Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

ҚАРҚАРАЛЫНЫҢ АҒА СҰЛТАНЫ

3862
ҚАРҚАРАЛЫНЫҢ АҒА СҰЛТАНЫ  - e-history.kz
Қарқаралы ауданы Бүркіті ауылының солтүстік бағытындағы Қарқаралы-Егіндібұлақ тас жолының бойында орналасқан Құсбек төре кесенесі – талай тарихтың куәсі

Тарихпен тамырласып жатқан ескерткіш жолсызға пана болып, діни-ғұрыптық кешеннің ордасына айналды. Қазақ халқы ерте кезден қасиетті кесенелерге қырын қараған емес. «Молалы жер – шырақ, моласыз жер – жырақ» деп ұрпағына қасиетті жерлерді тәу етуді де нұсқайды. Ондай жер – өткеннің тарихы, дәуірдің айғағы. 

Құсбек төре кесенесі – көне тарих куәгері 

Құсбек төре кешенінің тарихы Қарқаралы ауданының тарихымен байланысты. Ғажаптығы сол, аудан орталығы Қарқаралы қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 20 шақырым жерде, Талды өзенінің сол жағалауында, бетеге, боз, ши өскен қуаң дала белдемінде орналасқан ғасыр ғаламатының архитектурасы әлі күнге дейін сақталып, бұзылмай келе жатыр. Зират сәулетті-жоспарлық және көркем өнер шешімімен ерекшеленетін әртүрлі мемориалдық кешендерден тұрады. Төрелер бейітінде Бөкейханның ұрпақтары Тәуке, Түгел, Құсбек, Ысмайыл төрелер жатыр.  

 

77e0b1b8663e9ab1b226340c433b7571.jpg

Құсбек төре кесенесі ХІХ ғасырдың екінші жартысында қаланған. Үш камералы діни-ғұрыптық ескерткіш ретінде ерекшеленеді. Кесене ғимаратының негізгі бөлігі дөңгелек киіз құрылымында жасалған және жанама төртбұрышты бөліктен тұрады. Жылқының қылы мен ешкінің майын балшыққа илеп, қам кесектен тұрғызылғандығымен ол уақыттық және климаттық өзгерістерге төтеп беріп келеді. 

 

67ac60133c4de080ee329e5ba5b78392.jpg

XIX ғасырдың орта шенінде тұрғызылған ескерткіштің Совет үкіметі тұсында еш күрделі жөндеу көрмей, елеусіз-ескерусіз қалды. Үш камералы шошақ бейіттердің күмбезді төбе бөліктері болған. Ол бүгінде бүлінген. Тәуелсіздік алған жылдардың орта шенінде Құсбек төре кесенесіне күрделі жөндеу ұйымдастырылып, тарихи жәдігер жаңара түсті. Осы істің басы-қасында сол уақыттағы Қарағанды облыстық мәдениет департаментінің директоры Рымбала Омарбекқызы, Құсбек төре туралы алғашқы зерттеу жүргізіп, көлемді мақала жазған ғалым Мыңжасар Әдекеновтер тұрды. Сол кісілердің жауапкершілігі мен тиянақты істерінің арқасында зират мемлекеттік маңызы бар тарих пен мәдениет ескерткіштерінің қатарына енгізіліп және мемлекет қорғауына алынды. 

Құсбек пен Әлиханның ұлы бабасы бір – Бөкейхан 

Тарихи өлке Қарқаралы дуанын билеген Құсбектің тарихта алар орны ерекше. Абылай өлгеннен соң (1781 жылы) да қазақты төре тұқымының бiрiнен соң бiрi биледi. Бергi Арғынды: Бөкей-Бiрәлi-Шалғынбай Құсбек билеп, әділдіктің ақ туын қадады. Құсбек төре сұңғыла саясатшы, жеті тоспаға бөлінбес шешен, ол уәдесінен тайқымас дуан басшысы болған. 

