Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы қазақ зиялыларының ұстанымы

5405
Тәуелсіздік жариялау қарсаңында құрылған арнайы комиссияның қорытындысы бойынша тұңғыш рет ашаршылық туралы материалдар мен құжаттар жинағы және үкіметтік ресми құжаттар жарыққа шықты.

Алашорда қайраткері Ахмет Байтұрсыновтың 1919 жылы жарық көрген «Революция және қырғыздар» деп аталатын әйгілі мақаласында нақты айтылғандай, «қазаққа ақпан революциясы қаншалықты түсiнiктi болса, қазан революциясы соншалықты түсiнiксiз болды» [1, 238 б] және кеңестiк билiктiң күйреуiне дейiн сол түсiнiксiз күйiнде қалды. Олай дейтініміз, 1917 жылғы ақпан революциясынан кейін билікке ұмтылған большевиктер, әу-бастан қара халықты алдап-арбау, еріксіз күштеу әдістері арқылы жұмысшы мен шаруа одағына негізделген қоғам құру мақсатын көздегені айқын.

Қазан революциясының қазаққа түсініксіз болуын, Ахмет Байтұрсынов «қазақ қоғамында капитализмнің, соған сәйкес таптық жіктелудің жоқтығымен» [1, 239 б], ал Міржақып Дулатов «қазақ - қырғызды капиталист, буржуй, жұмыскер деп бөлуге болмайды. Бізде Еуропа халықтарындай зауыт, фабрика жоқ, бізде миллионер, жатып-ішep жоқ. Біздің халық ақ сүйек, қара сүйек, бай, жұмыскер, жерлі, жерсіздерге бөлінген емес. Қалың қазақ - қырғыздың  тіpшілігі,  шаруасы - мал  бағу. Қазақ жері бұрыннан да жеке адамның eншіcіне бөлінген еместігімен» түсіндіреді [2, 12 б].

Ресей орталығындағы қосөкіметтілік және оның шеткергі аймақтарындағы көпүкіметтілік жағдайында, большевиктер билік тізгінін ұстаудың өздеріне тиімді жолдарын қарастырды. 1917 жыл – саяси оқиғаларға толы күрделі кезең еді. Осы жылдары құрлықтың 38 мемлекеті тартылған 1914 жылғы Еуропа соғысы жүріп жатты. Ресейдің ішкі жағдайы тым ауыр-тын, елдің басым бөлігін құраған шаруалардың жер мәселесі шешімін таппады, соған орай шаруаларды сыртқа қоныстандыру процесі жалғасып жатты. Сондай-ақ, елдегі 30 млн.-ға жуық мұсылмандардың азаттық қозғалысы шарықтау шегіне жеткен кезең болатын.

Ресейдегі қазан төңкерісінен бастау алатын Саяси репрессия науқандары КСРО-ның құлауына дейін, нақтыласақ 70 жылдан астам уақытқа созылды. Қазіргі отандық тарихшылар Қазақстандағы Саяси репрессияны 5 кезеңге бөліп қарастырады:

1) 1918-1920 жж. – революция және азамат соғысы жылдарын қамтиды;  2) 1923-1932 жж. – И. Сталиннің билікке келуінен басталып, бірінші бесжылдықпен аяқталады;  3) 1932 – 1937/38 жж. – екінші бесжылдықтан басталып, репрессияның шарықтау шегімен аяқталады; 4) 1940 жылдың соңы – 1950 жылдың басы – соғыс жылдарындағы репрессиядан басталып, И.В. Сталиннің өмірден кетуімен аяқталады; 5) 1985-1991 жж. – Д.А. Қонаев тұсында бой көтерген «қазақ ұлтшылдығынан» («Казахское дело») басталып, желтоқсаншыларды репрессиялау науқанымен аяқталады [3]. Міне, сонау 1917 жылдан билік тізгінін алған большевиктердің «перманентті репрессиялық шаралары», осындай.

Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында-ақ басталған сот процестері, биліктің солақай саясатына қарсы шыққан ұлттық интеллигенция өкілдерін қырып-жоюды шарықтау шегіне жеткізді. Соңғы деректерде, 1937-1938 жж. бір жылдың ішінде 25 мың қазақ зиялысы репрессия құрбаны болғаны мәлім. Алаштанушылардың айтуынша, мұрағат қорларындағы деректерде Алаш белсенділерінің 520 адамнан тұратын тізімі кездеседі [4]. Бұл тақырып әлі де арнайы зерттеуді қажет етеді.

Соңғы кезде БАҚ беттерінде жиі айтылып жүргендей, кеңестер ұжымдастыру науқанында тек қазаққа емес, жалпыадамзатқа қарсы ауыр қылмыс жасады. Өйткені, 1920-30 жылдардағы ашаршылықтан КСРО құрамындағы Еділ жағалауы, Батыс Сібір, Украина, Белоруссия және т.б. аймақтардағы өзге ұлттар да зардап шекті. 

