Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ұжымдастыруға қарсы шаруалар көтерілістерінің тарихнамасы

5344
Қазақстандағы ауыл шаруашылығын күштеп ұжымдастыруға қарсы болған шаруалардың қарулы көтерілістері мен баскөтерулерінің тарихын зерттеу ХХ ғасырдың 20 жылдарының аяғы 30 жылдардың басынан басталады.

Қазақстандағы ауыл шаруашылығын күштеп ұжымдастыруға қарсы болған шаруалардың қарулы көтерілістері мен баскөтерулерінің тарихын зерттеу ХХ ғасырдың 20 жылдарының аяғы 30 жылдардың басынан басталады. Берілген кезеңнен бастап бүгінгі күнге дейін мәселенің тарихнамасы күрделі және қайшылықты жолдардан өтті, жалпы алғанда сатылап дамыды. Бүгінгі таңда шаруалардың қарулы көтерілістері мен баскөтерулерінің тарихын арнайы зерттеген ғылыми еңбектер өте аз десек те болады. Берілген тақырыпқа қатысты бірқатар зерттеулер мен басылымдарда тек сәйкесінше бөлімдер ғана бар. Ал Орталық Қазақстан өңіріндегі шаруалардың қарулы қарсылықтарының тарихы көп еңбектерде жалпылама қарастырылып өтеді.

Т.Омарбековтың монографиясында ХХ ғасырдың 20–90 жылдарында Қазақстандағы 1920–1930 жылдары орын алған әлеуметтік—экономикалық үрдістердің негізігі мәселелері бойынша: «кіші Қазан» саясаты, байлардың мүліктерін кәмпескелеу, көшпелі халықты отырықшыландыру және ұжымдастыру, 1931–1933 жылдардағы аштық туралы жарық көрген әдебиеттердің бірқатар кешеніне кеңінен тарихнамалық шолу жасалынған [1, 23–41 б.]. Берілген шолуда тарихнаманың даму кезеңдері мен сипатына қатысты ойталқылар, көзқарастар беріліп, басқа зерттеулерге сыни талдау жасап, зерттелуші тақырып бойынша кейбір сәттерді ғана қамтиды. Сонымен қатар 30 жылдардағы Орталық Қазақстан өңіріндегі Абыралы, Шыңғыстау, Шұбартау көтерілістері туралы мұрағат деректерімен толықтырылған біршама толыққанды деректер берілген. Шаруалардың қарулы көтерілістерінің тарихына арналған қазақстандық тарихшылардың жаңадан шыққан басылымдарына қысқаша сипаттама Т.Алланиязов пен А.Таукеновтың біріккен басылымында берілді [2, 6–8 б.]. Бұнда ұжымдастыру кезеңіндегі Қарағанды облысының Шет ауданындағы және Қарсақпай өңіріндегі шаруалар көтерілістерінің тарихы туралы арнайы зерттеулері берілген. 2002 жылы жарық көрген Т.Алланиязовтың еңбегінде Қазақстандағы 1929–1932 жылдардағы шаруалар көтерілістерінің тарихы бойынша әдебиеттердің методологиялық және деректанулық негіздерімен қатар шаруалар көтерілістері тарихын зерттеу үрдісіне кеңейтілген сипаттама берілген [3].

Отандық тарихнамада 1929–1931 жылдардағы шаруалар көтерілістері 1930 жылдардан 1980—жылдар аралығында тыйым салынған тақырып болды. Ауыл шаруашылығын ұжымдастыру мәселесінің түрлі аспектілерін қарастырғанда отандық тарихшылар осы қауіпті тақырыпты айналып өтуге тырысты. Бұл отандық тарихнамаға сол кезеңде қойылған партиялық қатаң талаптар мен идеологиялық қысымнан болды. Кеңестік дәуірде жарық көрген еңбектерде партия саясатына қарсы шаруалар көтерілістері тек тап күресі шеңберінде ғана қарастырылды. Сонымен қатар олар «бандиттік», «антикеңестік», «контрреволюциялық» қозғалыстар ретінде қарастырылды. Тек 90 жылдардың басында ғана Қазақстандағы 1929–1931 жылдардағы шаруалар көтерілістерінің тарихын обьективті зерттеу мүмкіндігі туды. Академик М.Қ.Қозыбаев Қазақстандағы ауыл шаруашылығын ұжымдастыру мәселесі, қазақ шаруаларының қарулы көтерілістерінің тарихын тарихшылар экономист, заңгер, тіл білімі мен әлеуметтанушы мамандармен бірлесе отырып кешенді түрде зерттеу қажеттігін баса атап өткен болатын [4, 74 б.]. 1980 жылдардың соңындағы қоғамдық өмірді либералдандыру жағдайында қазақ халқының тарихи өткеніне деген қызығушылық арта түсті.

