Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Көшпенділер өркениеті»: қазақтың қару-жарақ түрлері

7560
«Көшпенділер өркениеті»: қазақтың қару-жарақ түрлері - e-history.kz
Қару-жарақ – қай елдің де мәдениетінің, соғыс өнерінің ерекше құбылысы

Қазақ қару-жарағының қысқаша тарихы 

Қазақтың дәстүрлі қару-жарақ жүйесінің тарихы тереңде. Жалпы қару-жарақтың пайда болуы мен оның қолданылу тарихы өте ертеден басталса, Ұлы Даланы мекен еткен көне халықтардың қару-жарағына тән белгілер б.з.д. І мыңжылдықта қалыптаса бастады. Әр түрлі дереккөздер, археологиялық қазбалар мен басқа да материалдар қазақ халқының арғы түбі саналатын сақтардың әскери ісінің деңгейі, жауынгерлік өнері өте биік дәрежеде болғанын көрсетеді. 

 

3d9d59225bc4d0ff4bd8540f282ce1c4.jpg

Ерте замандағы халықтардың қару-жарағын зерттеген ғалым Қ. Ахметжанның көрсетуінше, сақтардың жеке жауынгерлік қару-жарақ комплексі алыс, орта және жақын қашықтықта қолданылатын шабуыл қарулары мен денеге киіліп, қолға ұстап қорғанатын қорғаныс жарағынан тұрды. Бұдан кейінгі дәуірлерде даланы дүбірлеп өткен батыр бабаларымыздың қару-жарағы металдардың өңдеп-өндіруіне байланысты түрленіп, өзгерістер қосылып отырды. Ғұн-сарматтардың, кангюлердің, үркілердің, қимақ-қыпшақтардың қару-жарақ соғу өнері даму сатысында бірнеше кезеңді бастан өткерді және жалпы адамзаттық өркениетке өлшеусіз үлес қосты. 

Қару-жарақ атауларының мәні 

Қару-жарақ дегендегі қару сөзінің шығуын ғалымдар былай түсіндіреді: қазақ тілінде «қол» деген мағынаны білдіретін «қар» түбір сөзінен туындаған «қару» сөзі қолға ұстайтын құрал деген мағынаны білдіреді. Ал «жарақ» сөзі қаруға синоним ретінде қарастырылғанымен, мүлде басқа мағынаға ие: тұпнұсқасында «йарық» делінетін бұл сөз М. Қашқари сөздігінде жауынгерлердің қарудан қорғану үшін шайқасқа киіп шығатын темір сауыттардың, қалқандардың ортақ атауы деп сипатталыпты. 

 

a17842bc0279ae3dcf5110bc3b2b54d1.jpg

Осындай анықтаманы негізге ала отырып, «қару» және «жарақ» сөздерінің мәнін ұққандықтан, қалыптастыратын тұжырым: қазақ жауынгерлерінің соғыс қаруларын екі үлкен категорияға жіктеп, шабуыл қаруларын қару деп, ал қорғаныс құралдарын жарақ деп атау өте орынды. Осылайша екі атауды біріктіргенде «қару-жарақ» қос сөзі соғыс құралдарының бүкіл кешеніне лайықталған жалпы атауға – терминге айналып шыға келеді. 

«Ер қаруы – бес қару» ұғымы

Қазақ халқының фольклорлық бай мұрасында батырлардың «бес қаруы бойында», «бес қаруы сай», «бес қаруын асынған» дегендей сөз тіркестері жиі қолданылады. Әсіресе орта ғасырларда ғұмыр кешкен әрі батыр, әрі жырау бабаларымыздың әдеби шығармашылығында көптеп ұшырасады. Барлық түркі халықтары секілді қазақ халқының батырлары соғыс кезіндегі жекпе-жек айқастарында қарудың 5 түрімен сайысқан. Садақ ату, найзаласу, қылыштасу, балталасу және шоқпарласу түріндегі сайыс тек соғыс кезінде емес, бейбіт заманда, ұлы жиын-тойларда да өткізіліп отырған. Негізінде соғыс қарулары жұмсалу тәсіліне қарай – ату, кесу, түйреу, шабу, соғу болып қалыптасқаны айқын. 

Ату қаруы: садақ, жақ, жай. Садақтың екі негізгі функционалдық бөлігі бар: адырна және кіріс. Адырна серпінді етіп сүйектен, ағаштан жасалады, атудың негізгі қызметін атқарса, кіріс деп оған керілген, оқты тіреп қоятын жібін айтады. Садақты жасалу әдісіне және дайындалатын материалдарына байланысты бірнеше түрге бөледі. 

