Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Сырдария облысындағы қазақтардың 1916 жылғы көтеріліске қатысуы

3347
Сырдария облысындағы қазақтардың 1916 жылғы көтеріліске қатысуы - e-history.kz

1916 жылы басталған I дүниежүзілік соғыс Ресей империясына қараған халықтардың өмірін тым ауырлатып жіберді. Соғыс бұратана халықтарды ұлттық езгіге салу күшейіп, жергілікті жерлердегі патша шенеуніктерінің озбырлығы мен зорлық-зомбылығы өлшеусіз өсті. Соғыс кезінде қазақтардан көп мөлшерде шикізат, азық-түлік, мал және басқа да материалдық заттар алынып, шаңырақтарға жаңа әскери салықтар енгізілді [1, 270 б].

Әлеуметтік және ұлттық езгінің күшеюі қазақтардың қайыршылануына әкеп соғып, олардың наразылығын туғызды. Нәтижесінде I дүниежүзілік соғыс Ресей империясындағы саяси және әлеуметтік дағдарысты одан сайын күшейтіп, Орталық Азияны, соның ішінде бүкіл қазақ даласының аудандарын қамтыған 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске алып келді. Бұл көтерілістің басталуына Ресей патшасы ІНиколайдың 1916 жылғы 25 маусымдағы Орталық Азия, Қазақстан және Сібірдегі халықтардың 19 пен 43 жас аралығындағы «бұратана» ер азаматтарын тыл жұмыстарына алу туралы жарлығы болды. Осы жарлықтан кейін сол жылдың шілде айының бас кезінде қазақ даласының барлық аймақтарында қазақтардың стихиялды наразылықтары басталып, тыл жұмысына алынатындардың тізімін жасаған болыс басқарушылары, ауыл старшындары және жергілікті патша әкімшілігінің төменгі билік иелерін «адам бермейміз» деп ұрып соққан көтерілісшілер олардың кеңселері мен үйлерін өртеп, тізімдерді жояды. Стихиялды көтеріліс бірте-бірте ұйымдасқан сипат алып, аяғы қарулы күреске ұласып, ұлттық және саяси азаттықты ұран етіп көтереді. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс тұсында Сырдария облысындағы қазақтар мен орыс шаруаларының арасындағы қарым қатынастардың шиеленісіп кетуіне және қарсы жақтардың бір-бірімен соғысуына империяның әскери-әкімшілік орындары тікелей кінәлі еді. Мысалы, 1916 жылы Сырдария облысының Черняев уезінде қызметте болған М.Тынышбаев Сырдария облысындағы көтерілістің өршеленіп кетуіне қазақтар емес, тікелей орыс билігі мен шенеуніктері айыпты екендігін айтып, Түркістан генералгубернаторына болған оқиғаларды талдап көрсетеді [2, с.47].

Осы мәселеге байланысты Сырдария облысындағы көтерілісті өз көзімен көрген куәгер Бройдо 1916 жылдың 3 қыркүйегінде Ташкент сот палатасының прокурорына берген «қазақ көтерілісі» туралы көрсетпесінде орыс-әкімшілік билік орындарының көтеріліс тұсындағы әрекеті жөнінде былай деп мәлімдеген еді: «...бұдан шығатын қорытынды: қазақтардың көтерілісі бүкіл әкімшіліктің әдейі қасақана жасалған іс-әрекеттерінің жемісінен туындады. Себебі олар үкіметтің отаршылдық қызметін одан әрі жүргізу үшін қазақтарды құрту арқылы жерлеріне орналасуды көздеді. Сонымен қатар олар арандату бұйрықтар бере отырып, орыс қоныстанушыларынан әскерлер жасақтап, қазақтарға айдап салған. Осылайша қазақтарды өзімізге жау етіп алдық...» [3, с.111).

