Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Кенесарының немересі

1659
Кенесарының немересі - e-history.kz
Геология-минералогия ғылымының докторы, Өзбек Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, профессор Натай Әзімханұлы Кенесаринмен кездесу жайлы ой-толғам

Өткен ғасырдың 40 жылдарының бас кезінде ауыл-ауылда қайдан, қай жақтан келетіні беймәлім ақын-жыршылардан көбіне Әзірет Әлі, Қобыланды, Алпамыс, Қамбар батырлардан бөлек, ара-тұра Кенесары-Наурызбай дастанын тыңдап, Қыз Жібек, Айман-Шолпан, Қозы Көрпеш − Баян сұлу секілді лиро-эпостық жырларға құлағымыз қанық болатын. Бертін келе сауат ашып, қаріп таныған соң, оларды кітаптардан оқи бастадық. Солардың ішінде Қаншайым мен Наурызбай атты ұзақ дастан бар болатын. Бұған дейін  құлақта қалған жыр-дастандардан Наурызбай батырдың Кенесары ханның інісі екенін білетінбіз. Сондықтан, «Наурызбай мен Қаншайым» атты дастандағы тас қараңғы түнде жылқы күзеткен Қаншайым сұлудың сызылта салатын әнін өз құлағымызбен тыңдағандай әсерленіп, тумысы бөлек батыр қызға Наурызбайдың жасаған мәрттігіне, аяқ астынан оянатын екі жастың махаббатына мән беретінбіз.

Амал нешік, ұзамай бәрі суалып, құрдымға кеткендей болды. Қара сирақ кедейден шыққан Қара қасқа атты Қамбар батырдан басқа жыр, дастандар әдебиеттік оқу құралдардан алып тасталып, Кенесары-Наурызбайдың аттарын атаудың өзі қорқынышқа айналды. Ол кездегі кеңестік идеологияның тегеуріні күштілігі сонша, сол насихатқа жұрт имандай сенді, иланды. Бұл сол шақтарда баспа беттерінде жарияланатын материалдардан да, Алматыдан университет, институт бітіріп келген мұғалімдердің сөздерінен де байқалып, көрініп тұратын. Сол бір аласапыран кездерде бұған дейін өмірге келген – М. Әуезов, Ғ. Мүсірепов жазған – Қыз Жібек, Айман-Шолпан, Қозы Көрпеш − Баян сұлу сияқты спектакльдердің қандай күй кешкенін кім білсін. Абырой болғанда, «Кенесары-Наурызбайдан» басқа жыр-дастандардың ұзамай таңдары қайта атып, қалпына келді.

«Кенесары-Наурызбайдың» тағдыры ауырлау болды. Оларды жан-жақты зерттеп, монография жазған тарихшы Ермұхан Бекмаханов (басқалар да) айдаудан оралған соң да айы оңынан туа қоймады.

Әйгілі жазушы Ілияс Есенберлиннің өзі «Қаһар» романында Кенесарыны жорта «жау» ретінде көрсете отырып «дәріптеуге» мәжбүр болды (біз солай қабылдағанбыз).

Міне, осындай қиын-қыстауда базбір ғұламалар болмаса, Кенесары-Наурызбай ұрпақтары хақында сөз қозғау, іздеу салу былай тұрсын, ауызға алу мүмкін емес-ті. Әйтсе де...

Сол өткен ғасырдағы 50 жылдардың орта тұсында Ташкентте оқитын қазақ жастары, біздер әркім-әркімнен осы қалада тұратын қазақтың ғұлама ғалым, зиялылары жайлы естігенде, кәдімгідей марқайып қалатынбыз. Мұның алдындағы ширек ғасыр ішінде аталмыш қалада қазақ тілінде дәріс жүретін (кейіннен жабылып қалған) жоғары және орта дәрежелі оқу орындары аз болмағаны, ең соңғы қазақ педагогикалық училищесінің жуырда ғана жабылғанын да білмейтінбіз. Ол туралы сол училищеде жұмыс істеп, одан Низами атындағы педагогикалық институтқа ауысқан Ниятіллә Базарбаев т.б. оқытушылар да «аш пәледен қаш пәле» дегендей, ләм демейтін. Низами атындағы институт жанынан қазақ тілі мен әдебиеті, физика-математика, педагогика факультеттері өзбекстандық қазақ мектептеріне кадр даярлау үшін ашылғанына да мән бермейтінбіз.

