Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Арқаның апайтөс балуаны – Битабар

2185
Арқаның апайтөс балуаны – Битабар  - e-history.kz
Тарихымыздың ақтаңдақ тұстары енді-енді қалпына келіп, шежіреміз жинақталуда. Балуан, қара күштің асқан иесі Битабар Елбайұлының аузынан жазып алынған естелікте оның алғашқы күрестері баяндалады

Қазақта әулет шежіресі ауызекі таралып келген. Шежіре шертер қариялар айтқанда қағып алатын тыңдаушылар да болған. Ал совет үкіметі билеген жылдарда ел тегін айтпай, табын айтатын болып әулет шежіресі екі-үш ата өтпей-ақ ұмыт болатын кепке ұшыраған еді. Тарихымыздың ақтаңдақ тұстары енді-енді қалпына келіп, шежіреміз жинақтала бастауда. Ел тарихы болады. Жеті атасы білетін жетелі азамат тәрбиелеу үшін әр шаңырақ өзінің әулет шежіресін хатқа түсіріп қалдырса, ұрпақтан ұрпаққа ұласар рухани мұра болмақ. Осындай ниеті барларға үлгі болсын деп Ісләм Жарылғапов марқұмның сауалнамасына орай журналист-жазушы Асан Жұмаділдиннің балуан, асқан күш иесі Битабар Елбайұлының өз аузынан жазып алған естелігінен үзінді ұсынып отырмыз. 

...Бозайғыр деген қажыға ас берді. Айғыржалдың сыртында Оспанның Қос былқылдақ деген шабындығы бар. Помыш қылғанда 8-10 кісі бір күнде бір былқылдақты әрең бітіреді екен. Елдің пішеншілері шөбін бітіргені бітіріп, бітірмегені оған қарамай асқа кетті. Елдің шөпшілері бәрі келді. Оспанның дәулері бір былқылдақты бітіре алмай жатыр деп Сыздық деген Мұстафа қажының баласы Осекеңді әжуалайды. «Бітірер» деп Осекең күмілжіп қалады. 

Ағкеме біз асқа барайық дестік. «Не бетімізбен барамыз, мынау Былқылдақ шабылмай жатыр. Кешегі Сыздық Осекеңді келемеждеп отырған көрінеді», – дейді. Ағайға «Осы былқылдақты ертең бітірсек, Жұмаділда екеумізді асқа жібересің бе?» дедім. Ағкем «бітірсендер жіберейін» деді. Жұмаділда екі шалғыны шыңдады. Екі бөшке бар. Бірін шабындықтың ол басына, бірін бұл басына қойдық. Іші толы айран. Жұмекең бір айналғанша мен екі айналамын. Сөйтіп асқа бардық. Оспан сенбей кісі жіберіп көргізіп барып сенді. 

Алғашқы күрес 

Аралбай Қуанышбектің Жәми деген әйелі қырық беске келгенде ұл тапты. Шал екі болыс елді жинап той жасады. Сегіз балуанға бәйгі тікті. Басы өгіз, қой, шапан, т.б. Жәкеш қалпе балуандарды атады. Мына Сайдалыда Жаңғұлақтың Мақашы дейтін балуан бар. Аманғұлда Кәдірбек деген балуан бар, қырғыз Зәкемай деген балуан бар, Сыздық деген балуан бар, қырғыз Байжанның Бекмағамбеті деген балуан бар. Нияз – Кәдіркейдің ағасы, балуан. Тіккен бәйгіні Жәкеш қалпенің алдына үйіп қойды. Әуелі екі болыстан шықсын десті. Ерденбай болыс әуелі «Балуан ошақ басынан шығады» деді. «Осы 8 балуанға мен шығамын», – дедім Жәкеш қалпеге. Ел жарайды деп шуылдасты. 

c13cfca3a06ad300726325830c37691e.jpg

Битабар Елбайұлының сақталған жалғыз фотосуреті

Бұрын құрбыларыммен күресіп жүргенде екі жағым бірдей еді. Сайдалы болысынан шықсын деді. Сары сақалды, қырықтың ішіне енген Мақаш деген шықты. Қара ала өгіз байлаулы тұр. Мақашты жықтым. Отыздың жуан ішіндегі Кәдірбек келді. «Осы иттің бәрі шыбын болып кеткен бе Елбайдың жұдырықтай баласынан жығылып?» – деп жасы елудің ішіндегі Тиыштықбек деген шықты. Ол да жығылды. Ірі балуаннан Зәкенай, Сыздық, Бекмағамбеттер де жығылды. Енді кейін келгендерін ұстап тұрып, қалай лақтырайын деп сұрайтынды шығардым. Үстіне жығылмаймын, лақтырып жіберіп басынан күш аламын. Қара ала өгізді батаңызды беріңіз деп Жәкеш қалпеге бердім. Сары азбанды әкемнің інісі Жантыбайға бердім. Басқасын жолдасып, ел таласып алып жатты. Әмзе қосқан Ахметтің көкшағыр аты мен Мақаштың Қазені қосқан қызыл байталы бәйгіден келді. 