Қазақстандағы ұжымдастыру мәселелері бойынша концептуалдық жағынан алғанда барынша жаңа болып Ж.Абылхожин, М.Қозыбаев пен М.Тәтімовтардың мақаласы табылды [5]. Ол Қазақстандағы ұжымдастыру тарихының тарихнамасында қазіргі заманғы кезеңінің бастамасын салып берді, себебі мәселенің негізгі құрамдас бөліктері сол кезеңде қазақстандық тарих ғылымында қалыптасып жатқан жаңа парадигмалардың тұрғысынан алғанда байланыстырылып қарастырылды. Бұнда республикадағы ұжымдастыру кезеңінде іс жүзінде болған барлық жағдайлар барынша толық көрінісінде құрастырылып берілді. Сонымен қатар авторлар шаруалардың қарулы көтерілістері туралы мәселені де назардан тыс қалдырмаған. Бірқатар округтер мен аудандарда орын алған ірі қақтығыстар мен жанжалдардың бірнешеуін көрсетіп бере отырып, зерттеушілер сол жылдардағы партиялық құжаттарда бұл оқиғаларды тек тап күресінің ашық көрінісімен және ішкі және сыртқы жауларды іздеумен түсіндіруге талпыныс жасағандығы байқалады деп дәл көрсетеді. Бұл мақаланың барынша кеңейтілген түрі 1991 жылы жарық көрді [6]. Бұл басылымды сипаттасақ, мұнда ең алдымен ұжымдастырудың қарқынына саяси—идеологиялық реттеулердің ықпал ету механизмі дәл көрсетілген, бұның нәтижесінде 1931 жылдың күзінде Қазақстанда барлық шаруашылықтың 65% ұжымдастырылды. Сонымен бірге күш көрсету жағдайында төтенше режимде жүрген ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындау науқанының тәжірибесі мен идеологиясы да барынша суреттелген. Мақалада 1928–1929 және 1929–1930 жылдарда үш округ бойынша (Ақмола, Петропавл және Семей) осындай дайындау науқандарымен қатар жүрген қуғын—сүргін саясатының көлемін сипаттайтын статистикалық материал берілген. Бай—кулактарды жою саясатының сипаты, мазмұны мен салдарын анық көрсетіп берген.

1980 жылдарда жарық көрген отандық тарихшылардың мақалалары ұжымдастыру жылдары орын алған демографиялық апаттық жағдайлар көрініс табуымен, қуғын—сүргін мен босқынға ұшырау, 1932–1933 жылдардағы аштықтың нәтижесінде Қазақстандағы адами шығындар туралы мәліметтердің көрсетілуімен құнды. Берілген мақалалардан шығатын қорытынды, авторлардың көрсетуінше, сол кезеңде орын алған қайғылы оқиғалардың себебі «кездейсоқтықтан» (қателіктер мен бұрмалаушылықтар) емес, болып жатқанның бәрі «заңды құбылыс», тіпті «фатальді» деп көрсетеді, жалпы алғанда әкімшілік—жұмылдырушылық және бұйрықтық—күштеу әдістері табиғаты жағынан апатты болып табылады. Сол себепті жіберілген қателіктер мен бұрмалаулар шын мәнінде қоғамды ұйымдастырудың сталиндік моделінің шынайы қисынын көрсетіп береді [6, 215 б.].

Шаруалардың қарулы көтерілістері тарихын зерттеу жағдайы тек 1991 жылы 12 қарашада Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Президиумының күштеп ұжымдастыру жағдайларын зерттеу үшін Комиссия құрғаннан кейін өзгере бастады [7, 20 б.]. «Қазақстан Кеңестері» газеті редакциясының 1992 жылы мамырдың соңында өткізген дөңгелек үстелдің кезінде бұрын құпия ұсталған мұрағат құжаттарын зерттеудің алдын ала қорытындыларын жасау барысында, алғаш рет баскөтерулердің саны, оларға қатысқандардың саны туралы мәліметтер беріліп, шаруалардың қарсылығын туғызған себептер атап өтілді.

