Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Омбының Алаш дәптері

3016
Омбының Алаш дәптері - e-history.kz
Біз бұл дәптерге түскен қолжазба өлеңдер туралы 1991 жылы күзде естідік.

Біз бұл дәптерге түскен қолжазба өлеңдер туралы 1991 жылы күзде естідік. Оны айтқан — Алаштың көрнекті қайраткері Қошке Кемеңгерұлының (1896–1937) баласы Нарманбет, аға еді. Бұл кісі ол кезде Ресейдің Омбы облысы Шарбақкөл ауданының Ортақшыл (екінші аты — Жанан) селосында тұратын. Сондағы мектепте басшы қызмет атқарып, қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін.

Шаруашылықта жұмыс істегендер жақсы біледі, бұрын қағаз қат кезде қамба кітабы» («амбарная книга») деген болатын. Қаламга әуес адамдар оны аттай қалап сұрап алатын. Біз Шарбақкөлден көрген алғашқы «Алаштың Омбы дәптері» сол тектес қағазға түскен болып шықты.

Марқұм Нарманбет Қошкеұлы (1926- 2010) сол 90-жылдары: «Бұл көпке көрсете беретін дәптер емес. Иелері-де оны жасырып ұстайтын. Бұрындары ескіше хат танитын, ақсақалдарға окытып, „е, мұңдай да, ақындар бар екен ғой!“ деп таңданысатынбыз. Шәкәрім, Ахмет, Міржақып, Мағжан аты шыға келгенде, сол шалдар „дымдарың іштеріңде болсын!“ дейтін. Дәптерге жазуды әуелде қуаттаған, бастаған — Жұманұлы Әбілда деген шайыр кісі деп естігенмін. Арғы тегі — Баянның Қаржасы. Кейін оны жүргізген, көркем жазумен хатқа түсірген — Райысұлы Сыздық. Кейін соғысқа кетіп, содан оралмаған оның өзі-де өлең жазатын азамат-тын. Әбілда „Дала уалаятының газетінде“ корректор болып жұмыс істеген. Бұл әулеттен Әбілда да, баласы Әбілжан да, немере туысы Сыздық та Текедегі Қаржаста мұғалімдік қызмет атқарып, бала оқытты. Бұлар хатқа түсірген әлгі дәптерді осы күнгілерден толық оқып бітірген адам аз. Себебі, арабша қаріп танымайды. Қиын жылдары біздің жақтың мен деген тұлғалары осы жинақты оқып, рухтанады екен. Заман жақсарып келеді, біз-де сондай күнге жетсек деп армандаймыз…» дегені жадымызда.

Кейін Нар-ағаңмен бір жолыққанымызда, немерелеріне арабша үйретіп, әлгі «Алаш дәптерінен» әкесінің (К.Кемеңгерұлының) 2 өлеңін тауып алғанын мақтанышпен айтқан еді.

Құдайдың құдіреті демеске лажыңыз жоқ, 2006 жылы Қошкенің шөбересі Қайырбек Ризабекұлы (Кемеңгерұлы Нарманбеттің немересі) біздің жетекшілігімізбен Астанада «Олжабай Нұралыұлының әдеби мұрасы» атгы кандидаттық диссертация қорғады. Жас ғалым зерттеуінде Шарбақкөлде табылған дәптердегі Олжабайдың өлеңдерін-де қарастырды. Нар-ағаң айтқан әңгіменің бәрін дерекпен дәлелдеп жазды (қараңыз: Кемеңгер К. Олжабай Нұралыұлы. Монография. Петропавл, 2010.- 112–113 б.). Әбілда да (1937 жылы ол 59 жаста екен), баласы Әбілжан да репрессияланған. Әкесі 1939 жылы өлтірілсе, перзенті алғашқы қуғын-сүргіннен елге келіп, бұл да 1939 жылы айдауда тапқан өкпе ауруынан қайтқан.

