Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

1941 жылдың екінші жартысы – 1942 басындағы Қызылорда облысына эвакуацияланған халықтар тарихы

3822
1941 жылдың екінші жартысы – 1942 басындағы Қызылорда облысына эвакуацияланған халықтар тарихы - e-history.kz
Биыл 2015 жылы дүние жүзі, одан бетер соғыстың зардабы қатты тиген бұрынғы КСРО кеңістігіндегі халықтар Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 70 жылдығын атап өткелі отыр.

29.01.15

Осы орайда кей өңірлерде жеңістің 70 жылдығына байланысты дайындық жұмыстары басталып та кетті. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми-зерттеу институты қызметкерлері-де өз үлесін қосып, соғыс кезіндегі Қызылорда облысының жағдайы туралы мұрағат деректерінен алынған құжаттар негізінде бірқатар мақалалар ұсынбақ. Бүгінгі бірінші мақала 1941 жылы облысқа эвакуацияланғандарға арналады.

1941 жылы Кеңес үкіметі неміс әскерлерінің соғыс ашу мүмкіндігін сезсе-де 22 маусымда соғыс басталған сәтте не істерін білмей қалды. Неміс әскерлері соғыстың бірінші күні КСРО территориясына 60 километр еніп, соғыстың басында екпінділігін арттырып отырды. Көптеген КСРО жерлері және экономикалық аудандары немістердің қолында қалып қойды. Тек 24 маусым күні ғана КСРО халық комиссарлары кеңесінің жанынан Н. М. Шверник басқарған «Эвакуация жөніндегі кеңес» құрылды. Бұл мекеме фашистердің басып алуы қаупі туған жерлерден өнеркәсіп орындарын, мекемелерді және тұрғындарды шығысқа қарай көшіру мәселесімен айналысты. Шындығын айту керек бұл мекеменің ұйымдастыруымен және КСРО-ның сол кездегі қатаң тәртібімен қыруар жұмыс атқарылды. 1941 жылдың шілде-қараша айларының өзінде 1523 өндіріс орны және 12 миллион адам шығысқа қарай эвакуацияланды. [1,504 бет]
Өндіріс орындарының және адамдардың басым көп бөлігі Уралға, Сібірге қарай, ал 1941 жылы бір бөлігі Волга бойына көшірілді. Волга бойына көшірілгендер келесі 1942 жылы немістер өз шабуылдарын осы бағытта жүргізгенде қайтадан эвакуациялануға мәжбүр болды.
Қазақстанға 1941–1942 жылдары 300-ден астам завод көшірілді, олардың 142-сі ірі өндіріс орындары болды. Бұл заводтардың көбісі кейін Қазақстан жеріндегі ірі өндіріс орындарының негізін қалады. 1941–1942 жылдары Кеңес армиясы шегініп жатқанда Қазақстанға 532,5 мың адам КСРО-ның батыс аймақтарынан көшіріліп әкелінді. Бұған қоса көшіп келген заводтар мен фабрикалардың 50 мың маман-жұмысшылары мен инженер-техникалық қызметкерлері келді. Бұлардан бөлек Қазақстанға 970 мың адам күштеп көшірілгенін ескерсек, соғыстың алғашқы жылдары Қазақстандағы демографиялық жағдайдың қиын болғанын көруге болады.