М.Қ. Қозыбаев «әсіресе қызықты мәлімет ұжымдастыру саясатына қарсы шаруалардың 372 баскөтерулері бойынша анықталды» деп атап көрсетті [7, 20 б.]. «Шаруалардың тарапынан қарсылық көрсетілді ме?» деген сұраққа жауап ретінде Қ.С. Алдажұманов баскөтерулердің себебі болып «ауылдар мен деревняларда жүргізілген саясатқа ашық қарсылық», «күштеп қысым көрсету мен қатаң үкім» болғандығын көрсетті. Баскөтерулерге итермелеген тікелей жағдайдың бірі ретінде Қ.С.Алдажұманов «ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындау саясаты, сонымен қатар КСРО ХКК мен ОАК 1930 жылғы 1 ақпандағы тап ретінде кулактар мен байларды жою туралы қаулыларының негізінде тап күресін жасанды түрде шиеленістіру» екендігін атап өтті. Жағдайды сипаттай келе, ол наразылардың бір бөлігі қарсылық көрсету жолына түскендігін, бұл «бандитизм» ретінде жіктелгенін атап өтті және республика шын мәнінде азамат соғысы жағдайында болғандығын көрсетті. 1929 жылдың күзінен 1932 жылға дейін Қазақстанда «шамамен 380 көтерілістер, шаруалар толқыны» болып өткен. Комиссиямен алынған алдын ала мәліметтер «30 жылдардағы көтерілістер 80 мыңдай тұрғындарды қамтығанын», «ірі көтерілістерге қатысқаны үшін ғана ОГПУ үштігінің шешімімен ОГПУ 5551 адамның сотталғанын, оның 883 атылғанын» көрсетті [7, 21 б.]. Бұл Қазақстандағы 1929–1931 жылдардағы шаруалар көтерілістері туралы тарихи білімдердегі қарқынды жетістіктің бастамасы болды. Қазақстандағы ұжымдастырудың сипаты, мазмұны және зардаптары туралы ғылыми білім 1992 жылдың желтоқсанындағы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Президиумы Комиссиясының Қорытындысының жарық көруімен біршама кеңейді. Мұнда шаруалар қарулы көтерілістерінің масштабы мен географиясы, адами шығындар, шаруаларға қарсы қуғындаулар, малды етке өткізудің сипаты мен салдары, бай шаруашылықтарды тәркілеудің мазмұны мен нәтижелері сияқты сұрақтар кеңейтілген және тереңнен зерттеуге мүмкіндік берген жаңа фактілік және статиститкалық материалдармен біршама толықтырылды.

1992 жылы жарық көрген «Коллективизация в Казахстане: трагедия крестьянства» деген кішігірім жинақтамада «Шаруалар толқулары» деген арнайы бөлім бөліп қарастырылды. Бұл бөлімнің құндылығы сонда, 1989 және 1991 жылдардағы жоғарыда көрсетілген басылымдармен салыстырғанда, бұнда күштеп ұжымдастыру саясатына қарсы қазақ шаруаларының қарулы баскөтерулерінің барынша толық және көлемді, сыйымды сипаттамасы берілді. Ғылыми айналымға 1929–1931 жылдардағы Қазақстанның бірқатар аудандарында болған қарулы көтерілістердің мақсаттары мен қозғаушы күштері, сипаты туралы құнды фактілік материалдар енгізілді. Мысал ретінде ерекше бөліп көрсетілгені 1930 жылғы Созақ көтерілісі, басқа көтерілістер бойынша —Ырғыз, Қарақұм, Қарқаралы округтеріндегі көтерілістері туралы берілгендер келтірілді. Авторлар барынша жалпы сипатта Ортаазиаттық және Еділ бойы әскер округтерінің тұрақты әскери бөлімдерінің қызметінің сипаты мен масштабын көрсетіп берді [8]. Бөлімде қарулы көтерілістердің саны туралы мәліметтер берілген. Сонымен бірге, ОГПУ есептеріне сүйене отырып, олардың саны «үш жүзден астам» және оларға «80 мыңдай адам қатысқандығы» атап көрсетілген [8, 25 б.]. Егер «Коллективизация в Казахстане: трагедия крестьянства» жинақтамасында қарулы баскөтерулер көрінісінің сызбалары тек жалпы сипатта ғана берілсе, Т.Омарбековтың көптеген басылымдарында алғаш рет 1929–1931 жылдардағы антикеңестік қарулы көтерілістердің тарихы мәселелері қойылды және біршама бөліктері шешілді [9]. Қазақстандағы ОГПУ ПП жергілікті және орталық органдарының қызметінің нәтижесінде қарулы көтерілістерді басуға қатысқан әскери бөлім басшыларының қалдырған құжаттар мен материалдарға сүйене отырып, сонымен қатар Ф.И.Голощекиннің И.В.Сталинмен жазысқан хаттары арқылы автор көшпелі халықты отырықшыландыру және күштеп ұжымдастыру саясатына қарсы халық бұқарасы баскөтерулерінің барынша кең бейнесін берді.