2006 жылы Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанынан «Алаш» мәдениет және өнер институтын құрғанымызда, қолымызға әр түрлі тағдырмен тағы да екі «Омбының Алаш дәптері» түсті. Оның бірі — Мәшһүр Жүсіп, Шәкәрім, Нарманбет, Ахмет, Мағжан жырлары көшіріліп, парағы шашыраған дәптер болса, екіншісі — 30-жылдары Казақстаннан қашып барып, Омбы аудандарын паналап аман қалған аса көрнекті діндар-ақын, арабтанушы-тілші Садуақас Ғылманидың қуғында жүріп жазған жиырма шақты өлеңі топтастырылған дәптер. Біз соңғысын 2010 жылы «Ел- шежіре» баспасынан шыққан «Садуақас Ғылмани. Шығармалары» жинағын құрастыруда пайдаландық. Соңғы екі дәптерді де бізге Омбыда туып, Қазақстанға қоныс аударған азаматтар жеткізіп бергенін айта кеткіміз келеді. Сол аралықта тәуелсіздік елең-алаңында көрген «Шарбақкөл дәптерін» (Омбы) Көкшетауда қауіпсіздік саласында қызмет істейтін Мұрат Раисов бізге табыстады.

Сонымен, біз бұл жинақтағы мұраларды шартты түрде «Бірінші дәптер», «Екінші дәптер», «Үшінші дәптер» деп бөлдік. Осының бәрі қосыла келе «Омбының Алаш дәптері» деген ұғымды ашады деп есептедік («Жазушы» баспасы, 2013 жыл).

Жинақты құрастыру барысында біз «Бірінші дәптерге» (Омбы-Шарбақкөл дәптері) енген бар мұраны ұсынбадық. Себебі, ол дәптердің ішінде Алаш тақырыбынан тысқары, көркемдігі әлсіздеу мұралар да бар болып шықты. Сонымен бірге осындағы «майдан хаттарын» (1941–1945) басқа жинақта пайдаланған дұрыс деп таптық.

Омбы-Екібастұз арқылы жеткен «Екінші дәптердегі» мұралар арабшадан кирилшеге көшірілген екен. Мұнда Мәшһүр-Жүсіп, Шәкәрім, Ахмет, Мағжан өлеңдерінің топталып берілуінен аталған, ақындардың бірсыпыра туындысы Омбы жерінде кең тарағанына көз жеткізуге де болады. Осы орайда түбі омбылық тарихшы-профессорЗ. Е. Кабылдимовтың: «70–80 жылдары Омбы ауылдарындағы көп үйде Мәшһүр-Жүсіп фотосуреті тұрды. Ол кісіні ел қатты қадірлеп, өлеңдерін жатқа айтып жүрді. Сонымен қатар қазақы аты мен затын жоймаған ауылдарымыздың ақсақалдары Шәкәрім туралы жиі айтып отыратын. Ал, Мағжанның аты аталмаса да өлеңдері әнге қосылып таралғанын, аңғаратынбыз» деген сөзі есімізге түседі.

a23fa3ba8cb37febc969458d22b29219.jpg

«Үшінші дәптерге» енген С.Ғылмани мұрасын да біз жинақтың көлеміне қарай шақтап ұсындық.

«Омбының Алаш дәптері» бізге қандай тағылым айтады?

Біріншіден, кеңестік «самиздат» деңгейіндегі бұл мұра шеттегі және ішінара іштегі қазақтың 1930–1980 жылдары Алаш рухымен кіндіктесіп жатқанын, елдік сөздің арқауын үзбегенін байқатады.

Екіншіден, "Алаш дәптерінің" сабағы бізге ұлтқа, елге қалытқысыз қызмет еткен тұлғаларды халық ешқашан ұмытпайтынын, аңғартады.

Үшіншіден, «Алаш дәптері» мейлі ауылдағы, мейлі қаладағы қарапайым адам ұлтының мұрасын сыйлау, бағалау арқылы тарихқа өлшеусіз үлес қоса алатынын көрсетеді.

Естеріңізде болса, Қазақстан Ғылым академиясының қолжазба қорындағы көп мұра дәл осы жолмен жиналған.

Әсіресе, 1950–1970 жылдары өнімді жүргізілген түрлі экспедициялардың арқасында қазір біз әлемге ұялмай көрсететін 100 томдық "Бабалар сөзінің" мұрагері болып отырмыз.

Біздіңше, бүгінде Елбасымыз көтерген мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы мен ғылыми-зерттеу бағытындағы «Халық тарих толқынында» бастамасының түпкі мақсаты — ұлтты өзіне және әлемге таныту. Осы ретте «Омбының Алаш дәптері» де бірсыпыра миссияны орындайды деп сенеміз.