Ұлы Отан соғысына дейінгі жүргізілген соңғы 1939 жылғы санақ мәліметтері бойынша Қазақстанда 6 151 102 адам тұрған. Олардың 120 395 адамы Ұлы Отан соғысына дейін күштеп қоныс аударылғандар болды. Бұл кезде Қызылорда облысында 328 067 тұрғын болса олардың 94 593 қала және 233 474 ауыл тұрғыны болған [2,61 бет]. Облыс халқының 18,2 пайызы қалалық жерлерде, 81,8 пайызы ауылдық жерлерде орналасты. Соғыс басталған күннен бастап КСРО-ның батыс бөлігінен көшіп келушілерді қабылдауға қатысты дайындық жұмыстары Қазақстанның басқа аймақтарындағыдай Қызылорда облысындада қарқын алды. 1941 жылдың 8 шілдесінде Қызылорда облысында қарамағына 1300 адам сиятын 10 жатақхана берілген эвакуациялық пункт құрылды. Эвакуациялық пункт ұжымына келгендерді қабылдап, санитарлық тазалаудан өткізіп, жұмысқа тұрғанша жатақханамен қамтамасыз ету жұмысы тапсырылды. 1941 жылдың 23 шілдесінде эвакуацияланғандар туралы мәлімет беретін анықтама бюросы ашылды және эвакуацияланғандардың көп болуына байланысты облыстағы эвакуацияланғандарды тіркеп, орналастырып жұмысқа тұрғызу жұмысымен айналысатын облыстық кеңестің атқару комитеті жанынан эвакуацияланған халықты қабылдау бөлім құрылды [3, 186-187п.]. Эвакуациаланғандардың көбісі жолға көп жағдайда дайындықсыз шыққандықтан олардың ішінде Қызылорда облысына келгенде аштыққа душар болғандар көп болды. Солар үшін бір мезетте 600 адам тамақтанатын асханалар ашылды. Бұл жерде эвакуациаланғандар жұмысқа орналасып қоныстарын ауыстырғанша тамақтанып тұрды. 1941 жылдың шілде айынан бастап Қазақстанға эвакуацияланғандар келе бастады. 1941 жылғы 5 тамыздағы эвакуациялық бөлімнің мәліметі бойынша облысқа 1273 адам келген [4, 12 б.]. Олардың 664-і ер азамат, 609 әйел, (357 балалар болды) 904 еңбекке жарамды, 12 адам еңбекке жарамсыз болды. Бірінші толқынмен келгендердің 1026-сы Қызылорда қаласында қалдырылып, 247-сі Аралға, «Арал су көлігі» мекемесіне жіберілді. Бұл адамдардың 704-і келген бойда бірінші кезекте өз мамандықтары бойынша, жұмыс болмаған жағдайда, бар мамандықтар бойынша жұмысқа орналастырылды. Облыс орталығында орналастырылғандарға 4530 шаршы метрді құрайтын пәтерлер мен жатақханалардан орын берілді, адам басына шаққанда 4,4 шаршы метрден келді. Бұл әрине олардың көшіп келген үйлеріне қарағанда аз еді, алайда алғашқы қарқынмен келгендер кейінгілерге қарағанда әлдеқайда жақсы орналасты деуге болады.
Эвакуацияланғандардың үлкен толқынының келе жатырғанын біліп отырған облыс басшылары 5 тамызға қарай облыс орталығында 10 530 шаршы метр болатындай баспана дайындады. Бұл негізінен Н. В. Гоголь атындағы пединституттың, ауылшаруашылығы және сауда техникумдарының жатақханалары болды. Аудан орталықтарында 563 бөлме, колхоздарда 1342 бөлме, совхоздарда 20 бөлме дайындалды. Бұл бөлмелер негізінен қараусыз қалған, көбінесе аштық кезінде қырылған халықтың үйлері, сарайлар, қоймалар болды. Үйлердің көбісінің терезелерінің әйнектері-де жоқ болды. Жаз мезгілі болғандықтан мұндай кемшіліктер алғашқы кезде білінбеді.