1929–1932 жылдардағы Қазақстандағы шаруалардың қарулы көтерілістерінің тарихын зерттеудің ағымдық нәтижелері автормен арнайы зерттеуде жалпыланды, онда хронологиялық бірізділікпен он бірдей барынша ірі қарулы көтерілістердің себептері, сипаты мен мазмұны берілді. Олар: Тақтайкөпір, Бостандық, Батпаққара (1929 ж.), Созақ, Ырғыз, Қарақұм, Өскемен және Зырян, Шұбартау, Балқаш, Шоқпар (1930 ж.) және Адай (1931 ж.) көтерілістері. Әрбір көтеріліс бойынша қорытындыларда, сонымен қатар жалпы қорытындыда автормен көтерілістердің мәндік сипаттамасы берілген, олардың «өздерінің тәуелсіздігі, ұлттық дәстүрлері , салттары мен діни нанымдарын қорғауда әміршіл—әкімшіл сталиндік жүйенің заңсыздығы мен күштеуіне қарсы халықтың әділетті ұлт азаттық күресі» болғандығы бөліп көрсетілді [10]. Зерттеудің басты және негізгі дерегі болып автормен Қазақстан Республикасы Президентінің Мұрағаты мен ҚР ҰҚК Мұрағатының қорларынан алынған құжаттар мен материалдар табылды.

Қ.С. Алдажұманов жалпылаушы сипаттағы «Крестьянское движение сопротивления» атты мақаласында жоғарыда көрсетілген көтерілістер туралы материалдар берді [11]. Мақалада 1929 жылдан 1931 жылға дейінгі Қазақстандағы қарулы көтерілістер мен наразылық қозғалыстарының бірқатарынынң себептері, сипаты мен мазмұны барынша сығымдалған, бірақ фактілік материалдармен барынша толыққанды берілді. Мақаланың деректік негізі болып Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағаты мен Қазақстан Республикасы ҰҚК Мұрағатының құжаттары мен материалдары табылды. Басылымның ерекшелігі сол, автор мұнда қарулы көтерілістер мен наразылық қозғалыстарының сипаты мен бағытталуына қатысты қандай да бір бағамдық ойталқыларын білдірмейді, оларды ұлтазаттық қозғалыс контекстінде қарастырмайды, мақаланың атауында көрсетілген мәндік жалпылаушы бағамдаумен шектеледі. Сонымен қатар Орталық Қазақстан өңіріндегі шаруалар көтерілістеріне қатысты автор барынша толыққанды және қысқа мазмұнда мәліметтер береді.

Шаруалардың қарулы көтерілістерінің тарихы жалпылаушы сипаттағы еңбектерде де көрініс тапты, онда ол 20–30 жылдардағы Қазақстанның әлеуметтік—экономикалық және саяси тарихымен кең контексте қарастырылады [12]. Бұл шаруа бұқарасының қарсылығын туғызған себептердің барлық жиынтығын толық көруге, көшпелі қоғамды күштеп жаңғырту саясатының мәнін тереңнен ашуға, мемлекеттік саясатқа шаруа бұқарасының қарсылық көрсету сипаты мен тәсілдерін нақты анықтауға мүмкіндік берді.