Әрине, бәрі де — ғылым үшін, бәрі де — ғылымның игілігін көруге мүдделі халық үшін.

Бұл орайда оқырманға түсінікті болатын бірер материалды көрсете кетейік.

Мысалға «ұлт ұстазы» саналатын Ахмет Байтұрсынұлының «Бірінші дәптерге» енген «Иа, Құдайым, аққа жақ" өлеңін алайық (қазіргі жинақтарында «Тілек батам» деп берілген). «Алаш дәптерінде» ол:

"Мен сендерге бүгілдім,
Төресі әділ қазы деп,
Он екі имам Әулие,
Жүз жиырма сегіз Әнбие,
Қолдай гөр, өңшец әруақ,!"
-

деп аяқталады. Бүгінгі жинақтар «Төресі әділ қазы деп» деген жермен бітеді. Енді осы ғалымдарды ды ойлантуы керек пе? Әрине, ойлантуы керек!

Немесе осы жинақта біз әдетте «Мағжанның эпиграммалары» деп жүргенімізді «Адам сындары» деп береді. Жарайды, аты бөлек-ақ дейік, бірақ сөз-ұғым-бейнелеріндегі бөлектікті қайтіп жасырамыз?..

Мағжан — кеше де, бүгін де әдебиеттің алтын қазығы. Оның академиялық мәтіні бәріміз үшін маңызды. «Екінші дәптерге» енген "Өміріме өкпемнің" пәлсапалық-дүниетанымдық мән-мағынасы да, көркемдік сипаты да айрықша. Ең бастысы, мұнда елшіл, ойшыл, қағидатшыл Алаш, ақынының болмысы айқын көрінеді. Мағжан, ақындығы туралы жазған Жүсіпбек Аймауытұлының: «Ақын ерікті-еріксіз өз заманының тонын кимеске, өз әлеуметінің мұңын жоқтамасқа, тілегін орындамасқа әдді жоқ" дегені де жоғарыдағы өлең жолдарының қыр-сырын ашады.

Ақын жинағындағы (Үш томдық, 1995, 1-том, 226–228 б.) «Өміріме өкпем» — өлеңі нұсқасына біршама шумақ-тармақтың енбей қалу себебі түсінікті. Өйткені, мұнда мәселе ауызша жеткізушінің жадының әлді-әлсіздігінде. Бірер сөзді салыстырайық:

1995 жылғы кітапта: «Ортекедей орғытып оққа жығып», Омбы нұскасында: «Ортекедей орғытып отқа шығып».

1995 жылғы кітапта: «Арсыз нәсіп, армансыз алдадың ба?», Омбы нұсқасында: «Арсыз нәпсім армансыз арандатып».

1995 жылғы кітапта: «Бас салып басқа бұғау салдырдың ба?», Омбы нұсқасында: «Бас салып басқа байлау салдырдың ба?».

6868754d3622858936b8870eb2db10bb.jpg

Қазақ ұғымында ортеке (мал) отқа шығатынын, нәпсі арсыз болатынын, басқа байлау (мойынға — бұғау) салынатынын ескерсек, бұл ретте Омбы нұсқасы қисынды болып шығады. Сонымен бірге 1995 жылғы нұсқада даярлаушылар «Өміріме өкпем» өлеңінің біршама жеріне көп нүкте қойып («жол түсіп қалғанын» меңзеп), ғалымдарды ойлантып кеткен. Зерделі омбылықтардан алаштанушылардың қолына жетіп отырған нұсқа «түсіп қалған жолдарды» толықтырады. «Бірінші дәптердегі» ақынның «Жан сөзінде» де қызықты мәтіндік жаңалықтар бар.

Бұлар — мағжантану үшін елеулі олжа.

«Омбының Алаш дәптерінен» оқырман Ізбасұлы Әбдірахман, Бейсембіұлы Баймұқамбет, Жұманұлы Әбілда, Тілегенұлы Ысқақ т.б. ақындардың аты мен өлеңін оқып, «теңізді тамшысынан» тануға талап қыла алады.