Бірінші лектің 231 адамы — Минск, 220 адам — Могилев, 131 адам — Белосток, 50 адам — Брест, 30 адам — Виленск, 143 адам — Витебск облыстарынан, 58 адам — Батыс Украинадан, 20 адам — Литва ССР, 84 адам — Латвия ССР, 156 адам — Эстон ССР-нан яғни 1941 жылдың маусымында фашистердің бірінші соққысы тиген ұрыс қимылдыры жүріп өткен я жүріп жатқан КСРО-ның батыс аудандарынан еді. Бір ерекшелік Қызылорда қаласында қалған 1026 адамның 92-сі ғана колхозшы болған, бұдан көретініміз эвакуацияға негізінен қала тұрғындары көптеп барған. Ауыл тұрғындарының басым бөлігі өз үйін, шаруашылығын тастай алмай неміс окупациясында қалып қойды. Ал, қала тұрғындарының ішінде эвакуацияланғандар кеңес және партия қызметкерлері мен жанұя мүшелері және көшіріліп жатқан өндіріс орындарының инженер-техникалық қызметкерлері мен жұмысшылары болды. Эвакуацияланғандардың бірінші легі Қызылорда облысына келгеннен 4 күн өткесін 9-тамызда Қызылорда облысына эвакуацияланғандар саны 1422-ге жетті. Тамыз — қазан айлары соғыс қимылдары жүріп жатқан аудандарда қоныс аударғандардың көбейген кезеңі болды. Эвакуацияланғандардың қоныс аударуы толық реттелмеседе бір жүйеге түсе бастады. Ал, Қызылорда облысына келушілерді күтіп алу, орналастыру, жұмыспен қамтамассыз ету бір жолға қойылды. Келушілерді жергілікті билік орындары жұмыс күші қажет, баспанамен қиын болсада қамтамасыз ете алатын жерлерге орналастыруға тырысты. 1941 жылдың 14 қазанындағы эвакуациялық пункттің мәліметі бойынша осы мекеме арқылы Қызылордаға келгендер саны 5 822 адамды құрады және бұдан бөлек 625 баласы бар 6 балалар үйі Қызылордаға көшірілді. Бұл балалар үйлерінің екеуі қалаға жақын Сталин және Молотов колхоздарына орналастырылды. Осы мәлімет бойынша осы кезде Қызылорда қаласында 4 287 эвакуацияланғандар орналастырылған екен [5,107п.]. Қызылорда қаласына орналастырылғандардың көбісі қаладағы өндіріс орындарына, мекемелерге орналастырылды. Эвакуацияланғандардың арқасында қаланың денсаулық сақтау, білім беру мекемелерінің жоғары білімді мамандарының саны артты, бұл әрине осы саладағы жұмысты жақсартты деуге болады.
Екіншіден жұмыста көбейді, эвакуацияланғандардың көбісі жолдан ауырып келсе, кейбіреулері жаңа климатқа үйреніспей ауырып қалды. Қалада және облыс көлемінде дәрі-дәрмектің, азық-түліктің, күтім жасауға мүмкіндіктің аз болуына байланысты өлім көбейді. Көшіп келгендердің 18–20 пайызы мектеп жасындағылар болды. Онсыз да толып отырған қала, аудан, ауыл мектептерінен жаңа сыныптар ашуға тура келді. Жаңа сыныптар ашудың тағы бір себебі, әсіресе ауылдық жерлерде сабақтар қазақ тілінде оқытылса, енді басқа ұлт өкілдерінің келуіне байланысты орыс сыныптарын ашуға тура келді.
Өкінішке орай соғыс кезінде облыс аймағына келгендерді тіркеп, нақты санын анықтау жұмысы өз-деңгейінде жүргізілген жоқ. Себебі эвакуацияланғандар облыс аумағына кіргеннен бірі Аралда, бірі Жаңақорғанда түсіп қалып, ұнамаса туыстарым Жамбылда деп кетіп қалу жағдайлары көп болған. Осы себепке байланысты болуы керек 1941 жылдың 14 қазанындағы эвакуациялық пункт мәліметі бойынша облысқа келгендер 5 822 деп, ал эвакуациялық бөлім мәліметі бойынша 7 358 адам деп көрсетілген. Облыс халқының, бірінші кезекте көшіп келушілердің, облыс аумағынан біреуі келіп, біреуі кетіп жатқанын сол кездегі статистикалық мәліметтерден көруге болады. Статистикалық көрсеткіштер бойынша 1941 жылы облысқа 34433 адам келсе, 12973 адам кеткен [6,1п.]. Облыс аумағында қалғандары 21460 адамды құрады. Облыс аймағынан адамдардың кетуінің бірінші себебі Қызылорданың ыссы ауа райы болса керек. КСРО-ның батыс аймақтарынан келгендер орманды, көгі көп, ауа райы қоңыр салқын жерге үйренгендер Қызылордаға келгесін сондай жерлерді іздеп Жамбыл, Алматы, Солтүстік, Шығыс Қазақстан жерлеріне ауысуды көздеді. Екіншіден эвакуацияланғандардың біраз бөлігі кеңес немесе партия қызметкерлерінің, Қызыл армияның командирлік құрамының жанұя мүшелері, ғылым және мәдениет мекемелерінің қызметкерлері болғандықтан, кеңес үкіметінің орталық апараттары орналасқан, мәдениет, ғылым орталықтары көптеу жерлерге қарай жылжуды дұрыс көрді.
