Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Әдебиет және өнердің дереккөздер орталығына жасалған жұмыс сапары жайында

3425
Әдебиет және өнердің дереккөздер орталығына жасалған жұмыс сапары жайында - e-history.kz

Соңғы жылдары ҚР Президенті Архивінде халықаралық байланыстар белсенді түрде дамып келеді. Архивтің жыл сайынғы жоспарларында халықаралық форматтағы оның ішінде конференцияларға, дөңгелек үстелдерге қатысу, тағылымдамалардан өту сияқты іс-шараларға қатысу қарастырылған. Шетел ғалымдарын қызықтыратын тарихи зерттеулердің тақырыптарын, өзге елдердегі архивтердің жұмыс жағдайларын, тарих ғылымы мен архив ісін және т. б. мәселелерді шетелдік әріптестермен аталған іс-шаралар барысында талқылау арқылы қарым-қатынас жасау Архивтің жұмысын жетілдіруге ықпалын тигізеді. 2019 жылғы қарашада қазіргі заманғы белгілі архивтердің бірі, әлемдік деңгейдегі мәдени мұраның бірегей топтамалары жинақталған  Ресей мемлекеттік әдебиет және өнер архивінде Архив қызметкерлері жұмыс сапармен болды.

1941 жылғы 29 наурыз – Орталық мемлекеттік әдебиет архивінің құрылған күні. Ұлы Отан соғысы басталар алдында қабылданған үкімет қаулысы елдегі барлық архивтердегі әдеби деректерді бір жерге жинауға құқық берді.  Мемлекеттік әдеби музейден, Ежелгі актілердің орталық архивінен, Мемлекеттік Третьяков галереясынан, Тарихи музейден және т. б. өнер ордаларынан жинақталған мыңдаған сақтау бірліктері соғыс басталған кезде Саратов және  Барнаулға эвакуацияланды.

 

Мәскеуге 1944 жылы оралған Архив бастапқы сәтте алға қойылған әдеби шектерден аса отырып, бүкіл елдің мәдени өмірін жан-жақты қамту жағына өте отырып, өзінің өмір сүру аясын кеңейтті.  Соғыстан кейінгі қарқынды жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 1954 жылы мекеме КСРО Орталық мемлекеттік әдебиет және өнер архиві болып  қайта аталды. 1957 жылы Б. Пироговская (17 үй) көшесінен өзі үшін арнайы салынған ғимаратқа қоныс аударды.

РФ Үкіметінің 1992 жылғы 24 маусымдағы қаулысына сәйкес Ресей мемлекеттік әдебиет және өнер архиві атауына ие болды.

Музалар мекені аталған мекеменің мәдениет пен қоғамдық ұйымдармен қатар әдебиет, өнер қайраткерлерінің, коллекционерлердің – жеке тұлғалардың қорлары жинақталуымен ерекшеленеді. Мемлекеттік архивте сақтауға алынған құжаттардың басым бөлігін жеке тектік құжаттар құрайды.

Қазіргі таңда Архивте 10 томнан тұратын қорлар бойынша жөнсілтер жарыққа шыққан. Ондағы мәлімет бойынша құжаттары  сақтауға алынған мемлекеттік мекемелер аясы барынша кең, әрі әртүрлі (587 624 сақт. бірлігінен тұратын 344 қор есепке алынған) Олардың арасында басшылық әкімшілік мекемелер  – РКФСР ХКК  жанындағы Өнер істері жөніндегі  комитет (6 366 сақт. б.), КСРО Минитсрлер Кеңесі жанындағы өнер істері жөніндегі комитет (15 788 сақт. б.), КСРО Мәдениет министрлігі (41 758 сақт. б.), КСРО Мемлекеттік киносы (18 490 сақт. б.), КСРО Мемлекеттік концерт бірлестігі (5 531 сақт. б.), Мәскеу мемлекеттік филармониясы (5 302 сақт. б.), Бүкілодақтық Мемлекеттік цирктер бірлестігі  (5 029 сақт. б.) және т. б.; шығармашылық одақтар – КСРО Композиторлар одағы (3 921 сақт. б.) КСРО Жазушылар одағы (20 381 сақт. б.), КСРО Суретшілер одағы (6 201 сақт. б.) және аталған одақтадың республикалық және мәскеулік бөлімшелері бар.

Өнер мен әдебиеттің мол дереккөзі шоғырланған мекемеде жеке қорлар орасан зор мәдени құндылыққа ие, мұны Архивтің қызметкерлері асқан мақтанышпен баяндайды (612 359 сақт. б. есепке алынған 2625 қор).

Жоғарыда аталған Архив қорлары мен топтамалары жөніндегі жөнсілтер 1959 жылдан бастап  дайындалған, қазіргі таңда 10 томы жарыққа шыққан. Қазақстан Республикасы Президентінің Архивіне аталған анықтамалықтың 9 және 10 томдары сыйға тартылды. 9 том екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөліміне 1987 жылғы 1 қарашадағы жағдайы бойынша ерекше сақтауда (арнаулы сақтау/спецхран) тұрған дереккөздер туралы анағұрлым толық ақпарат енгізілген. Шығарылымның екінші бөлімінде «Жөнсілтердің алдыңғы шығарылымдарында аннотацияланған  РМӘӨА қорларының тізбесі» жарияланған.

