Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Мәскеулік дөкейдің мысын басқан

2162
Мәскеулік дөкейдің мысын басқан - e-history.kz
Бұл ақсақал – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, Берлинге дейін жетіп, жеңіс салтанатын көрген қарт майдангер, екі тілге бірдей жүйрік, қара сөздің қас шебері Жаныс Тұяқбаев болатын

1989 жылдың аласапыран уақыты. Жаңару мен қайта құру ұрандарының сәт сайын жалаулап, жиі-жиі көтерілетін мезгілі. Семей өңірін қырық жыл бойы төмпештеген ядролық жарылыстардың әлі де толық жабылмай, мәскеулік ірі шенеуніктерге арқа сүйеген сынақ алаңының генералдары мен жергілікті екі мыңнан астам науқас жанның текетіресі де толастамай тұрған шақ. Сондай өліара шақ болғанымен, облыс басшылығына келген қайраткер Кешірім Бозтаевтың табанды күресінің нәтижесінде (Бозтаев республика басшысы Г. Колбинмен ақылдаспай, полигон жайлы бар шындық жазылған хатты М. Горбачевтің атына жолдаған) Семейдегі хал-ахуалды көзімен көруге Мәскеудің дөкейлері арнайы ұшып келеді. Солардың ішіндегі ең зоры – Әскери-өндірістік кешеннің басшысы және ССРО Министрлер кеңесі басшысының орынбасары И.С. Белоусов деген «аюдай ақырған шенеунік». Билеуші Белоусов бастаған әскери генералдары бар, атомшы ғалымдары бар едәуір қарамды топ 1989 жылдың қараша айында Мәскеуден Алматы айналып, Семейге жетеді. 

Қазіргі Абай атындағы кітапхана ол кезде Саяси оқу үйі деп аталатын еді және оның залы қала бойынша өте кең әрі жайлы болып келетін. Осы ғимараттың залымен қоса фойесін де кернеген көпшіліктің талабы біреу ғана: жер астында жарылса да, сынақ алаңынан инертті газдар ауада таралды, халықтың денсаулығы өте төмен деңгейде, тұрмыстық тапшылық жергілікті өңірде қатты байқалды – осындай проблемаларды туғызушы ажал апанын біржолата тұншықтыру. Сондықтан мәселенің осы уақыттарда едәуір ширыққаны сонша, халық Мәскеудегі ірі шенеуніктерді бір үстел басына шақырып, аталған проблеманы майшаммен қарауды, не бүк, не шік түсіріп шешіп тастауды талап етеді. 

Бұдан бір күн бұрын бұл топ полигонның ұрымтал тұсында орналасқан Знаменка ауылындағы жағдаймен танысып қайтады. Құбыжық болып туған нәрестелер, оларды құшақтаған қайран аналар, даланың демі мен дүмпуін жүрегінен өткізген қариялар келген ұлықтарға болған қасіретті шынайы көрсетсе де, өз ойынан айнымаған аналар да қасарысып-ақ баққан ғой. 

Осы төтенше жиынның куәгері әрі елімізге белгілі жазушы, Семейдің байырғы тұрғыны Медеу Сәрсеке оқиғаның қалай өрбігенін, халық пен атомшылардың арасындағы қырғи-қабақ пікірлер майданының өрістеуін өзінің «Семей қасіреті» атты кітабында жан-жақты суреттеген. Онда ол Семей облыстық партия комитеті басшыларының ұйғарымы бойынша, жиын өткізілетін орында лауазымды тұлғаларға бағыттап өте өткір пікір айтатын, сөйтіп сілейте соғып, бет қараптай ұтатын ұтқыр тілді адам тауып, тиісті жерге орналастыру жұмысы тапсырылғанын тәптіштеп жазады. 