Бұдан бөлек соғыс кезінде Қазақстанға уақытша емес тұрғылықты тұруға қоныс аударғандар болды. Қоныс аудару бөлімінің мәліметі бойынша соғыс басталғаннан 1941 жылдың 14 қазанына дейін облысқа тұрғылықты тұруға 3 651 адам келген, оның 1049 Арал, 2199 Қазалы, 53 Шиелі аудандарына орналасқан [5, 108 п.].
Бұдан кейін эвакуацияланғандар саны 1942 жылдың басына дейін өсіп отырды. Қызылорда облысы бойынша эвакуациялық бөлімі мәліметі бойынша 1942 жылдың 7, ақпанына дейін Қызылордаға келіп қоныстанған эвакуацияланғандар саны 30062 адамды құраған [7,8 п.]. Қызылорда облысы халқының саны бас аяғы 7 айдың ішінде 10 пайызға көбейген. Мұншама адамды орналастыру, тамақ тауып беру, жұмыспен қамтамасыз ету үлкен қиындықтар туғызды. Эвакуацияланғандардың 58 пайызы еңбекке қабілетті жаста болса, ер азаматтар үшін 16 жастан 59 жасқа дейін, әйелдер үшін 16 жастан 54 жасқа дейін, 42 пайызы еңбекке қабілетті жасқа дейінгілер я зейнеткерлер болды.
Бұл көшіп келген адамдардың 11706 я 39% ер азаматтар, 61% әйел адамдар болды. Қызылордаға көшіп келген ер азаматтардың 50 пайызы, 5872 адам жұмыс істеуге қабілетті жасқа дейінгілер болса, әйелдер арасында 64 пайызы, 11704 адам еңбек етуге қабілетті жастағылар болды. Жұмысқа қабілетті ер азаматтардың аз болуының себебі олардың басым бөлігі 1890–1923 жылдар аралығында туғандар әсіресе КСРО-ның батыс бөлігіндегілер соғыстың бірінші айларында әскер қатарына алынды. Қызылордаға эвакуацияланғандардың 39 пайызы 16 жасқа дейінгі кәмелетке толмаған жастағы балалар болды. Олардың 5284-і, яғни көшіп келгендердің 18 пайызы 7–16 жас аралығында мектеп жасындағылар болды.
1941 жылдың екінші жартысы — 1942 жылдың 7, ақпанына дейін көшіп келгендер соғыс оты өршіп неміс әскерлері тез қарқынды шабуылы нәтижесінде бірінші соққылар тиген Украина, Белоруссия, Молдавия, Латвия, Литва, Эстония азаматтары болса, 1941 жылдың жазының соңында соғыс майданы Ресейге жеткенде Қызылордаға Ресейліктерде келе бастады.
1942 жылдың 7, ақпанындағы мәлімет бойынша Молдавия, Литва, Латвия, Эстония Кеңестік Республикаларынан бөлек Қызылордаға Одақтас Ресей, Украина, Белорусия республикаларының 69 облысымен өлкелерінен адамдар көшіп келген. Бұл 69 териториялық құрылымның бәрінің жерінде Ұлы Отан соғысының майдандары өткен жоқ, алайда елбасына нәубет түскен 1941 жылы майданнан алыс жатқан Челябинск Свердловск сияқты облыстардан да көп болмаса да адамдар Орта Азияға, Қазақстанға көшкен. Бұл адамдар азамат соғысының, аштықтың қиындығын көргендер болса керек, бақшаға бай Азияда өлмеспіз дегендер я оқуларын бітіріп елге қайтқандар болар.
Қызылорда облысына қоныс аударған халықтардың көшіп шыққан жеріне байланысты мәлімет төмендегі кестеде берілген [7,8 п.].