Бәрі біртіндеп белгілі болып жатты...

Менімен бірге оқитын Тәшкенбай Сопбеков досым: «Осында экономика институтында директор боп істейтін жақын ағайым бар. Сенбі, жексенбіде соның үйіне барып тұрамын», – деп жиі айтатын.

Ол ағайының да, басқадай жоғары лауазым иесі – ғалым қазақтардың да біразының аты-жөнін сырттай естіп жүретінбіз. Орта Азия политехникалық институтының директоры (онда ректор демейді) Ниязов, Тоқыма институтының директоры Оразбаев, Орта Азия мемлекеттік университетінің директоры Сарымсақов дегендей. Олар маман кадр даярлайтын оқу орындарының басшылары.

Ал, Тәшкенбай досымның ағасы Өнер Жамалов Өзбекстан Ғылым академиясына қарасты Экономика институтының директоры. Сол Академия құзырындағы Геология институтының директоры Кенесарин де қазақ деседі. Бұлар біздің тиіп-қашып білетіндеріміз, білмейтіндеріміз де аз болмауға тиіс. Жоғары оқу орындарының екінші басшысы боп есептелетін – партбюро хатшыларының көбі қайда да қазақтар болатын. Осы өзіміз оқитын пединституттың партбюрохатшысы, директордан соңғы екінші тұлға келестік Жолбарыс Қасымбеков Мәскеуде оқыған, тарих ғылымының кандидаты, қазақша лекция оқығанда мүдірмейді. Бірақ, жазған оқулық кітаптары орысша болатын-ды.

Жоғары оқу орындарында сабақ екі топта жүргізіледі. Орыс тобы, жергілікті топ. Бір қызығы, қай институт болмасын, екі топта да сан жағынан қазақ жастары басым. Ол кезде өзбек жастары оқуға құлықсыз ба, әйтеуір, Көлік (транспортный), Мелиорация, Орта Азия политехникалық институттарының кейбір факультеттеріндегі жергілікті топтарда түгелге жуық қазақ жастары оқитынына сан рет куә болғанбыз. Орыс тобында да қазақтар аз болмайтын.

Біреу біліп, біреу білмеуі мүмкін, осынау азын-аулақ мәліметтерді кейінгі ұрпақтың қаперіне салу мақсатымен келтіріп отырмыз. Иә, Ташкент қаласы қазақтар үшін ежелден ғылым-білім орталығы болғаны аян. Кейін қазақстандық көрнекті қайраткерге айналған қазақ ұл-қыздарының біразы сол қаладан түлеп ұшқаны да мәлім. Жоғарыда өзіміз Ташкентте оқыған жылдарда әйгілі қазақ ғалымдарынан сырттай білетіндердің қатарында Кенесариннің де есімін атадық. Ол кім? Енді соны өз білетіндеріміз аясында сөз етіп көрейік.

Рас, ол кездерде Кенесаринмен де, өзгедей зиялы адамдармен де көзбе-көз жолығу, ауызба-ауыз сөйлесу өң түгіл, түске кірмейді.

Тіпті, Тәшкенбай досымның ағасының (Өнер Жамалов) үйіне олар алыс сапарға не демалысқа кеткенде ғана қона жатуға барып, қарауыл боп жүретінбіз (өзімді айтып отырмын).

Кенесаринге келсек, оны бізге хан ұрпағы деп ешкім айтқан емес. Бала жастан жыр-дастандардан естіген Кенесарыға қатысы бар-ау деп те ойламайтынбыз. Ташкентте Кенесарының немересі тұрады екен, ғалым екен, қиын жылдарда Алматыдан сонда қашып барып, бас сауғалаған екен дегендей әңгімелерді кейбір басылымдарда жарияланатын қасаң хабарлардан, ауызекі сөздерден құлақ шала бастағаны көп кейін. Қызығу, құштарлық оянып, оны бір көріп, ауызба-ауыз сөйлесер ме еді деп қиялданатынбыз. Қазақи салғырттықты қойсайшы, Ташкенттің қақ ортасында Төле би бабамыздың кесенесі, Көркемсурет галереясында Орал Таңсықбаевтың ғажап туындылары барынан бейхабар бейбақтарға не дерің бар. Хрущевтің жылымығы жетіп, Е. Бекмаханов айдаудан оралғанмен, «Кенесары-Наурызбай» басы бүтін ақталған жоқ-ты. Олардың таңы еліміз егемендік алған соң атты деуге болады.