 

9017d08e990ab739689bd3a4c3237e4d.jpg

Биыл ЮНЕСКО көлемінде 150 жылдық мерейтойы тойланып отырған Алаш қайраткері, ұлт көсемі, Алашорда төрағасы Әлихан Бөкейхан  мен Құсбек төрелердің арғы аталары бір – Бөкейхан. Көкжал Барақтың ұлы Бөкейханды 14 жасында Қаз дауысты Қазыбек мен шекшек Нұралы би Орта жүзге хан сайлау үшін қаракесек еліне алып келген. Бұл туралы Құсбек төре бейіті туралы деректерді алғаш жинақтаған ғалым, зерттеуші Мыңжасар Әдекенов: «Атақты «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» оқиғасынан кейін азат етілген жерлерге Сырдың бойынан, әр жерден қайта серпіліп келіп жиналған елді басқаруға деп Қаздауысты Қазыбек би мен шекшек Нұралы би Самарқандағы Барақ ханның 14 жасар баласы Бөкейханды 1748 жылы алып келіп, Орта жүзге хан сайлаған екен. Содан бері, міне, 258 жыл өтті. Осы 258 жыл Бөкейхан мен одан тараған, ел басқарған сұлтандардың тарихы орталық Қазақстанның, Қарқаралы аймағының да тарихы», – дейді. 

 Құнанбайдан бұрын мешіт салмақшы болған 

Осылайша қазақ жерінің жазиралы өңірі Қарқаралы төре тұқымдарының құт-берекелі қонысы болған. Сарыарқада өмір сүрген Бөкейханды 1815 жылы Нұра бойында билердің қолдауымен хан сайлайды. Бөкейхан 1819 жылы 85 жасында қайтыс болады. Бөкей өлген соң орнына аз уақыт баласы Шыңғыс хан болады. Хан Бөкейден өрбіген ұрпақтары Тұрсын, Тәуке, Рүстем, Ысмайылхан, Жамантай болыс, ал Құсбек аға сұлтан болып ел билеген. Тәттімбеттің «Бес төре» күйі осы Тәукенің бес баласына арналған. 

 

5f0ac26880c43e14f9a3972e6a70ef1b.jpg

Тіпті кейбір деректерде қазіргі Қарқаралы қаласындағы «Құнанбай қажы» мешітін салу туралы алғаш идея авторы Құсбек төре болған делінеді. Кейін Құнанбай дуанға мешіт салып, Құсбектің ісін жалғастырған. 

Семей қаласындағы Абай музейiнiң аға ғылыми қызметкерi Мұздыбай Бейсенбаев өзiнiң «Ана тiлi» газетiнде (1993 жыл, 12 тамыз) жариялаған «Құнанбай тәкиесi мен Қарқаралыдағы мешiтi» атты архив құжаттарына негiзделген зерттеу мақаласында жаңа мешiт орнын анықтау, құрылыс iсiне Қарқаралыдағы ротаның солдаттарын қатыстыру мәселесiн сұрап жазған аға сұлтан Құсбек Тәукиннiң қатынас қағазын да архивтен тапқанын жазған екен.  Бұл жайлы деректер жазушы-зерттеуші Думан Рамазан ағамыздың «Құнанбай мешіті» мақаласында кеңінен тарқатылып жазылған.   «Осы жылдары (1849-1852) Құсбек Алшынбаймен келiспей қалып, кезектi сайлау кезiнде Құнанбай аға сұлтан болып сайланды. Содан бастап мешiтке қатысты Шекара басқармасына жазылған қатынас қағаздарында басқаларға қарағанда Құнанбай есiмi жиi көрiне бастаған. Бұл құжаттарға сүйенер болсақ, мешiттiң құрылысы 1950 жылдың 7 қаңтарынан бастап қолға алынып, екi жылға жуық мерзiмде аяқталғанына көзiмiз жетедi. Сондай-ақ, мешiттiң мұсылмандар үшiн өте қажеттiгiн сезiнiп, оның құрылысы мен аяқталуына бар күш-жiгерiн салған Құнанбайдың қолға алған iстi абыроймен аяқтау үшiн бел шеше кiрiскенiн аңғарамыз», – деп жазады Д. Рамазан. 

 

 

1c4604999e788fd26d410c503a37b499.jpg

Сөз соңында айтарымыз: Алаштың Әлиханы жайында сөз болғанда Құсбек төре де айтылуы керек. Өйткені екеуінің ұлы бабасы – Бөкейхан. Қазақстанның XIX ғасырдағы саяси өміріне араласып, бүкіл бір Қарқаралы дуанын басқарған Құсбек төренің есімі ұмыт болмағаны абзал. 

Фота автордікі

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?