№ Қоныс аударып келген жері: республикасы,
я облысы Қызылордаға қоныс аударғандардың саны № Қоныс аударып келген жері: республикасы,
я облысы Қызылордаға қоныс аударғандардың саны
1. Харьков 4658 адам 17. Днепропетровск 419 адам
2. Москва 2436 адам 18. Орел 419 адам
3. Сталинск 2284 адам 19. Чернигов 412 адам
4. Воронеж 2106 адам 20. Николаевск 384 адам
5. Киев 1804 адам 21. Ростов 370 адам
6. Курск 1352 адам 22. Витебск 361 адам
7. Одесса 1241 адам 23. Гомель 349 адам
8. Могилев 1019 адам 24. Ворошиловград 271 адам
9. Майск 918 адам 25. Латвия 254 адам
10. Кырым 738 адам 26. Рязань 248 адам
11. Молдавия 729 адам 27. Белосток 224 адам
12. Житомир 662 адам 28. Эстония 221 адам
13. Смоленск 624 адам 29. Калинин 219 адам
14. Ленинград 543 адам 30. Полтава 217 адам
15. К-Подольск 484 адам 31. Львов 176 адам
16. Белорусия 460 адам 32. Литва 138 адам

Эвакуацияланған халықтардың ұлтына қатысты берілген мәліметтерде Қызылордаға келген 30062 адамның 14521-і, яғни 48 пайызы еврейлер екен. Осыдан фашисттердің еврей халқына аяусыздық танытпайтынын білген еврейлер, қоныс аударушылар ішінде орыстардан кейін ең көп халық өкілі болғанын көруге болады. Еврей ұлтының өкілдері фашистер басып алу қаупі төнген аудандардан көптеп кетуге тырысқан. 1941 жылғы 15 қыркүйектегі КСРО орталық статистика басқармасының мәліметі бойынша эвакуациялауға жататын халықтың 24,8 пайызын еврейлер, 52,9 пайызын орыстар құрағанын көруге болады [8,28 бет]. Екінші кезекте 9198 адам орыстар болды. Олар Қызылорда облысына эвакуацияланғандардың 31 пайызын құрады. Үшінші кезекте көшіп келушілердің 15% құраған 4613 украндар болса, төртінші кезекке 850 адамымен 3% құраған белорустар тұрды. Еврейлер, орыстар, украиндар, белорустар Қызылордаға эвакуацияланған халықтардың 97 пайызын құрады. Бұл жерде ескертетін бір нәрсе бұлар өз еркімен қоныс аударғандар болса, бұлардан бөлек күштеп қоныс аударылғандар болды. Бұлардың астарында соғыстың басында автономиялық субектісі таратылып өздері тек Волга бойынан ғана емес КСРО-ның барлық батыс аудандарынан күштеп қоныс аударылған немістер және Германияның қол астына 1939 жылы көшкен Польша азаматтары болды. Бұған қоса немістердің қол астындағы мемлекеттерден шыққан, КСРО кеңістігінде КСРО азаматы болған румын, венгр, австриялықтар тағы басқа ұлттар күштеп КСРО-ның батысынан шығысына көшірілді. 1941 жылдың шілдесінде Поволжьедегі неміс АССР-сына Молотов пен Берия барып жағдаймен танысқаннан кейін 28 тамызда КСРО Жоғарғы кеңесі төралқасының № 21–160 «Поволжьеде тұрып жатқан немістерді қоныс аудару» туралы өкімі шықты. Бұл өкіммен тұтастай бір халыққа сенімсіздік білдірілді. Соғыс басталғанда өз еркімен майданға баруға немістерден 2500 арыз түссе 8000 неміс халық жасақтарының құрамына кірген болатын. Бірақ бұған кеңес билігі назар аударған жоқ. 1941 жылы КСРО кеңістігінде 1 472222 неміс ұлтының өкілі тұрса, оның 92 мыңы Қазақстанда тұрды [9,172 бет]. Соғыстың басындағы сәтсіздіктің ақысын Кеңес басшылары КСРО немістерінен алғандай болды. Украина, Белорусия, РКФСР немістері шығысқа оның ішінде Қазақстанға 1941 жылдың 3–20 қыркүйегі көшірілді. Жолда 437 адам қайтыс болып 143 адам дүниеге келді [10,37 бет].
