Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақстанның Қарулы Күштері – мемлекет қауіпсіздігінің кепілі

8482
Қазақстанның Қарулы Күштері – мемлекет қауіпсіздігінің кепілі - e-history.kz
Қазақстанның Қарулы Күштері – ҚР әскери құрылымы әскери басқару органдарын, Қарулы Күштердiң түрлерiн, арнайы әскерлердi, тыл, әскери оқу орындары мен ғылыми мекемелердi қамтитын іргелі құрылым.

Қарулы Күштердің құрылуы 

1992 жылы 7 мамырда Қазақстан Президенті, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Бас қолбасшысы Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қорғаныс комитетін Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі етіп қайта құру туралы», «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» және алғашқы қорғаныс министрі етіп генерал полковник (1993 жылдың 9 мамырынан армия генералы) С.Қ. Нұрмағамбетовты тағайындау туралы жарлықтарға қол қойды. Бұл күн Қазақстанның дербес Қарулы Күштерінің құрылған күні болып қалды. 

be893aac5fc443ca125f0c19c85ad36d.jpg

«Қазақстан Республикасының қорғанысы мен Қарулы Күштері туралы» Қазақстан Республикасының Заңы, 5-тарау, 18-тармағы бойынша: Қарулы Күштер агрессияға тойтарыс беруге, Қазақстан Республикасының аумақтық тұтастығы мен егемендігін қару-жарақпен қорғауға, мемлекеттік және әскери объектілерді күзетуге және қорғауға, әуе кеңістігін күзетуге, сондай-ақ Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шарттарға сәйкес міндеттерді орындауға арналады. «Қазақстан Республикасының қорғанысы мен Қарулы Күштері туралы» Қазақстан Республикасының Заңы, 4-бабы бойынша: Қарулы Күштер, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар Әскери доктринаға және Қарулы Күштерді қолдану жоспарына сәйкес қорғаныс саласындағы міндеттерді орындайды. Егер қандай да бір зауал туған шақта мұның құрамына Қорғаныс министрлігіне қарайтын әскер түрлерiнен басқа Iшкi iстер министрлігінiң iшкi әскерлерi, Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң шекара қызметi және басқа да әскерлерi, республикалық «Ұлан», азаматтық және аумақтық қорғанысты басқару мен құру органдары кiредi. 

Қарулы Күштер құрылысының бастапқы кезеңіндегі аса маңызды проблема – егемен ел Армиясының нормативтік-құқықтық негізін құру болатын. Жаңа мемлекеттің жаңа Армиясының нормативтік-құқықтық базасын жасаумен бір уақытта ұлттық Қарулы Күштердің бейнесі мен құрылымын, олардың басқару органдарын қалыптастыруда тынымсыз жұмыс жүргізілді. Жас республиканың Отан қорғау мәселелері жөніндегі алғашқы заңдары өз уақытында және тиісті-деңгейде дайындалды. 1992 жылы 22 қыркүйектің өзінде-ақ Жоғары Кеңес «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері және Қорғаныс туралы» Заңды қабылдады. Сондай-ақ, 1993 жылы 11, ақпанда Президент бекіткен Қазақстан Республикасының алғашқы әскери доктринасы ұжымдық түрге дайындалды. Ол соғысты болдырмау, қорғаныс қуатының жеткіліктілігі, ТМД елдерімен өзара көмек одағы принциптеріне негізделді. Доктрина ережелері мемлекеттің сыртқы саяси және әскери қызметінде кеңінен пайдаланылды. 

Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері өзі құрылған күннен бастап Құрлықтағы әскерден, Әскери-теңіз күштері және Әуе шабуылынан қорғаныс әскерінен тұрды. 1997 жылы 17 қарашада Президент Жарлығымен Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері үш жақты құрылымға ауыстырылды Жалпы әскери күштер (оған Құрлықтағы әскер және Жедел қимыл күштері енді), Әуе қорғанысы күштері (Әскери-әуе күштері мен Әуе шабуылынан қорғаныс күштері біріктірілді) және Мемлекеттік шекараны қорғау күштері (олар Шекара әскерлерінің заставалары мен бөлімдерінен, Қазақстан Республикасының Әскери-Теңіз күштерінің кемелері мен жағалау қызметінен тұрады). Сонымен бір уақытта Бас штаб Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Бас Штабы болып қайта құрылды. Көп өтпей, Шекара әскерлерінің Қорғаныс министрлігіне бағынуының негізсіздігі айқын болып, 1999 жылдың 2 шілдесінен бастап олар Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қарамағына қайтарылды. 2007 жылғы 21 наурызда Қазақстан Республикасы Президентінің № 299 Жарлығымен мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, соғыстар мен қарулы жанжалдарды болдырмауға, Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды дамыту мен қолдануға негіз қалаушы көзқарастар жүйесін білдіретін Қазақстан Республикасының жаңа Әскери доктринасы бекітілген болатын. 