Патша өкіметі өз орыс мұжықтарын қазақ жеріне әкеліп қоныстандырған кезде олардың қауіпсіздік жағдайы мен үстемдік құру мүмкіндіктерін бір сәтте естен шығарған жоқ. Орыс қоныстанушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз етудің бір жолы, әрине, оларды қаруландыру болып табылды. Жалпы алғанда орыс қоныстанушыларын қаруландыруды Түркістанда жаулап алған кезден бастап-ақ жергілікті әскери әкімшілік қолдады. Түркістан өлкесіне түпкілікті қоныстануға барған орыс мұжықтарын және әскери қызметінен босағаннан кейін сол жерде қалып қойған төменгі шендегілерді қаруландыру шаруашылық жағынан да, саяси жағынан да қажет екендігі туралы алғаш әскери мекемелерге пікір айтып, ұсыныс жасаған бұрынғы Сырдария облысының әскери губернаторы Гродеков еді. Ол 1891 жылғы 15 қыркүйекте Түркістан генерал-губернаторына жазған баяндамасында Ресейдің сыртқы және ішкі стратегиялық мүддесі үшін «орыс қоныстарын» қаруландырудың маңызы зор екендігін, сондай-ақ өлкеде әскерді ұстап тұру тиімді болмаған жағдайда, Түркістанға қоныстануға келген орыс шаруаларын қаруландыру арқылы әскерлердің санын біртіндеп қысқартуға болатындығын жазады [4, 46 б].

Осылайша патша өкіметі қазақ даласына келіп қоныстанған шаруаларды қаруландыру арқылы оларды әскердің орнына пайдалануды көздейді. Бұл орайда Түркістан генерал-губернаторы Гродековтың «винтовкалармен қаруланып, оны күтіп ұстауды, атуды, найзамен шаншуды үйренгеннен кейін Түркістандағы әрбір жаңа орыс поселкасы, орыс әскерлерінің батальонына бара-бар» деген сөзі өз уақытында патша отаршыларының ұраны болып кетеді. Әсіресе Әндіжан көтерілісінен кейін отаршыл өкімет орыс шаруаларын жанжақты қаруландыруға кіріседі. Соның айғағы ретінде сол жылы Сырдария облысындағы шаруаларға 1134 винтовканың таратылуын жатқызуға болады [5, 58 п].

Сонымен бірге патша өкіметі Түркістандағы қоныстанушы мекемелер мен теміржол шенеуніктерін де және депо Қызметкерлерінің қауіпсіздіктерін естен шығарған жоқ. 1912 жылы 8 шілде айында Түркістан генерал-губернаторының рұқсаты бойынша жоғарыда аталған қызметкерлер жаппай қарулана бастайды. Ал 1915 жылы 3 наурызда Түркістан генерал-губернаторының бұйрығының негнізінде Түркістандағы теміржол шенеуніктері мен станциядағы депо қызметкерлеріне 182 тапанша мен 1000-нан астам бердан мылтық беріледі [6, 26 п).

Облыстағы көтеріліс ең алдымен 1916 жылы 11 шілде айында Ташкент қаласында басталды. Мыңнан асатын халық Ташкенттегі полиция мекемесінің алдына келіп жиналып, Тыл жұмысына адам алу туралы жарлыққа қарсы шықты. Патша әкімшілігі оларға қарсы Ташкенттегі прапорщиктер мектебінен бір рота әскер шақыртып қарудың күшімен халықты қуып таратып, бадамды өлтіреді. Осыдан кейін Ташкенттегі жағдай ушығып, қаланың бірнеше аудандарында ашық түрде көтерілістер болады. Әсіресе Ташкентке жақын Қауыншы және Тойтөбе деген қыстақтарда болған көтеріліс кезінде халық әскермен шайқасқа түседі. Бірақ жазалаушы әскер көтеріліске қатысқан халықтың көбісін қырып тастайды. Осы көтерілістерден кейін Ташкентте сот болып, Ташкент қаласы бойынша 20 адамды, Тойтөбеден 8 адамды дарға асу туралы үкім шығарылады [7, 10-16 пп).