1941 жылдың 25 қазанына дейін Қазақстанға 467 мың, оның ішінде Қызылордаға 15 мың немісті қоныстандыру көзделді. Шындығында Қазақстанға 420 мың неміс қоныстандырылды [11, 63 бет]. Ал Қызылорда облысына 1941 жылдың 8 желтоқсанындағы қоныс аудару бөлімінің мәліметі бойынша Арал ауданына 1291 неміс, Қазалы ауданына 1854 неміс, 14 австриялық қоныстандырылды [7,23 п.]. Барлығы 3145 неміс, 14 австриялық қоныстандырылды. Сол кезге қатысты естеліктерді қарасақ жергілікті халық еңбекқор, сөзіне берік, ұқыпты немістерді түсіністікпен қабылдаған. Немістер болса ауылдық жерде жергілікті халықпен бірге жұмыс істеп жеңісті жақындатуға өз үлестерін қосты.
1941 жылдың қазанында Кеңес үкіметі Грузия, Азербайжан, Армениядағы немістердің екінші легін Қазақстанға көшіру туралы шешім қабылдағанда Қызылорда облысы есепке алынған жоқ. Бұның себебін облыс аумағында соғыс алдында кәрістер, шекаралас аудандардан көшірілгендер көп екенін үкімет басындағылар ескерген болу керек деп ойлаймын.
Осыларды ескерсек 1942 жылдың 7, ақпанына дейін Қызылорда облысына қоныстандырылғандар саны 33221 адамды құрайды. Төмендегі кестеде 1942 жылдың 7, ақпанына дейін Қызылордаға қоныс аударған халықтардың ұлтына қарай саны берілген.

№ Эвакуацияланғандардың ұлты Эвакуацияланған адамдар саны
1. Еврейлер 14521
2. Орыстар 9198
3. Украиндар 4613
4. Белорустар 850
5. Татарлар 261
6. Поляктар 189
7. Эстондар 159
8. Литвалықтар 114
9. Басқа халықтар 157

Қызылорда облысының қалаларына, барлық аудандарына, колхоздар мен совхоздарына орналасып жатырғандар саны күнде өзгеріп, облыс және аудан орталықтарының, ауылдардың этно-демографиялық жағдайы күрт өзгере бастады.
1941 жылдың қарашасында Сырдария ауданында 1114 эвакуацияланған адамдар тұрды, басым бөлігі қазіргі Әл-Фараби көшесіндегі мектеп орнында орналасқан, Сталин колхозына 274 адам, Огородник колхозына 164 адам, Бірлестікте 121 адам, Сұлу төбеге 102 адам орналастырылды [12,49 п.]. Аудан, колхоз басшылары келгендерге барынша көмек берді, алайда келушілердің көп болуына байланысты және жылы қыстық киім, ыдыс-аяқ алмай шығуларына байланысты барған жерлерінде суықта далаға шыға алмай, тамақ пісіретін, құятын ыдыстары болмай әбігерге түсті. Оның үстіне көрпе-төсек болмай бастапқы кезде еденде шөптің үстінде жайғасуға мәжбүр болды. Алайда бірінші қиындық баспананың болмауы болды. «Тереңсай» колхозында осы баспананың аз болуына байланысты эвакуацияланған Рывкиннің 31 адамнан(16-сы балалар) тұратын жанұясы 25 шаршы метр жерде тұрды, осы жерде тамағын да ішті, ұйықтады да. Көшіп келгендерге тамақ істеп ішуге тек картоп және ұн берілді. Сырдария ауданында 1941 жылдың қарашасында осындай қиын жағдай қалыптасқан кезде осылардың үстіне тағы 2500 адамды қабылдауға дайындық жүргізілсін деген тапсырма берілді.
Жалағаш ауданындағы жағдай бұл кезде Сырдариядан да қиын болды. 1941 жылдың 5 желтоқсанындағы мәлімет бойынша ауданның елді мекендерінде 2338 эвакуацияланғандар қоныстандырылған еді. Олардың 476 ер азаматтар, 760 әйелдер және 1102 балалар болды [12,46 п.].