 Халықаралық әскери әріптестік 

ҚР Қарулы Күштер басшылығы халықаралық әскери әріптестікке, басқа елдер армияларымен өзара іс-қимылға және тәжірибе алмасуға көп көңіл бөлді. ТМД мемлекеттерімен әріптестікке Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт, сондай-ақ қорғаныс сипатындағы жекелеген мәселелер бойынша екіжақты келісімдер негіз болды. ТМД-ның әрбір елінде Қарулы Күштер құрылған кезден бастап, олардың басшылары өз қорғаныстарын ұжымдық негізде құрғысы келетіндерін мәлімдеді. Алайда, 1992 жылы 15 мамырда Ташкентте Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа (ҰҚШ) тек 6 ел ғана – Армения, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан қол қойды. Келесі жылы оған Әзербайжан, Беларусь және Грузия қосылды. Небәрі бес жыл өткеннен кейін, 1999 жылы 4, ақпанда Әзербайжан, Грузия және Өзбекстан ҰҚШ-ға мүшеліктен шығу туралы шешім қабылдағанын мәлім етті. 

ad4c1473bb306f0cfacdab539ad2bb71.jpg

2000 жылы 10, ақпанда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев жаңа Әскери доктринаны бекітті. Ол бұрынғыша қорғаныс сипатына ие және әскери қақтығыстарды болдырмауды, оларды дипломатиялық жолдармен шешуді басты міндеті санайды. Геосаясаттағы өзгерістер терең талдана отырып, жаңа әскери доктринада жаңа қауіп қатерлердің өскені, әсіресе, оның халықаралық терроризм, саяси және діни экстремизм, ұйымдасқан қылмыс, қару-жарақ пен есірткіні заңсыз тасымалдау тарапынан болып отырғаны мәлімделді. Осыларды, сондай-ақ, қарулы күрес құралдары мен әскери өнердегі өзгерістерді ескере отырып, жаңа доктрина соғыстың сипаты, құрылымы және әскерлердің әскери іс-қимылдары туралы мәселелерді жаңаша түсіндіреді. Әскери қауіпсіздікті экономикалық жағынан қамтамасыз ету мәселесі де кеңінен қарастырылды. 

Әскери доктрина негізінде, 2000 жылы 7 шілдеде «Әскери реформа тұжырымдамасы» және «Әскери құрылыстың 2005 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы» бекітілді. Қазақстан армиясында бөлімшелердің, бөлімдер мен құрамалардың жауынгерлік оқулар Ауғанстандағы соғыстың, сондай-ақ әлемнің басқа елдерінің соңғы онжылдықтағы қарулы қақтығыстарының тәжірибелерін ескере отырып жүргізіледі. Оқу сыныптарындағы сабақтар далалық-роталық және батальондық жаттығулардағы жауынгерлік атыстармен, әр түрлі ауқымдағы командалық-штабтық жаттығулармен толықтырылады. 


Қазақстан армиясының техникалық базасы 

1992 жылы 29 қаңтарда Қазақстан Республикасы Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық жөніндегі ұйымның (ЕҚЫҰ) қатысушысы болды, ал сол жылғы 2 наурызда Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшелігіне қабылданғаны белгілі. Осыған орай Совет Одағының шарттары мен міндеттемелерінің құқықтық мұрагерлігін мойындайтынын мәлімдей отырып, Қазақстан өзі қол қойған шарттар мен келісімдерді, оның ішінде қаруды шектеу мен қысқарту мәселелері жөніндегі міндеттерін-де адал орындап келеді. Орташа және шағын радиусты аумақта әрекет ететін ракеталар келісімдерде көрсетілген мерзімдер ішінде біртіндеп жойылды. 

Стратегиялық шабуылдаушы қаруларды қысқарту және шектеу жөніндегі шарт негізінде құрлықаралық баллистикалық және қанатты ракеталар кезекшіліктен алынып, 1995 жылдың ортасына қарай Ресейге жеткізілді, бұл қарумен жабдықталған құрамалар біртіндеп республика аумағынан шығарылды. 1998 жылы 109 жауынгерлік және оқу шахталық іске қосу құрылғысы, 16 оқу және командалық пункт таратылды. Сол мерзімде Байқоңыр сынақ алаңында 10 сынақтық шахтаның іске қосу құрылғысы, Дегелең тауларындағы 12 құрылғы, 187 штольняның 181-і және Семей сынақ алаңының Балапан алабындағы 13 ұңғыма жойылды. 1991 жылы 29 тамызда жабылған ядролық сынақ алаңының негізінде 1992 жылы мамырда Ұлттық ядролық орталық құрылып, Курчатов қаласы республиканың ядролық физика және экология проблемаларын зерттеу саласындағы ғылыми әлеуетін шұғыл көтерді. Республика армиясының негізгі құрамында бірнеше (оның ішінде бір танк) дивизиясы бар 40 жалпы әскери армия, авиация корпусы, радио және радиотехникалық барлау бөлімшелері, жабдықтау бөлімшелері және Байқоңыр ғарыш айлағын, Семей сынақ алаңын және Сарышағандағы, Ембідегі, Арал теңізінің Барсакелмес аралындағы сынақ алаңдарын арнайы жабдықтау бөлімдері, базалар, арсеналдар, қоймалар және басқа да бөлімдер мен мекемелер құрады. Қазақстанда барлығы 200 мыңнан астам әскери қызметшілер болды, олардың қарауында стратегиялық қарудың аталған түрлерінен басқа 1200 танк және брондалған машиналар, 1500 артиллериялық жүйе және 370 әскери ұшақ бар еді. 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?