Көкпар қызығы

Көкпарға үлкен сары серкені өңешінен су құйып ауырлатып жерошақ қазып көміп тастады. Атпен желіп келіп ел еңкейеді, серке ауыр, ала алмайды. Содан ағам Жұмаділда келіп еңкейді. 

Ол кісі – жалғыз айылмен, шылбырсыз жүретін салақ адам. Ертоқымымен қоса аударылып түсті. Астындағы баяғы Нұртазадан алатын көкшұнақ ат. Мен қайыра өз ер-тоқымымды ерттеп, көкшұнаққа міндім де, серке жатқан жерге желіп келдім. Сыралғы ат шөк деп басып қалса, жануар шөге қалушы еді. Жерошаққа жеткенде шөк деп едім, алдыңғы екі аяғының тізесін бүгіп жата қалды. Мен қос қолымды бірдей салып көмулі жатқан серкені алдыма өңгердім. Тақымға басуға келмейді. Ішіне су толтырған. Қасымдағылар ішін жарып жіберді. Сонсоң арт жағынан тақымға бастым. Ешкім ала алмады. Енді аттың басына таласты ел. Әркім өз аулына ат-матыммен алып кетпек. Жөкеш қалпе айғайлап: «Оу, қойыңдар, кісі не ат жазым болар. Битабардан ала алмайтындарыңа көздерің жетті. Енді алып қашып ойнасын. Битабардың өзі қалаған біреуіне алып қалуға берсін!» – деді. Жұрт бұған көнді. 

Қырғыз Бақбергеннің Ақмарал дейтін аты бар. Ол бізге құда. 4-5 шақырымға дейін ұшқан құсқа шалдырмайды. Өзіміздің Қалидың Рақымының астында көк айғыр деген жүйрік аты бар. Бақбергенге бердім. Ол алып қашты. Соңынан Рақым жөнелді. Лап қойған топ қуып кетті. Ақмарал әдеті бойынша құстай ұшып шалдырмай шықты да, 4-5 шақырым жерге барғанда босаңсыды. Іле келе жатқан Рақымға серкені өңгерткенде ол әлі келмей жерге түсіріп алыпты. Сөйткенше қалың топ жетіп дода басталды да, серкені екі кісі қолдасып Сайдалы жағы алып кетті.  

Белдескен балуандар

Бұл күреске мен 17 жасымда түскен едім. Сол жылы Кәлібек Бошай мен оның баласы Жәйлібек Меккеге барып сол жақта қайтыс болды. Оларға ас берілді. 5 болыс ел шақырылды. Балуан, балуан деді. Быдықтың Әшім дегені болған. Жасы отыздың ішінде. Оған ешкім күреске шықпайды. Бәйгіні күреспей алады. Руы Енең Тоқасы. Алтайдан ешкім шықпады. Мақажан: «Әй, Қыздарбек, Жәйма, бәйгімді беріңдер деп», – айғай салды. Тұңғатар Танау, Мақамберді деген балуандар бар еді, Тұрсынбек пен Қыздарбек «Әшімге не Танау, не Мақамберді шықсын», – деп еді. Мақажан, Мұстапалар: «Қарпық пен Қарпық күреспейді, Алтай, бәйгімді бер», – деп одан сайын гүжілдеді. Оған жақсылар тоқталып қалды. Жәкеш қалпе: «Осында біздің бала бар еді. Анада 8 балуанды бір жерде жыққан», – деді. 

«Тұрсынбек болыс, көтіңді қыс, әуре болма, Әшімге шығар Алтай-Қарпықта адам жоқ», – деп аналар тағы айғайлады. Жәкеш қалпе мені Қыздарбек, Жайманың алдына шақыртты. 

Ертеде Алсайда Жанан деген балуан болыпты. Шалдар: «Жананның тұлғасындай екен. Бар, балам, пешенең ашылсын!» – деп батасын берді. Қыздарбек, Жәйма, Жәкеш қалпе, Тұрсынбек төртеуінің алдына шешіндім. Үстімде шапан, бір жағымды белсеніп шықтым. Әшім ұзыны мен көлденеңі бірдей жуан сары екен. Сақалы бар. Жүгіріп кеп ұстаса кеттік. Жауырынына қолым тиген бетте лақтырып тастап басынан аттап кеттім, үстінен басып жатқам жоқ. 

«Бұл кім, бұл кім?» – десіп жатты Мақажан мен Мұстапа. 