Бұл мәліметтерді тамыздағы мәліметтермен салыстырғанда, ер азаматтардың саны келушілер ішінде күрт азайғаны көрініп түр. Бұның себебін соғыс басталғанда үдере көшкен жанұялар толығымен соғыс аймағынан кете бастағаннан, ал кейінгі көшкендер арасындағы соғысқа жарамдылар военкоматтар немесе жол тораптарында тұрған арнайы бөлімдер арқылы жолдарда әскер қатарына жіберіліп отырғаннан көруге болады.
Тағы бір назар аударатын нәрсе 129 адам (4,6%) еңбекке жарамсыздар болды. Ал соғыстың басында шілдеде келгендер арасында бұл көрсеткіш 1 пайыз ғана болатын. Баста аурушаң қарт адамдарды, мүгедектерді соғыс аймақтарынан бірінші қиын-қыстау кезде алып шығу қиын болса керек, ал эвакуациялау жүйесі жолға қойылғасын көшіп келушілердің қарттар мен мүгедектерді-де алып кетуге мүмкіндігі болған секілді. Жалағашқа келгендердің басым бөлігі теміржолшылар мен әскердегі азаматтардың жанұясы болды. Жалағашқа келіп қоныстанған 2338 адамнан бөлек ауданға 458 баласы бар интернат оқушылары да әкелінді. Ауданға келгендердің 1602-і колхоздарға, 736-сы аудан орталығына орналастырылды. Сонымен қатар 52 адам сол кезде мамандар жетіспей жатқан мектептер мен ауруханаларға орналастырылған мамандар болды, бұл аудан емханасы мен мектептеріне үлкен көмек болды. Эвакуцияланғандарды нанмен қамтамасыз ету үшін Жалағаштың өзінде орналасқан наубайханадан бөлек «Қара-кеткен» станциясында және «Қызыл октябрь» колхозында наубайханалар іске қосылды, моншалар жөндеуден өткізіліп керек жерінде жаңадан салынды. Балаларға аз да болса күнделікті сүт берілді. Қамыс заводы және «Жаңа өмір» артелі эвакуацияланғандарды отынмен қамтамасыз етті.
Жаңақорған ауданында 1942 жылдың 10 қаңтарындағы мәлімет бойынша 3097 эвакуацияланғандар қоныстанған екен. Олардың 619 ер азаматтар, 1330 әйелдер, 1148-і балалар. Эвакуацияланғандардың 2361-і (76%) колхоздарға орналастырылып, оларға 230 бөлме жөнделіп берілді. Ыдыс-аяқтарының жоқшылығы ескеріліп 60 шелек, 708 тарелка, 122 шам, 45 жамылғы берілді және колхоз жиналыстарының шешімдерімен 123.065 килограмм нан бөлінді (10.01.42 дейін 13,3 тоннасы берілді). Бұған қоса эвакуацияланғандардың өз қаржысына 4085 кг, қарызға 2937 кг картоп, 3067 кг және 142 кг ет, 233 кг және 53 кг май, 6571 кг және 1563 литр сүт, бұған қоса балаларды сүтпен қамтамасыз ету үшін 61 сиыр және 219 тонна отын берілді. Ауданда жаңадан салынғандарын есептегенде 16 монша жұмыс істеді. Сол кезде жұмыс істеген потребкооперация жүйесі арқылы эвакуацияланғандарға қосымша тауарлар сатылып отырды. 1942 жылдың 10-қаңтарына дейін 44 890 сомға мануфактура тауарлары, 33,8 тонна ұн, 8,9 тонна арпа, 275 кг шай, 555 кг кір сабын, 15 тонна жергілікті жердің балығы, 9 тонна қауын қақ, 26 жәшік әйнек т.б. заттар сатылды [5,6 п.].