Содан 60 жылдардың орта шенінде Ташкентке жол түсті (жол түскенде жылына кемі 2-3 рет баратын кез, туған жер іргеде болғандықтан, бірден сонда тартамыз).

– Ауылға ертең барамыз, бүгін үйде бол. Қонақ шақырып қойып едім. Ол белгілі адам, үлкен ғалым. Танысасың, – деді аэропортта қарсы алған туған інім.

– Ол кім?

– Кенесарин, білесің ғой.

– Білмеймін, қай Кенесарин?

– Профессор, геолог Кенесарин, бұрын директор болған.

– Қазір ше?

– Қазір кафедра меңгерушісі.

– Қайдан танисың.

– Танимыз да, неғыласың. Танымасақ, шақырамыз ба?

– Есімі кім?

– Есімі Натай, әкесінің аты Әзімхан, атасы Кенесары да сонда.

– Атасы Кенесары деймісің? Демек, ол Кенесары ханның немересі

болғаны ма, солай ма?

– Қайдам, солай шығар. Жөндеп сұрамаппыз.

– Сұрамағаны несі?

– Осында институтта менімен бірге оқыған ағайыны бар, сол айтады ғой артық сөз сөйлемеңдер, жақтырмайды деп. Онан соң ештеңе демейміз. Қазір барған соң өзің танысасың да жақсылап.

Үйге келдік. Қоңыр салқын бөлме. Дастарқан жасаулы. Артық-ауыс адам көрінбейді. Қонақ әлі келмепті.

– Ол кісі кешікпейді, айтқан уақытқа жарты сағат бар, дәл сол кезде келеді. Бөтен адам болмасын деген соң, басы артық ешкімді шақырған жоқпын. Бірақ, сен туралы айтқанмын. Алматыдан келеді деп ем, мақұл деді.

– Дұрыс бопты, – деп әзілдедім. – Мақұл дегеніңе бәрекелде. Әзіл өзінше. Кезінде (40 жылдардың ортасында) Алматыға сыймай, басына бұлт үйіріліп, Ташкентке келген соң да қыл үстінде ғұмыр кешкен Кенесары ханның ұрпағымен дидарласу, бір дастарқанда дәм-тұздас болу ғанибет, әрине. Азын-аулақ білуімше, қуғын-сүргінге түскен Кенесары ұрпақтары бірлі-жарым емес. Мына келетін адам солардың бірі. Ғылым докторы, профессор, Өзбекстан Ғылым академиясының мүше-корреспонденті, ұзақ жыл геология ғылыми-зерттеу институтын басқарған Натай Әзімханұлы Кенесарин.

Қоңырау сыңғыр етті. Қонақ келді. Үстіндегі қара костюм, ақ көйлек, қоңыр галстугі ұзын бойлы толықтау денесіне құйып қойғандай. Жазық маңдай, қыр мұрын, қыран қабақ, қалың қара қасты, батыр тұлғалы жаратылыс. Ептеп бурыл тартқан қалың шаш жоғары қарай қайыстыра таралған. Қара торы өңі жылы, айбын-ды. Даусы өткір, ашық. Жанында дөңгелек жүзі алаулап, қасы-көзі қиылған, ақ сары жүзді, талдырмаш денелі жар қосағы. Наздана күлімдеп, еркелей сөйлейді екен, тектілігі көрініп тұр. Алдын-ала айта кетейік, жеңгеміздің тумысы орталық қалалардың бірінде білім алған қызылордалық төрелер әулетінен екен (жарасымды).