Соңғы кезде жарияланған тарихшы-демограф М.Асылбековтiң «1933-1937 жылдардағы Бүкiлодақтық құпия санақ» мәлiметтерiнде, КСРО халқының саны әртүрлi берiледi. 1933 жылы 168 млн, 1937 жылы 180 млн мен 162 млн адам көрсетiлген [5]. Соның ішінде 6 млн. қазақтан қалғаны 4 млн. шамасы екені белгілі.

Ал, өткен ғасырдың бірінші ширегіндегі қазақтың жалпы саны – 6 млн. шамасында болса, ашаршылық пен репрессия жылдары тең жартысынан астамы мәңгілік мекеніне ерте кетті. Тіпті, соңғы сандық мәліметтер бұдан да жоғары. Айталық, белгілі тарихшы-аудармашы К. Есмағамбетовтің пайымдауынша, «зерттеушілердің өмірге келмеген ұрпағының саны туралы мағлұматтарын есептегенде, 1932-1933 жылдары қазақтар 4 млн.-дай адамнан айырылған» [6].

Ашаршылық нәубеті кеңестік биліктің бірінші бесжылдық тұсына (1928-1932) сәйкес келді. Бұл кезең жөнінде 1970 жылы Қарағандыда елеусіз жағдайда дүниеден озған соңғы алашордашылардың бірі - Әлімхан Ермеков мынадай пікірін: «қазан төңкерісі Қазақстанда 1928 жылдан бастап нақты күшіне кірді. Далалық жартылай феодализм мен капиатализмнің тамыры енді ғана жұлына бастады. Бұрын саясатпен айналысқан адамдар осындай қысылтаяң сәттерде сынақтан өтуі тиістігін» білдірген еді [7].

Осы жылдары «Ұлы қазаннан» «Кіші қазанды» туындатып, Қазақстанды басқарған Ф.И. Голошекин болатын (1925-1933). Оған И.В. Сталиннің 1928 жылы 15 қаңтар – 6 ақпан аралығындағы Сібірге сапары (Новобисибирск, Барнаул, Бийск, Рубцовка, Красноярск, Омбы), нақтыласақ Красноярскідегі «Шығыс кеңесін» өткізуі түрткі болды. Онда КСРО-дағы астық дағдарысы былайша түсіндірілді: Егер 1927 жылғы қаңтарда біз 428 млн. пұт дәнді астық дайындап үлгірген болсақ, ал 1928 жылғы қаңтарда дайындалған астық 300 млн. пұтқа әрең жетті». Осылайша, Сталин астық дайындаудағы жетіспеушіліктің 128 млн. пұт болғанын атап көрсетті [8, 41 б].  Бұл Қазақстанда астық дайындауды күшейтіп, асыра сілтеуге жол берді. Мұның ақыры қазақтардың дәстүрлi мал шаруашылығын күйзеліске әкелді. Қазақ зиялыларының белгілі мәліметтері бойынша, сол кезде 40,5 млн.-дай мал басы 4,5 млн-ға қысқарған. Оның үстіне ауа-райының қолайсыздығы мен аштықтан босқан халықтың 24 пайызы, яғни әрбiр төртiншi адам қазаға ұшырап отырған. Елді жайлаған індет те қаншама адамның өмірін қиды.

Төрт түлік мал басы күрт қысқарды, малдың сандық көрсеткіші жалған ақпараттарға толды. Айталық, Әбілхайыр Досовтың 4 томдық жеке істеріндегіматериалдарда «1930 жылдары өлкелік комитет ет дайындау жоспарына сәйкес мал санын анықтау мақсатында құрылған комиссия (төрағасы О. Исаев),  З. Төреғожиннің Қазақстандағы мал саны шамамен 4-4,5 млн. деген мәліметін жоққа шығарып, әлі де 14-15 млн. –ға жуық мал басының бар екенін алға тартылған. Ал, өлкелік комитеттің мәліметінде – 21 млн. мал басы көрсетілген. Осы бюрода шындықты айтқан З. Төреғожин қатты соққы алған» [9].

Қазақ даласындағы мал басының қысқаруы аздай, ауа-райының қолайсыздығы мен індеттің таралуы «жығылған үстіне жұдырық» болды.

Міне, осы көріністегі тарих сахнасына 1920 жылдары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мұстафа Шоқай, Мұхтар Әуезов, ал 1930 жылдары ұшқыр ойлы, өткір тілді Тұрар Рысқұлов, Смағұл Сәдуақасов, Ораз Исаев, Нығмет Нұрмақов, Сұлтанбек Қожанов, Жалау Мыңбаев және т.б. қазақтың «ұлтшыл» өкілдері шықты.  Соңғылары «мемлекеттік тәуелсіздік, жер және кезінде алаш зиялылары күн тәртібіне қойған қоғамдық-саяси мәселелерді басты талабы етіп, ұлт - азаттық қозғалысы одан әрі өрши түсті.

