Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Көне ғимараттар. Ақкөл мешіті

3017
Көне ғимараттар. Ақкөл мешіті - e-history.kz
Шығыс Қазақстан облысының Бесқарағай ауданына қарасты Ақкөл ауылдық округінде тарихы тереңде жатқан көне мешіт бар

Бұл тарихи нысан Семей шаһарынан 30 шақырым жерде орналасқан. Бүгінде құлағалы тұрған ескі мешіттің тарихы, қазіргі жай-күйі есті жанды алаңдатпай тұра алмайды.

Көненің көзіндей болған ескі мешітті 1905-1907 жылдары татар көпесі Сұлтан қажы Фазылбеков салған. Қажы деген тіркемесіне қарағанда, бұл кісі – Мекеге сапар шегіп, қажылығын өтеген адам. Татар халқының мінезі, тұрмыс-тіршілігі мен Семей өңірінің өсіп-өркендеуіне қосқан өлшеусіз үлесі тарихтан белгілі. Соның жарқын бір мысалы – осы байырғы сібір-татар стиліндегі ағаш сәулет өнерінің ескерткіші. 

 

f524b8d3dd80f25246f62daee6f8c3d8.jpg

Тарихи нысанның ең басты ерекшелігі – оның бір шеге қақпай тұрғызылуы. Қарағайдан және басқа да бағалы ағаштардан қиып, мешіт үйінің шегесіз салынуы көп адамды таңырқататыны анық. Іргетасы қызыл кірпіштен он шақты қатар етіп қаланған. 

Мешіт құрылысы кезінде Сұлтан қажы сол кездегі ең үздік башқұрт сәулетшілерін шақыртқан. Олар арнайы ерітіндіге малынған ағаштарды пайдаланған деседі. Ағаштарды арнайы Ресейдің ормандарынан әкелінген деген деректер кездеседі. Мешіттің үш бөлікті мұнарасы да оның өзгешелігін танытады. 

 

352aab6061efa02e2232ebeb524a068d.jpg

Ерекше сәулетті ғимарат совет үкіметі орныққанға дейін, яғни 1918 жылға шейін мешіт қызметін атқарған. Кейін дінге тыйым салынған кезеңде мәдениет үйі, одан мектеп, кітапхана мекемесіне айналдырылған екен. Тіпті ауыл тұрғындарының кейбірі көне тарихи орынды мал қора етіп де ұстаған. Одан кейін қаңырап бос қалған. Семейлік Ильшат Ишмухамедов анасының әңгімесін еске түсіріп, Совет Одағы кезінде мешіт ғимаратында мектептің болғанын айтады. Тек тәуелсіздік алған жылдары мешіт тарихи-мәдени нысандардың тізіміне кіріп, сақталып қалған. 

 

0b4978e01a6f07bb195463aee109ef9e.jpg

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық мұражай-қорығының дирекциясы мешітке бір топ қызметкерін жіберген. Олар қалпына келтіру жұмыстарын қарауға тиіс болатын. Сарапшылар өз қорытындыларында қарағай ағашының тозығы жеткенін жазған. Бұл ретте мешіт өзінің сұлулығы және төзімділігімен қайран қалдырған. Құрылыстың бірегейлігіне көздері жеткен олар мешітті осы ауылда қалдыру туралы тұжырым жасаған.

«Бұл мешіт – шығыс өңіріндегі ең киелі орындардың бірі. Көне мешіт табиғаттың барлық апаттарынан аман келеді. Бір жылдары ауыл тұрғындарының бірі ағашын отқа жақпақ болып алған екен, көп ұзамай опат болыпты. Бұл мешітті бұзуға, қиянат жасауға болмайтын құпиясы бар... Тылсым...» – деп жазады ақын, Астанадағы Абайтану орталығының директоры Алмахан Мұхаметқалиқызы. 

Талай жыл иесіз қалғандықтан, осы күні ғимараттың тозығы жеткен. Нысан бүгінде қолданылмайды, жөнделмеген және біртіндеп қирауда. Мешіттің шатыры шіріп жатқандықтан, мұнарасы қисайып барады. Тұрғындар балалардың ойын алаңына айналған мешіттің аяқ астынан құлап қалуынан қауіптенеді. 

 

5476eab79de44342e93e948f04173ed4.jpg

Бесқарағай ауданы әкімдігі осы көне ғимаратты ерекше қорғалатын нысандардың мемлекеттік тізіміне енгізген. «Мәдени мұра» бағдарламасының тізіміне жатқызылғанына бірақ уақыт өтсе-де, мешіт үйі әлі қалпына келтірілген жоқ. 

Ақкөл ауылының тұрғыны Гүлшира Сапариева: «Бір күні дауыл келе жатқанда, мешіттен азан айтқандай, дауыс шықты. Сол дауыл бағандарды, қарағайды түбімен қопарып кетті. Ал мешіт құлаған жоқ», – дейді. Мешіттің берік әрі мығым тұрғанын осыдан аңғаруға болады. 

Біраз жыл бұрын мешітті Өскеменге көшірсек деген ұсынысқа ауыл ақсақалдары қарсы болған. Сол орында қалса және жөндеу жұмыстары жүргізілсе деп тосып жүр. 

 

6dc6756da022e97e410e7b112517b75a.jpg

2013 жылы Бесқарағай ауданы әкімі Нұрлан Сыдықов тарихы тереңде жатқан мешіт үйін музейге айналдыру туралы бастама көтерген. Сондай-ақ көне ғимараттың бір көшірмесі облыс орталығы Өскемендегі «Жастар» саябағы орнатылды. Директоры Н. Зайцевтің айтуынша, «алғашында осы бір нағыз мұсылман ғибадатханасын алыс ауылдан көшіріп әкелу көзделген болатын. Шағын ауылда іс жүзінде ешкім тұрмайды, онда барлығы төрт үй ғана қалған, ал мешіт болса жөндеу мен күтімді талап етеді». 

 

Осыдан белгілі болғандай, музей дирекциясы мешітті этносаябаққа көшіріп, тиісті жөндеу жұмыстарын жүргізіп, күтіп ұстауды құп көреді. Алайда жергілікті тұрғындар мұндай шешіммен келіспейді. Олардың нанымдарынша, мешітке бұл орынды адам емес, Жаратушы таңдаған. Ал ғимаратты тұрғызушының шөбересі Рауф Фазылбеков: «Ол қайда болса да сақталып, менің арғы атам туралы естелік өшпесе болды», – дейді. 

Бұл материалды жазуда көмек қолдарын созғаны үшін Семей өлкетану музейінің директоры Бекен Теміров мырзаға, музей қызметкерлеріне және журналист Бағдат Амангелдіұлына зор алғысымызды білдіреміз.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?