«Мінбедегі шешен сөзін аяқтаған кезде бір жігіт микрофонды маған әкелді, мен оны Жаныс ақсақалға ұсындым» деп бастайды әңгімесін қаламгер Медеу Сәрсеке. Бұдан ары қарай президумдағы мәскеулік дөкей басшы мен қарапайым ауылдан шыққан, даланың дарқан даналығын бойына сіңірген қарттың екеуара пікір алмасуын шебер қиюластырады. 

«– Игорь Сергеевич, сіз екеуміз кеше біздің ауылда танысып, менің үйімде құрметті қонақ болдыңыз. Жөн сұрасқанда екеуміз құрдас болып шықтық, солай ма?.. 

– Дәл айтасыз, Жәке. Сізге құрметім ерекше... 

– Ұлы Отан соғысына қатысушымын, өзіңіз кеше ат басын бұрған Знаменко ауылында өмір бойы тұрамын. Яки сіз басқаратын полигонмен көрші болғаныма қырық жыл болды. Содан тартқан залалым басымдағы шашымнан көп. Жә, оның бәрін көйітпей, үйімде қадірлі қонақ деп, кеше айтпаған тілегімді бүгін естіртпекпін... Игорь Сергеевич, өзіңізге бір сауал: кемпірім бар дедіңіз, әлі де тың ба?

Белоусов аң-таң қалпы орнынан тұрып, ақсақалға жайраңдай қарады: 

– Әйел затынсыз өмірдің қызығы болмайды ғой. Қосағым әзірше тың, немерелерін бағып отыр... Жә, оны неге сұрадыңыз, ақсақал? 

– Сұрағаным, – деді Тұяқбаев, – немерені бағу – шынайы бақыт! Немерең нешеу, Игорь Сергеевич?.. 

Әлгінде араның ұясындай болып, ыбыр-жыбыр сөздер көбейген залда өлі тыныштық орнады. Белоусов сақалы аппақ, өңі қызылшырайлы, өзіндей майдангер ақсақалға біржосын мейірмен қарап, Жәкеңнің тосын сөзінің аяғын тосты. Үстел басындағылар қыбыр еткен жоқ. 

– Үшеу, ақсақал, – деді ВПК бастығы. – Екеуі әлі мектепке барған жоқ, кенже қызымның балалары... 

– Рақмет ілтипатыңа, құрметті қонақ! Үш немерең болса – бақытты атасың. Мен де сорлы шал емеспін, он екі немерем бар!..

– Оһо, сіз менен де бақыттырақ екенсіз, шын көңілден құттықтаймын!» 

 

5b8cdf2d539fca275cfc58ac64afdabf.jpg

Әдетте көптеген адамдар ақсақалдың не айтып жатқанын әуел баста түсіне қоймаған, тіпті төрге жайғасқан төре секілді басшылар да. Олар мұны әжуалағандай мысқылмен күлкі үйіре отырып жауап беріп отырған. Алайда көпті көрген, қан майданды басынан кешкен қар майдангердің әр сөзі атылған оқпен тең түсіп, ақырында құздың жағасына апара жатқанын ешкім бағамдай алмаса керек. 

«– Жә, қымбатты Игорь Сергеевич, көкейкесті сөзге көшемін. Дұрыс ұқсам, сіз осы жиынды бастарда «Полигонның өзі де, айналасы да тап-таза, ешқандай қауіп жоқ. Қой жайсаңыз да, қора-жай салсаңыз да ешқандай қатер жоқ. Қазіргі сынақтар жер астындағы қыртысты бүлдіргенімен, сыртқа ешқандай зиянкестік жасамайды, алда-жалда одан шыққан түтін-қоқыс болса ауа мен жерді бүлдірмейді» дедіңіз. Солай ма? – деп Жәкең әлі де үстел басында қақшиып тұрған Белоусовқа еміне қарады.

Игорь Сергеевич майдангер қарттың осы сөзінің астарындағы қырқа шалуды аңғарған жоқ. Әлде әдейі байқамағансыды?.. 