Ж. Абылхожиннің монографиясында Қазақстандағы ұжымдастыру тарихының мәселелерінің кең шеңбері бойынша алдыңғы жылдардағы жетістіктер жалпыланды және теориялық жағынан ой елегінен өткізілді. Ұжымдастырудың генезисі, барысы мен салдарын талдау үрдісінде мемлекеттік шектеу саясатының әрекет ету механизмі мен табиғаты барынша айқын көрсетілді, сонымен қатар қазақ көшпелі шаруашылығын өмірлік қамтамасыз ету элементтерінің бөліктері де назардан тыс қалмады. Нақтылы фактілермен шаруа қожалықтарына қатысты салық саясатының тәжірибесі мен идеологиясы тізбектелді, сонымен бірге күштеу және төтенше сипатқа ие болған түрлі тектегі ауыл шаруашылық өнімдерін өткізу де қарастырылды. Жартылай көшпелілер мен малшы—көшпелілерді отырықшылыққа көшіру бойынша науқандардың мазмұны ашылып, сонымен қатар сипаты мен бағыты нақты белгілеп берілді. Колхоз құрылысының формалары мен әдістері, ұжымдастыру үрдісінің барысымен мазмұны сыни тұрғыдан ой елегінен қайра өткізілді. Күштеп ұжымдастыруды жүзеге асыру барысындағы адами және материалдық шығындар бойынша берілгендер шығарылды. Көшпелі қоғам жүйесіне шабуылдаудан туындаған антикеңестік қарулы көтерілістерді басудың сипаты мен тәсілдері көрсетілді. Жинақтап алғанда, ұжымдастыру тарихына арналған кітаптың тараулары оның негізгі сюжеттерін құраудың мазмұны бойынша толықтай және фактілік жағынан сыйымды қылып береді. Ғылыми айналымға енгізілген материал, Қазақстанның көшпелі және жартылай көшпелі тұрғындарын тоталитарлық социализм сатыларына күштеп көшіру сияқты күрделі және динамикалық құбылыстың мәні мен сипатын ашу тұрғысынан ой елегінен өткізілді және жалпыланды.

Мәселенің бірқатар аспектілер Ж. Абылхожинның кітабында тек атап өтілді және одан әрі дамыту мен тереңнен зерттеуге, нақтылы фактілік мазмұнмен толықтыруды қажет етті. Бұл міндет біршама деңгейде Т.Омарбековпен ғылыми айналымға мазмұны жағынан құнды және көлемі жағынан біршама ауқымды фактілік және статистикалық материалдарды енгізудің негізінде шешілді. Нан және ет дайындаудың сталиндік бағытының салдары мен мәнін талдау, ірі байлардың мүлкін кәмпескелеу саясаты мен оның нәтижелері, қозғаушы күштері, күштеп ұжымдастыруға қарсылық көрсетудің сипаты мен формалары, отырықшылыққа күштеп көшіру, қаақ шаруаларының тағдыры, күштеп ұжымдастырудың демографиялық салдары—міне, негізгі сұрақтардың осындай шеңбері Т.Омарбековпен нақты қойылды және обьективті тұрғыда қарастырылды. Кітапта күштеп отырықшыландыру мен ұжымдастыруға қарсы шаруалар бұқарасының қарсылығының мазмұны мен формасы, қозғаушы күшіне жалпылаушы сипаттама берілген арнайы бөлім бар, онда 1929–1931 жылдардағы 14 қарулы көтерілістер көрсетілген [1]. Автордың «Зобалаң» деген еңбегімен салыстырғанда бұл зерттеуде Қастек және Қордай аудандарындағы көтерілістер мен Сарқанд (Жетісу) көтерілісі қосымша берілген. Қалған көтерілістер алдыңғы басылымдарда толық мазмұндалғаны ескеріле отырып қысқаша (1–2 бет) түрінде берілген. Мәселен, Абыралы дүрбелеңі, Шұбартау мен Шыңғыстау наразылықтары [1, 204–207 б.]. Т.Омарбековтың 1994–1997 жылдары жарық көрген еңбектерінде жасақталған аса құнды тарихи ойларды атап көрсете отырып, оның Қазақстандағы 1929–1931 жылдардағы шаруалар көтерілістерінің тарихын зерттеуді одан әрі дамытуда маңызды бастамасы болды деп ойлаймыз.

Жалпы алғанда 1999 жылға дейін Қазақстандағы 1929–1931 жылдардағы ірі қарулы көтерілістер мен бас көтерулердің тарихы мақалалар мен тарауларда, басым бөлігі Т.Омарбековпен жазылған кітаптарда берілген.

Қорыта келе, жоғарыда берілген тарихи зерттеулер өзінің сипаты мен мазмұны жағынан біртекті емес. М.Қ.Қозыбаев, Ж.Б.Абылхожин, Қ.С.Алдажұманов, Т.О.Омарбеков, М.Омаров,Т.К.Алланиязов, А.С.Таукенов және басқа да зерттеушілер 1929–1931 жылдардағы шаруалардың қарулы көтерілістері мен бас көтерулерінің тарихы арнайы зерттеу пәні болған ондаған мақалалар, бірнеше монографиялар мен жинақшалар басып шығарды. Берілген тақырып көптеген еңбектерде жалпылаушы сипатта берілді және ғылыми конференциялардың арнайы тақырыбы болып та қарастырылды. Шаруа наразылықтарына қарсы күш құрылымының күрес жүргізу тәжірибесі сияқты, Орталық Қазақстанның кейбір аудандарындағы шаруалар көтерілістерінің тарихына қатысты ғылыми білімдерді кеңейту бойынша құжаттардың біршама топтарын деректанулық талдаулар жүргізіліп, алғашқы қадамдары жасалды.