10 томға 2001–2016 жылдар аралығындағы кезеңде келіп түскен қорлар туралы ақпарат, сонымен қатар бұдан ерте кезеңде келіп түскен, алдыңғы шығарылымдарда өте қысқа аннотацияланған кейбір қорлар туралы мәліметтер енгізілген. Бұл шығарылымға 162 қордың 130 000-ға жуық сақтау бірлігі аннотацияланған. Олардың 102-сі жеке қорлар (69 жаңадан құрылған қор және 33 қосымша толықтырылған қорлар, 38 515 сақтау бірлігі), 3 архивтік топтама (оның ішінде 2 жаңадан құрылған, барлығы 521 сақтау бірлігі), мекемелер мен шығармашылық ұйымдардың 60 қоры (31 жаңадан құрылған қор, 29 толықтырылған қор, 90 585 сақтау бірлігі).

Ресей мемлекеттік әдебиет және өнер архивінің қорлары туралы толық ақпарат беретін анықтамалықтармен ҚР Президенті Архивінің кітапханасында танысуға болады.

Қазақстандық зерттеушілер үшін РМӘӨА қазақ әдебиеті, өнері мен ғылымында жарқын із қалдырған тұлғалар туралы дереккөздердің осында шоғырланғандығын атап өту қажет. Атап айтқанда, Ш. Уәлиханов, Ә. Марғұлан,  С. Сейфуллин, І. Жансүгіров, Б. Майлин, Т. Жароков, Ш. Айманов, Б. Момышұлы, Байқадамовтар (Бақытжан және Данабике) және т. б. көптеген марғасқалардың құжаттары осында. Қазақстанның кеңестік кезеңдегі тарихының дереккөздері КСРО Жазушылар Одағы (1934–1991), «Көркем әдебиет» Мемлекеттік баспасы (1930 ж. – қазіргі таңға дейін), КСРО ХКК жанындағы Өнер істері жөніндегі комитеттің жанындағы репертуарларды бақылау жөніндегі Бас басқарма (1923–1952) қорларында және көптеген белгілі жазушылардың жеке қорларында сақталған.

Мәскеу қаласында орналасқан Ресей мемлекеттік әдебиет және өнер архивінде қазақстандық архившілер Ә. Сүлейменова мен А. Исаеваға сақтау қоймалары мен қызметтік бөлмелер бойынша арнайы экскурсия жасалды. Архивтің құрылу тарихы, атқаратын қызмет түрлері, әдістемелік жұмыстар жөнінде Толықтыру орталығының басшысы И.Ю. Зеленина, Ғылыми ақпараттық орталықтың бас маманы Е.В. Бронникова, Баспа басылымдары архивінің меңгерушісі Е.А. Шарикова, Көрме залының меңгерушісі А.В. Голубович, Бас қор сақтаушы Н.Н. Штевнина, жеке қорларды сақтау орталығының маманы Е.М. Антипова, ғылыми ақпараттық орталықтың маманы И.Л. Решетникова әңгімелеп, тәжірибе жүзінде көрсетіп берді.

Бас қор сақтаушы Н. Н. Штевнина архивтің сақтау қоймаларындағы картиналар мен фотоальбомдарға тоқталып, Одаққа белгілі кинотүсірілімдердің сценарийлері, рольге дайындалған актерлердің суреттері бар фотоальбоммен арнайы таныстырды. Одақтық және одақтас республикалардың түсіретін киноларына роль сомдауға дайындалған К. Кенжетаев, Т. Өмірзақов, Н. Ықтымбаев, Н. Орынбасарова  және т.б. кино, театр саңлақтарының көпке белгісіз бейнелерін табу еш қиындыққа соқтырмайды. Ол үшін «Советское кино» Бүкілресейлік фотокинематографиялық акционерлік қоғамының (Москва, 1924–1930), «Союзкино» Бүкілодақтық кинофотобірлестігінің (Москва, (1930–1933) қорларын зерттеу қажет.

Жұмыс сапары барысында Қазақстан және Ресейдің екі ірі архивтерінің дайындаған басылымдық, әдістемелік әдебиеттерімен алмасу жүзеге асырылды.

Қазақстан тарихы жөніндегі архивтік құжаттарды іздестіру мен табуды Архивтің сайтына орналастырылған қорлар бойынша жөнсілтерді зерделеуден бастауға болады. Мұнда қорлардың тізімі, электрондық каталог, виртуалды көрмелер және т. б. орналастырылған. «Архив – 2025» жобасы Қазақстанға қатысты көптеген қызықты, мазмұнды құжаттарды табу мүмкіндігін береді, олар өз кезегінде біздің тарихи танымымыз бен білімімізді толықтырып, байытуға мүмкіндік береді.

 

Ә. Сүлейменова

Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің бас сарапшысы,  т. ғ. к.

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?