Елде тоталитарлық жүйе біржола орнағаннан кейінгі уақытта енді ол жаңа саяси жағдайға байланысты шетелдік эмиграция күшімен жүргізілді. Мұстафа Шоқайұлының қызметі, оның басшылығымен Берлинде 10 жыл бойы (1929-39) шығып тұрған «Яш Түркістан» журналындағы материалдар соның айғағы [10].

Жалпы Мұстафа Шоқай 20 жылдық эмиграциялық қызметінде елдегі жағдайға қатысты материалдарды егжей-тегжейлі қарастырып, талдап отырғаны белгілі. Оның қаламы ашаршылық тақырыбын айналып өтпеген. Бұл жөнінде мынадай мәліметтерге назар аударалық: 1918-22 жылдардағы «Новый мир» журналында жарияланған «Қазақ жеріндегі ашаршылық» деген мақаланың авторы – шынайы Ахмет Байтұрсынов емес. Оның мақаласын советтік цензураның 99 пайызға өзгертіп жібергені аңғарылып тұр. Өйткені, А. Байтұрсынов ешқашан айқын фактілерге қарама-қайшы келмейді» - деп аяқтаған өз мақаласын Мұстафа Шоқай [11].

1932-33 жылдары Ұлы Даланы шарпыған ашаршылық туралы, оның себептері мен салдары, экономикалық және демографиялық зардаптары туралы Тұрар Рысқұлов, Ораз Исаев, Ғабит Мүсiрепов, Мансұр Ғатаулин, Мұташ Дәулетқалиев, Емберген Алтынбеков, Қадыр Қуанышев және т.б. қазақ зиялылары Мәскеу (И.В. Сталин) мен Қызылордаға (Ф.И. Голощекин) ресми хаттар жібергені белгілі. Бұл түпнұсқалық деректер тарихымызға «Сталинге хат», «Бесеудiң хаты» деген атаулармен енді.

Келесі айтпағымыз, саясат пен шығармашылықты қатар алып жүрген қазақ зиялыларының мұраларындағы ашаршылық тақырыбы болмақ. Соның ішінде Алаш қайраткерлері Сәкен Сейфуллиннің «Қызыл ат» поэмасын, Ілияс Жансүгіровтің «Кәмпеске», «Жұт-жеті ағайынды» өлеңдерін атауға болады.  Сәкен Сейфуллиннің «Қызыл ат» поэмасы туралы Тұрсынбек Кәкiшевтің мәліметтері мынадай: «1936 жылы 10 қаңтарда Минск қаласында КСРО Жазушылар одағының пленумы болды. Ойламаған жерден Сәкен мықты соққыға жығылды. Бүкiл қазақ даласын жыландай жалмаған аштық пен ауыртпалықты, ескi крайкомның қайрансыздығын қазақ әдебиетiнде жападан-жалғыз жырлаған «Қызыл ат» поэмасы Сәкендi «пәлеге» қалдырды. «...троцкизмге жақын саяси қателіктерге жол берді» деп,  Сәкендi Троцкиймен бауырластырып қойды, ... бұл сол кез үшiн қайырлы сағаттан емес-тiн...» [12].

Ілияс Жансүгіровтің «Жұт –жеті ағайынды» өлеңіндегі мына бір шумақтар «Күнiне қазақ мыңдап өлiп жатыр, Тұқымы сағат сайын кемiп жатыр. Өз баласын өзi үйiтiп, сирағын жеп,   Көр азабын тiрiдей көрiп жатыр» - жан түршігерлік жолдар адамның сүйегін қайыстырады [13]. Қалай десек те, көркем әдебиеттегі тарихтың ащы шындығы, осылай.

«Қайран елім – қазағым, қалың жұртым» деп, Абай айтпақшы талай жұттан, талай соғыстан аман қалған қазақ, 1920-30 жылдардағы кеңестік тоталитаризм жүйесіндегі ашаршылық нәубетін көтере алмай қалды... Оның экономикалық және демографиялық зардаптары бүгінге дейін жойылған жоқ. «Нәубет» жылдарының ащы сабақтарын ұмытпай, ашаршылық құрбандарына тағзым ету – әр қазақтың борышы. Тіпті, жылына бір рет еске алу күнінде бір минут үнсіздік жариялау  «тақиямызға таршылық етпес» еді.

Әрине, елімізде бүгінге дейін атқарылған жұмыстар аз болған жоқ. Тәуелсіздік жариялау қарсаңында құрылған арнайы комиссияның (11.11.1991.) қорытындысы бойынша тұңғыш рет ашаршылық туралы материалдар мен құжаттар жинағы және үкіметтік ресми құжаттар жарыққа шықты [14].