Ақмешіт уезіндегі көтерілістен кейін 70 адам жазаға тартылады. Сол жылы қазанның 16-да Қазалы уезіндегі көтеріліске қатысқан қазақтар жазалаудан қашып, Ырғыз пен Торғай уезіндегі көтерілісшілерге қосылу үшін көшіп кеткен. Қазалы қазақтарының Торғай көтерілісшілерімен қосылмас үшін және Арал теңізіндегі балық кәсібін сақтау мақсатында патша өкіметі осы аймаққа әскер аттандырады [8, 180 б].

Әулие ата уезіндегі көтеріліс Көшеней болысында басталады. Көтерілісшілер Краш деген орыс шенеунігін өлтіріп, жергілікті патша әкімшілігіне қарсы шығады [8, 181 6]. Бұл Әулиетата уезіндегі көтерілістің басы ғана болып, уездегі жағдай күн өткен сайын күшейіп, артынша Сусамыр болысындағы қазақтар да көтерілісті ұйымдастырып, Белубуддинский, Николайский, Перовск деген орыстардың поселкаларына шабуыл жасайды. Орыс мұжықтары болса қазақтардан қауіптеніп Аулиеатаға көшіп кетеді [8, 181 б].

Уезде орын алған жағдайды облыстың әскери губернаторы Торғай облысының әскери губернаторына былай деп түсініктеме береді: «...Мерке-Пішпек, оның артынша Мерке-Әулиеата телеграф байланысы үзілді. 30 тамыздың түнінде топталған қазақтар Мунька почта станциясына шабуыл жасаған. ...Меркенің төңірегіндегі елді мекендер қиратылған. Кузьминко селосы да талқандалған. 22 тұрақ өртенген. Гладышев деген шаруаны өлтіріп кеткен» [9, 68 б]. Әулиеата уезіндегі жағдайдың тым ушығып бара жатқанын байқаған патша әкімшілігі жедел түрде нақты шаралар қабылдау қажеттігін түсінеді. Оны Түркістан генерал-губернаторының көмекшісі М.Р.Ерофеевтың 1916 жылы 6 қыркүйекте әскери министр Д.С.Шуваевқа жіберген жеделхатынан көреміз: «2 қыркүек күні Ташкенттен Әулиеатаға, Мерке ауданына запаста тұрған бірінші Сібір полкынан күзетке екі рота әскер жіберілді...» [9, 69 б].

Өз орыстарын қорғауға және көтерілісті басу үшін патша өкіметі Әулиеатаға Ташкенттен әскер жіберіп, орыс мұжықтарын қаруландырады. Көтеріліске шыққан қазақтар Шелдуар мен Мөңке арасындағы телеграфты талқандап, тамыздың 25-де Мерке ауданындағы бірнеше орыс поселкаларын талқандап, қаланың өзіне шабуыл жасайды. 29-30 тамызда екі мың қазақ көтерілісшілері Меркеге қайтадан шабуыл жасаған кезде оларды патшаның бір рота әскері қарсы алып, оларды қырып салады. Бұдан кейін жазалаушылар көтерілісшілердің аудандарына аттанып, қазақтарды аяусыз «тыныштандырады». Мәселен Ново-Тройцк ауданына жіберілген Бундировтың әскері 150 қазақты өлтіріп, 4340 мың қойын, 23 түйесін, 255 сиырын тартып алып кетеді. Патша әскерімен қатар қаруланған орыс мұжықтары да жергілікті әкімшіліктің рұқсатымен қазақтардың ауылдарын талқандап, малдарын поселкаларына айдап әкетіп отырған [8, 182 6].

