Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Заманының заңғары 

3223
Заманының заңғары  - e-history.kz
Осыдан тура жүз жыл бұрын Атырау өңірінде дүниеге қазақтың атақты ақыны Хамит Ерғалиев дүниеге келген. Ол – 20-дан астам кітаптың авторы

Ақын шығармашылығы әр алуан тақырыптарды қамтиды. Өлең жолдарынан Октябрь революциясы кезеңінен кейінгі қарапайым қазақтың тұрмысы мен тынысы, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы майдан мен тылдың тірлігі, жауынгерлердің ерлігі мен бірлігі туралы өмір көріністерімен өз басыңнан өткізгендей танысып, түйсінген күй кешуге болады. 

Совет халқының ғұмырын екі кезеңге бөліп тастаған алапат соғыстан кейін ақын жаңа өмірге сеніммен қадам бастырған бүкіл халықтық қозғалысты жырлады. Атақты «Құрманғазы» поэмасын (1962 ж.) оқымаған зиялы қазақ жоқ шығар. 

Суреткердің әрбір сөз өрнегі ұшқыр қиялға ой шоғын түсіріп, өмірін тек «бүгін-ертенмен» өлшеуге мәжбүр болған жандардың шектеулерден шеткері шығуға, күй әлеміне беріліп, тарих толқынында тербелуге шақырып тұрғандай.


Өлкеңді бүгін мейлі ұшпағым де, 

Армандай ауыл, қала, қыстағым де, 

Қызметші баршасына Құрманғазы, 

Шалқиды қырық мәрте қысқа күнде... 

...Сен оны қайта-қайта шақырасың, 

Өнердің солқылдатып сахнасын. 

Жер түгіл, неше қабат ауадан да 

Ол саған үндемесе, сағынасың. 

Қазақтың баршаны бауырына басқысы келіп тұратын мамыражай мінезін, тәңір берген табиғатын «Сарыарқасын» суреттеу арқылы жеткізген. Ол күйді шығарған Құрманғазыны, орындаған оркестрді қазақ өнерінің «құранына» теңеген Хамит ағамыз еді. 

75b4dfaab75c19007f9ac661a8de6daf.jpg

Өзінің «Әке сыры» (1947) поэмасында ақын совет адамдарының Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ересен ерлігін, халықтардың бейбітшілік жолындагы жанқиярлық күресін жырлады. «Үлкен жолдың үстінде» (1949) поэмасында социалистік өмірді жаңа қарқынмен орнатып жатқан жұмысшы табының қажырлы еңбегін суреттеді. Хамит Ерғалиевтің бұл поэмасында Мойынты-Шу темір жол құрылысындағы еңбек адамдарының ерлік істері, рухани өскендігі бейнеленген. 

«Біздің ауылдың қызы» (1950), «Сенің өзенің» (1953) поэмаларында қуаңшылық жайлаған шөл даланы суландырған, жасыл орман өсіріп, сол даланы гүл-бақшаға айналдырған адамдардың еңбегі суреттелген. «Оралдағы отты күн» (1956) поэмасында азамат соғысында аты аңызға айналған Чапаевты, оның майдандас серіктерін жырлады. «Аңыз ата» (1965) поэмасын украин халқының ұлы ақыны Тарас Шевченкоға арнады. «Күй дастан» (1970) поэмасында академик композитор А. Жұбановтың бейнесін жасады. «Жылдар, жылдар» (1966) дастанында коммунистік дәуірді жырлады. 

X. Ерғалиев көркем очерк, публицистикалық мақалалар арқылы заманымыздың көкейкесті мөселелеріне үн қосып отырады. Көкейкесті демекші, ақын ағамыздың мына бір өлең жолдарының қазіргі заман жастарына да берері мол тәрізді. Ұлтжанды ұрпағы даярға алақан жаяр күйге түспесін деген ниетпен айтылғандай: 

Көкжиектен көзге дайым шалынар

Шартарапта автомобиль шаңы бар. 

«Жарқыраған айнадай жол аз» деуші 

Әлі мүмкін арыз айтып шағынар. 

Со да сөз бе!.. 

Терең сырды қозғасам, 

Дайын жолмен заулап едік біз қашан?!.. 

...Демеспін мен: «Бұл жақын да, ол қашық». 

Егер маған иланбасаң, жолға шық: 

...Ақын ба сол көргенге тек мәз болған, 

Ақын-ойдан қашан кейін көз қалған!.. 

Жаса, Отан, сағат сайын шаң беріп, 

Дайын жолдан қиын жолға қозғалған! 


Меруерт ЕРАЛЫ

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?