Тәуелсіздік жылдары Манаш Қозыбаев, Кеңес Нұрпейісов бастаған қазақ тарихшылары: Мәлік-Хайдар  Асылбеков, Жұлдыз Әбiлғожин, Қайдар Алдажұманов, Мәмбет Қойгелдиев, Талас Омарбеков, Бүркітбай Аяған, Хангелді Әбжанов, Көшім Есмағамбетов, Тілеу Көлбаев, Мақаш Тәтімов, Тұрсын Жұртбай, Бейбіт Қойшыбаев және т.б. ғалымдар осы тақырыпқа әр қырына үңілді. Олар отандық және шетелдік мұрағаттардың құпия қорларын қопарып, ұжымдастыру науқаны және оның зардаптары, ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін тарихын кешенді зерттеуге жол ашты. Сондай-ақ, бүгінгі ұрпақтың ұлттық және тарихи санасын қалыптастыруға орасан зор еңбек сіңірді, төл тарихымыздың ақ – қарасын ашып берді.Тарихшылар қауымы Ұлттық тарих мәселелерiн зерттеудiң ауқымын кеңейтiп, тәуелсiздiк жылдары «Тарих тағылымы не дейдi?», «Қазақ қалай аштыққа ұшырады?», «Қасiреттi жылдар хаттары», «Коллективизация в Казахстане: трагедия крестьянства», «20-30 жылдардағы Қазақстан қасiретi», «Сталинизм и репрессия в Казахстане 1920-1940-х годов және  т.б. көптеген iргелi монографиялық еңбектердi жарыққа шығарды. Кәсіби тарихшылар алдағы күндері өздерінің мектебімен бірге сапалы тың туындыларды дүние әкеледі деген сенімдеміз.

Пайдаланылған әдебиеттер мен деректер:

1. Нұрпейісов К. Алаш һәм Алашорда. Алматы: «Ататек»,1995.– 256 б.

2. Қазақ ұлт-азаттық қозғалысы. – Алматы: «Ел-шежіре», 2007. 4-ші Т: Қазақ сьездері. Құжаттар мен материалдар жинағы. Сәуір 1917 ж. – желтоқсан 1919 ж. Казахские сьезды. Сборник документов и материалов. Апрель 1917 г. – декабрь 1919 г. – Т.4. - 352 б.

3.Қойгелдиев М. Жалпыхалықтық қасіретті естен шығару қоғамның өзі үшін де қауіпті //Алаш айнасы.- №92. - 31 мамыр, 2011 жыл.

4. Алашты алаңдатқан сауал; Алаш арыстарының аз оқытылуы алаңдатады//Алаш айнасы. - №92. 31.05.2011.

5. Асылбек М., Асылбекова Ж. Құпия санақ болып есептелген 1939 жылғы Қазақстан халқы туралы мәліметтер не дейді? http//www.egeme.kz.

6. Есмағамбетов К. М. Шоқай қазақтардың ашаршылыққа ұшырауы туралы» ҚазҰПУ, №2 (29), 2011. 107-114 бб.-Б.114/.

7. Движение Алаш. Сборник материалов судебных процессов над алашевцами. Трех томник. Т.2. –Алматы: «Ел-шежіре», 2011. -376 б. –Б.202.

8. Омарбеков Т. 20-30 жылдардағы Қазақстан қасіреті: Көмекші оқу құралы.-Алматы: Санат, 1997. -320 бет.

9. Мұсырман К. Қан тамған қолжазбалар. Егеменді Қазақстан. 10.04.1992.

10.  Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы. ҚҰЭ. -Алматы,1998. -720б. -Б.249.

11.  Көлбаев Т. Мешін – тауық жұты / Алаш айнасы. 20.04.2012

12. Кәкiшев Т. Көп томдық шығармалар жинағы. – Алматы: «Қазығұрт» баспасы, 2010. -352 б; Құрманғалиева Р. «Қызыл ат» поэмасына жаңаша көзқарас //Астана ақшамы. 28 ақпан, 2012.

13. Көлбаев Т. Ұлт зиялылары ашаршылық тұсында./http://abai.kz/.

14. Елубай С. Алаш жұртына ашық хат /Егеменді Қазақстан. 15 мамыр, 1992; Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы. Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 14 сәуірдегі №2200 Заңы; ҚР Президентінің «1997 жылды Жалпыұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу деп жариялау туралы» Жарлық / Егеменді Қазақстан. -30  желтоқсан, 1996; ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінен орай Қазақстан азаматтарына Үндеуі / Егеменді Қазақстан. 31 мамыр 1997.

Күлпаш ІЛИЯСОВА

Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, т.ғ.к., доцент

Мәлімет ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтынан берілді.


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?