Әлбетте, таныстық, табыстық, білістік. Мақсат – ауыз бағу, қиғаш сұрақтан қашу, сақ отыру. Мұндай жандар айтатынды өздері-ақ айтады, айтпайтынға баспайды. Солай болды да. Қайда туды, қайда өсті, не оқу бітірді, қандай құқай көрді, Ташкентке қашан, неге келді – бірі сөз болған жоқ. Есесіне, ғылым, қазақ халқының жайы қозғалды. Онда да аздап, тиіп-қашып. Әр сөзінен бекзаттық, ұлтжандылық, шамырқанған қазақы намыс ұшқындайды. Кейде өзбекше сөйлеп жіберуінде де мүкіс жоқ.

– Натай ағамыз өзбекшеге жүйрік екен, сіз ше? – деп қалдым сөз арасында оның әйеліне.

– Жоқ, мен білмеймін, – деді жеңгеміз жымың етіп. – Өзбекшені саған-ақ бердім деп бұған баяғыда айтып қойғанмын.

– Өз басымның өзбек ағайындарға өкпем жоқ, – деді Натай Әзімханұлы. – Тек қазақтан шыққан зиялыларға ұлтыңды өзбек деп өзгерт, сонда өйтеміз-бүйтеміз дейтіні болмаса. Ондайға мақұл дегендер де, демегендер де бар. Мен де паспортыңа өзбекпін деп жазсаң, академияға толық мүше етеміз дегендеріне көнбедім. Көнбегендердің біразы Алматы, тағы басқа жақтарға кетті. Атақты суретші Орал Таңсықбаев бар емес пе, әне сол да өзбек бол дегеннен бас тартқаны үшін онша ұлықталмай жүр. Әрине, ештеңеден кенде емес. Сонда да... Натай Әзімханұлы көп жас үлкен болса да, маған «сіз» деп сөйлеп отырды. Осында пединститут бітіргенімді біліп алған соң:

– Ташкентте оқысаңыз, Оразбаевты білетін шығарсыз, – деп бір әңгіменің ұштығын шығарды.

– Сыртынан естігенім бар, бірақ таныс емеспін.

– Қоқанда туған дарынды қазақ, соғысқа дейін техника ғылымының кандидаты, соғыс біткен соң бір жылдан кейін (1946 жылы) ғылым докторы, одан ұзамай академик, Сталиндік, Лениндік сыйлықтардың лауреаты болды. Жоғары атақ-марапаттың бәрін иеленді. Соның бәрі ұлтын өзбек деп өзгерткенінің арқасы. Бұрынғы орыс әйелін тастап, өзбекке үйленді. Алғашқы әйелінен бір ұл, бір қызы бар. Қазір олардың екеуі де Мәскеуде тұрады. Ұлы кино саласында, қызы Эльвира әнші боп істейді. Ұлтын өзбек деп өзгерткен соң, Оразбаевтың аты-жөнін Мұхамед Ташевич дейді. Біздің білуімізде ол Махамбет Тасболатұлы болатын. Бұл сөзді дұрыс түсініңіз, жай әңгіме ретінде айтып отырмын. Тағдыр шығар. Кінәлаудан аулақпыз.

Сол жолы Натай Әзімханұлының өзі де, әйелі де: «Біз артық дүние-мүлік жимаймыз, тапқан табысымызды тек киім мен тамаққа жұмсаймыз», – деп отырды.

Мұны сыпайылық үшін айтылған сөз шығар деп онша мән бермегенмен, шындық екеніне ұзамай көзіміз жетті. Қазақстандағы он шақты күндік іссапар бітіп, кері қайту үшін Ташкентке оралған соң, Натай Әзімханұлына сәлем беру үшін Шыланзардағы мекен-жайына бардық. Ағамыз үйде болмай, жеңгеміз көл-көсір дастарқан жайып қарсы алды. Сонда көрдім, төрт бөлмеде төсек-орын, киім ілетін шкаф, ас ішетін стол, орындықтардан бөлек түйір нәрсе көзге түспеді.

Қабырғалар тұттай жалаңаш, жасау-жабдық, жиһаздардан дәнеңе жоқ. Оған қайғырып отырған тағы ешкім жоқ. Сұлу жеңгеміздің қағанағы қарқ, сағанағы сарқ, ұпайы түгел жандар осылай болса керек-ті.