Қазалы ауданына 1942 жылдың 16 қаңтарына дейін 2976 адам, яғни 1164 жанұя қоныстанған: колхоздарға 108 адам, қалаға 1076 адам, поселкеге 1792 адам. Қазалы ауданына эвакуацияланғандардың жағдайы ауыр болды. Келгендердің 50 пайызы жұмыссыз болды, берілген көмек ескерусіз таратылды, ақшаларына затты сатып алу ұйымдастырылмады, екі монша ғана жұмыс істеді, балалар үйіндегі 260 баланың төсегі, киімі, азық-түлігі нашар болды, ауданға келгендердің мектеп жасындағы 100 баласы аяқ киімі болмай мектепке бара алмады. 1942 жылдың 16 қаңтарында осы мәселе Қазалы аудандық комитетінде қаралғаннан кейін ғана жағдай өзгере бастады.
Қармақшы ауданына 3263 адам көшірілді оның 1155 ер адамдар, 2108 әйелдер. Бұлардың 1456-сы жасөспірімдер, 1628-і еңбекке жарамды болды. Олардың 342 адамы өндіріс орындарына, 565-і көлік саласына, 5 адам МТС-ке, 528 адам мекемелерге, 851 адам колхоздарға жұмысқа тұрғызылды. 151 еңбекке жарамсыз адамдарға азық-түлік аттестаты берілді.
Қызылорда облысына қоныстанған эвакуцияланғандар ішінде жағдайы ауыр болғандар осы ауданда болды. Біріншіден станцияда бұларды күтіп алып орналасатын үйлеріне алып барғанда үй иелеріне ескертпегендіктен үйлеріне кіргізбей далада тұрып қалған жағдайлар, орналасқанның өзінде үйдің бір бұрышынан орын беріп пәтер, ақысын алып отырған жағдайлар көптеп болды. Колхоздарға орналасқандар жағынан жұмыс істемей, рұқсат берсе басқа жаққа көшу туралы тілек білдіргендер-де көп болды.
Қызылорда облысының тұрғындары келгендерді орналастырып қана қоймай, сонымен қатар Қызылордаға көшіріледі деген кәсіпорындар орналасқан жерлерге барып көшірісуге көмектерін берген. Мысалы 1941 жылы немістер жақындап қалған Смоленск облысының Ярцево қаласында орналасқан Жол қатынастары халық коммисариатына қарайтын Дзержинск заводына Қазақстаннан 16 адам жіберілді, олар бұл заводты Сексеуіл станциясына көшірісіп әкелді.
Қызылорда облысы халқының эвакуцияланғандар арқылы көбейгеніне қарамастан 1941 жылдың екінші жартысында облыстың табиғи өсімі кері сальдомен болды. Бұл дегеніміз 1941 жылы облыс халқының саны туылғандардан өлгендердің көп болуына байланысты кеміді.
Бұл эвакуацияның бірінші кезеңіндегі облыстың жағдайы, 1942 жылғы Қызыл армияның сәтсіз шабуылы нәтижесінде КСРО-ның тағы да көп жерлерін немістер басып алып, Еділге жетіп Қазақстанның батыс аумақтарындағы станцияларды бомбалау нәтижесінде Қазақстан жерінде 300-дей азамат қаза болды. Бұл кезең эвакуцияның екінші кезеңі еді. Бұл кезде шығысқа қарай Воронеж, Сталинград, Ворошиловград, Ростов облыстарының, Солтүстік Кавказ халықтары көше бастады.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Великая Отечественная Война 1941–1945. М., Политиздат 1985, 559 бет.
2. Население Казахстана по всесоюзной перенеси население 1939 года Алматы, Арыс, 2009. 400 бет
3. ҚОММФ 283 қор, 1 тізбе, 82 іс
4. ҚОММФ 268 қор, 1 тізбе, 2281 іс
5. ҚОММФ 268 қор, 2 тізбе, 2478 іс
6. ҚОСДМ 19–8 іс
7. ҚОММ 585қор, 1 тізбе, 7062 іс
8. Потемкин М.Н., Эвакуация и национальные отношения в советском тылу в годы Великой Отечественной Войны// Отечественная история, 2002, № 3
9. Бугай Н.Ф., 40-е годы «Автономию немцев ликвидировать…»// История СССР, 1991, № 2
10. Военно исторический журнал, 1990, № 9
11. ҚРОММ, 1987 қор, 1 тізбе, 14 іс

А. Ж. Оразбақов т.ғ.к., «Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?