Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қасиетті мереке

3331
Қасиетті мереке - e-history.kz
Тәуелсіздік мейрамы еліміздің барлық азаматтары үшін ең басты, қасиетті, маңызды мереке саналады. Өйткені тәуелсіз еліміздің жаңа тарихы, қазіргі еркін де, бақытты өміріміз осы оқиғадан бастау алады

1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстанның сол кездегі парламенті «Тәуелсіздік пен мемлекеттің егемендігі туралы» заң қабылдады. Бұл заң 1990 жылы 25 қазанда қабылданған Қазақстанның Егемендігі туралы Декларациямен бірге жаңа Қазақ мемлекетін қалыптастыруға негіз қалады.

Бұл мереке, әсіресе мемлекетімізге атын берген қазақ ұлты үшін ерекше күн. Қазақ елінің тәуелсіздік күнін әлемнің әр түкпірінде өмір сүретін, еңбек ететін, оқу оқитын барлық қазақ атап өтеді. Өйткені қазақ қай елде өмір сүрсін отаны Қазақстан екенін ұмытпайды, жүрегінде сақтайды.

Ал, тәуелсіз ел болуды қазақтың сан ұрпағы ғасырлар бойы армандап өтті, осы жолда күрес жүргізді. Тарихқа көз жүгіртсек, қазақтың ұлттық мемлекеті, яғни Қазақ хандығы (1465-1847 жж.) үш ғасыр тәуелсіз өмір сүрген соң, тағдырдың жазуымен тәуелсіздігінен айырылып, үш ғасыр Ресей империясы мен Кеңес Одағына бодан болды. ССРО-ның ыдырауы нәтижесінде қайтадан бостандыққа қол жеткіздік.

Міне, содан бері 27 жыл ішінде Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың дана басшылығы арқасында әлем мойындаған, дамыған 30 мемлекеттің  қатарына қосылдық.

Президент басшылығымен ұзақ мерзімдерге арналған «Қазақстан-2030», «Қазақстан-2050» стратегиялық бағдарламаларын жасап, оларды тиянақты жүзеге асырудың нәтижесінде, елімізде этносаралық және дінаралық ынтымақ пен татулықты сақтай отырып, нарықты экономика мен демократиялық құрылысты қалыптастырдық.

 Жаңа астана тұрғызып, 1991 жылға дейін дүние жүзіне белгісіз болып келген Қазақ елінің елордасында әлемнің жетекші елдері мен халықаралық ұйымдардың басшыларының басын қосқан талай алқалы жиын ұйымдастырдық. Халықаралық ЭКСПО көрмесін жоғары деңгейде өткіздік.

Қазақстан Республикасы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдардағы Тұрақты емес мүшесі ретінде қабылданып, дүниежүзіндегі маңызды мәселелерді шешуге үлесін қосты.

Тәуелсіздігімізді нығайту жолында ел рухын көтеруге бағыттайтын Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар», «Ұлы Даланың жеті қыры» мақалалары тәуелсіздігіміздің мұраты – Мәңгілік Ел идеясын қалыптастыруға үлес қосары сөзсіз.

 

Сейітқали ДҮЙСЕН, Мемлекет тарихы институтының ғылыми қызметкері

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?