Осылардың ішінде Ә.Ізбасұлы (Бектасов) мен Б. Бейсембіұлын ерекше атауға болады. Өйткені, екеуі де XX ғасыр басындағы әдеби үдеріс тарихынан белгілі. Екеуі де ғасыр басында кітап шығарған. «Әбдірахман Бектасовтың „Құламерген-Жоямерген“ дастанын бала жастан оқып өстік» деуші еді Нарманбет, ақсақал. Бұл, ақын 1942 жылы қайтқан соң баласы бар мұрасын жиып-теріп Алматыдағы Ғылым академиясына тапсырған көрінеді. Зерттеуші Қ.Р.Кемеңгер олардың сақталғанын «қолжазбалар қоры тізімінен көрдім» деп, растап отыр. Айтқандайын, бұл кісі де Ә.Жұманұлымен сүйектес, ағайын екен.

Баймұқамбет — Мағжан, ақынның нағашы жұртынан. Ақын «Жауар азаматтарына» деп осы жұртын айтады. Мағжан алғашқы айдаудан келіп, нағашыларына амандасуға барғанда дүниеге келген баласының атын Баймұқамбет «Мағжан» деп қойғаны мәлім.

Бұл ретте дәптерге көп өлеңі енген Әбілда Жұманұлы ендігі әдебиет тарихының шолу мақалаларында атаусыз қалмайды деп санаймыз. Ал, кеңестік заман лебі қатты байқалатын («жаратқан» дегеннің орнына «табиғат» деген сөзді пайдалануы, жаратылысты тас ғасырынан болат ғасырына (Сталин заманына) дейін өзінше таратып жазуы т.б.) туындылардың авторы Әбілжан Әбілдаұлы шығар деп топшылаймыз…

«Бірінші дәптерде» Міржақып (жинақта «Мержақып» дейді) пен Нарманбетгің белгісіздеу бірер өлеңі жүргені де ғалымдарды бейжай қалдырмауы тиіс. Сондай-ақ, осы дәптерде «Шығады асыл — тастан, өнер — жастан», «Бұл жазған замандасқа насихатым» өлеңдері бастапқыда М.Дулатұлы атынан беріліпті. Кейін Әбілда Жұманұлы туынды мәтінінің жанына «Осы өлең Мержақыптікі емес, оқып жаңа таныдым, менікі» деп, Әбілжанның (баласы) қате көшіргені туралы ескертпе жазыпты. Біз осыны қаперге алып, бұл өлеңдердің соңына М.Дулатұлы атын қоймадық.

Ал, 1921–1922 жылғы алапат аштықты суреттеген "Әлі қарттың әңгімесінің" (авторы Жақан Сыздықұлы) «Омбы дәптеріне» енгені де — айта қаларлық факт. Мұны да мәтіндік жағынан пысықтау артық болмас еді.

Шарбақкөлде сақталған мұраның ішінен жұмбақтар мен мақал-мәтелдердің кездескені бекер емес. Фольклордың бұл саласы ұлттың ақыл-зердесін кеңейтіп, пәлсапалық ой-толғамдарға жетелеп отырған. Бұл шақтың жұмбағы әдетте поэзия тіліне түскені мәлім. Мысалға бір жұмбақты алайық:

Көк жиекте шай табақта,
Алтын алма тербелед,
Кейде бүркер алма жүзін,
Ұлпа мақта перделеп.
Кәне, ойланып көріңдерші,
Шешуін мұның, кім білед?
(Күн)

Өнер тұрғысынан алғанда, жұмбақ-өлеңнің көркемдігі де, танымдық-пәлсапалық негізі де айрықша деп білеміз.

Әдебиет үдерісі бедерінде жинақтағы дармалар туралы ғылыми байламдар жасауға болады (Крыловтан еркін аударылған поэмаларды әзірлеп, оқырманға ұсынуды кейінге қалдырдық).

«Бірінші дәптердегі» өлеңдерді хатқа түсірген С.Райысұлы және басқалар шығармадан кейін көшіріп жазған күнін көрсеткен. Бұл тұста Сыздықтың қолымен (каллиграфия) хатталған өлеңдерді бүгінгі қаріпке түсіруге аянбай атсалысқан зерттеуші, ақын Имамғазы Нұрахмет екенін ілтипатпен айтамыз. Сондай-ақ қолжазбадағы кейбір сөз ұғымдарды тануға зерттеуші Қалбан Ынтықанұлы да жәрдемдесті.

