының болашағына жаны ауырған майдангер атом полигонының зардабын ашына айтты. Жапония елімен болған «Семипалатинск Хиросима» телекөпірінде сынақтың әсерінен түрлі дерттің көбейгенін, бірақ үкімет тарапынан әлі де ешқандай көмек жасалмай отырғанын батыл түрде көтерді.

Қазақстан Компартиясы Семей облыстың комитетінің бірінші хатшысы Кешірім Бозтаевпен бірге 1990 жылы ССРО Министрлер Кеңесінің төрағасы Н.А. Рыжковтың қабылдауында болып, алғаш рет Семей атом полигонының зардаптары туралы шығып сөйледі. Жаныс атамыз өзінің бар күш-жігерін, білім тәжірибесін Семей полигонын жабу жолындағы күреске арнаған қоғамдық қайраткер деп ойлаймын.Жаныс ата АҚШ-тан келген бейбітшілік жолындағы күрескерлер Калифорния штатынан Джим Лерагер мен Колорадо штатынан Дейл Маллекпен бірге бейбітшілік трубкасын тартқан адам.

Ақырғы сәт

Зейнеткерлік демалысқа шықса да, Знаменка ауылының Ұлы Отан соғысы ардагерлері Кеңесінің төрағасы, халық депутаттарының селолық советінің депутаты болып қоғамдық қызмет атқарды. «Невада - Семей» қозғалысының 10 жылдығына қатысуға Стефан Дёмкадан Берлинге арнайы шақыру алған. Қарт майдангер елу бес жыл «жолдас» болған, бойында қалған оқтың оқыстан қозғалып кетуінен қайтпас сапарға аттанды.

c5dd87dce8e3b5c33f911359d6e10123.jpg

«Жәкем көз жұмарының алдында қолымнан ұстап: «Жазираш, 56 жыл шәй деспей бірге өмір кештік. Ризамын саған. Тағдырыма да разымын. Бұл жолы мына жолдасым (ішін басып қойды) бір «бүлік» шығарайын деп тұр ау деймін, мен енді ұзамаспын. 29 тамыз күні менің жамбасымды жерге тигізіңдер. 10 жылдық мерекеге өзім қатыса алмасам да, рухыммен желеп-жебеп жатайын» деді. Жарықтық Жәкем өте көреген, асыл жан еді-ау. Айтқаны келді. Ертесіне бәрімізді артына қалдырып, о дүниеге аттынып кете барды. 29 тамызда жамбасы жерге тиді», – деп Жазира апа аяулы зайыбын сағына еске алады. 

Абзал ауылдас атамыздың Семей полигонын жабу жолындағы орасан еңбегі әлі күнге ауыл адамдарының есінде, біздер жас ұрпақ мұны біліп қане қоймай, оны әрдайым зор құрметпен еске алуымыз керек. Менің ауылдас және көрші атамның өмір жолы, еңбегі өскелең жас ұрпаққа үлгі-өнеге болып қала бермек деп ойлаймын.

Алмагүл МАШЕНОВА, ШҚО Жаңасемей ауданы Знаменка орта мектебі тарих пәнінің мұғалімі 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?