Жазалаушы әскерлер көтерілісті аяусыз басып қана қойған жоқ, сонымен қатар көтеріліс жасаған қазақтардың жерін жапа шеккен орыс мұжықтарына таратып бере бастайды. Оны Түркістан генерал-губернаторы Куропаткиннің 1916 жылғы No220 бұйрығынан көруге болады [10, 158 п]. Онда ол көтеріліс болған кездерден қазақтарды қуып шығып жерлерін казактар мен қоныстанушы орыстарға таратып беру жөнінде жазылады. Бұл туралы мәліметті толығымен 1917 жылдың 22 ақпанында Түркістан генерал-губернаторы Куропаткиннің патшаға жіберген No587 хабарламасынан да кездестіреміз. Мәліметте 1916 жылғы Түркістандағы көтеріліс 1898 жылғы Әндіжан көтерілісі сияқты орыс билігіне қарсы сипат алғанын және Әндіжанда көтеріліс жасаған аудандардан жергілікті тұрғындарды қуып шығу туралы сол тұстағы патшаның үкімі болғанын патшаның есіне салып, көтерілістер болған уездерден қазақтарды қуып шығу туралы өзінің үкім шығарып, жергілікті әкімдер мен тұрғындарға хабар бергенін және оны бекітіп беру туралы мәлімдейді.

Осы орайда ол:

1) көтерілістер болған уездерден қазақтарды қуып шығу туралы No220 бұйрығын,

2) осы уездердегі қазақтардан тартып алынатын жердің көлемі туралы анықтама,

3) бұл ұсынысқа егіншілік министрі 1916 жылы 11 желтоқсанда жауап жазған No995-ші жауап пікірін жібергенін мәлімдеп, мұны бекітіп беру жөнінде патшадан сұраған [11, 188 п].

Жалпы алғанда 1916 жылғы Сырдария облысында болған көтеріліс қазақтарға қандай қайғы-қасірет әкелегенін 1921 жылғы 20 қаңтарда Әулиеата қаласында өткен кеңестік Түркістан автономиясын мекендеген қазақтардың аймақтық съезінде айтылған деректерден көруге болады. Бұл съезде мынадай баяндама жасалады: «...Көтеріліске дейін кезде барлығы 48 болыстық болды. Көтеріліс тұсында патша әкімшілігінің қазақтарға озбырлық көрсетудің нәтижесінде болыстықтың 17-сі толығымен жойылып, Қытай жеріне ауып кетуге мәжбүр болды... кейін қазақ атауымен белгілі болған 21 болыстық түгелдей жойылып, оның орнына орыс атауымен 21 переселен-қоныстанушылардың мекені пайда болды» [12, 397 п).

Генерал-губернатор Куропаткин бекіткен сот үкімі бойынша ғана Түркістан өлкесінде орыс шаруаларынан құрылған қарулы топтардан қаза тапқандарды қоспағанда, 1917 жылы 1 ақпанға дейін 347 адам өлім жазасына, 168 адам каторгалық жұмыстарға, 129 адам қамауға кесілген. Патшаның 1916 жылғы 25 маусымдағы әділетсіз жарлығының қасіретті зардаптары осындай болды [13, 649 б].

Ресей либерал-демократиялық қозғалысының өкілдері 1916 жылғы 25 маусымдағы патша жарлығы шығуының ең басынан-ақ оның заңсыз екенін көрсетіп, егер бұл әділетсіз жарлық жүзеге асырыла бастаса, халық толқуларының пайда болуы анық екенін ескерткен еді. 1916 жылы шілде айында-ақ мұсылмандар, кадеттер мен трудовиктер фракциясының өкілдері болып табылатын Мемлекеттік Дума мүшелері Ішкі істер министрлігі мен Әскери министрлікке жарлықты жүзеге асыру шарттарын дереу анықтауды талап еткен болатын.

1916 жылы тамыз айында Мемлекеттік Думаның депутаттары А.Ф.Керенский мен К.Б.Тевкелев өз фракцияларының тапсыруымен Түркістанға барады. Комиссияның құрамында мұсылман фракциясының бюро мүшелері М.Шоқай мен Ш.Мұқаммедияров та бар еді [14, 37 б].

Мемлекеттік Думадағы трудовиктер фракцияның жетекшісі А.Ф.Керенский қазақ даласында болып жатқан оқиғаларды орыс тарихының масқара беттері деп сипаттама береді. Яғни, Мемлекеттік Думаның 1916 жылы 13 желтоқсандағы жабық мәжілісінде Түркістан өлкесінде болған оқиғалар талқыға түсіп, мәжілісте баяндама жасаған А.Ф.Керенский Түркістан өлкесінде 1916 жыл ойранын ұйымдастырған және бастан аяқ «бұл іске жауапкер тек патша өкіметі» деген тұжырым жасап, «кінәсіз ондаған мың адамды өлімге душар еткен» отарлық жүйені өзгертуді, Түркістанды басқаруда жергілікті халықпен санасатын жаңа тәртіп енгізуді күн тәртібіне қою керектігін ұсынған болатын [15, 189 б].