– Бек дұрыс айтасыз, ақсақал. Әлде сіз соған сенбейсіз бе? – деді Белоусов сәл-пәл езу тартып әрі таңданған пішінмен. 

– Әбден сендім, сіздей дәрежесі үлкен кісі айтып тұрған соң сенбеуге бола ма? Сол себептен де, Игорь Сергеевич, сізге мен аса тиімді ұсыныс айтпақпын. Бұл енді – сізге де, маған да, осы залда отырған көпшілікке де ерекше пайдалы ұсыныс... 

– Айтыңыз, ақсақал, құлағым сізде! Өзіңіз ақылды ардагер екенсіз... 

– Екеуміз немере айырбастайық: сіз маған мектепке бармаған екі немереңіздің біреуін бересіз, ең кішісін, иә үлкенін; сосын өз қалауыңызша менің немерелерімнің біреуін, иә екеуін алыңыз; әрине, уақытша, айталық, бір жылға... Мәскеуге барып бір балам орыс болып кетеді деп мен қорықпаймын, қайта тіл үйреніп қайтады; сіз де қорықпаңыз, кемпірімнің тың екенін көрдіңіз, сіздің ұрпағыңызды титтей де жүдетпей, өз баласындай бағады...» 

116a70710364d567d5978f5eeb83cf56.jpg

Тосын да тың ұсынысқа ұлықтың қалай жауап бергені беймәлім, алайда осындай жарға жыққан, пайдасы қалың қазақ үшін жағымды һәм аталы сөздің мірдің оғындай дәл тиюі көпшілікті қуанышқа кенейді. Ары қарай оқиық: 

«Залдан мырс-мырс күлген дыбыс естілді. Кейбіреулер: «Мына шалдың сөзі шатақ. Ана дөкейді аранға жыққалы тұр. Бұл – сондай кісі, кімді болсын мақтамен бауыздайды...» – десті. 

Жәкең титтей де қымсынған жоқ. Маужыраған қалпы сөзін аяқтады. 

– Игорь Сергеевич, мен қалжыңдап тұрғам жоқ. Сіздің манағы сөзіңізге орай ұтымды ұсыныс жасап тұрмын. Біздің жер радиация қоқысынан, басқадай залалдан әбден тазарған болса, ұрпағымызды өзара айырбастаудан сіз екеуміз зиян шекпейміз. Ең ғажабы, мына отырған жұртты манағы мәлімдемеңізге шексіз сендіресіз. Сүйікті немереңізді біздің шерлі Знаменкаға жіберген соң сенбеске шарасы қанша?!. Бітті шаруа. Сіз жобаланған сынақтарды одан әрі жасауға бізден рұқсат аласыз. Біз де «Е, жыл бойғы айғайымыз әншейін екен-ау...» деп малымызды бағып, бала-шағамызды алаңсыз өсіреміз...

Зал дүркірей қол соқты. Тұс-тұстан: «Жарайсың, Жабеке! Қай-қайдағыны ойлап табады, ақылды неме!..» – деген үндер естілді. Мен де сүйсіне қол соқтым» деп жазады қаламгер Медеу аға. 

Мұндай соққыдан кейін Мәскеу шенеуніктерінің қалай жауап бергені маңызды ма, қазақтың қарапайым қариясы ұлтының мүддесін қалай қорғап қалғаны маңызды ма? Тарих үшін мұндай оқиғалардан сабақ алу ләзім. 

 

f2b012506fbd44e80a060ad801fe53b1.jpg

Бұл ақсақал – Жаңасемей ауданының Знаменка елді мекенінде ұзақ жылдар директор болған, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, Берлинге дейін жетіп, жеңіс салтанатын көрген қарт майдангер, екі тілге бірдей жүйрік, қара сөздің қас шебері Жаныс Тұяқбаев болатын. 

Фотосуреттерді ұсынған ШҚО Жаңасемей ауданына қарасты Знаменка орта мектебі тарих пәнінің мұғалімі Алмагүл Мәшеноваға алғыс айтамыз.

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?