Бүкіл саналы өмірін қазақ халқының азаттығы үшін ат үстінде өткізген Кенесары ханның немересі, әйгілі ғалым-ұстаз Натай Әзімханұлымен бір рет кездескендегі әсер-түйсіктің кей парасы осындай. Ұзақ жылдар көкей түкпірінде өшпей, сары майдай сақталып жүрген жайларды артық-кемсіз, қаз-қалпында баян етіп отырмыз.

Үйінде болғанымызда ержеткен ұл-қызы бар сияқты еді. Олардың кейінгі тағдырынан бейхабармын. Мені Натай ағамызбен таныстырған інімнің айтуынша, ол кісі Ташкент айналасындағы қазақтың бетке шығар жақсы-жайсаңдарын жатсынып-жатырқамай, риясыз араласып тұрады екен. Ташкентке кіре берістегі Черняевка селосы немесе сондағы Сарыағаш ауданына қарасты «Красный Восток» колхозының төрағасы, төре тұқымы Әріпхан Ақбердиевпен ағалы-інілідей болыпты (басқалардың да аттарын атап еді, естен шығыпты).

Кейін Натай Кенесарин 66 жасында қайтыс болып, Ташкенттен топырақ бұйырғанын інімнен естідім. Ендігі бір айтарымыз, нәубет жылдары Қазақстаннан теперіш көріп, өзбек арасын сағалаған Натай Әзімханұлы қазақ жерінің төл перзенті ғой. Туған елінде елеусіз-ескерусіз қалып келе жатқан жоқ па деген ой қылаң береді. Кенесары Қасымов өмірін зерттеушілер оның анау-мынау емес, атақ-даңқы атасымен жетеқабыл дерліктей ғалым немересі жайлы қандай деректер жинап, нендей шараларды іске асырып жүргені (біз үшін) беймәлім.

Ол − көрші республикада жүріп ғылымға өлшеусіз еңбек сіңіріп, қазақ деген атқа кір келтірмей, ұлт намысын жоғары ұстағаны үшін де ардақтап, аялауға тұрарлық тұлға, ірі тұлға. Біртуар ғалым, ардагер азаматтың есімін есте қалдырарлықтай шаралар жүзеге асса, марқұмның аруағы риза болар еді. Ең бастысы, қазақ үшін қажет.

Жә, ол туған елден қара басының қамын күйттеп не кісі елінде сұлтан болу үшін емес, керісінше, басына қатер төнген соң амалсыз кетті. Атасы Кенесары қол бастаған батыр болса, немересі әйгілі ғалым болды. Қазір Өзбекстанда оның аты аталып, есімі әспеттеле ме, бұл орайда нендей шаралар жүзеге асқан-аспағанын дөп басып айту қиын. Қалған әңгімені бұл жайлы бізден гөрі толықтау мәлімет-деректер білетін ағайындар айта жатар деп ойлаймыз. Әрі жаңылмас жақ болмас дегендей, біздің тарапымыздан жазатайым мүлт кеткен тұстар болса, оларды түзетуге ниет еткен ағайындарға айтар алғыс таудай болмақ.

Бір жолы өткен ғасырдың 50 жылдарының бас кезінде Ташкенттегі театр-көркемсурет институтында Нұрмұқан Жантөрин екеуі бірге оқығанда Натай Кенесаринмен жақын араласып, жақсы білген өнертану ғылымының докторы, профессор Бағыбек Құндақбаев ол жөнінде білетінім көп, екеуміз арнайы жолыққанда айтып берермін деп еді. Бірақ, ұзамай ойламаған жерден бақилық боп, қапы қалған жай бар. Әйтсе де, телефоннан біраз жайды қоярда-қоймай сұрап, қағазға түсірген едім. Сонда бір білгенім, Натайдың ұлы қазір Алматыда тұрады, сенімен міндетті түрде жолықтырамын деп еді марқұм. Үлгермеді. Бәлкім, алда марқұм Бағыбек Құндақбаев, Бәкеңнен сол жолы телефонда естіген дерек-мәліметтерді ұсынармыз. Қажет деп табылып жатса, әрине.

Натай Кенесарин есімді сұңғыла қазақ ұмытылмауы тиіс. Тек намыс туын қолға алатын ер бар ма? Мәселе сонда.

 

Зәкір АСАБАЕВ.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?