«Аралбай Елбайдың баласы», – дейді мені білетін біреулер. 

«Ойпырмай жапырақтың сылдырынан үркетін Аралбайдан да Әшімді жығатын кісі туады екен-ау!» – деді Мақажан. 

«Шықпақ түгіл аузыңды пәленше етіп жібереді», – дейді Тұрсынбек. Әшім балуан: «Бағым қайтқан екен, баладан жығылдым», – деп жылап содан кейін күреске түспей кеткен. 

Бәйгіге тіккен бір кілем мен бір түйені Қыздарбек пен Жәйма алды. Жәйма кіші жүз бен орта жүздің асын таратады. Рабайсыз семіз, төрт жігіт кілемге салып көтеріп жүреді. Атқа мінбейді, арбамен жүреді. Сол кезде елуге келіп қалған шағы. Қара кісі еді. Басы көнектей үлкен. Балтырына етіктің қонышы сыймайды. Жабағының терісін қоныш қылады. Қыздарбек те семізше келген орта бойлы қызыл шырайлы адам. Тұрсынбек орта бойлы зор кісі еді. Тілмар адам болатын, даусы зор ерекше естіледі. Мақажан да етженді адам. Мұстапа одан да семіз. 

Он сегіз жасқа шыққанымда Алабастың көңінде көктемде Құттыбай деген Тарақтының асы болды. Тауық жылы ашаршылық, әрі сүзек араласты. Қыста сүзек болып ауырдым. Астан ет жейін деп қоржын салып асқа келдім. Қоржыныма біраз ет салып алдым. Ертең атшабар болады. Қаракесек жағынан адам көп келді. Баймұрат Бертістің Құлжамбек деген балуаны шығып отырып алды. Оған батып қарсы шыққан ешкім жоқ. Жәзібек пен Тойынбек атқа мініп балуан іздеп жүр. Төбенің бетінде атымды отқа қойып, жеке ет жеп отырмын. Жұттан күйзеліп шыққан елден балуан табылмай отыр. Жәзібек: «Біздің Битабар жиен қайда?» – деп келеді. Біздің жақтың адамдары мені көрсетіп жіберсе керек, екі ақсақал тақалғанда етті қоржынға салдым да күпінің етегімен жаба салдым. Сәлем бердім. «Әй, жиен, Қарқаралының балуанын көрдің бе? Сонымен күресуге Тойынбек бара ма, әлде мен барайын ба, жоқ, сен барасың ба», – деді Тарақты Жәзібек. 

Өне бойымда ерік қалмады, денем жыбырлап кетті. «Естіген шығарсыз, қыста сүзек болып ауырып, қалжаумын. Ер жігіт өлім үшін, еркек тоқты соғым үшін, сіздер үшін барайын», – дедім. 

Келіп шешіндім, жеген сүр ет шөлдете бастады. Жазғытұрымғы доңғалақ қара қатқақ жер. Екі ортада өзек бар, содан өтіп алдына бардым. Екеуміз алыса кеткенде етегі менің қолымда қалды да, өзі өтіп кетті. Жұлып алған шекпеннің қолымда қалған бір жапырағын шөлдеген соң аузыма салып жібердім. Енді келіп алысқанда лақтырдым. Киіміме келдім. «Екі ақсақал, бәйгілеріңізді алыңдар!» дедім. Сөйтіп бәйгі ошақ басында қалды да, Жәзібек пен Тойынбек батасын берді. 

Естелік жазушы-журналист Асан Жұмаділдиннің «Фолиант» баспасынан 2014 жыл шыққан «Шығармалары» атты кітабынан ықшамдалып алынды. 

Қосымша деректер: Битабар Елбайұлы – 1880-1965 жылдары аралығында ғұмыр кешкен атақты балуан. Қарағанды өңіріне қарасты Ортау болысының Жалғызағаш деген жерінде туған. 16 жасынан бастап балуандыққа түсіп, Алтай-Қарпық руында жауырыны жерге тимей жүрген Быдықтың Әшімі деген балуанды, 1898 жылы Тарақты Құттыбайдың асында Қаракесек-Баймұрат Бертістің Құлжанбегін, 1926 жылы Барқы-Нияз Иса қажының асында Ақмола уезіне аты жайылған Қарпық-Серкебай руының Асар деген балуанын жығады. Қаракесек Смағұл қажының Ақмола, Қарқаралы уезі түгел жиналған асында Қарқаралының аты Алатау-Арқаға мәлім балуаны Шәкірбектің жауырынын жерге тигізеді. Совет заманында Қарағанды көмір шахтасында қызмет етіп, тиісті нормаларды артығымен орындап, мақтаулар алған. Сондай-ақ селолық совет төрағасы, ферма меңгерушісі болған.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?