Белгілі қайраткердің бұл мәлімдемесі Түркістан өлкесіндегі отаршыл билік жүйесінің терең дағдарысқа ұшырағандығын Мемлекеттік Дума мінбесінен ашық мойындаудың өзі болатын.

Керенскийдің түркістандықтарды Мемлекеттік Думада қорғап сөйлеуінде М.Шоқайдың ықпал етуі мүмкін еді. А.Ф.Керенскийдің қазақ даласына жасаған сапарына кезінде М.Шоқай былай деп анықтама берген болатын. Ол Керенскийдің Ресей империясының билігіндегі орыс емес ұлттар арасында өзіндік орны бар адам дей отырып, былай дейді: «Оның 1916 жылы Түркістанға жасаған сапары, Ташкент, Әндижан және Ниһайаттардағы, мемлекеттік Дума мінбелерінен патша өкіметі саясаты туралы Түркістанда дүрбелең тудырған себептерді айтқан сөздері Керенскийдің атын тек Түркістанда ғана емес, Ресейдің күллі түріктер қоныстанған аймақтарына белгілі етті» [16, 104-105 бб].

Басында айтып өткеніміздей, 1916 жылы басталған I дүниежүзілік соғыс Ресей империясына қараған халықтардың өмірін тым ауырлатып жіберді. Халықтарды ұлттық езгіге салу күшейіп, озбырлық мен зорлық-зомбылығы өсті. Бұл М.Шоқайдың Керенскиймен бірге қызмет істеуіне және оның іс жүзінде мұсылмандық және түрікшілдік идеяларды қолдауына алып келді және отарға түскен түрік тілдес халықтардың азаттық күрес бірігу қажет екенін түсінді.

Пайдаланған әдебиеттер

1. Бөкейханов Ә. Таңдамалы (Избранное). Гл. ред. Р.Нургалиев.-Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 1995. -478 б.

2. Тынышбаев М. История казахского народа. Алматы: Санат, 1993. 220 с.

3. Бройдо Г.И. Восстание киргиз в 1916 г // Восстание киргизов и казахов в 1916 году. Бишкек, 1991.

4. Раджапов А.Ө. Оңтүстік Қазақстан 1917 жылғы қос революция тұсында. Алматы, 1997. – 157 б.

5. ӨР ОММ. 17-қ., 1-т., 17654-іс. 6. ӨР ОММ. 1-қ., 4-т., 1740-іс.

7. ӨР ОММ. 1-қ., 25-т., 171-іс. 8. Қаһарлы 1916 жыл (Құжаттар мен материалдар жинағы). Алматы: Қазақстан, Т.2. 1997. – 247 б.

 9. Нұрлыбеков К. Әулиеата уезіндегі көтерілістер // Қазақ тарихы. 04. 2005. 67-69 бб. 10. ҚР ОММ. 19-қ., 1-т., 623-іс.

11. ҚР ОММ. 380-қ., 1-т., 1-іс.

12. ӨР ОММ. 17-қ., 1-т., 273-іс.

13. Қазақстан тарихы (Көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. Т.3. Алматы: Атамұра, 2002. -768 б.

14. Ахметова Ж.Қ. Мұстафа Шоқайдың қоғамдық-саяси қызметінің Түркістандық кезеңі (1917-1918). Алматы, 2006. -147.

15. Қойгелдиев М. Жетісудағы Ресей билігі. Астана: Елорда, 2004. -216.

16. Шоқай Мұстафа. Таңдамалы. Алматы: Қайнар, Т.1. 1998. -512 б.

Салмырза Ж. І.

Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ

 

 

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?