Осы жинақты құрастыра отырып, біз «Үшінші дәптердің" түп иесіне — тарихи авторға ерекше тоқтала кетпекпіз.

Сәдуақас Ғылмани (1890–1972) — көрнекті қоғам және дін қайраткері, аудармашы, хадисші, ақын. Ерейментау, Ақмола мешіттерінің алғашқы имамдарының бірі. Ол 1952–1972 жылдары Қазақстан қазиятының қазиы, сондай-ақ Орта Азия және Қазақстан діни басқармасының мүшесі қызметін басқарды. Қайраткер 70-жылдары «Құран туралы жала мен өтіріктерге қарсы» атты кітап, 110 мыңға жуық сөзді қамтыған «Арабша-қазақша түсіндірме сөздік», «Ел аузынан жиған-тергендер (би-шешендер мұрасы)» жинағын даярлады. Құран-Кәрім аяттары мен хадистердің қазақша тәфсірлерін, мәуліт өлеңдерін, діни сауалдарға жауаптар мен діни уағыздарды да әзірледі. Әйгілі «Кәлила мен Димнаны» қазақшаға аударды. Қазақстан Ғылым академиясының тапсырмасымен әл-Фараби шығармаларын араб тілінен тікелей қазақ тіліне аударуға атсалысты.

81773c74d27ec1d4e051b3ca98c514e0.jpg

С.Ғылмани ислам жолындағы, ағартушылық қызметі үшін 1929–1946 жылдар аралығында қуғын-сүргінге ұшыраған. Батыс Сібір аймағында (Омбы ауылдарында) бас сауғалай жүріп, сол кездің ауыр халін ислам құндылыктарына сүйеніп поэзия тілімен жеткізді. 30-жылдардағы саяси репрессиядан соң кеңестік қазақ әдебиеті сыңаржақ ұраншылдық үрдіске ойысса, С.Ғылмани жырлары ұлт трагедиясын шынайы суреттеуімен ерекшеленеді. Бұл тұрғыдан ол сол ауыр кезеңнің сезім мен көңілдің танымдық-көркем күнделігі бола алады. Оның үстіне күні бүгінге дейін азапталған, қуғындалған Алаш зиялыларының 30-жылдардағы еңбектері ғылыми айналымға түспей тұрғанда, С.Ғылмани мұрасы сол «ақтаңдақты» біршама толықтырады деп есептейміз.

Қазаққа әл-Фарабиді алғаш қайта танытқан ғұлама, соңына «Әл-Фараби және Абай» секілді таңдаулы еңбек қалдырған академик, Ақжан Машани былай деп жазады: «Мен С.Ғылманиды өзімнің ғылыми жетекшім деп есептеймін. Өйткені, „екінші ұстаз әл-Фараби араб емес, қазақ жерінен шыққан ғұлама“ деген хабармен жер жүзін шарлап, анықтауға кірісіп, араб-парсы тілдерінде жазылған шығармаларды оқи алмай жүргенімде Сәдуақасқа кезіктім. Ол кісі маған керекті шығармаларды аударып берді. Соларды зерттей келіп, әл-Фараби зиратын тауып, оны қазақтың Отырар-Фараб қаласынан шыққан оқымысты екенін дәлелдеп, ел-жұртына таныстырдым».
Ел арасында «Сәкен қалпе» аталып кеткен бұл кісіні Омбының қариялары осы күнге дейін, аңыз кылып айтып отырады. Сондықтан оның жырларының түрлі жолмен көшіріліп, ел ішінде жүруі — заңды нәрсе.

Қорытындылай келе айтарымыз: кітап жоқта немесе Алаш зиялылары мұрасын оқуға тыйым салған кезде қолдан-қолға көшіп, халықтың рухани сұранымын канағаттандырған «Дәптерлер» феномені мәнін, тарихи орнын әлі де болса зерделеп, әлемге өз мағынасында көрсету — тәуелсіздік талабы, заман сұранымы.

«Омбының Алаш дәптері» — осының айқын бір мысалы.

"Мәңгілік ел" - Халықаралық ғылыми-көпшілік журналы,

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, профессор


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?