Жалпы алғанда 1929–1931 жылдардағы шаруалардың қарулы көтерілістері Қазақстанның тарих ғылымында көрнекті орын алады. Ол отандық тарихшылармен дайындалған көп санды зерттеулер мен басылымдарда, аса бай деректанулық базасы мен бір бірінен ажыратылатын түрлі тұжырымдары бар еңбектерде көрініс тапты. Тақырыпты одан әрі зерттеу соңғы жылдары жаңа деңгейге шықты. Ғылыми айналымға бұрын белгісіз болған мұрағат құжаттарының үлкен көлемі жарық көрді. Дегенмен 1929–1931 жылдардағы қарулы көтерілістердің тарихын зерттеу әлі де өзекті болып қала береді. Бұл мәселені кешенді зерттеу қажеттілігімен, ғылыми айналымға жаңа фактілік материалдарының тартылуымен, қарулы көтерілістердің тарихы қазақ дәстүрлі қоғамының ерекшеліктерімен тығыз байланыстылығымен шартталады.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Омарбеков Т. 20–30 жылдардағы Қазақстан қасіреті: Көмекші оқу құралы.—Алматы: Санат, 1997.—320 бет.
2. Алланиязов Т.К., Таукенов А. Шетскаяф таргедия. Из историия антисоветских вооруженных выступлений в Центральном Казахстане в 1930–1931 гг. —Алматы: фонд «ХХІ век», 2000.—166 с.
3. Алланиязов Т.К. Крестьянские выступления 1929–1932 гг. В Казахстане: опыт и проблемы изучения. — Алматы: Алматы: фонд «ХХІ век», 2002.—205 с.
4. Қозыбаев М.Қ. Ақтаңдақтар ақиқаты. Алматы: «Қазақ университеті», 1992.— 272 б.
5. Абылхожин Ж.Б., Козыбаев М.К., Татимов М.Б. Казахстанская трагедия // Вопросы истории. — 1989.—№ 7. С. 53–71.
6. Абылхожин Ж.Б., Козыбаев М.К., Татимов М.Б. Новое о коллективизации в Казахстане // История Казахстана: белые пятна. Сб.ст./ сот. Ж.Б.Абылхожин. — Алма—Ата: Казахстан.—1991.—С. 183–217.
7. Алланиязов Т.К., Таукенов А.С. Последний рубеж защитников номадизма. История вооруженных выступлений и повстанческих движений в Казахстане (1929–1931 годы). — 00 «03Т—ХХ1 век», 2009. — 424 с.
8. Козыбаев М.К., Абылхожин Ж.Б., Алдажуманов К.С. Коллективизация в Казахстане трагедия крестьянства. Алма—Ата, 1992.— 447 с.
9. Омарбеков Т. Халық қаһары.// «Жұлдыз», 1991. № 9.; Омарбеков Т. Қазақстандағы халық көтерілісі қалай жазаланды.// Ақиқат, 1993. № 4.; Омарбеков Т. Қазақстанда босқыншылыққа қарсы күрес қашан басталды? //Қазақ тарихы, 1994. № 1.—53—58 бб.;
10. Омарбеков Т. Зобалаң (Күштеп ұжымдастыруға қарсылық): Оқу құралы.—Алматы: «Санат», 1994.—272 б.
11. Алдажуманов К. Крестьянское движение сопротивления // Депортированные в Казахстан народы: время и судьбы. — Алматы: "Арыс«—Казахстан, 1998. С. 66–92.
12. Абылхожин Ж.Б. Очерки социально—экономической истории Казахстана. ХХ век. —Алматы: Университет «Туран», 1997.—360 с.; Омарбеков Т. 20–30 жылдардағы Қазақстан қасіреті: Көмекші оқу құралы.—Алматы: Санат, 1997.—320 бет.

Мусатаева М.К., магистрант, Өскембаев Қ.С., т.ғ.к., доцент, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Қарағанды қ., madina—musataeva@mail.ru


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?