 

fc75ee7d8f140514a009e65350145c65.jpg

Кесу қаруы: семсер, қылыш, сапы. Осының ішінде кең түсіндірілетіні – қылыш. Қазақ қылыштарының басы қайқы келіп, пішініне қарай топқа бөлінеді. Наркескен, алдаспан, зұлпықар деген қылыш түрлерін қазақ жауынгерлері көп қолданған. Қысқа жүзді кесу құралдарына ғалымдар қанжар, пышақ, селебені жатқызады. 

Түйреу қаруы – негізінен атты жауынгерлердің басты қаруы. Қазақ батырлары түйреу қаруларынан найзаны, сүңгіні және жыданы алыс-жақындығына байланысты көбірек пайдаланған. Жауынгерлер найза, сүңгі қаруларының басына дәреже белгісін танытатын ту, байрақ, қыл, шашақ, жалау, т.б. тағатын болған. Тағылған қыл немесе шашақ екі жағдайда – қару ұшынан, аққан қанды сабына жіберумеуге және қарудың қозғалыс бағытын байқатпауға арналып жасалады. Қарсыласқа алыстан-ақ лақтырып жайрататын жыданың өз ерекшелігі бар. 

 

f81e806a7346a451580548afdedf249b.jpg

Шабу қаруы. Шақан, жауынгерлік балта, айбалта, жартылай айбалта деген төрт түрге жіктеліп, жауды жару, шабу арқылы зақым келтіретін соғыс құралы өзгешелігі мол. Қазақ жерінен табылып, әр түрлі музейлердле сақталған, шүйдесі жатық, жалманы үшбұрышты сына тәрізді жасалған, жүзі жіңішке шабу қаруы – шақан деп аталса, басының жалманы трапеция секілді келген, жүзінің жалпақтығы орташа қару – жауынгерлік балта делінген. Айбалта деп жүзі жалпақ, жалманы жарты ай сияқты-деңгелене келген қаруды айтады. Ал шабу, жарудан басқа кесу функциясымен ерекшелетін жартылай айбалта қаруының жүзінің жалпақтығы орташа, жалманының жоғарғы жағы тіктеу. 

Соғу қаруы. Шоқпар – басы мен сабын тұтас етіп, түбірлі, ағаштан жасалатын қару түрі. Көшпелі халықтарда гүрзі басы шойыннан, қорғасыннан құйылып, сыртымен болат темірмен қапталады. Ал басы бірнеше тілімді, қырлы болып темірден жасалған жеңіл шоқпарды бұздыған деп айтса, басы сабымен бірге, тұтаспаған, босаң түрінде келетін құралды босмойын деп атаған. 

Қарудың магиялық функциясы 

Қару-жарақ бейбіт өмірде өзіндік функциясымен-де ерекшеленеді. Қазақ халқында ғұрыптық құрал ретінде неке қию рәсімінде ат жылының қылдары байланған жебе қолданылған. Жігіт үйленер болса, әуелі садақтан оқ атып, сол оқ түскен жерге қалыңдық шатыры тігілген. 

Бертінгі ХІХ ғасырға дейін қыз жасауына ең бағалы зат ретінде қару-жарақ түрлері қосылған. Ал археологиялық қазбаларда сақ заманынан бері түркі-қазақ жауынгерлері қару-жарағымен бірге жерленгенін, қабірлеріне семсер, найза ұштары, жебелердің қойылғанын дәлелдейді. Құдаласып, анттасқан адамдар бір-біріне қаруларын беруі, қолдарын қанға малып, серттесуі-де «қылыш үстіндегі серт» деп бағаланады. 

 

a113f77f0034275cdb87a98f2b4358b3.jpg

 

Көне ғұрыптардың ішінде қаруды жанды бейне ретінде сипаттап, магиялық күші бар деп таниды. «Қаруды арбау» ырымы әйгілі «Ер Қосай» батырлық жырында: 

 

Алты атқа алған адырна, 

Он атқа алған бұқаржа, 

Ата алмасам, маған серт! 

Шым жібектен ескен кірісі 

Үзіліп кетсең, саған серт! – деп көрініс табады. ХVІІІ ғасырда қазақтардың оқты болашақта болжау мақсатында пайдаланғанын көрсететін Дж. Кэстльдің суреті сақталған. 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?